Қаламгер қоғаммен бірге мұңаяды

0
392

Шымкентте «Қол» қойылымының премьерасы өтті

 «Кім кінәлі?» деген мәңгілік сұрақ адамзаттың басты таңдауына ұшырап отыр. Өмірдегі болып жатқан оқиғалардың барлығы-дерлік Адам болмысымен тікелей байланыста. Табиғаттан басқаның бәрі Адам қолымен жасалып, Адам қалауымен жүзеге асады. Мәселе – Адам санасы қаншалық деңгейде?.. Адам – өзге үшін қаншалық жаны ауырып, жақсылыққа жетелей алады және өзге алдындағы жауапкершілікті қабылдауға өресі жетеді ме?..

Қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлық жайындағы психологиялық драманың қойылымы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, драматург Сая Қасымбектің пьесасы бойынша сахналанып, Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында премьерасы өтті. Премьерадан соң біз пьеса авторымен жолығып, сұхбаттастық.

– Құрметті Сая Қасымбек ханым! Қоғам індеті – сыбайлас жемқорлықтың жұқсыз жақтарын көрсетуге бағытталған «Қол» психологиялық драмасының премьерасы құтты болсын! Өте әсерлі шыққан қойылымның айтпағы аз емес. Дәл осы пьесаны жазуға не түркі болды?

Қаламгер мен қоғам үндес. Қоғамдағы келеңсіздік пен қуаныш, қақтығыс пен ымыра, халықтың көңіл-күйі – қаламгерге тікелей ықпал ететін алапат күш. Себебі, қаламгер қоғамда өмір сүреді. Қоғаммен бірге жаңарып, қоғаммен бірге мұңаяды. Әлеуметтік теңсіздік белең алған тұста жаның ауырып, түп-тамырыңа ой жүгіртесің. Қолыңнан бөліп берерің жоқ болған соң, «өзге қолдардың» майланып, қалың бұқараның әділетсіздіктен кеңірдек кере шырыл қаққан тұстарын көргенде, жанталаса жауап іздейсің. Сыбайлас жемқорлық жан-жақтан белең алып бара жатқанын көріп, шыдамың таусылады. Еріксіз бұл тақырыпта қалам тербейсің. Бәлкім, осы жазбаны оқығандар мен осы қойылымды тамашалағандар арасында ашкөздік пен тойымсыздық азаяр деген үмітпен.

– Қазақта: «Екі көзің бір-біріне дұшпан» деген ұғым бар. Сіз қос қолды бір-біріне дұшпан етіп көрсеткендейсіз. Неге олай болды екен? Неге «Қол»?

– Үкімет халықтың әлеуметтік деңгейін көтеруге қаншама қаржы бөлудей-ақ бөліп жатыр. Оны ескермесек, әділдік болмас. Өкініштісі – халыққа жырмаланған жұрнағы жетеді. Неге?!. Өйткені, халық пен бөлінген қаржы арасында «Сол қолдар» бар. «Екі көз бір-біріне дұшпан» ұғымына пара-пар «Береген қолым – алаған» деген де бар. Бұл жерде «алаған» сөзі: «Егер сен халық игілігі үшін аянбай тер төксең, бойыңдағы талантың мен парасатыңды ұлт игілігіне жұмсасаң – халықтың ризалығы мен құрметіне бөленесің!..» сипатында айтылған. Көз – көрумен шектелуге мүмкіндігі бар. Тек, көздің көргеніне «Сол қол» білек сыбана кіріспесе деңіз.

«Сол қол»-ға төтеп беріп тоқтататын пәрменді күш – Оң қол. Оң қол мен Сол қолдың күресі ең алдымен Адамның иманында, ерік-жігерінде басталады. Көпке тиесілі қазынаға «Сол қол» сумаңдағанда – «Оң қол» кедергі бола білсе, Адамның қоғамға жақсылық жасауға мүмкіндігі мол.

