АНА  ЖҮРЕГІНДЕГІ  АРМАН

Ұлмекен ЖАМАНҚҰЛҚЫЗЫ Қазір ойлап отырсам, біз қоныс еткен жердің бәрі де көңілімізге ыстық, жанымызға жақын екен ғой. Жол түсіп, бара қалғанымда қай-қайсысы да көзіме оттай басылады. Осыдан тұп-тура алпыс жыл бұрын, яғни, алпысыншы жылдардың басында Шаян ауданы Созаққа қосылып, Қанекең сол үлкен ауданға инспектор болып тағайындалып еді. Сөйтіп, біз Шолақорғанға көшіп барғанбыз. Ол жерде екі жыл тұрған соң, Қаратау совхозына пртия комитетінің хатшысы болып сайланды. Шынымды айтсам, алғашқыда жердің түбіне көшіріп жібергендей көңілім құлазып, қамығып қалғаным рас-ты. Өйткені, аудан орталығынан алыста ғой. Қаратауға бару үшін кем дегенде екі жүз шақырым жол жүру керек. Ал облыс орталығы тіпті, бір қиырда қалды. Ол жаққа «кукурузник» деген кішкентай самолет ұшады екен. «Өзі бір сондай жайсыз. Бұрын ұшып үйренбеген кісінің жүрегі көтеріліп, басы айналып, әбден қиналады,» деп жатады білетін жұрт. Әйтсе де, Құдайға шүкір, Қаратау бізді жақсы қарсы алды. Көп ұзамай бауыр басып, сол жақта туып-өскендей болып кеттік. Совхоздың есебінен бізге үлкен үй салып берді. Әу бастан қонақжай, ақ көңіл Қанекеңнің тынысы ашылып, рақаттанып қалды. Бір жолы тіпті облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.В.Ливенцовтың өзі қона жатып, рақметін айтып: «Мынау үйлерің нағыз дворец қой!» деп мақтап кетті. Бір қызығы, ол кезде Созақтағы ұнның  түсі қарақошқыл болатын. Су тисе басы бірікпей, быламыққа айналып шыға келуші еді. Ол ұнның өзі де  дүкенге жиі түсе бермейді. Әр үйге бір-бір қаптан үлестіріп береді. Әне, сол ұнды сүтке илеп, жұмыртқа қосып нан пісіремін. Ет асқанда қамыр жаямын. Жап-жақсы болып піседі. Себебі, сүт ұнды ағартады, жұмыртқа қамырды біріктіреді. Ал оны білмесең, қонақ келгенде ұятқа қаласың.   Сөйтіп жүргенімізде Қанекеңді үкімет бір жылға облыс орталығына, партия мектебіне оқуға жіберді. Ол кісі бұған қуанбаса, ренжіген жоқ. Себебі, оқу-білім дегеніңіз Қанекеңнің бала күнінен көкейінде жүрген арман еді. Баяғыда Төрткүлдегі мектептің жетінші класын бітірген соң, өзімен бірге оқыған балалармен бірге Бегжан деген кісінің қос өгіз жегілген арбасына мініп, оқуға түсеміз деп жолға шыққан екен. Ол туралы Қанекеңнің өзі: -Алғашқы күні Көктөбеге, екінші күні Жиенқұмға, үшінші күні Қызылкөпірге, төртінші күні Жотаға, бесінші күні Шұбарға, алтыншы күні Айназым аулына қонып, Шымкентке бір апта жүріп әрең жеттік. Жол-жөнекей жегеніміз қауын мен қарбыз болды. Аузы-басымыз шіре-шіре, бетіміз айғыз-айғыз. Шаң басып, екі көзіміз ғана жылтырап көрінеді, -деп күліп, балаларға бір қызық әңгіме шертіп отырушы еді. Сол жолы Кәрім деген кластасы екеуі тау-кен ісі техникумына, ал басқалары ауылшаруашылығы техникумына құжаттарын тапсырып, күзде оқуға келетін болып шығады. Бірақ, олардың жолын «Соғыс» деген сұмдық кесіп өтіп, тып-тыныш жатқан дүние аяқ астынан астаң-кестең болады да кетеді. Міне, содан кейін Қанекеңнің бір үлкен арманы – оқу-білім болып қала береді. Ол кісі соны жиі есіне алып: «Үстімдегі жалғыз көйлегіме дейін сатсам да  балаларымның бәрін оқытамын,» деп отырушы еді. Қанекеңнің Шымкентке келіп, партия мектебінде оқуы біздің алдымыздан білім ордасының қақпасын ашқандай болды. Үйелменді-сүйелменді кішкентай балаларымызды алып келіп, бір жыл бойы пәтерде тұрдық. Бұрын да қолы қалт етсе газет-журналға үңілетін Қанекең енді кітаптан бас алмайтын болды. Арада бір жыл өткенде Қаратауға қайттық. Сонсоң екеуміз ойласып, ақылдасып, балаларды қалада оқытқанды жөн өрдік. Сөйтіп, үлкен қызымыз Нұрайшаны – Шымкенттегі