Сарыарқа суреттері
2020 ж. 13 қыркүйек
4149
0
Қазақ елінің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Прагматизм» деп аталатын бөлігінде: «Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деді.
Оқырман назарына ұсынылып отырған мақала осынау ойдың қисынды жалғасындай.
Аңшы, бүркітші Тілеуғабыл Есенбекұлы, қарап отырса, өмір бойы аң қуған екен. Көбінесе Жезқазғанда қызметте жүрген шақтарында жиірек шығыпты. Ол төңіректе бармаған жер, баспаған тауы аз. Жанында үш-төрт жолдасы жүреді. Топтасқан бойда Бетбақтың жондарын кезіп, қияндағы Созаққа да жортты. Жезқазған жерімен жапсарлас Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай облыстарының шекарасына дейін шығандаған.
Үш күн, төрт күн бойы қаңғитын кездер де кездеседі. Қалшылдап, гүрсілдеп келеді ақыры. Әйткенмен, олжасыз оралмайды. Жосыла жортқан киік көп болады; солардың соңынан ілби салған түлкі мен қасқыр да жиі ұшырасады. Соның артынан ақырын жымып басып, бұлар да ілесіп отырады.
Ол енді бір керемет нәрсе. Аңшылықтың романтикасы ғажайып дүние. Естен кетпес қызықты сәттер жеткілікті екен.
Бірақ «Зулайды күндер, алмасып, біріне-бірі жалғасып» дегендейін, сол шуақты кезең де біртіндеп көзден бұл-бұл ұшады екен.
Өз-өзінен кәрілік, қарттық туралы ойлады. Мәңгілік ештеңенің жоқ екені еске түсті. Иә, расында, «Жас көңілде жарық бар, кәріде кемдік анық бар» деп Шәкәрім қажы айтқандайын, жасамыс шақтың мұңы басым. «Кәрілік – құтылмайтын бір қазған ор» деген де осы кісі. Онысы рас, аузына тиген сүйекті майша қылғытатын анау арландардың да қырық екі тісі түгел түсіп, төрт азудан түк қалмайтын сәт те туады...
Сондықтан о сорлыларды абадан қасқыр әуектен (үйірден) қуып та жіберетін жағдайлар кездеседі. Шонданайы майырылып жалғыз қаңғып, итшілемеске амалы қала ма. Кейде өз үйірлестері-ақ талап жеп қояды. Қайсыбір тектілері өзінің осындай пұшайман хәл, күйкі тірлігіне күйініп құсадан да өледі...
Бір күні қызық болды. Желтоқсан айының орта тұсында бір қар жауған сәтті пайдаланып екі жолдасын ертіп шығып кеткен. Төңіректі төрт күндей шарлап, түнгі сағат үштер шамасында қаладан жетпіс шақырымдай жердегі Бозайғыр адырларына жетті. Әлден мезгілде айдың жарығымен қалың баялыш түбінен қыбырлап кетіп бара жатқан борсықты көзі шалған. Іштей «Құдай-ау, мына мезгілде бұ қайдан жүр?!» деп таңырқап, шопырға:
– Алдын орашы ананың! – деді дауыстап.
Мәшине шоқ сораңды айнала беріп, гүрс-гүрс етіп барып, тоқтай қалды. Дөңгелегі әлдебір жыраға соғылған секілді. Мылтығын ала салып, дереу секіріп түскен Тілеуғабыл борсықтың ізімен біраз жер жүгірді. Аңы көрінбей кетіп еді.
Біз уақытта қырдың етегінде жан-жағын ақырын шолып сәл бүкшиіңкіреп тұрғанында сырттан киліккен бірдеме екі аяғының арасына қыстырылды. Сөйтсе, бұл әлгі борсықтың дәл інінің аузына тұра қалыпты. Келген сол борсықтың өзі екен. Бейшараның кәрі екенін аңдады. Хайуан:
– Өй, былай тұршы-ей! Жаным қысылып зорға келе жатқанда сен де тұрмайтын жерге тұрып алып! – дегендей қатты жұлқынып, қыспақтан ызалана сілкініп шығып, апанына кірді де кетті.
