Үмітхан Мұңалбаева: Балаларды оқуға баулу – саналы ұлт болып қалыптасу кепілі
2020 ж. 23 қазан
1680
0
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуы мен болашағы үшін аса маңызды бірнеше қадамды атады. Соның ішінде, ел руханиятының шаңырағы болып табылатын кітапханаларға ерекше көңіл бөлгені мерейімізді асырып тастағаны рас.
«Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ, кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», - деп атап өтті ел басшысы.
Онлайн кеңес отырысында мектеп кітапханаларының ахуалы жайлы да айтылып, 2022 жылдан бастап, ұлттық мониторинг тетігін – балалар әл-ауқатының индексін әзірлеу және енгізу туралы тапсырма берілді.
Мектеп кітапханаларының ескірген және жұтаң кітап қорын жаңалау және толықтыру – бүгінгі таңда уақыт күттірмейтін мәселе екені рас.
Балаларға арнап жазатын жазушылардың кітаптарын шығару және тарату, балаларға арналған мерзімді басылымдардың сапасын арттыру – мемлекет тарапынан қолдауды қажет етеді. Сол сияқты, дәл қазір Нұр-сұлтан қаласында Ұлттық балалар кітапханасын ашу мәселесі де рухани дамуға басымдылық берген Президент тапсырмасымен үндес келіп отыр.
Соңғы статистиканы алға тартсақ, Нұр-Сұлтанда 14 жасқа дейінгі балалардың жас санаты – 27%, 14 жастан 24 жасқа дейінгілері – 22,2% құрайды екен. Бұл – астана тұрғындарының жартысына жуығы, яғни, 49,2% - ы жаңадан ашылуы тиіс балалар кітапханасының әлеуетті пайдаланушылары бола алады дегенді білдіреді.
Жаңа технологиялар дамыған сайын жаңа ұрпақтың кітапқа деген қарым-қатынасы да өзгеруде. Адамзат қоғамы қабылдаған есептік жүйемен бірге келген түрліше трансформацияларды есепке ала отырып, шетелдік кітапханалар өз функциясын жаңаша ұрып жатқаны рас. Соның ішінде, шығармашылық ойды дамытып қана қоймай, баланы дұрыс сөйлеуге де баулитын сторителлинг кітапханалар, компьютерлік ойындар арқылы жастардың танымдық зердесін жетілдіретін инди-мектептер, робот жасау технологиясы мен компьютерлік бағдарламаларды жасауға үйрететін кодинг клубтар қазіргі кезде қызметі көпфункционалды институт деңгейіне жеткен заманауи кітапханаларда жасақталуда. Сол сияқты, шетелдік Фергусон кітапханасы «Wonder Lab» жобасында жас оқырмандарына өз виртуалды шындығын ойлап табуға мүмкіндік берсе, Smart-кітапхана саналатын Мәскеудегі Ахматова кітапханасы өз оқырмандарын өткен тарихқа виртуалды саяхат жасауға шақырады.
Осындай заманауи жаңалықтарды еліміздің кітапханаларына әкелу – ұрпағының ертеңіне көңіл бөлетін болашағы жарқын мемлекеттің көреген қадамы болса керек.
Бүгінгі кітапханаларында балалар әдебиеті қоры аз және ескіргенін айрықша атап өту керек. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы қараша айына жоспарлап отырған балалар әдебиеті саласы проблемаларын көтеру және шешуге бағытталған халықаралық форумда осы және басқа да өзекті мәселелер өзек болмақ.
Атап айтқанда, балаларға арнап жазатын жазушыларға қолдау білдіру; балалар әдебиеті жанрларының әралуандығы ескере отырып, оларды жүйелеу және бақылау; Жас балалардың жоғары қызығушылығын ескере отырып, «Гравити-фолз» сынды комикс жанрларының қазақ тілінде, ұлттық бояумен шығуын қолдау; «Хәрри Поттер» сынды шетелдік бестселлер кітаптарын көптеп аударуға басымдық беру, т.б.
Балалар әдебиетін дамыту – өзекті мәселе екендігі жоғарғы мінбелерден көтеріліп жүр. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жақында, өзінің Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар үшін 2020 жылға 821 млн. 615 мың теңге бөлу жоспарланса, соның 46 млн. 848 мыңы балалар әдебиетіне арналғанын, осыған қарап,шығуы жоспарлаған кітаптар ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен екендігін атап көрсетті. «Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады. Баспа ісі, журналдар балаларға арналған материалдарды қызықты етіп жеткізудің жан-жақты жолын қарастыру керек», - деді Сенат депутаты. Сол сияқты, саланы дамытуға арнайы қаржы бөлу, ұлттық мультфильмдер шығару ісінде жекеменшік компанияларды қаржылай қолдау тетіктерін қарастыру, балалар әдебиетін дамытудың кешенді бағдарламасын жасау қажет екендігін де атап өткен болатын.
Осы ретте, балаларға арналған баспа ісі, журналдар мәселесі дұрыс көтерілді деп есептеймін. «Жас техник», «Жас конструктор», «Зерде» сынды жасөспірімдерге арналған танымдық журналдардың қайта шыға бастауын жолға қою – уақыт талабы. Әсіресе, қазіргі пандемия жағдайында оқшауланып, үйде отырған балалар мен жасөспірімдердің телефонға тәуелділігі артқан кезеңде, танымдық журналдардың қоғамға қажеттілік мәселесі өзекті бола түсуде. Республика бойынша жалғыз «OILA» танымдық журналынан өзге, алға тартар басқа аналогының болмай отырғаны өкінішті екені рас.
Бүлдіршіндерге арналған «Балдырған», «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ», т.б. журналдардың эстеикалық сапасын арттырып, онда балалардың жаттап алуына ыңғайлы өлеңдердің, мазмұндап айтып жүретін ертегілердің сапасына көңіл бөлу де – елдің ертеңгі рухани деңгейінің өлшемі болмақ.
Бүгінгі күні ҚазҰЭК қорындағы балаларға арналған кітаптар саны – 5551, оның ішінде, ертегілер – 423, пәндер бойынша оқулықтар – 5099, ноталық басылымдар – 21, энциклопедиялар мен анықтамалықтар – 24 атауда әдебиеттер бар.Ал Ұлттық академиялық кітапхананың Балалар кітапханасының жалпы қоры – 13495.
Балалар әдебиеті секторында кітап қорынан үйге кітап берілетін бөлімге сұраныстың күн өткен сайын артып отырғаны рас. Алайда, ондағы көркем әдебиеттердің саны – 5362 құраса, балалар кітапханасының оқырмандар саны 7908. Осы статистикаға қарап, жас оқырмандарға ұсынылатын кітап қорының сын көтермейтінін тағы да анық байқауға болады. Жас оқырмандарымыз жиі сұратып оқыйтын кітаптары: «Ертегілер» жинағы, «Батырлар жыры», әлем әдебиеті мен көркем әдебиеттің классикалық үлгілері, сол сияқты, «Бала би», «Мөлдір бұлақ», «Жыл он екі ай», «Айгөлек» т.б. журналдар үлкен сұранысқа ие.
Балаларды бүлдіршін кезінен бастап оқуға баулу – болашақта саналы ұлт болып қалыптасу кепілі дер едім. Сондықтан, Президентіміздің балалар кітапханаларын жаңаша дамыту жөніндегі тапсырмасын қолдай отырып, 2021 жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп белгілеуді ұсынамын.
Үмітхан Мұңалбаева,
ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы