Қаламгер қолтаңбасы

0
250

Тоқтаусыз жылжып жатқан жылдар легі топталып белгілі бір заманды құрап жатады десек, жазушылар сол заманның белгілерін тасқа ойып жазып, болашақ ұрпаққа соның ескерткішін жасайды. Яғни, жазушы заманның жыршысы, жазған  кітаптарын оқу арқылы сол заманды танимыз, сол заман туралы білеміз. Ортамызда жүрген осындай қаламгерлер қатарына мен Жақсыбай Самұратты қосар едім.

Себебі, оның қай шығармасын алсаңыз да өзіміз өмір сүріп отырған кезеңнің қилы бояумен боялған бейнесін көреміз, публицистикалық мақалаларын оқу арқылы басымыздан өткеріп жатқан күндердің шынайы да күрделі проблемаларын танимыз. Әрі жазушы, әрі жорналшы Жақсыбайды мен әйгілі Шерағаң, Шерхан Мұртазаның ізбасарындай көремін. Жақсыбай Баянұлымен таныстығым 2001 жылы басталып, содан бері тығыз байланыстамыз. Алдымен туған ауылы Тауағаштың жанашыры болып, жекешелендіру кезінде таланудан қорғап қалған азамат деген жақсы атын естідім, кейін қаламы жүйрік жазушы екенін білдім. Осы күнге дейін он екі кітабы шыққан екен. Біз танысқан кезде «Б­­ітеу жара», «Тауағаш деген ел едік» деген кітаптар жазған еді. Кейін қаламы жүйрік жазушы екенін дәлелдеген «Өзгеленді бұл ғалам», «Абылайдың ақ үйі», «Күзде гүлдеген алмалар», «Бұралаң заман»  деген кітаптары шықты, бәрін оқыдым.  Ойы терең, жан- жақты білімі бар, тынымсыз еңбектің адамы екенін байқадым. Мұның сыры еліміздегі екі университетте – ҚазМУ және ҚарМУда оқып,  филолог және экономист мамандығын алып шыққан, мектепте, мемлекеттік әртүрлі мекемелерде маман және тілші болып жұмыс істеп әбден шыңдалған, бай тәжірибе жинаған.

Жақсыбайдың шығармаларына шолу жасағанда анық байқалатын нәрсе олар заманымыздың айнасы іспеттес, әрбір кітабы қазіргі заманымыздағы қым қиғаш өмірдің шынайы келбетін әр қырынан береді. Оқырманы ретінде Жақсыбайдың шығармаларының ішіндегі қомақтысы да, күрделісі де әлі өзінің лайықты бағасын алмаған «Бітеу жара» (Желтоқсан 86) романы деп есептеймін. Әйгілі желтоқсан оқиғасына арналған роман бұдан жиырма бір жыл бұрын жазылған, содан бері екі рет басылған екен. Осы оқиғамен Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғаны белгілі. Ол туралы талай кітаптар да жазылды, кинолар да түсірілді. Солардың ішінде аталмыш романның алар орны ерекше дер едім. Романды оқу барысында бүкіл одақты дүр сілкіндірген әйгілі желтоқсан оқиғасының күрделі сырын тереңірек ұқтым. Оқиға болған кезде Мәскеуде аспирантурада оқып жүргендіктен, ол туралы газеттен ғана оқып біліп жүргенбіз. Кейін адамдардан әртүрлі әңгімелер еститінбіз. Желтоқсанда болған оқиғалардың егжей-тегжейлерін шиеленісті драма түрінде жазылған романды оқу барысында терең түсіндім, сол күндердің трагедиясын сезініп күйзелдім.Жазушы көптеген деректер жинап, өмірде орын алған фактілерді көркемсөзге айналдырып оқырманын нандыра да, қызықтыра да білген. Деректі роман жазудың қиындығы қиялыңа еркіндік бере алмайсың, бәріміз көрген заман туралы болғандықтан жазушы кейіпкерлері – сол кездегі саяси аренада болған көпшілікке танымал саяси тұлғалар ғой,  Жақсыбайдың шеберлігі белгілі кісілердің образдарын нақты деректермен жақсы ашқан, атқарған рөлдеріне сай шынайы сипаттап берген. Қарапайым қаһармандары арқылы сол қиын шақта жекелеген адамдардың басынан кешкен драмаларын әсерлі суреттеген. Романның басты кейіпкері Еламанның басынан кешкен оқиғалар арқылы сол бір өліара кезеңде қоғамымызда орын алған трагедиялық оқиғаның сырын ашады.Өмір гимні махаббат дейтін болсақ осы ұғымды Еламанның тағдырымен байланыстырып, кітаптың әдемі өзегіне айналдыра білген. Желтоқсан оқиғасында зәбір көріп, соққыға жығылғандардың да, мерт болғандардың да дені қыршын жастар еді. Қайран Қайрат пен Ләззаттай өрім жастармен бірге қаншама армандар өшті, махаббат солды! Еламан мен Гүлшат арасындағы махаббат та сол желтоқсанның қаһарына ұшырады. Мен оқырман ретінде Гүлшат қабірінің басында отырып егілген Еламанмен бірге езілсем, Бануды қарсы алу үшін автовокзалға бара жатқан – жаңа өмірге асыққан Еламанмен бірге қуандым. Осы жолдарды оқығанда жазушы шеберлігіне ерекше тәнті боласың. Гүлшаттың қазасымен бірге талай жанның қарғысына ұшыраған өктем заманның келмеске кеткенін, Банумен бірге жаңа заманның таңы атып келе жатқанын білдіргендей көресің, соған сенесің.

