ҚАЗАҚ ПӘЛСАПАСЫНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ҒЫЛЫМИ ТРИЛОГИЯ

Ұстазымыз Ғарифолла Есімнің есімі де, ғылыми еңбектері де оқырман қауымға кеңінен танымал.

Ғарифолла Есімнің ойшыл азамат екенін кітаптарымен таныс адамдардың бәрі де мойындайды. Ғалымның ойлары өмірге құштар, танымға асық адамдарға өздерінің ой-өрісін кеңейтуге, өмірдегі әдетте көзге түсе бермейтін, ойға іліне бермейтін үлкенді-кішілі жағдаяттардың бәрінен де пікір түюге, тәжірибе жинақтауға, қорытынды жасауға, нәтиже шығаруға бағдар береді.

Ұстазымыз Ғарифолла Есім көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Атап айтсақ, «Фалсафа тарихы», «Қазақ философиясының тарихы», «Адам-зат», «Жар жағасы», «Даналыққа құштарлық», «Даналық дариясы», «Социализм», «Ақ өлең – аққулы мекен», «Жұлдызды Жұмекен», «Сана болмысы» және т.б. кітаптары жарық көрген. Еңбектері халық тілімен, ұлт ұғымымен, ел парасатымен, жұрт танымымен жазылған.

Бүгінгі сөз еткелі отырған шығарма, ұстазымыз Ғарифолла Есімнің 2019 жылы жарық көрген «Ғұлама-Наме» атты еңбегі. Бұл шығарма қазақ ғылымындағы орны ерекше, қазақ пәлсапасындағы тұңғыш ғылыми трилогия болды. Біріншісі – хакім Абайға, екіншісі – данышпан Шәкәрімге, үшіншісі – кемеңгер Мұхтарға арналған. Автордың өзі Абай, Шәкәрім, Мұхтарды қазақтың төл мәдениеті тарихындағы «бір сөйлем секілді» құбылысқа теңеген. Абайды сөйлем бастауышына, Мұхтар мұрасын – баяндауышына, ал Шәкәрімнің «Ар білімін» сөйлемдегі ойдың – анықтауышына балап, үш арысты қазақтың ғұламалық әлемінің біртұтастылығына теңеген. Бұл сөйлемнің астарында Қазақ Елі айтылып тұрғандығы санасының түйсігі барларға түсінікті жәйт екендігі белгілі. Автордың өзі де «Ғұлама – наме» трилогиясының дүниеге келуі – Қазақ елі Тәуелсіздікке жеткенде ғана мүмкін болғандығын айтады.

Хакім Абайға арналған бірінші кітабының алғашқы бөлімін «Абайдың метафизикалық лексикасы» деп атап, онда хакімнің поэзия құдыреті туралы сөз айтады. Осы бөлімде хакім Абайдың негізінен 56 өлеңін талдайды. Хакім Абайдың биігін табуға ұмтылған автор, сол биікке былай баға берген: «Неге қазақ халқы Абай жолымен жүруі керек? Хакім Абай әлемде ешбір ойшыл айта алмаған биік идея ұсынған. Ол: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» – деген тамаша ой. Бұл Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының маңдайшасына ұран етіп жазылатын сөз. Абай адамзаттың бәрін бауырым деп сүймесе, адам баласы адасады, тозады, ақырзаман жақындайды деген».

«Сөз пәлсапасы» атты екінші бөлімінде хакім Абайдың «Қара сөздеріне» герменевтикалық талдаулар жасайды. Әрбір қара сөзді талдамас бұрын, автор олардың «жанрлық» табиғатына өзгеше анықтама беріп, оқырманды дайындап алады: «Абай ойына келген нәрселерін еркін айту үшін жанр ойлап тапқан. Ол – сөз жанры. Ақынның қара сөздері – еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай бір дәстүрге, тәсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған, мазмұн өзіне лайықты форма тапқан. Көптеген философтар ойларын формаға бағындырып немесе жүйе құрып әуре болғанын білеміз. Абай болса ондай істермен айналыспаған, өзінің айтқысы келген ойларын еркін білдірген. Абай ашқан «сөз» жанры, өкінішке орай, қазақ мәдениетінде өріс алмады. Сірә, оған кінәлі, Шәкәрім тілімен айтсақ, «нақтылы ойдың» заманы. Адам өз ойындағысын еркін айтқаны үшін кінәлі болған заманда, әрине, сөз жанрының өрістеуі, Абай дәстүрін жалғастыруы мүмкін емес еді». Міне осындай еркіндіктен ғана еркін ойдың туғанын автор өз талдауларында көрсете білген. Ғарифолла Есім Абайдың хакімдігін танытқан ғалым. Бүгінде өзі де ақсақалдық жасқа жеткенде хакімдіктің хикметті сөздерін жас ұрпақтың түйсігіне түйіндеп жеткізіп келеді.