Өмір сүруі ілгері шетелдердің қалталы азаматтары халық үшін байлығымен бөлісіп, қайырымдылық жасауға белсенді. Жылағанның жасын сүртіп, жетпегенге жәрдем беріп жатады. Біздегі алпауыттар “Форбс” журналының бетінде жарқырап, өзгелерді байлығымен таң қалдырып жатады. «Әттең-айы» – халыққа қайырым жасап, еңірегенге садақа бергенін көрмейсің. Әйгілі «Ескендір Зұлқарнайын» поэмасындағы қу бастың көзіне топырақ құйғанда, алтын-күміс тиелген таразының басы шолтаң ете қалғанын оқымағанын түсінесің. Кешегі өткен Атымтай Жомарттарымыз қайда?.. Атадан мұралыққа жеткен «Жетім-жесірдің маңдайынан сипа, кемтарды деме. Кедейді жарылқа. Баласы көпті бауырға ал…» имандылығы не себепті тиылды? Сұрақ көп. Көкейі ояу парасат иелері түсінеді. Тек, «Сол қолдарға» маңызы жоқ.

– Сіздің өмірдегі ұстанымдарыңыз туралы біршама хабардармыз. Бұдан бұрынғы пьесаларыңызды да тамашалаған кездеріміз болды. Мына пьеса оларға мүлдем ұқсамайды. Осы «Қол» арқылы не айтып, нені көрсеткіңіз келді?

– Бұған дейін естіп-білмеген «Жемқор» деген сөз күнделікті, тіптен, сағат сайын, сәт сайын еститін сөзімізге айналды. Ересектерді айтпағанда, қала берді мектеп қабырғасындағы оқушылар, жоғары сынып болса бір сәрі – бастауыш сынып оқушылары арасында «Жемқорлықпен күресейік…» деп тәрбие сағаттарын, іс-шараларын өткізіп жатқанын көзің көргенде: «Апыр-ау, кесапат сөзді ересек түгілі бүлдіршініміз айтқаны, күреске шақырғаны қалай?!» деген ойдан қиналасың. Жаның жаурайды.

Пьесамды жазғандағы мақсатым, сәнге айналған «Жемқор» сөзін одан әрі насихаттау үшін емес – қоғам келбетін түзеуге бәріміздің мүмкіндігіміз барын, «Өзгені өзіңдей» көрген кезде ғана суын ішіп отырған топырағыңды бақытты ете алатыныңды айтқым келді. Егер, бас кейіпкерімді базарда адал еңбекпен күнкөрісін өтеп жүрген адам етіп алсам, сенімсіз болар еді. Онсыз да адал термен нан тапқанның несі жепкетер болсын. Жиынтық Адам образы арқылы «Ойлан. Сол қолың сені уақытша тойдырып отыр. Оң қолыңды ұмытпа. Артыңда Сол қолмен жеген ұрлығың емес – Оң қолмен жасаған жомарттығың, ізгі ісің қалсын. Сол қолыңмен жасаған қиянат, өзің көрмесең де ұрпағыңның алдынан шығуы әбден мүмкін» дегім келді. Әркім мүмкіндігінше ой қозғап, күреседі. Менің қолымнан келетіні пьеса жазу болғандықтан, азаматтық ұстанымымды қалам арқылы жеткізгім келді.

«Қол» қойылымының премьерасына көптеген шенеуніктер, мекеме басшылары ат ізін салмағанын байқадық. Бұның мәнісі неде деп ойлайсыз? Пьеса кейіпкерінің бейнесінен өздерін тану қаупі жоқ па еді?

– Әрине, «түн ұйқысы төрт бөлінерлік» дәрежедегі «Сол қол» қойылымға келмейді. Қоғам дертін көрмейді. Көрген жағдайда ойланар ма еді, кім білсін? Пендешіліктің бұйдасын мықтап ұстаған Сол қолмен күреске қоғам боп атсалысқанда ғана өмір өзгермек. Сөз жоқ, келіп көрсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Театрға келу де – үлкен мәдениет. Өкінішке орай, біздің қоғам «той мәдениетін» игергені – ащы шындық. Біреудің мерейтойына «Айтулы басшылар келеді екен…» деген құлағына тисе, танысын-танымасын алашапқын боп кетеді. Ал, ұлт құндылығы мен тіл мәйегін сақтап отырған театрға келуді қажетсінбейді. Әйтеуір, «театр» сөзін естіген, сырттай білетін басшылық пен қоғам қайраткерлеріміз барына көзім үйренгендіктен, олардың келген-келмегеніне мән бермейтін болғанмын. Іс-шараларда көргенде «Е… Бізде мынадай басшылар бар екен ғой?» деумен шектелемін. Пьесамды парасатты көрермен үшін жазатындықтан, басшылықтың көрген-көрмегені жаныма анау айтты батқан емес. Жазғаныма патша көңілді көрермен риза болса, «ертеңім» бетіме түкірмесе болды. Елді жайлаған жемқорлықпен күресте басшылар белсенділік таныта алмаса керек.

