"ҚАРАДАЛА" ТЕАТРЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Жетісудың төрінде тарихи оқиға болды. Осыдан бір апта бұрын өртеңге шыққан гүлдей жаңарған "Хантәңірі" халық театры ашылса, міне оның ізін ала, "Қарадала" театрының тұсауы кесілді. Ежелден Аспантаудың күнгейін жайлау, теріскейін қыстау еткен ел жайлаған өңірде қысқа уақытта қос бірдей театрдың ашылуына сеп болған әуелі құдай, сосын азаматтарға рахмет! Пәмилесінде шығыстық белгілері бар Асқар Наймантаев ағам білек сыбана кірісіп, ел азаматтары жұмыла кетіп атқарған еңбектің нәтижесінде Қарадала театрының "Ескендір" қойылымын тамашалауға бардық.

Қойылым _ "Ескендір". Абай атаңның әйгілі поэмасының желісімен. Халықтық театрдың "ә, бісмілләсін" Абай рухына тағзыммен бастағанына ішіміз жылып қалды. Бірақ, бұл "Ескендір" сіз бен біз білетін Ескендірден өзгеше. Бұл Ескендірге сізді Абай апарады. Әлемді алақанда ұстаса да ашкөзін бір уыс топырақ толтыратын патша Аристотелмен де, Абаймен де сырласады. Көне дүниенің құдіретті әміршісінің Абаймен, бүгінгі күнмен сырласуына өткеннен сабақ алмайтын ұмытшақ адамзаттың кінәсі бардай. Тарихтан тәлім алмайтын адамзаттың тақсіретінің қайталана беретіні осыдан ба екен?

"Қарадала" әртістерінің ойынында ұмтылыс, талпыныс бар екен. Көздерінде ұшқын бар екен. Биші қыздардың пластикасы, көзбен ғана көп нәрсені ұқтырғаны қандай тамаша! Қойылым соңында топтағы қазақ-ұйғыры аралас әртістердің ақын Бақыт Беделхан ағамыздың "Қарадала" әнін қосыла шырқағаны түлен түртпесе тағдыр біріктірген елдердің шаңырағы мен мақсаты ортақ екенін тағы да бір паш етті.

Қойылымнан кейін Тұңғышбай ағамыздың қолынан диплом алып, ақ батасына кенелген жастардың жалындаған түрін көрсеңіз. Алматыдан арнайы ат арытып келген Бақыт Беделхан Жазушылар Одағының дипломын табыстап, өзінің ақ тілегін арнады. Турыс Бекжан ағамыз болса Асқар ағамызға Қарадала азаматтарының, Шошанай ауылының тұрғындары атынан ат мінгізді. Едіге Құныпияұлы сынды азамат та осынау айтулы шараның шыжығынан басқа, қызығын көрмей Асқар ағасының бір жағына шығып шауып жүрген еңбегіне алғыс ретінде Бекжан ағасынан алғыс алып, шапан киді.

Иә, ағайын театрды ашудың өзі қиын, ал, оны гүлдендіру тіпті қиын. Осы орайда ел тізгінін ұстаған азаматтар да, ел азаматтары да жұмыла көтеріп батпан жүкті жеңілдетеді деп сенеміз!

Қадамың құтты болсын, Қарадала халық театры!

Пысы: бір ғана нәрсе көңілге кірбің ұялатты. Аудан тізгінін ұстап отырған Шухрат әкім бұл шараға өзі келмей орынбасарын жіберіпті. "Апырай" деп себебін сұрастырғанда "еңбек демалысын алып отбасымен шетелге ұшып кеткен екен",-деп естігенбіз. Алайда, кейіннен Сарағашта демалыста деген хабарын тағы естідік. Ә, мейлі. Демалысы оңынан болсын!

Досым ЗІКІРИЯ,

"Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары

Қазақ үні