Ұлт намысын ешкімге таптатпаған

Көрнекті мемлекет қайраткері, еліміздің бірнеше облыстарына, ауыл шаруашылығы саласының министрліктеріне басшылық жасаған Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков тірі болғанда биыл тоқсан жасқа толар еді. Көкшетаудан шыққан жеңіл машиналар кортежінің алған бағыты әуежай болатын. Облыс басшылары Сарыарқаның інжу-маржаны Бурабайға қысқа демалысқа келген КПСС Орталық комитетінің бірінші хатшысы Леонид Ильич Брежнев пен зайыбы демалыстарының аяқталуына байланысты мемлекет басшысын шығарып салуға келе жатыр. Жылдамдығын бәсеңсітпеген кортеж бірден Л.И.Брежнев самолетінің жанына барып тоқтады. Облыстық партия комитетінің бюро мүшелері мен облыстың лауазымды қызметкерлері жапа-тармағай машиналарынан тез түсіп, құдды әскерде жүргендей, самолет трапының жанына барып, сап түзеп тұра қалды. Машинадан шыққан Леонид Ильич асықпай басып, шығарып салуға келген облыс басшыларымен қоштаса бастады. Олармен жылы шыраймен қоштасқан Леонид Ильич неге екені белгісіз Е.Әуелбековтің сол жағында тұрған обкомның екінші хатшысы В.Загорскийге қол бермей, бірден Ерекеңнің жанына барды да: – Еркін Нұржанович, мәнді демалыс ұйымдастырғандарыңа рахмет. Ризамын. Жұмысыңа сәттілік тілеймін, алған осы бағытыңнан тайма! Леонид Ильичті шығарып салысымен кабинетіне келген Еркін Нұржанұлы, Брежнев жолдастың «алған бағытыңнан тайма» дегенде нені меңзеді екен және обкомның екінші хатшысы В.Загорскийге неге қол бермей кетті деп ойға шомып отырғанда, кабинетке обкомның ауылшаруашылық саласын басқаратын хатшы Евгений Михайлович Золоторев кірді. – Еркін Нуржанович, терең ойда отырған сияқтысыз, мен сізге кедергі жасаған жоқпын ба? – Жоқ Евгений, мен Леонид Ильичтің айтқан сөздері нені меңзеді екен және Василий Никоноровичке не себепті кол бермей кетті екен деп ойланып отырмын. – Еркін Нұржанович, оған басыңызды қатырмаңыз. Егер білгіңіз келсе, оның мәнін екінші хатшыңыз Загорскийден сұраңыз. Жауабын сол айтар. Күнде ол сіздің қай ауданға баратыныңызды аңдып отырады. Сіз есіктен шыққанда, ол «тесіктен» шығып, демалып жатқан Леонид Ильичтің мазасын алумен болды. Менің ойымша ол «сарбазыңыз» күнде Бурабайға сізді мадақтауға барды деп ойламаймын. Ар жағын өзіңіз де сезіп отырған шығарсыз. Золотаревты шығарып салысымен Ерекең өзіне тән тез шешім қабылдауға дағдыланған әдетімен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты жалғайтын қызыл телефонға қол созды. Димекең де Әуелбековтің телефон соғуын тосып отырғандай, тұтқаны көтерісімен Ерекеңнің дауысын бірден танып, – Еркін, жағдайларың қалай, Леонид Ильичті шығарып салдыңдар ма, көңіл-күйі қалай екен деген сұрақтарды қоя бастады. – Көңіл-күйі жақсы, ризашылығын білдіріп қайтты. Менің сізбен ақылдасатын бір шаруам бар еді. – Тыңдап тұрмын, айта бер, Еркін. – Екінші хатшы Загорский Василий Никаноровичті басқа жұмысқа ауыстырсаңыз, ал олай болмаса мен жұмыстан кетемін. Мән-жайдың бәрін тыңдап болған Димекең, өзіне тән сабырлы дауыспен: – Еркін қазір жұмыс аяқталған кез, Загорскийдің мәселесін ертең шешем. Ол республикалық кәсіподақтар Кеңесіне хатшылыққа ауысады. Бұдан былай жұмыстан кетем дегенді мен естімейін. Сен сияқты іскер де батыл обкомның бірінші хатшыларын дереу даярлап шығаратын менде инкубатор жоқ. Екінші хатшы болатын кадрды өзің таңдай бер. Кабинетінде жеке қалған Ерекең күндегі әдетінше жұмыс аяғында үстел үстіндегі күнтізбе бетін аударып қараса, тамыз айы да жақындап қалыпты. Осыдан он жыл бұрын Ерекең өзі туып өскен Көкшетау облысына обкомның бірінші хатшысы болып сайланған екен. Ия, уақытта өлшем жоқ деген осы. Есіне Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясын қызыл дипломмен бітіргеннен кейінгі еңбек жолын бастаған Солтүстік Қазақстан облысындағы «Марьевский» совхозы түсті. Оның алдында аудан басшылары Ерекеңнің Мәскеудегі Тимирязев академиясын бітірген қызыл дипломын көріп, оны шаруашылықтың бас агрономы етіп тағайындады. Ал егін орағы кезінде совхоздың директоры басқа жұмысқа ауысып кетуіне байланысты аудан басшылығы Еркін Нұржанұлын директордың міндетін қоса атқаруды тапсырды. Дәл сол кезде Ерекең бар жоғы жиырма бес жаста болатын. Ол бірден шаруашылық жұмысына қызу араласып, өзінің білімі мен біліктілігін көпшілікке таныта білді. Егін орағы табысты аяқталып, шаруашылық жұмысын қорытындылаған облыс және аудан басшылары Еркін Әуелбековті совхоз директоры етіп бекітті. Директорлық қызметке кірісімен Ерекең халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуды қолға алды. Тың игеру жылдары жаңа салынған үйлер сол кезде одақтас республикалардан келген басқа ұлт өкілдеріне бірінші кезекте беріліп, өзіміздің қазақтар шетқақпай қалатын. Сол жағдайды байқаған Ерекең, ауылдастарымен ақылдаса келе асарлық әдіске көпшілікті жұмылдыра білді. Бүкіл ауыл болып, сенбі, жексенбідегі бос уақыттарын үй тұрғызуға арнап, ылай илеп, саман құйған жігіттерге бас болып жүрген соң, қалған жұрт та тыс қалмай, ұйымшылдықтың арқасында бір маусымда қазақтар баспаналарын жақсартып алады. Осы деректерді маған айтқан Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, «Қазақ» радиосында менің қарауымда істеген Жеңіс Ақпанбетов еді. Ол Сәбит Мұқанов атамыздың «Ботагөз» романындағы Бәтес апайдың баласы болатын. Еркін Әуелбековтің лауазымының тез өсуі аға ұрпақ өкілдерінің көз алдында өтті. Оған бірден бір себеп, Ерекеңнің өзі жетекшілік ететін шаруашылық тұрғындарының әлеуметтік тұрмыстарын көтере білуі, өнім өндірудің қосымша көздері іздестіріліп, еңбек адамдарының күш-жігерін сондай ұрымтал тұстарға жұмылдыра білуінде еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары кадрларды таңдаудағы қоғамда қалыптасқан талап бойынша ұйымдастыру қабілеті бар, қай қызметте болсын өзін жақсы қырынан көрсете білген адал да ары таза адамдарға әрдайым жол ашық болатын. Ерекең Солтүстік Қазақстан облысында істеген қысқа уақытта өзін сондай қырынан көрсете білді. Қарапайым халықтың арасында қызу еңбекте Еркін Әуелбеков қайнап пісті. Болмысындағы алғыр мінез де, жан жақты іскерлік те, өжеттілік пен ерлік те, міне, осы тұста бой көрсетіп, жас Еркіннің азаматтық тұлғасын ерекшелендіре түсті. Бар-жоғы сегіз жылға жетер-жетпес уақытта Ерекең осы облыстағы лауазымды қызметтердің бәрін жемісті атқарып шықты. 