Қазақ ұлттық хореография академиясы – еліміздің жетекші театрлары үшін кадрлар даярлайтын білім ордасы

Ағымдағы жылдың 18 қыркүйегінде Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмуратованың халықпен онлайн есеп беру кездесуі өтті. Баяндаманың көрсетілімі тікелей эфирде ZOOM платформасында, сондай-ақ Академияның YouTube және Facebook әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарында өтті. Ректор сөз басында Қазақ ұлттық хореография академиясы еліміздің жетекші хореографиялық оқу орны болып табылатынын және Академияның  алдында стратегиялық маңызды көп деңгейлі міндет тұрғанын атап өтті: әлемдік білім беру стандарттарына сәйкес келетін білім беру мекемесінің бірегей моделін құру.   - Есепті жылда Қазақ ұлттық хореография академиясы Аккредиттеу мен рейтингтің тәуелсіз агенттігінде маңызды халықаралық институционалдық аккредиттеу процедурасынан өтті. Агенттік Академия қызметін жоғары бағалап, халықаралық білім беру стандарттарына сәйкестігін растады. Сонымен қатар, сарапшылар Академияның зияткерлік, шығармашылық, рухани және инновациялық әлеуетіне жоғары баға беріп, аккредиттеуден кейінгі мониторинг бойынша оң қорытынды жасады.» - деп атап көрсетті Алтынай Асылмуратова. Оқу орнының жұмысына тек сарапшылар ғана емес, білім алушылардың өздері де жоғары баға беретінін атап өткен жөн. Хореография академиясында 538 адам білім алады, оның ішінде АҚШ, Жапония, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан мен Эстония Республикасынан келген 15 шетелдік студент оқиды.  «Қазақстан студенттерінің альянсы» Республикалық студенттер қозғалысының қатысушылар өткізген сауалнаманың қортытындысы бойынша Қазақ ұлттық хореография академиясы Қазақстанның 10 үздік жоғары оқу орындарының қатарына енді. Сапалы білім берудің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі Академияның профессор-оқытушылар құрамы екені сөзсіз. Өткен оқу жылында педагогикалық процесті іске асыруға 117 педагог атсалысты, атап айтқанда  3 ғылым докторы, 5 философия докторы (PhD), 14 ғылым кандидаты, құрметті атақтар мен мемлекеттік наградаларға ие болған 20 қызметкер. Өткен жылдың қазан айында мектеп-колледжде сабақ беретін 11 оқытушы «Үздік педагог - 2019» Республикалық байқауының жеңімпаздары атанды, ал мектеп-колледждің 3 оқытушысы «Үздік ашық сабақ – 2019» Республикалық педагогикалық байқауында жеңіске жетті. Оқу орнының басшылығы, өз кезегінде, қызметкерлерге барынша қолдау көрсетіп, көтермелейді. Пандемия кезеңінде, жұмыс берушілер қызметкерлерді жалақы сақталмайтын демалысқа жаппай жіберіп жатқан кезде, Академияда керісінше, 69 қызметкердің жалақысы 100 % сақталып, жұмыстары уақытша тоқтатылды, ал 29 қызметкерге материалдық көмек көрсетілді. Пандемия дәстүрлі оқыту форматына да үлкен сын әкелді. Өткен оқу жылындағы негізгі түбегейлі өзгеріс шұғыл түрде қашықтықтан оқытуға көшу болды. Қазақ ұлттық хореография академиясының тәрбиеленушілерін онлайн оқытудың әрине, басқа мектептерде өткізілетін сабақтардан айырмашылығы бар, себебі балаларды би мен балетке үйрету ерекшелігі белгілі бір жағдайлардың, балет станоктарымен, арнайы еден жабыны, үлкен айналармен жабдықталған кең залдың болуын, міндетті түрде концертмейстер мен педагогтың қатысуын талап етеді. Хореография техникасы тек балет залында, музыкамен, педагогтың жіті қадағалауымен үйретіледі. Сондықтан балалар кішкентай кезінен бастап классикалық бидің қыр-сырын үйренеді, олардың сүйек бұлшықет-сіңір аппараты қалыптасады.  Алайда, ұжымның тыңғылықты жұмысының арқасында, бұрыннан келе жатқан дәстүрлі оқыту форматы барынша қысқа мерзім ішінде қашықтықтан білім беру технологияларына ауыстырылды. Академияда білім берудің барлық деңгейлерінде онлайн оқыту ұйымдастырылды, Академияның барлық тәрбиеленушілері, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері компьютер жабдығымен қамтамасыз етілді, кітапханалық цифрлық ресурстар жақсартылды, білім алушыларға, ата-аналар мен қызметкерлерге психологиялық және әдістемелік қолдау тұрақты түрде көрсетіледі. - Қашықтықтан оқыту кезеңінде 4500-ден аса сабақ, оның ішінде шамамен 4200-дей сабақ онлайн форматта өткізілді, 2020 жылдың сәуір-мамыр айларының өзінде Академия педагогтарының күшімен әртүрлі платформаларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Біз біргеміз» Республикалық платформасында 85 онлайн дәрістер, дөңгелек үстелдер, байқаулар, викториналар, концерттер өткізілді.- деп атап өтті Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмуратова. Жыл сайын Академия хореографиялық өнер мен мәдениет саласындағы бастауыш (кәсіпалды), техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша толық білім беретін жүйе ретінде нық және қарқынды даму жолын жалғастырады. Академияның оқу процесінің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі – білім алушылардың «Астана Опера», «Астана Балет» театрлары және Абай атындағы Мемлекеттік академиялық Опера және балет театры (Алматы қ.) және тағы басқа еліміздегі жетекші театрларда кәсіптік практикадан өтуі. Өткен оқу жылында Академия тәрбиеленушілерінің қатысуымен 26 концерт, оның ішінде 3 үкіметтік концерт өткізілді. Білім алушылар «Астана Опера» және «Астана Балет» театрларының 33 спектакліне қатысты. Академия репертуарына 10 классикалық қойылым, заманауи хореография бойынша 5 қойылым қабылданып, қойылды. Өткен жыл тамаша шығармашылық жеңістерімен есте қалды - Академия өкілдері 15 жүлде жеңіп алды, атап айтқанда: ірі халықаралық конкурстар мен фестивальдарда төрт Гран-При. Осылайша, ерекше мақтанышпен атап өтетін жеңіс - World Folk Vision-2020 Бүкіләлемдік ұлттық мәдениеттер мен өнер фестиваліндегі жүлделі орын. Халықтық дауыс беру нәтижелері және Халықаралық кәсіби қазылар алқасының шешімі бойынша байқауға әлемнің 115 елінен қатысқан 3950 шығармашылық ұжымдардың ішінен «Аққулар» композициясын орындаған Қазақ ұлттық хореография академиясының тәрбиеленушілеріне беделді 2-ші орын берілді!   Сонымен, Қазақ ұлттық хореография академиясы жоғары білікті балет әртістерін дайындайтын білім ордасы деп аса мақтанышпен айтуға болады. Түлектердің 100% жұмысқа орналасуы осыған дәлел. Қазақ ұлттық хореография академиясының тәрбиеленушілері мен педагогтарының осы және басқа да жетістіктері мен жеңістері ректордың халықпен онлайн есеп беру кездесуі кезінде атап өтілді. Сонымен бірге, Алтынай Асылмуратова білім беру процесін, халықаралық ынтымақтастықты және оқу орны қызметінің басқа да маңызды бағыттарын одан әрі дамыту жоспарларын баяндады.