қыздар пансионатына, Байсейітті – Ленгірдегі мектеп-интернатқа, ал Жансейітті – Шымкенттегі атақты 12-ші мектеп-интернатқа апарып орналастырдық. Балаларымыздың бәрі де жақсы оқыды. Олардың ішінде, әсіресе, Жансейітімнің оқу-білімге деген құштарлығы ерекше болды. Кім білсін, әкесінің  бала күнгі арманын Алла тағала еселеп қайтарайын деген шығар. Жансейітім бастап, Жанаргүлім, Рәтгүлім, Әлиям мектепті алтын медальмен, институтты қызыл дипломмен бітіріп шықты. Басқа балаларым да «жақсы» деген баға алып жүрді. Аллаға шүкір деймін... Баланың өзін туғанмен, мінезін тумайсың. Олар әр түрлі болып өседі. Дегенмен, көп балалы үйде «Алдыңғы арба қайда жүрсе, кейінгі арба сонда жүреді» дегендей бір бағыт болады екен. Жансейітімнің кішкентайынан кітапқұмар, зерек болып өскені өзінен кейінгі іні-қарындастарына өте жақсы үлгі-өнеге болды. Ал Байсейітім ақ көңіл, әңгімешіл, көпшіл бала еді. Оның мінезі, күлкісі есіме түссе, жүрегім езіліп, жылап аламын. Енді қайтейін... Алла тағаланың оған берген өмірі қысқа болды ғой. Бірде осы қарашаңырақта құда күтіп жатырмыз. Әңгіменің тізгінін ә дегеннен өз қолына алған Байсейіт отырысты қыздырып әкетті. Үй ішіндегілер қарқ-қарқ күліп, мәз-мейрам болып отыр. Бәрі де Байсейіттің аузына қарайды. Қыза-қыза келе ол тіпті басқаларға сөз кезегін беруді ұмытқан секілді. Соны сезген Жансейіт бір ретін тауып, ағасына қарап жымиып: -Бәке, сенің осы, есік алдына шығып, темекі тартып келетінің болушы еді ғой, - деп әзілдеді. Інісінің ойын тез түсіне қойған Байсейіт: -А-а, иә, -деді әңгімесін кілт үзіп. – Расында да, менің шылым шегетін уақытым болып қалған екен. Айып етпеңіздер. Сыртқа шығып, түтіндетіп келейін. Сіздер емін-еркін, беймарал әңгімелесіп отыра беріңіздер. Байсейіт шығып кеткен соң үй ішіндегі әңгіме біраз жалғасты да, көпке созылмай тоқтап қалды. Бағанағы екпін жоқ. Енді жұрт Байсейітті қайтадан іздей бастады. Жансейіт тағы да жымиып, есік жаққа таяу отырған інілеріне қарап: -Әй, ана Байсейітті шақырып келіңдерші. Темекіні көп тартатын болып кеткен бе өзі, немене, -деп жұртты тағы бір күлдірді. Сол кезде Байсейітімнің есіктен кіріп келе жатып: -Мен орталарыңда отырсам, далаға шығып келші дейсіңдер. Далаға шығып кетсем, бәрі жабылып мені іздейсіңдер, -дегені бар емес пе. Құдай-ау... сол баламның бейнесі көз алдыма келіп, үні құлағыма жеткенде, өзімді өзім қоярға жер таба алмай кетемін ғой. ххх Қой, сендерді мұңайта беріп қайтейін. Одан да бала күнінде Байсейітжанның басынан кешкен бір қызығын айтып берейін. Ол кезде Шымкенттегі институтта оқитын Нұрайшамның бойжетіп қалған шағы. Байсейіт те сол қалада. Екеуі демалыста бір-бірімен хабарласып, ауылға бірге келеді. Сондай күндердің бірінде Байсейіт жатақханаға Нұрайшаны іздеп бармай ма. Әншейінде: «Оу, Нұрайшаның ақ көңіл інісі келді!» деп қуана қарсы алатын қыздар бұл жолы бір-біріне қарап, біртүрлі күмілжіп, бірдемені айта алмай тұрған сияқты көрінеді. Бөлмелерінде бір кішігірім той болып өткен бе, қалай?.. Содан, не керек, Байсейіт өзінің бірбеткей мінезіне басып: «Нұрайша қайда? Айтыңдар,» деп қасарысып тұрып алады ғой. Қыздардың бірі күмілжіп, көзін төмен салып: -Түркістанға кетті, - дейді. -Онда не бар? Неге кетті?! -Ол...  