1961 жылы ол Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, содан соң облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына жоғарылатылды, көп ұзамай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып бекітілді. Осыншама лауазымды қызметтерді мінсіз атқарып, салауатты да салиқалы қалпынан айнымайтын Ерекеңнің тұлғасынан парасат пайымы және байыпты іскерлігі сезіліп тұратын. Облыс жұртшылығы Еркін Әуелбековті осындай қырынан тани білді. Осындай құрметке ие болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермес бақыт және ол әкесі Нұржанның қанымен, анасы Қалиманың ақ сүтімен дарыған өнегелі тәрбиеден болғаны хақ. Жағымды жаңалық жерде жатпайды дегендей, Еркін Нұржанұлының басшылықтағы табандылығы мен дарындылығы, адамдармен тез тіл табысып, оларды ортақ іске жұмылдыра білуі жөніндегі іскерлігі республика басшылығына да жетеді. Отыз жастан жаңа ғана асқан Еркін Әуелбековті сол жылдары Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы болған М.Бейсебаевтың ұсынысымен ауылшаруашылығы министрінің бірінші орынбасары етіп тағайындайды. Осындай жауапкершілігі зор республикалық көлемдегі қызметті атқаруға Еркін Нұржанұлы тас түйін дайын еді. Әуелбеков бұл жұмысты да үйіріп әкетеді. Тың игеру жылдары, әсіресе солтүстік облыстардағы кадр саясатының өрескел бұрмалануы, басқа ұлт өкілдерінің лауазымды қызметтерге оңды-солды жаппай тағайындалуы кезінде, оның тегеурінді іс-әрекетімен азаматтық жігер таныта білуі екінің бірінің қолынан келе бермейтін батылдық. Өзінің бастығы министр Моторикомен иық қағыстыра жүріп, Ер-аға қиқар мінезді министрді өз дегеніне көндіре білді. Оның бір дәлелі министр еңбек демалысына кеткен кезде, министрдің міндетін атқара жүріп, министрліктегі жетекші екі басқарманың басшылығына қазақ кадрларын тағайындайды. Ерекеңнің билікке осылайша қазақ кадрларын тартып орналастыруы, Жұмабек Тәшенев ағамыздың салып кеткен сүре жолының жалғасы деп бағаласақ болады. Еркін Әуелбековтің министрліктегі кадр саясатына батыл араласуы сөзсіз министр Моторикоға ұнады деп айта алмаймыз. Ерте ме, кеш пе екі басшының болмысындағы көзқарастар теке-тіресетіні анық еді. Е.Әуелбеков болса теориялық үздік білімін санаулы жылдарда озат тәжірибемен ұштастырып, біліктілігін іс жүзінде реформатор екенін дәлелдеп үлгерді. Және қай жерде жүрсе де, қандай басшылық қызметте болса да өмір бойы ұстаз болып қызмет жасаған Нұржан әкесінің өсиет етіп айтып кеткен «Балам, қолыңда билік бола қалса, қарапайым адамдарға қамқоршы бола біл, ұлтыңның намысын ешкімге таптатпайтын бол» деген нақылын ешқашан естен шығармайтын. Сондықтан да болар Ерекең Қазақстанның дамуы мен ұлтының өсіп өркендеуіне үлес қосуды өмірлік мақсат етіп қойса, министр Моторико консерваторлық көзқарастан арыла алмайтын және қазақ мамандарына менсінбей қарайтыны жасырын емес еді. Еркін Нұржанұлы министрлікке келген бетте осыны бірден байқайды. Ал министр Моторико ашық айқасқа баруда Еркін Нұржанұлының білімпаздығы мен қиыннан қиыстырып сөйлейтін шешендігінен сескенетін еді. Сондықтан ол Д.