 – Психологиялық драма жанры дәл мына бағыттағы пьесаны толыққанды түсінуге жол ашатыны түсінікті. Бұл қойылым біздің жемқорларымыздың түн ұйқысын төрт бөліп, уайым-сарсаңға салынып кетуіне ықпал ете ала ма?

– Шынын айтқанда, жемқорлардың түн ұйқысы төрт емес, қырық төрт бөлінсе де – оларға обал жоқ. Өйткені, біздің еліміздің ілгерілеуіне, қоғамның шапшаң дамуына кедергі келтіріп отырған да, халқымыздың әділдік іздеп, таппай жүргені де – осы тойымсыз жемқорлардың кесірінен. Өміріміздің қай тұсын алсақ та, сыбайлас жемқорлық жайлаған жерде алға жылжу қарқыны бәсеңдеп, нағыз тоқырау бастау алады. Бұған шамалы болса да, тойтарыс беру үшін дәл осындай пьесалар жазылып, қойылымдар сахналану керек. Жемқорлыққа қарсы спектакльдер көбейген сайын беті қалың жемқорлар азая бастайтыны күмән тудырмайды.

– Сыбайлас жемқорлықпен күрестің әдіс-тәсілдері аз емес. Пьеса жазып, оны сахналау арқылы жемқорлықтың шынайы бет-пердесін ашу – құптарлық іс. Қойылымдағы оң қол мен сол қолдың қақтығыстары көрермен қауымға қандай ғибрат береді деп ойлайсыз?

– Бүгінде тек Үкіметті қаралау, кіналау сүйекке сіңді. Келісетін тұсы кем емес. Бірақ, тек үкімет кінәлі ме?! Ол жақта роботтар емес – адам қызмет етеді ғой. Бас кейіпкерімді Адам деп алуым да содан. Жоғарғы билік халық қазынасынан қаржыны бөлуін бөліп береді. Жүзеге асатынына, халыққа жететініне сенеді. Сенбей ел басқару мүмкін емес. Өкініштісі, етегіндегі Сол қолдардың жырмалайтыны. Әлбетте, Сол қол, жанға жайлы қызметіне қатер төне қалса өздерін «әділетсіз қоғамда өмір сүріп жатырмын» деп, жоғары жақты қаралауға дайын. Өйткені, қаралау – ең оңай жол. Кейде, қызметтен ысырылған Сол қолды қолдап, митингілетіп жататынымыз да бар. Өйткені, Сол қол өзін «судан таза, сүттен әппақ» көрсете біледі. Өзінің қоғамда белең алған қиянатқа үлесі барын ойламайды. Ойлануды қажет етпейді. Жақсы өмір сүріп, рахат ғұмыр кешкенді сүйеді. Күндердің күнінде алдынан зауал шығарын қабылдағысы келмейді. Сан-мыңдаған жан қинаған сұрақты әр адам өзінен іздегенде ғана жауабы табылса керек.

– Алдағы жоспарыңызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға арналған өзге де әдеби дүниелерді жазу бар ма? Сол туралы айтып берсеңіз…

– Туған топырағымның тарихы өзіме ең қымбат әлем. Сонау сегізінші ғасырдағы көне Тұран даласын жайлаған түркі тайпаларының, Ұлы Жібек жолындағы сансыз қалалар арасындағы қақтығыс пен тартыс жайында тарихи романымды жазу үстіндемін. Өте ауыр тақырып болғандықтан, әзірге өндіре алмай жатырмын. Тұран даласының тарихи өткеніне қалам тартсам деген ниетіме Жаратқан ием жар болсын деп үміттенемін.

– Көп рахмет! Жазар көбейіп, қаламыңыздан туған әр сөз жемқорларды жылатып, жүректеріне қанжардай қадала берсін! Жер бетінде жемқорлық жойылсын деген ниетпен сізге сәттілік тілейміз!..

 

Сұхбатты жүргізген: Әсет ӘССАНДИ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз