«Алатау» дәстүрлі өнер театрының жаңа маусымы ашылды

Бүгін «Алатау» дәстүрлі өнер театры өзінің кезекті 4 маусымын қазан айының бірінші жексенбісінде өткен ұстаздар күніне орай «Ұстаз – саған мың алғыс!» атты мерекелік концертімен ашты.

Елімізде орын алған індет жағдайына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза: «"Жаңа әлемдегі ең құнды дүние саналатын білімге жол ашатын ұстаздарға табыс тілеймін. Пандемия мектептер мен жоғары оқу орындарындағы оқу жылының басталуына кері әсерін тигізді. Бірақ бұл – уақытша құбылыс" – деген болатын. Сондай-ақ, әлемді жайлаған індет алға қойған жоспардың іске асуына кедергі жасап, өнер ошақтарының шығармашылық қызметіне тосқауыл болды. Карантин кезінде көрерменмен байланысты үзіп алмау үшін «Онлайн эфир» арқылы келелі кездесулер мен сыр-сұхбаттар өткізілді. Театр – риясыз таза, патша көңілді көрерменімен кездесуді асыға күтті. Міне осындай асыға күткен күнге де жеттік.

Маусымашар мерекелік концертте «Алатау» дәстүрлі өнер театр директорының дамыту жөніндегі орынбасары Баядилов Халел Оңғарұлы құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздар қауымның ерен еңбегінің бағасы өлшеусіз екенін айта кетіп, отбасыларына амандық тіледі.

Мерекелік шара «Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы Орынбай Дүйсеновтың «Құлагер» күйімен бастау алды.

Театр әншілері ансамбльдің сүйемелдеуімен халық әндерін шырқап, халық композиторларының әндерінде орындады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Перизат Омарбекованың жеке орындауында «Айжан қыз» биін билеп, актерлар құрамы Ғафу Қайырбековтың «Ұстазыма» өлеңін оқыды. Сондай-ақ, «Алатау серілері» мен «Үшқоңыр» тобы ұстаздарға мерекелік көңіл сыйлап, концертті жандандыра түсті.

Театр сахнасы мерекелі думанға бөленіп, өнерпаздар қауымы көрерменмен қуана қауышты.