Қонаевпен кездескен сайын Әуелбековке қамқоршы болғансып, оны өсіру керек екендігін жиі-жиі айтып жүретін. Екі басшының арасындағы тартыстың тамыр жайып кетуін қаламаған Димекең болашағынан үлкен үміт күттіретін Е.Әуелбековті Моторикоға жығып бермей, оны Қазақ ССР Астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі етіп жоғарылатып жібереді. Тың игеру жылдары Қазақстанның ауылшаруашылығы мен өнеркәсібі зор қарқынмен дами бастады. Осыған орай Қазақстанға бет бұрып Ресей мен басқа республикалардан ағылған кадрларда есеп болмады. Әсіресе, солтүстік облыстардағы жағдай еш сын көтермейтін қалге жетті. Мұндай келеңсіз көрініс сол жылдардағы республиканың бірінші басшысы Димаш-аға Қонаевтың назарынан тыс қалмады. Көкшетау облыстық партия комитетіне бірінші басшыны тағайындау кезінде, Дінмұхамед Ахметұлы үміткерлерді көп таңдамады. Жас та болса басшылық қызметтің түрлі сатысында ысылып үлгерген Әуелбековке ұсыныс жасады. Ұзақ жылдардан бері Көкшетау облысында бірінші басшының басқа ұлттан болуына байланысты, жергілікті кадрлардың үнемі назардан тыс қалатынын, жас қазақ мамандарын өсіріп, шаруашылықтың түрлі салаларына орналастыру керектігін, оларға қолдан келгенше жағдай жасау қажеттілігін ескертті. Бірінші басшылық қызметте жүріп, Еркін Нұржанұлы облыстың экономикасы мен ауылшаруашылығын республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың қатарына қосты, ұлттық кадрлардың білім алып, қызметтерінің өсуіне үнемі қамқорлық жасап отырды. Диқандар арасынан үздік жетістіктерге жеткен қазақ жігіттеріне Социалистік Еңбек Ері атақтарын алып берді. Көптеген аупарткомның бірінші хатшылығы мен аудандық атқару комитеттері төрағалығына жергілікті кадрлар тартылды. Бұл арада ерекше атап өтетін жағдай, Еркін Нұржанұлы кадрларды іріктеуде тамыр-таныстық немесе жекжаттық емес, адамның қабілеті мен іскерлігіне ерекше назар аударатын. Бұл принциптен Ерекең ешқашан ауытқаған емес. Ер-ағаның осындай адал еңбегін облысқа демалуға ара-тұра келетін Леонид Ильич Брежнев те, республиканы ұзақ жылдар басқарған Димаш-аға Қонаев та байқады, соған орай олар әділ бағасын берді де. Қырық бестен жаңа ғана асқан шағында Еркін Әуелбековке ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осындай жаста мұндай атаққа республикадағы обком хатшыларының бірде бірі жетпеген еді. Ерекеңе Еңбек Ері атағы берілісімен, әсіресе Алматыда оның артынан пыш-пыш сөз айтушылар көбейді. Қазақтың «жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер» дегені шындыққа айналды. Қонаевтың төңірегінде жүргендер жай сөйлеп емес, шайқап сөйлей бастады, «елуге жетпей Еңбек Ері атағын алған Әуелбеков, енді бір-екі жылдан соң екінші жұлдыз алса, өзіңді тағыңнан кетіреді» дегенді Димекеңе жеткізуге асықты, соған бар күштері мен қулық-сұмдықтарын салып бақты. Ақыры сол сөз тасушылар өз ойлағандарына жетті. Әуелбеков алдымен артта қалған Торғай облысын көтеруге жіберілсе, жеті жылдан соң Ер-ағаны «Қызылорда облысының экономикасы мен әлеуметтік саласын көтеру үшін» деген дақпыртпен Сыр өңіріне жібереді. Мұның бәрі Алматыдағы ақ үйде жасалынған сценарий бойынша жүзеге асырылып отырды. Қиындықтан қаймықпайтын Әуелбеков үшін мұндай «тағайындау» оның жігеріне құм құя алмады. Қайта ол екі облыстың да проблемаларын шешудің жолдарын тапты. Ал оның тәжірибесі бүкіл республикаға үлгі бола бастады. Мысал ретінде, Қазақстан Компартиясы ХVI съезінде сөйлеген сөзінде Әуелбеков делегаттар назарын Қызылорда облысының не себепті үнемі артта қалып келгенін, оған республика басшылығы тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбегенін, уақыт талабына сай халқының 90 процентін қазақтар құрайтын аймаққа ерекше назар аудару қажеттігін ашына жеткізді. Сол сыннан соң Алматыдағы сөз тасушылар өзара лауазым үшін таласудан, бірін-бірі көре алмаудан, ру мен жүзге бөлінушіліктен аса алмады. Сол кезден бастап, біреулер Д.Қонаевтың орнын басар бірден-бір адам Әуелбеков десе, басқалары ондай жоспардың алдын алып, Ерекеңді Алматыға жолатпаудың түрлі қитұрқы амалдарын ойластырумен болды. Өкінішке орай, Димаш Ахметұлы да пендешілік танытып, оның қабылетін қоғам мен мемлекеттің мүддесіне пайдаланудың орнына өресі төмен адамдардың жетегінде кетті. Елдің экономикасы мен саяси жүйесін Горбачевше реформалау барысында СССР Халық депутаттар съезіне баламалы кандидаттарды ұсыну басталды. Сол кезде республика басшылығындағы Г.Колбиннің орнына талас басталуына байланысты Е.Әуелбеков Алматыда жасалған сценарий бойынша Қызылорда облысынан СССР Халық депутаты болып, СССР Жоғарғы Кеңесінің аймақтық даму комитеті төрағасының орынбасары қызметіне сайлау арқылы жіберіп тынды. Мен өзім 1989-1991 ж.ж. аралығында қазақ радиосының Мәскеудегі СССР Жоғары Кеңесінде парламент тілшісі болған кезде, комитет отырысында оның мүшелері елдің, халықтың көкейтесті мәселелерін шешумен емес, саяси ойынға беріліп, әркім өз көрпесін өзіне қарай тартумен айналысатынын байқадым. Қарақан бастарының қамдары үшін ғана тірлік жасаудың әрекеттеріне көңілі толмай жүрген Ер-ағаны талай кездестірдім. Бір жолыққанда «мынандай күйімізбен елден айырылып, халықты тентіретіп жіберетін шығармыз» деп ішіндегі күйігін жасырмап еді. Шынында да, көпшілікті ұшқыр ойымен, өткір сөзімен, қонымды ұсыныстарымен өзіне қаратып алатын асыл ағаның осындай күйзеліс жағдайда жүргенін көру бізге әрі өкінішті, әрі ауыр еді. …Бір топ қазақстандық журналистер – Сарбас Ақтаев, Қажы Қорғанов бәріміз алғаш рет СССР Халық депутаттарының I сессиясына барғанда, алғашқы жолыққанымыз Мұхтар Шаханов болатын. Мұқаң өзіне тән бауырмалдылығымен бәрімізді бауырына қысып, амандық саулықтан кейін біреуді іздегендей жан-жағына қарап алды да: «Ал жігіттер, ана жерде оқшаулау жүрген Ер-ағаға сәлем бергендерің жөн болар. Естеріңе салайын, мен халық депутаттарының бірінші съезінде әзер дегенде кезек алып, мінберден 86-шы жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты ащы шындықты жан айқайыммен жеткізгенде, Қазақстанның 99 депутаты маған сырт қарап, амандаспай