«Абай және рухани мұра» иллюстрациялық-кітап көрмесі ашылды
2020 ж. 02 қараша
3922
0
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық Музейі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастырумен қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай және рухани мұра» атты иллюстрациялық-кітап көрмесі ашылды, - деп хабарлайды "Қазақ үні".
Көрменің мақсаты – Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасын қазақ халқының рухани қазынасы және ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттау, жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен танымалдығын арттыру.
Көрме 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – «Абайдың өмір жолы» деп аталады. Бұл көрмеге «Абай елі» кітап альбомы қойылып, ақынның туған жері Жидебай шатқалы инсталляция арқылы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы) бейнеленді. Сондай-ақ, «Абай және Зере» бейнелері сахналанып, сол кездегі тұрмыс белгілері бар киіз үйдің едені, ақынның сүйіп ойнайтын тоғызқұмалақ ойыны көрермендер назарына ұсынылды. «Абай оқыған кітаптар» кітап көрмесінде шығыс классиктері Науаи, Низами, Саади, Джами, Хафиз, Фирдоусидің және Пушкин, Лермонтов, Крылов, Шиллер, Гете, Байрон, Гейн, Мицкевич және т.б. туралы ақпарат беріліп, «Құнанбай» және «Абай жолы» атты көркем фильмдерінен үзінді көрсетілді.
Көрменің екінші бөлімі «Абай шығармашылығы және Абайтану» деп аталады. Бұл көрмеде сирек кітаптар мен құжаттардан тұратын «Ұлы Абайдың алғашқы басылымдары» көрмесі және «Қара сөздер» кітабы бойынша Бір кітаптың көрмесі қойылды. Мониторда «Қара сөздер» кітабы бойынша өткен челлендж көрсетілді. Абайды алғашқы танытқан тұлғалар – Ә.Бөкейхан, И.Бороганский, М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов және т.б. кітаптар мен құжаттар қойылды. Қазіргі заманғы абайтанушылар – Мекемтас Мырзахметов, Рабиға Сыздыкова, Заки Ахметов, Тұрсын Жұртбай еңбектері қойылды. «Абайдың жолы» шығармасы бойынша арнайы материалдар мен «Абайдың музыкалық мұрасы» тақырыбындағы және шет тілдеріндегі ақынның кітаптары мен бейнематериалдары қойылды. Инсталляция арқылы Абайдың танымдық және көркем мұрасы көрсетілді.
Көрменің үшінші бөлімі «Абай және қазіргі заман» деп аталады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10-тамыз Абай күні жариялануына байланысты материалдарды көрсету. 14 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы және Жидебайға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары бойынша ақпарат және республикалық мерзімді басылымдардағы материалдары қойылды.
Алғашқы абайтанушы және ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын орыс оқырмандарына тұңғыш таныстырған қоғам қайраткері, журналист, этнограф Әлихан Бөкейханов.
Оның алғашқы жазған мақаласы «Абай (Ибраһим) Кунанбаев – мүнаһиб (некролог)» деп аталады. Ол 1905 жылдың қараша айында «Семипалатинский листок» газетінің 250-252 сандарында жарияланған. Бір жылдан соң, «Семипалатинские областные ведомости» газетіне қайта басылып, кейін 1907 жылы «Записки Семипалатинского подотдела И.Р.Г.О.» атты кітапта шықты. Ал, 1991 жылы «Жұлдыз» журналында қазақ тілінде жариялады. Мақаланы аударған абайтанушы Тұрсын Жұртбай болды.
Іс шараға Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева, ҚР Ұлттық Музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, түрколог ғалым, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ибраев және тағы басқалары қатысты.