Бүгін қазақ детективінің атасы - Кемел Тоқаевтың туған күні

Бүгін детектив жанрында қалам тербеген қазақтың тұңғыш жазушысы Кемел Тоқаев туған күні. Қанды соғысты бастан кешірген ардагер жазушының шығармаларында қазақы рухтың асқақтығы айқын көрініп тұрады.

Белгілі ақын Рафаэль Ниязбектің жазушы Кемел Тоқаев туралы әділ пікірі ойыма оралып отыр.

- Кемел Тоқаев оқиғаларды ойдан шығарып, жасанды тартыс құрып, шығарма жазған емес. Ол көңілін тербеген көркем туындысын мына қылмыс әлемі мен жықпыл қатпары көп жымысқы қоғамның тұңғиық сырына жіті үңіліп, сезіп-түйсінгенін жүрегінен өткізіп барып, өркештеніп отырып жазады, - деп жазып еді.

"Жұлдызды жорық", "Болашақ туралы ойлар", "Түнде атылған оқ", "Арнаулы тапсырма", "Сарғабанда болған оқиға", "Таңбалы алтын", "Солдат алысқа кетті", "Ұясынан безген құс" секілді көптеген кітаптардың авторы атанған жазушы оқырманның жүрегінен өз орнын таба білді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкесі туралы жазған естелігінде «...екі ескерткіш тастың қасында ұзақ үнсіз тұрамын. Себебін білмеймін, зират басында менің ойларым шашырап, бұлдырланып, дерексіздене бастайды. Олардан арылу үшін ұзақ уақыт бойы аспанға қараймын, маған сонау жақта, тым алыста қымбатты ата-анамның да жандары жайлы орын тапқан сияқтанады. Шексіз ғарышта тыным тапқан екеуінің жұмыр жердің бетінде тіршілігін жалғастырып жатқан балалары мен немерелеріне жан жылуын жолдап жатқанына сенгім келеді» деп жақсы сөз жазған-тын.

Ал, мен қазақ барда қазақ әдебиетінің өлмейтінін, қазақ әдебиетіндегі Кемел ағаның орыны алабөтен бола беретінін айтқым келеді.

Үмітхан Мұңалбаева, Қазақ үні