Қызық... Кәрілік деген не деген жаман, дегенмен...
Тимеді байғұсқа.
***
Тасбазға келіп орналасқан бойда көп шапқылады. Шаруа шаш-етектен. Мал шаруашылығының жайы өз алдына, Тілеуғабылдың басты арманы – осы бір шағын қыстақты дәстүрлі мәдени орталыққа, былайша айтқанда, этнографиялық-туризм бағытында да жұмыс істейтін ерекше қожалықа айналдыру-тын. Осы бағытта күйттейтін тіршілік көп. Кейде атпен жүреді, кейде дыз еткізіп от алдырып, «Құдай бере салған» қоңыр «Жигулимен» тау бөктерлеп, дала кезіп бара жатады.
Солайша, жусанды-тырсалы жатаған жалдар мен аңызақ жел өтінде кеберсіңкіреп, құлазыңқырап жатқан бетегелі, қызылселеулі қырқалар қойнауын ақырындап абаттандыруға кіріскен. Ең алдымен ток беретін жел қондырғыларын орнатты. Ірі плотина салды. Мұны біртіндеп үлкен көлге айналдыруды көздейді. Көл болған жерде береке бар. Құс ұшып-қонады. Балық өседі дегендей...
Іс басталғаннан-ақ бір-екі жыл айналасында ғана талай шет ел саяхатшылары келіп үлгеріпті. Тіпті, Жапония, Англия, Словакия, Латвияның елшілері болып қайтты. Бұлар, әрине, мұнда шәй ішейін деп келмейді, жергілікті халықтың тұрмыс-салтымен жақынырақ танысуға құмартады. Қазақтар қалай отырады, не ішеді, не жейді немесе атқа қалай мінеді, құсты қалай салады деп керемет қызығушылық танытады. Сондықтан, елді жерге қаратпай, мейлінше биік деңгейде көрінуге ұмтыласың...
Қазан айының бас кезі еді. Таңертеңгісін әлгі ескі «шохамен» Қотыр Қызылтауды айналып Қазығұрт жоталарына өткен кезеңде қарсы алдынан таудай боп теңселіп, мүйізі қарағайдай бір буырыл бұланның шыға келгені.
Бұл көрініске аса таңырқай қойған жоқ. Бұрын да талай кездестірген суреті. Осынау қоңырайған құба жондардың қойнауы ежелден, Ақсу-Аюлы, Бұғылы-Тағылы деген атына сай, әр түрлі аң-құсқа толы келеді.
Аңға тақалып барып, мәшиненің сигналын басады. Бірақ, бәтшағар, қанша бепілдетсең де үркетін түрі жоқ. Өңкиіп, жылжуға асықпайды. Алып мақұлық. Тұрқының биіктігі бір сажындай. Салмағы да, алты жүз келіден кем түспейтіні анық. Мұның қасында атан түйеңіз жеті жасар баладай көрінуі мүмкін...
Әйтеуір, әлден мезгілде аса жақтырмай, алая қарап, айналаны күңірентіп, ышқына, қинала мөңіреп біраз тұрды да, еріншектей басып, жолды босатты-ау.
Араға бір сағаттай уақыт салып қайта оралған сәтінде әлгі жануар үйдей болып, алдыдан тағы шықсын...
Сол кезде ғана мойын бұрып, жолаушы жақтағы орындығына сүйеулі тұрған бесатарына көз салған. Әйтпесе осыны ату туралы ниеті жоқ-ты. «Мынаның өзі кес-кестей берді-ау алдымды! Бұйырғалы тұрған олжа емес пе!» деген ой жылт етті.