қойған. Сонда Ер-аға келіп: «Жарайсың Мұхтар, азаматтығыңды таныттың» деп арқамнан қаққаны бар. Өзім жабырқау жүргенде, Ер-ағаның осындай адамгершілігі маған үлкен әсер етті, – деп еді. Мемлекеттік қызметті мінсіз атқара жүріп Әуелбеков өзін ары таза, дарынды басшы ретінде танытқандықтан болу керек, 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісі кезінде республика басшылығына кімдерді тағайындау жөніндегі қазақ жастарының қолда ұстаған плакаттарында Еркін Әуелбековтің есімі бірінші аталған болатын. Г.Колбин Қазақстаннан кетісімен де оның орнына қойылатын кадрлардың ішінде Еркін Нұржанұлының есімі жиі аталатын болды. Оның жолын кесу үшін арнайы тапсырма алғандар, Мәскеу мен Алматы арасын тоздырды. Сол жылдары Қазақ ССР-ның Мәскеудегі тұрақты және өкілетті өкілі болған Серікболсын Әбділдин ағайды жолықтырып, осы мәселеге байланысты жөн сұрағанда былай деген еді: «Бұл адамдардың көбі мемлекеттің жұмысымен жүрген жоқ, бос тұрған лауазым – Қазақстанның бірінші басшысына кімдерді қою немесе қоймау жөнінде арыз тасушылар» деп күле жауап беріп еді. КПСС Орталық Комитетінің адамдары Мәскеуге келіп түскен хаттарды тексеруге мені шақыратын. Басты үміткерлердің ішінде Е.Әуелбеков, З.Қамалиденов, Н.Назарбаев, М.Сағдиев және М.Меңдібаевтар болды. Сол жақта жүріп, мен сол арыз-шағымдардың түгелін оқып шықтым. Кім жазғандарынан да хабарым бар. Мәскеуден егемен еліне келген Ер-ағаны мұнда ешкім күтпеп еді. Сондықтан, біраз уақытқа дейін Ерекең жұмыссыз жүрді. Республикалық газеттерде «есімі бүкіл елге белгілі мемлекет қайраткері Еркін Әуелбеков не себепті жұмыссыз отыр, бұл дегеніңіз тәуелсіздігімізге дақ түсіретін жағдай ғой» деп дабыл қаққан мақалалар шыға бастады. Ақыры, Ер-ағаға Президент кеңесшісі деген қызметі ұсыныла салды. Бірақ ол кісінің кеңесі ешкімге керек болмады. Мен таңертең немесе кешке қарай Ер-ағаны көшеде жиі кездестіруші едім. Сөзге тартып, денсаулығыңыз қалай дегенде «құдайға шүкір» деп, қысқа қайыратын. Шынында да, Ер ағаның сырқаттанып, ауруханаға түсті дегенін естіген емеспін. Арықша сымбатты келген тік бойынан өзін-өзі күтіп ұстайтыны білініп тұратын. Тек қана өткір жанарынан әлде бір сыртқа шықпай жатқан шер жатқандай көрінетін. Еркін ағаның дүниеден озуы да кенеттен және жұмбақ күйінде қалды. Күлше жеңгеміздің аға қазасына байланысты айтқаны: «Ерекең ешқашан ауырып немесе дәрігерлерге барып көрінбеп еді. Қаза болатын күні төртінші басқармаға қарасты емханасының қайта-қайта шақырғанына барып, бір тісін емдетіп, укол салдыртқаны бар» дегені бір жұмбақтың шешілмей қалғанынан сыр шертіп тұрғандай. Менің творчестволық өмірімде кездескен жоғары лауазымды қайраткерлердің ішінде Ер-аға бәрінен де білімі мен біліктілігі, азаматтық келбетінен таймайтын дарындылығымен ерекшеленіп тұратын мемлекет қайраткері болды дер едім. Әуелбековтің өнегелі өмірі мен азаматтық бейнесі оны білетін барша жұрттың есінде мәңгілік сақталады деп ойлаймын. Қайран, Ер-аға, сағындық қой өзіңді… Мейрам Байғазин, Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі qazaquni.kz