ҰЛТ ҰСТАЗЫ АТЫНДАҒЫ БАЙҚАУ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ
2020 ж. 18 қыркүйек
1318
0
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған Оқытушылардың А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық онлайн режімдегі байқауы өз мәресіне жетті.
Дәстүрлі байқау биыл несімен ерекшеленді?
Қандай жаңашыл оқыту әдістері көрініс тапты?
Міне, көп көкейіндегі сұрақтың жауабы табылар сәт те келіп жетті.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба байқаудың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік тілді оқыту мәселесіне айрықша көңіл бөлді. «Біздің орталықтар жыл сайын 39 000 мыңнан астам ересек адамдарға қазақ тілін үйретеді. Бұл бір қарағанда аз цифр болмағанымен, қазақ тілін күнделікті тұрмыс құралына айналдырып сөйлеп кеткендер санына шаққанда, көңіл көншітпейді. Неге? Бәлкім, тіл үйрету тәсіліміз уақыт талабына жауап бере алмай жүрген шығар?! Әлде тәжірибе мен әдіс-тәсілдеріміз жеткіліксіз бе? Атқарылып жатқан қыруар шаруаны бекерге шығару мақсат емес, дегенмен, сұрақ көп, жауап аз. Бұған қоғам да белсене атсалысуы керек. Кейде «тілге қажеттілік» деген мәселені жиі айтамыз да, сол қажеттілікті тудырушы өзіміз екенін естен шығарып ала береміз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тіл үйретудегі өшпес мұраларын жалғастыру парызымыз. Сапалы оқыту дегеніміз, сайып келгенде, ұлы ғалым идеялары мен тіл үйретудегі әдіс-тәсілдерін үйлесімді қолдануға әкеп саяды. Бұл шара өңірлерде мемлекеттік тілді оқытумен айналысып жүрген әдіскер мамандар мен оқытушылардың өзара тәжірибе алмасып, әдістемелік біліктіліктерін шыңдап, озық тәжірибені кеңінен таратуды көздейді», – деді ол.
Республикалық байқау төрт кезеңнен тұрды.
Алғашқы кезеңде қатысушылар қазақ тілінің А1 деңгейіне арналған он бес минуттық бейнесабақ үлгісін көрсетіп, А.Байтұрсынұлының әдістемелік идеялары мен инновациялық әдіс-тәсілдерді шебер қолданып шеберлігі бақты. Келесі кезең А.Байтұрсынұлының өмірі, қызметі мен шығармашылығы, әдістемелік ой-пікірлері қамтылған тест тапсырмаларын орындауға арналды. Үшінші кезеңде үміткерлер ғалымның шығармашылығы, тіл үйрету тәсілдері, әдістемелік мақалалары, сондай-ақ тіл үйрету сабақтары барысындағы түрлі педагогикалық-психологиялық жағдаятқа байланысты бейнесұрақтарға жауап берді.
Байқаудың соңғы кезеңі қатысушылардың оқу-әдістемелік құралдары, ғылыми-әдістемелік мақалалары және шығармашылық жетістіктерімен таныстыруға арналды.
Елімізге танымал ғалым, педагог, әдіскерлерден құралған қазылар алқасы тіл үйретуші мамандардың мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны сапалы оқыту мақсатында Алаш арысы идеяларын жүйелі жалғастыра білуін, оның тіл үйретудегі әдіс-тәсілдерін өз жұмысында үйлесімді қолдануын бағалады. Олардың пікірінше, байқауға қатысушылар оқытудың қыр-сырын жақсы меңгеріп, жаңашыл тәсілдерді тиімді пайдаланады.
Шара барысында өңірлерде мемлекеттік тілді оқытумен айналысып жүрген әдіскер мамандар, оқытушылар өзара тәжірибе алмасып, әдістемелік біліктіліктерін шыңдады, озық тәжірибелермен бөлісті.
Еліміздің 11 өңіріндегі Тілдерді оқыту орталықтарының қатысушылары төмендегідей нәтижеге қол жеткізді: қарағандылық Хасенова Жансая қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, Бас жүлдегер атанды. Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Болат Мөлдір қалғандарынан қара үзіп шығып, екінші орынға ие болды. Қызылорда облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы Тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары Махамбетова Айдана мен Сейтім Алина бәйгенің үшінші орнын бөлісті. Жеңімпаздардың бәріне де арнайы дипломдар мен алғысхаттар берілді. Қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.