Мылтығын жұлып алып, жерге түсіп, бұланға жақындай бергенінде әлгі «еріншек» жануардың дереу бұрыла салып, тапыраңдап қарсы жүгіріп, бұған қарай бас салғаны! Қауіпті жануар екенін жақсы біледі. Аяқпен тарпыса аюдың өзін жайпап жіберетін алапат күш иесі...
Жанұшырып, далақтай қашты. Аяғынан түсіп қалған бір сыңар галөшіне қарауға да мұршасы келмеді. (Ауыл арасында жүргенінде қусырып сырып тіккен, жұқа байпақтың сыртынан іле салуға ыңғайлы нәрсесі еді). Сөйтіп, көлігінің сыртын айнала берді де, бұланды желке тұстан ала көздемей атты. Аң белі шойырылғандай қираң етті де, бір жамбастай шоңқиып барып, гүрс етіп құлады. Қатты ауырсынғаны ыңыранған дыбысы мен ақиған көзінен-ақ аңғарылып еді. Одан, қызық болғанда, жедел атып тұрып, емпелеңдеп жортқан күйі дөң асып, лезде ғайып болды. Жараланғаны анық-ты. Жонынан қан саулап бара жатты...
Үйге келген соң жағдайды малшы жігіттердің біріне айтып еді, ол да ойбай деп лып етіп, атына міне салып, тау жаққа жөнеген.
Барса, бұлан байғұс, бұлақ басына жете, қансырап жығылған секілді. Қорғасын оқ мойын омыртқасын уатып жіберіпті.
Мал сойып үйренген адам шыдата ма, қолма-қол бауыздап, терісін сыпырып, сүйегін жіліктеп, боршалап та тастапты.
Он-он бес жасар еркек бұланның еті сәл қаттылау келе ме деп еді; жоқ, жұп-жұмсақ екен. Және мұны жеңсікас дейсіз бе, әлде таңсықас па, таптырмайтын дәм екені түсінікті. Ішек-қарын, өкпе-бауырына дейін керемет дәрумен. Білетіндер бұланның тілі мен езуінің өзінен дәмді мәзір әзірлейді. Әйтеуір, қыруар ет қой. Нағыз «қуырдақтың көкесі» деген осы еді.
Сол күні Хорватияда тұратын Бриджит ханым хабарласқан. Ақын әйел. Кезінде Қазақ-француз альянсының директоры болған адам. Қазақстан бойынша Әлемдік Банкінің басшысы қызметін атқарған күйеуі екеуі осы Тасбазға талай келіп апталап жатып, Тілеуғабылмен бірге құс салудың қызықтарын тамашалаған-ды. Қыстақпен іргелес жатқан Қазығұрт, Қаракемер, Қотыр Қызылтау, Сақалбайдың қыры, Қызылқия, Қатымет, Қоянды Қойтас адыр-белестерінің түкпір-түкпірін түгел аралап, суретке түсірген. Ел мен жер тарихына қатысты көптеген деректерге қаныққан. Енді соның бәрін пайдаланып, француз тілінде осы өлкенің қайталанбайтын табиғатына, қазақтың таңғажайып құсбегілік өнеріне, өмір салты-тұрмыс мәдениетіне арнап керемет фотальбом шығарыпты. «Сол альбомды әкеле жатырмыз; амандық болса ертең Қарағанды вокзалынан түсеміз. Мүмкіндік болса, күтіп аларсыз» дейді. «Әрине, күтеміз! – деп қуанып тұрды. Одан соң: – е-е, бұланның еті осыларға бұйырған екен-ау, Құдай пейіліне береді деген рас!» деп таңырқағаны да есінде.
Тілеуғабыл, кейін білсе, таң азанда бел асып бара жатып ұшырасқан бұлан таң бозына қарай төңіректегі жылқышылардың қуғынынан зорға құтылып, әбден болдырып, зорға келе жатқан беті екен. Білетін біреулер табыннан шашау шыққан аң көрсе, ит қосып қуып, шаршатып жығып, шетінен сойып жеп дәндепті.
Ешкімге зияны жоқ бұлан жарықтық Қаракемер сайларының ішкерігірінде қазір де бар. Жан баласының көзіне түспеуге тырысып, тіршіліктерін жалғастырып жатады.
***
Тау арасында құбарлан ертіп, білегіне құс қондырып, бүлкілдей салып бара жатқан салт аттының суреті биік шыңдар төбесінен алақандағыдай айқын көрінеді. Осы кескін бетегесін жел тербеген салқар даланың бояу-бедерін әрлеп, сән-салтанатты асыра түсетіндей. Сонадайдан баурап, тосын түрмен көңіл тебірентетіндей. Себебі, анау ғасырлар қойнауында ұмыт қалған қастерлі салт-сананың ата дәстүрімен жаңаша жасанып, қайта тірілуі, расында да, ғажап емес пе...
Бір күні кезекті саятқа шығып бара жатқанында, Бетқайың тоғайының тұсынан өте беріп... бүйірден келіп ұрған жойқын соққыдан жалтарып үлгерді. Найзағайдың жылдамдығындай зу еткен қияпат күшті жалт бұрылып, өткізіп жібермегенінде, көлік-мөлігімен бірге тырапай асары сөзсіз-тін. Кертөбел аттың сергектігі де бір ғанибет, қисая беріп, тізгінді сол қолымен жұлқа тартқанынша, өзі-ақ оқыс бұлтарды. Соның өзінде, топырақты бұрқ еткізіп шойнаң етіп, жығыла жаздап барып зорға оңалған.
Сөйтсе, бір көк қаршыға тұтқиылдан тиіп, балдақтағы бүркітті қос аяқтап тепкен екен. Әжептәуір ірі. Ызақорлығы сонша, бір мезет нысанадан ауытқып, тепе-теңдік сақтай алмағандықтан, өзі де құлап кетердей құлдилай беріп, дереу қайта көтерілді де, шабуылды және жалғастырды. Екпіні жан шыдатар емес. Тілеуғабылдың желе жортып, төңіректен тезірек қашып құтылудан өзге лажы қалмаған-ды. Айсарының да томағамен отырып, бұл әрекетті аңдамай қалғаны жөн болды ма деп ойлаған. Әйтпесе, қарсыласына қарсы шүйлігіп, түте-түте қылар ма еді...
Қатты тіксінгенмен, ұзай бере қаршығаның бөгде құстан өз жерін, өз аумағын қызғанғанын пайымдады. «Алла-ай, құс екеш құс та туған мекеніне бөтен біреулердің кіруін қаламайды екен-ау!» таңырқаған.
Арада оншақты күн өткенде малшы жігіттер дәл сол қаршығаны көтеріп келді. Шалажансар. Төбесінен қан ағып тұр. Тоғай маңайында тура сонау жағдай қайталаныпты. Көк қаршыға бұ сапар өңіріне кіріп кеткен қос ителгімен айқасады. Алайда жеңіліс тапқан. Екеудің аты – екеу, бірі алдарқатып төмен қашқан сәтте, екіншісі төбеден келіп ұрған екен. Бас сүйегін жарып жіберіпті.
Өлді байғұс... Салмағы бір жарым келідей. Ұрғашы қаршыға.
Құстың нақты неден өлгенін білу үшін бір күндей мұздатқышқа салып қатырып қойып, ертеңіне қалаға, арнайы лабораторияға апарды. Маманның да айтқаны қысқа болды: бастан соққы тиген...
Қаршығаны тастаған жоқ. Әдемілеп тұлыбын жасатып қойды. Қазір құс Алматы – Астана күре жолының бойындағы Ақсу-Аюлы мекенінен Қарағандыға асатын айрықтағы «Бүркітші» деп аталатын кафеде ілулі тұр. Келген ел көреді. Біреулері бұл неғылған құс деп сұрап жатады, біреу сұрамайды...
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Қарағанды облысы.
qazaquni.kz