Тәуелсіздік алып, ел экономикасын нарыққа сай қайта құрып жатқанда ең күрделі жағдайда қалған ауылдар еді. Келесі «Тауағаш деген ел едік» деген еңбегінде дербес ел болып қалыптаса бастаған еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы күрделі кезеңді көрсетеді. «Голден грейн» секілді алпауыттарға туған ауылының  жем болып кетпеуі үшін арпалысқан Жақсыбай деген күрескерді көреміз. Күресіп қана жүрген жоқ, елінің шежіресін жазып, халқымыздың бай тарихына да құлаш ұрады. Ауылының дамуына еңбегі сіңген адамдары асқақтатып көпшілікке паш етеді.

«Өзгеленді бұл ғалам» деген романында ауыл шеңберінен шығып, бүкіл солтүстік аймақта орын алған күрделі өмірдің қыр сырын ашады, алғашқы капиталдың қалыптасу кезеңін күрделі кейпкерлері арқылы нанымды суреттей алған. Нарықтық қоғамның қалыптасуы кезінде адами құндылықтар кейінге ысырылып, алдыңғы орынға материалдық байлық шыққан заманда қоғамымызда кездескен қиыншылықтар мен қайшылықтарды ұтқыр суреттеген.

Жақсыбай бауырымыздың тағы бір қасиеті елжандылығы, ұлт намыскерлігі, оның шығармаларынан қазақ үні айқын естіліп тұрады. Осы орайда еліміздің біртұтастығын баянды ету үшін темірдей берік, тастай қатты белгілердің маңызы зор екенін Жақсыбай жақсы түсінді. Оны «Абылайдың ақ үйі» еңбегінен көреміз. Сонау бір замандарда Қызылжар қаласында Абылай ханның резиденциясы салынғанын тарихи құжаттармен нақтылап дәлелдеген Жақсыбай Самұрат бауырымыз еді. Сонымен бірге ол Петропавл бекінісі салынған мекен ежелден қазақ жері екендігін, атауы Қызылжар болғанын нақтылап, жаңа деректермен байытады. Абылайдың резиденциясы деп салынған үйдің қазіргі қалыптасқан геосаяси жағдайында маңызы өте зор екенін уақыт көрсетті, солтүстік шекарамызға орнатылған тас қамалдай болып тұр. Жас ұрпақ үшін Ақ үйдің танымдық мекен ретінде атқарар рөлі ерекшелігімен бірге, Қызылжар қаласының қасиетті орындарының бірі ретінде де маңызы бар. Отау құрып жатқан жастардың Абылайханның ескерткішіне келіп тағзым етіп жатқанын өз көзімізбен көрдік.

Жақсыбайдың «Күзде гүлдеген алмалар» деген әңгімелер мен драмалар жинағына әр жылдары жазылған еңбектері кірген екен. Маған ерекше әсер берген жинақ аттас лирикалық әңгімесі. Әңгіменің кейіпкерлері жастары біразға келген, сыңарларынан айырылып, амалсыздан балаларының қолына қалаға қоныс аударған  Бегеш деген шал мен Батима деген егде әйел. «Махаббатқа бар жас тәуелді» дегендей екеуінің арасында бір нәзік сезім туады. Әдетте мосқал еркектің жас қызға ғашық болғаны жайлы көп жазылатын да, айтылатын да. Николай Раевскийдің «Ақынның соңғы махаббаты» деген повесі есіме түседі. Біздің дәуірімізге дейінгі 3 ғасырда өмір сүрген ақын Феокриттің жас сұлуға ғашық болғаны туралы жазылған әдемі шығарма. Ежелгі рим ақыны Марциал «Феокрит тұлғасынан адамды сеземіз» деген екен. Осы әңгімеде Бегеш шалдың бойынан қанша жасқа келсе де адами сезімінен айырылмаған, өмірінің күз мезгіліне келсе де әлі көктемінен үмітін үзбеген, сұлулыққа құштарлығын жоғалтпаған қасиетін біз де байқаймыз. Осының бәрін жазушы шалдың ішкі толғаныстары арқылы оқырманына әдемі жеткізе білген. Осы жерде қазақ әйеліне тән «балалардан ұят қой» деген ой белең алып, екі қарт арасындағы тұтанып келе жатқан сезім мезгілінен кеш гүлдеген алма ағашындай  баянсыз болады.