Трилогияның екінші кітабы данышпан Шәкәрімге арналған. Бірінші бөлімді «Шәкәрімнің өлеңдеріне мәтіндік талдау» деп атап, онда данышпан Шәкәрімнің қырық өлеңіне пәлсапалық тұрғыдан талдау жасаған. Автор ақынның «Мұтылғанның өмірі» толғау-өлеңін алып, оған «Мұтылған» пәлсапасы деп атау береді. Бір шумақ үзінді келтіреді: «Жаралы жаным шықсын деп, Қара жер мені жұтсын деп, Өлген соң елім мұтсын деп, Атымды қойдым: «Мұтылған». Неге Шәкәрім өзінің атының ұмытылғанын қалаған? Осындай күй кешуіне не себеп? Осы сауалдарға жауап іздеген автор данышпан Шәкәрімнің жай-күйін былай түсіндіреді: «Шәкәрімнің елден тыс мекенге кетуі – оның солақай саясаттан қашуы. Мұндай күйді арлылардың кебі кешкен. Саясаттан аулақ болуға тырысқан бабамыз Анахарсис те, кешегі өткен данышпан Ұлықбек те мерт болған. Өкіметтің құрығы ұзын, қаншама саясаттан бойын аулаққа салғанмен, оның құрбаны болудан өзге тағдыр Шәкәрімге бұйырмады. Ойлап отырсақ, сол заманда Шәкәрім сияқтылардың тіптен дін аман қалуына еш жағдай жоқ еді. Есі шыққан елге естияр болатындар жұмған ауыздарын ашпай қалуы мүмкін болмайтын. Айттың болды, пәлеге қалдың. Көзі ашық, көкірегі ояу Шәкәрім далбаса саясаттың ырқымен сөз сөйлеуші ме еді? Ол айтса турасын, дұрысын айтады. Дұрыстық, адамдық деген ұғымдар өңі айналған заманда сенің сөзің кімге дәрі, керісінше, ол қызыл белсенділеріне қадалған шаншу. Өздерінен асқан дана жоқ деп есептейтін мылтық, қылыш асынғандар мұндай ақиқат іздеген ғұламаның көзін жоймай елге өктемдік жасай алмайтынын әбден түсінген. Мұны Шәкәрім де біледі. Оның елден кетіп жырақ өмір сүруі әншейін дәтке қуат амалсыздың күні. Ол өкіметтен ешқандай қашып құтылмасын біледі, сондықтан өзінің атын «мұтылған» қоюы заңды. Бұл өкімет үшін ол ұмытылған жан болмақ. Бірақ ұмытылған нәрсе, адам қайта еске түсіп, ұрпақтарына қайта оралуы да заңдылық. Шәкәрім оны да білген.Халқына адал сырын айтқан, сырласқан, бағыт ұсынған жанның мәңгілік ұмытылуы мүмкін емес. Күндердің күнінде бәрі өзді-өзі орнына келеді. Шәкәрім сол күнді аңсап кеткен».

Екінші тарауын «Шәкәрімнің сауалдары» деп атап, Шәкәрімнің бес сауалына жауап іздейді. Ол қандай сауалдар еді? Бірінші сауал: «Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?», екінші сауал: «Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?», үшінші сауал: «Адамға өлген соң «рахат», «бейнет», «сауап», «азап» бар ма?..», төртінші сауал: «Ең жақсы адам не қылған кісі?», Бесінші сауал: «Заман өткен сайын адамның адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?». Шәкәрімнің бес сауалына жауап іздеп, барлық сауалдар бойынша өз ойын ортаға салған автор, бесінші сауалдың аяғында өз ойын былай түйіндейді: «Шәкәрім ойшыл ретінде бұрынан білетін өмірде, қоғамда әділеттіліктің құбылмалығына іштей наразы болатын. Бірақ оның бәрі әділеттіліктің ішкі мәселесі еді. Ал, енді әділеттілік деген түсінік өз мәнін мүлдем өзгерткен. Әділеттілік деп жүргендері таза зорлық. Осы кезде адам бойындағы мәдени шаралар негізінде сыртқа шығу мүмкіндігі шектеулі. Бұлай бола берсе адамшылықтан не қалмақ? Міне, Шәкәрімді қинаған сауал. Ойшыл алдын болжай білетін ерекше жан. Шәкәрім осы сұрақты 1913 жылы қойып отыр. Елдің көретіні әлі алда, бірақ, ақын соны сезіп отыр. Алдағы тұрған үлкен толқу бары анық, сол кезде адамшылық қандай халге жетпек. Кейінірек, Шәкәрімнің бұл сауалды қайталауына да шамасы келмеді, себебі сөз түсінер құлақ болмады. Қазақтар өңі түгіл түсіне кірмейтін баяғыда Шортанбай айтқан «зар-заманға» тап болды». Ғарифолла Есімнің осы бес сауалға берген жауабының мазмұнынан автордың Абай мен Шәкәрім әлемдерінің ортасында емін еркін аралайтын жағдайға жеткенін байқауға болады.

Шәкәрімнің «Үш анық» трактатына арнаған соңғы бөлімінде автор осы трактатқа: «Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» атты пәлсапалық трактаты отандық гуманитарлық білім жүйесінде ерекше орын алатын шығарма» деп баға берген. Ғарифолла Есім: «Шәкәрімнің үш анығы мұсылмандық жолға бастамақ. Ол адамзатты бауыр ететін ізгілік жолы. Осы жолды қабылдағандар адаса ма, әлде адамзатты тура жолға сала ма? Ол үшін Алла тағала білімін анық деу, жан мәңгілігін мойындау және оның екі дүниедегі азығы Ар білімін үйрену. Бұл әр Зиялының көңіл қалауына ұсынылатын Шәкәрім пайымдауы» – деп, өз пікірін білдіреді.

Автор трилогияның үшінші кітабын – Мұхтар Әуезовке арнаған және кітап атауын «Кемеңгер Мұхтар» деп атаған. Бұл атау біздің ойымызша Ғарифолла Есімнің Мұхтарға дән ризашылығынан, оның кемеңгерлігінің сырын ұққандығынан туындаған деп санаймыз.

Автор коммунистік идеология қыспағынан «Абай жолы» өз мазмұнымен қалай өтіп кеткендігіне таңырқай қарап, Мұхтар Әуезов кезіккен бес қиыншылықты себеп-салдарымен жіктеп береді. Коммунистік режим кезінде дүниге келген Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын тәуелсіз оқырман қалай қабылдауда. Қоғамдық сана жаңғыруының «Абай жолы» секілді керемет шығармаға қандай әсері бар?» – деп, бүгінгі қазақ жастарына «Абай жолы» астарындағы жасырын білімді ашуға көмек ұсынады. Өйткені «Абай жолы» шығармасын түсіну кімге болсын қиыншылықтар тудырады. Сондықтан төрт кітапқа жеке-жеке тоқталып, оның тарауларына түсініктеме беріп, кемеңгер айтпақ болған нысаналы ой, идеяларға арнайы тоқталғанын жеткізеді. Сөйтіп Абай жолының төрт кітабын бүге-шегесіне дейін жіктеп, санаға орын-орынымен орнықтырып береді. Абай жолы қандай жол деген сұраққа «Ғұлама-Намеден» келесідей жауап табамыз. «Абай жолы – қазақ болу жолы!», «Абай жолы – əлемді қазақ болып қабылдау жолы!», «Абай жолы – Қазақ үшін мəңгілік жол!». Осыдан асырып, басқаша қалай айтуға болады? Абайды тану – қазақты тану деген қорытындыға келесің.

Еңбектің құндылығы сонда, ол ғұламалардың сөздеріне тамсану мен мақұлдауға емес, әрбір қағидатты сөзін өзбетінше түсіндіру, дамыту, ой қорытуға құрылған. «Ғұлама-Наме» трилогиясы осындай шығармашылық ұстанымнан туындаған дүние екендігіне оны оқыған əр оқырманның көз жеткізетіні күмəнсіз.

Ұстазымыз, академик Ғарифолла Есімнің «Ғұлама-Наме» атты ғылыми трилогиясы Мемлекеттік сыйлыққа толық лайықты шығарма деп бағалаймыз.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Философия кафедрасының PhD-докторанттары