ол... тұрмысқа шықты ғой. -Немене, алып қашып кетті ме? -Жо-о, осы жерде бәріміз тойлап, «жолдарың болсын» деп шығарып салдық... Байсейіт жалт бұрылып, бірден ауылға тартады. Төрткүлде автобустан түсіп, Бөген совхозына қарай баратын көлік күтіп тұрады. Көп өтпей-ақ оның да сәті түсе кетіп, бір қызыл «москвич» жарқ етіп шыға келеді. Қол көтерсе, тоқтай қалады. -Бөген совхозына дейін ала кетесіздер ме? – дейді Байсейіт. -Иә, отыр. Бізге де жол көрсететін адам керек болып келе жатыр еді, - дейді машинадағылар. Сөйтіп, Байсейітті отырғызып алады да, былай шыға бере «москвичтің» алдыңғы орындығында отырған кісі сөз бастайды. -Қарағым, осы жақтың баласысың ба? -Иә. -Мыңбұлақ ауылдық кеңесінің төрағасы болып істейтін Қансейіт деген кісіні танисың ба? -Иә... -Қандай кісі өзі? Байсейіт: «Бұл кісі папамды неге сұрап отыр?» деп ойланып қалады.   Сөйтеді де: -Оның қандай кісі екенін білмеймін, - дейді қырсығып. Ал ана кісінің ойында ештеңе жоқ: -Құдай қаласа, Қанекеңмен құда болайын деп келе жатырмыз, - деп әңгімесін жалғай береді. – Балалар бұрыннан бір-бірін ұнатып, сөз байласып жүреді екен. Нәсіп қып, бүгін қызды ауылға әкеп, орамал салып жатқан жайымыз бар. Соны айтайын деп, ауылдарыңа хабаршы боп келе жатырмыз, айналайын. Байсейіттің көзі бақырайып, не айтарын білмей, үн-түнсіз қалады. «Ойпыр-ай, қайда жүрсем де осындай нәрселерге тап болам ылғи, - дейді басы қатып. – Бүгін өзім де папам мен мамама: «Нұрайша Түркістанға қашып кетіпті» деп қалай айтам деп келе жатсам... Мынау хабаршы дегендерге тап болғанымды қарасайшы. Басқа машина құрып қалғандай!..» Сөйтіп отырып, ауылға да жетеді. -Ал, балам, сен енді бізге Қансейіттің үйін көрсетіп жібер, - дейді әлгі кісі. -Әне, - дейді Байсейіт өзіміздің үйді нұсқап. – Осы көшемен тура жүре беріңіздер. -Ой, рақмет, айналайын. Өзің қайдан түсуші ең? -Түсетін несі бар? – дейді Байсейіт бұртиып. – Ауылға да, үйге де келдік қой! ...Е-е, қарағым-ай, енді ойлап отырсам, ол да бір қызық заман екен-ау! Байсейітімнен айырылғаннан кейін бәрі-бәрі сағымға айналды. Кеудем толған шер мен сағыныш. Кей-кейде осылай қозғалып, теңіз сияқты толқып кетсе, көз жасымды тоқтата алмай қаламын. Белгісіз бір алыс жолға – қайтпас сапарға аттанып кеткім келеді. Бірақ, қайда барам?.. Одан басқа балаларымды қалай тастап кетем?.. Әрқайсысының орны бөлек қой. ххх Балаларымның бір-біріне деген ықыласын, ынтымағын еске алғанда, көңілімді жұбатып, қуанышқа бөлейтін жәйттер көп-ақ. Институтты бітіргенде Байсейітім сона-а-ау Маңғыстауға жолдама алып, маң даланың төсінде он жылдай қызмет етіп қайтты емес пе. Қайын жұрты да сол жақтан бұйырды. Бірде Қанекең екеуміз Әлия қызымызды алып Ақтауға қыдырып бардық. Құдаларымыз арқа-жарқа боп қуанып, аяғымызды жерге тигізбей күтіп жатыр. Сол кезде ауылға ата-анасын сағынып Жансейіт те келе қалыпты. Біздің Маңғыстауға кетіп қалғанымызды естіген соң, қой ауылда күтіп жатқанша, сол жаққа барып жолығайын деп, Түркістаннан пойызға отырады да, Ақтауға тартады. Сөйтіп, мәре-сәре боп, қонақта отырған үйімізге кіріп келді. Құда-құдағиға, жеңгесіне арнап алған сыйлықтары бар екен. Күлімсіреп, жақсы-жақсы тілегін айтып тапсырып жатыр. Үйдегі кісілер: -Әй, құда бала, төрге шық! -Бәрекелді, ниетің жақсы екен. Ас піскенде келдің! -Бізді мақтап жүреді екенсің! – деп кеу-кеулеп, төрге шақыруда. Сондағы бір риза болғаным, ол: «Мен алыстан келдім ғой. Маңғыстау Байсейіттің қызмет етіп, үйренісіп қалған жері,» деп ағасынан жоғары отырған жоқ. Байсейіттің төменгі жағына жайғаса беріп: «Біздің орнымыз осы ғой!» деп жұртты  ду күлдірді. Үй иелері риза болып: -Е-е, жөн екен! -Ата дәстүрімізді ұмытпағаныңа рақмет! -Көп жаса! – десіп жатыр. «Жандарым менің,  - деймін мен де ішімнен қуанып. – Сендер қайда  жүрсеңдер де елдің баласы екендеріңді ұмытпаңдар. Аталарымыз көрсеткен  жолдан айнымаңдар!» Әңгімені жазып алған Нұрғали ОРАЗ,  Қазақ үні