Жақсыбайдың соңғы шыққан кітабы «Бұралаң заман» атты романы мен әңгімелер жинағы. Романның кейіпкерлері ауылда өсіп-өнген ынтымақты отбасының адамдары, кенже ұлдарын шаңырақ иесі болады деп үміт еткен ата-ананың сенімдерінің ақталмауы, қаланы аңсап келген кенже ұлдың басынан кешкен трагедиясы, осылар арқылы жаппай қалаға көшіп жатқан ауылдың қазіргі жағдайын ашып суреттейді.  Жинаққа енген «Қиын түйін» детектив   жанрында жазылған тартымды әңгіме. Бас кейіпкердің теледидардан көрген  сюжетті Шерлок Холмс секілді талдау жасау арқылы шытырман қылмыстың құпиясын ашады. Ал «Таңғажайып оқиға» әңгімесі фэнтези стилінде жазылған, сонау сексенінші жылдары қыстың түтеген боранында келе жатқан жолаушылардың әп сәтте жаңа Астана қаласына тап болуын, заманауи қаланың сәулетіне таңырқаған сәттерін, осы заманға қалай бейімделгендерін қызықты суреттейді. «Қасқыр тірлік» әңгімесінде бөлтірік кезінде адамдардың қолына түсіп, циркте үйретілген қорқаудың кейін жабайы ортаға бейімделе алмай, үйреніп қалған адамдар ортасына келіп солардың қолынан өлім құшқан трагедиясын көрсетеді. Әрине, әр әңгіменің өзіндік арқалаған жүгі бар, мен ішінен теріп жанрлары әртүрлілеріне ғана тоқтадым.

Әр жылдары жазылған публицистикалық мақалаларын 2013 жылы жинақ қылып шығарған «Жылдар жылжып барады» деген кітабынан Жәкеңнің жорналшы ретінде шеберлігін байқауға болады. «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет істеп жүрген сәтінде талай рет Елбасының қасында жүріп, сол сапарлар туралы жазған алымды мақалаларын да оқыдым. Жақсыбайдың ізденімпаз әрі байқампаз жорналшы екендігін 2008 жылы атақты биолог ғалым Мұрат Айтхожин және оның ағайындары туралы «Таңғажайып отбасы» атты терең мақала жазғанда ерекше байқадым. Биолог ғалымдардың өзі бара бермейтін тақырыптарға терең талдау жасап, маман секілді жазғанының куәсі болдым. Жақсыбай  публицистикалық және зерттеу мақалаларын жазғанда бәрін фактілермен нақтылайды, ұғынықты әрі дәлелді қылып жеткізеді. Маған ерекше әсер берген «Сәбит пен Мұқтардың әріптестігі немесе Ұмсын сұлу» деген мақаласы болды. Баспа бетінде жарық көрген деректер негізінде Керей руынан шыққан Ұмсын деген оқымысты қыздың Ресейдің Троицк медресесінде оқып, одан кейін Мысырдың Александрия қаласындағы жоғары дәрежелі әл Азжар әл Мұхаммед бин Вагаф медресесінде бес жыл оқып 1902 жылы бітірген екен. Ұмсын сұлу Ақан серімен де таныс болып, ақынның ықыласы да құрметі де білімді қарындасына ерекше болған екен. Алайда сол замандағы көп қыздардың басында болған трагедия жас сұлуды да айналып өтпеген екен. Жалпы Жақсыбайдың мақалаларында көтерілген мәселелер көлемді шығармаларға да арқау болуға жарайды, оларды зерттеп, қуа берсе жаңа үлкен шығармалар да туатыны хақ.

Құдайға шүкір, Жақсыбайдың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Президент Грантының, Журналистер одағы мен Нұр Отан партиясы сыйлықтарының лауреаты, Мәдениет қайраткері және Есіл ауданының Құрметті азаматы атақтарын алған. Бүгінде алпыс жастың асқарына шығып отырған Жақсыбай бауырымыздың жазылар шығармалары да, алар құрметтері де әлі баршылық деген сенімдеміз, соған тілектестік білдіреміз.

 

Әйіп Ысқақов,

биология ғылымдарының докторы, профессор

qazaquni.kz

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз