Берік Уәли: Журналистік зерттеу кенжелеп қалды
2020 ж. 10 қыркүйек
1874
1
Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы, белгілі журналист Берік Уәли осылай дейді.
Жанболат Аупбаев ағамыздың “Ана тілі” газетіне шыққан “Солженицынның Мойынқұмдағы күндері” атты мақаласын оқығаннан кейін осындай ойға келдім. Журналист әріптестерім бірден ерін бауырына алып туламай-ақ қойсын, бірақ, қазіргі журналистика дайын ақпаратты көшіріп алып, соны таратушыға ғана айналып бара жатқаны жасырын емес. Осындай "copy-paste журналистика" дәуірлеп тұрған кезеңде Жанболат ағамыз секілді жанкешті қаламгерлердің жазғанын оқып, жаның жадырайды. Шын журналистің еңбегіне сүйсінесің. Ардагер қаламгер өзінің жасы егде тартқанына қарамастан, ұзақ сапар жасап, Солженицынның айдауда болған кезін зерттеп, куәгерлермен бетпе-бет жолығып, сөйлесіп, толыққанды да тұщымды дүние жаспаты - деп деп жазды Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол кез-келген қазақ баласы Солженицынның атын естісе адырая қарайтыны түсінікті. Біз де сол қатарданбыз. Бірақ бұл жерде мәселе Солженицын туралы емес, айтқымыз келгені журналистік зерттеу деген жауынгер жанрдың ақсап жатқаны жайында дейді.
Біздің замандастарымыз алдыңғы толқын ағалардың осындай өнегелі жолынан тағылым алғаны жөн. Мақаланы редакцияның терезесіне қарап отырып жазатын әріптестеріміз Жәкеңнің жазуы мен зерттеуінен тәлім алуы қажет. Мақаланы оқып, ағамызға хабарласып, ризашылығымызды айттық. Десе де, әлеуметтік желіге де жазғанды жөн санадым. Журналист бауырларымызға ой салар деп. Мерзімді басылымдарды мүмкіндігімізше оқып, бақылап отырамыз. Сонда осындай дәйекті де дәлелді журналистік зерттеулердің керегі үнемі аңғарылып тұрады. Жанболат ағамыз соңғы кездері “Ана тілінде” үнемі осындай оқылымды дүниелерін жариялап жүр. Оқыған сайын көңіліміз толып, марқайып қаламыз. Жазар көбейсін, жақсы аға! Әр мақалаңызды асыға күтіп, тұщынып оқимыз! - дейді ол.