“ЕГІЗ ЛЕБІЗДІҢ» АРНАУ ӘНІН ТЫҢДАУ – ҚОРЛЫҚ!

1
1992

Ұйқастан жұрдай  әнді әнші байғұстардың беріле айтып тұрғанын көру қандай аянышты еді?!.

Ұлттық арнадан «Егіз лебіз» жобасы өтіп жатыр. Біз 4-інші бағдарламасын көріп қалдық екі күн бұрын…

«Танымал әншілер мен өзге саланың майталмандары ән айтып қана қоймай, ең мықты жұп ретінде жеңіске жетуге талпынатын теңдессіз жоба. Қазақстан халқы өз жұлдызын тікелей эфирде анықтайды» деп жазылыпты ютубтағы арнасында.
Иә, айтса, айтқандай елді тартатын тамаша музыкалық бағдарлама! Көркемдігі де, дизайндық, сахналық, жарықтық, декорациялық безендірілуі де соңғы үлгілермен қамтылған ерекше тартымды. Жобаға қатысушылар да әйгілі әншілер, қазылары да халыққа белгілі дарынды тұлғалар.

Менің қатты қарнымның ашқаны – бағдарламаның соңында айтылатын «Егіз лебіз» жобасына арнайы жазылған «әнұраны», арнау әнінің ешқандай талапқа сай келмейтіні. Әні тәуір болар, ақын ретінде ән мәтінін тыңдап отыру – екі сөздің басын құрай алатын, екінің бірі ақын болып келетін қазаққа қорлық екен! Әнін Х.Шанғалиев, сөзін – С. Бақытжанұлы дегендер жазыпты.

Сөзім жалаң болмау үшін эфирден жазып алуға тырысқан әнсымақтың мәтінін келтірейін:

Әсем ән, әсем ән,
Егіз лебіз сыйлаған.
Жұлдызды сахна
Әуен сіздерге арналған.

Қызықты сәттер
Егіз лебіз сыйлаған.
Бізбен бірге қуанып, бірге шаттан.

Ғаламат шоу бастаймыз,
Әсем әнмен еркін самғаймыз.
Бірге ән шырқаймыз,

Үздік жұптар сахнада,
Жарысады ұлттық арнада,
Ғажап дауыстар.

Нағыз өнер сайысы
Барлығына жеңіс маңызды
Халықтың қолдауы.

Үн мен үннің таңдауы
Жұптарымыз сахнаның сәні
Сіздер үшін бәрі.

Өлең деген ұйқастардан құралатыны анық болса, бұл мәтіннің 19 жолында ең болмаса, емге екі жол ұйқас таппайсың. Өлең деп ойлап қалсын деп, шумақ етіп, жол-жолға бөліп жазып қойғаны болмаса, қарабайыр шатып-бұтқан шалағай сөздердің жиынтығы. Өлең құрылысын түсінбейтіндерге түсінікті арифметикалық тілге салып айтсақ, бұл екі жердегі екіміз – он болады дегендей масқара қателік!

Сонда «Егіз лебіз» жобасында есі дұрыс редактор жоқ па? Мақұл, қазақша қарапайым өлең түсіне алатын сауатты редактор жоқ екен бағдарламада, мыңдаған журналистері бар «Қазақстан» арнасының кез келген сөз түсіне алатын журналисі ескертпеген бе?!. Өйткені, бір айдан бері бұл «әнұран» эфирде төрт рет орындалды. Көркемдік кеңес деген болмайтын ба еді телеарналарда?!. Әлде, еліміздегі бас арна – Ұлттық арнамызға қазақша қарапайым әліппелік талапқа сай өлеңнің қажеті жоқ па?!.

Адам айтуға ұялатын қарапайым жайдақ ұйқастың өзінен жұрдай ән мәтінін қатысушылары бар, қазылары бар, халық әртістері бастаған әйгілі әнші байғұстардың өздері беріліп айтып тұрғанын көру қандай аянышты еді?!.

Ән мәтінінің түкке жарамайтынын сезбеген қазылар алқасындағы әйгілі тұлғалар Тұңғышбай Жаманқұлов, Мақпал Жүнісова, Алтынбек Қоразбаев, Айгүл Иманбаеваларды, жобаға қатысушылар Бақыт Шадаева, Жанар Айжанова, Айгүл Қосанова секілді белгілі әншілерді айтпағанда, қатысушылардың ішінде осы «арнауды» беріле айтқан Рүстем Қайыртайұлы секілді белгілі айтыс ақындары бар ғой. Ол сол жерде мынадай масқараны дереу ескертіп, қажет болса, жарты сағатта жазып беретін мәтін ғой…
Әндерінің ешқайсысының сөзі нашар болып көрмеген қазылардың ішіндегі композитор Қалдыбек Құрманәлі хабар соңында бұл «өлеңнің» іске алғысыз екенін ескертіп кеткен болар деп ойлаймын…

Қорыта айтқанда, әр сенбіде «Егіз лебізді» қызыға тыңдап отырған елдің өлеңнен сәл де болса, сауаты барлары хабар соңындағы «арнауды» естіп қай уақытқа дейін қорлана беруі керек?

Бұл бағдарламадан бұрынғы жылдары өткен, ел риза болған «Екі жұлдыз» жобасының арнауы әйгілі «Екі жұлдыз» әні (сөзі -Тұманбай Молдағалиев, әні – Сейтқали Қайырғалиев) әдемі жарасып тұратын. Ендеше, неге «Егіз жұлдыз» жобасының арнауына өлеңін көрнекті ақын Исраил Сапарбай, әнін белгілі композитор Жұмағұл Қыдырәлиев жазған белгілі «Егіз жұлдыз» әнін алмасқа?!.

Біздікі көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрған өрескел кемшілікті ескертіп, өлең танығандықтан өз парызымызды орындау!
Қалғанын Ұлттық арнаның өзі біледі.

Қазыбек ИСА,
«Қазақ үні»

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз