Дұрыс діни бағыт: экстремизм мен терроризмге тосқауыл
2020 ж. 22 қазан
1092
0
Егемендік жариялап, дербес тіршілік ете бастағалы жаһанданудың ықпалымен еліміз аумағында әсіредіншіл секталар мен діни ағымдар пайда болды. Олардың арасында Кеңестік кезеңдегі атеистік тәрбиеден діннен ажырап қалған азаматтарымызды, жастарды түрлі аярлықпен дәстүрлі діннен адастырып, теріс бағыттағы экстремистік, лаңкестік ұйымдарға тартумен айналысушылар да бар. Дәстүрлі діндегі мешіт қызметкерлері экстремизм мен терроршылыққа қарсы жамағатпен жұмыс жасауда.
Біз, миллиондық қала – Шымкентте осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласының бас имамы Абдрахманов Бақдәулет Нұрматұлымен сұқбаттасып отырмыз.
– Биылғы жыл, пандемияның кесірінен күрделі жыл болып тұр, дегенмен, барлық сала сияқты діни салада да жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бергі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– 2020 жылға арнаған жоспарымызға сай жаңа жылдан бастап жұмысымызды атқара бастадық. Бірақ, Сovid-2019 жұқпалы індеті мешіт жұмыстарына да айтарлықтай әсерін тигізді. Елімізде карантин жарияланғалы бері мешіттерімізде күнделікті бес уақыт намазға азан айтуға рұқсат берілгенімен жамағаттың мешітке келіп, бес уақыт намаз бен жұма намаз оқуына рұқсат етілмеді.
Карантин кезінде мешіттің басқару жүйесі тек онлайн түрінде жүргізіліп, жамағатқа діни ақпарат пен насихат жұмыстары да онлайн, ютуб каналы арқылы күнделікті беріліп келеді. Күн сайын сағат 14.00-де онлайн түрінде тікелей эфирде хатым құран оқылады. Мұнымен қатар, уағыз, насихат жұмыстары да осы форматта өткізілуде.
Осындай өтпелі кезеңде қала тұрғындары мен жамағаттың көкейде жүрген сұрақтарына дұрыс әрі нақты жауап беру үшін Шымкент орталық мешітінен «Колл центр» орталығы ашылды. Онда білікті һәм тәжірибелі 15 имам бекітіліп, күн сайын таңғы 09.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс жасап отыр. Айына тұрғындардан 3 мыңға дейін қоңырау түсіп жатады. Бұл орталық осындай сәтте жамағат өзге теріс пиғылды секталар мен ағымдардың жетегінде кетіп қалмауы үшін дер кезінде қолға алынған іс болды.
– Жамағатпен байланыста, тұрақты қарым-қатынаста болып, мына қиын кезеңде жандарынан табылып демеп, дәстүрлі дінге деген ынтасын арттыра түсу үшін қандай шаруалар атқардыңыздар?
– «Мешіттердің есігі уақытша жабылғанымен сауапты амалдың есігі ашық тұрады» демекші, карантин талабын сақтай отырып жамағатпен мешіттерде қайырымдылық бағыттағы жұмыстар тоқтаған емес. Мақтаарал ауданы мен Төлеби ауданындағы су тасқынынан зарбап шеккен тұрғындарға көмектесуде Шымкент қаласының төрт ауданы қалыс қалмай бірнеше рет үлкен жүк көліктерімен азық-түлік, киім-кешек т.б. қажетті заттар жеткізілді.
Сондай-ақ, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанының 30 жылдық мерейтойы аясында еліміз бойынша түрлі деңгейдегі іс-шалар өткізіліп жатыр. Соның ішінде көпір салу, құдық қазу сынды елге пайдалы жұмыстар да бар. Шымкент қаласында 2 көпір салынып және 4 құдық қазылып ел игілігіне пайдалануға берілді. Мұнымен қатар, Шымкент қаласының Сәуле мөлтек ауданында тұратын жалғызбасты науқас ана Ұлжан Аяпбергеноваға баспана салып бердік.
Менің бастамаммен қаладағы барлық мешіттерде COVID-19 жұқпалы індетінен тез құтылып, ауырғандар сауығып кету үшін арнайы салауат, истиғфар айтып дұға етіліп, мұқтаждарға қайырымдылық жасау жалғасуда. Осы айдың өзінде ғана 95 мұқтаж отбасына ет және азық-түлік себеті таратылып, ауырып жатқандарға дәрі-дәрмегіне қаржылай көмек берілді. Айта берсек, мешіттеріміздің халықпен байланысын нығайта түсуге бағытталған жұмыстар көп. Ондағы мақсатымыз – жамағатты дәстүрлі дінге ұйытып, түрлі теріс бағыттарға ілесіп кетуден сақтандыру.
– Теріс бағыттағы – деструктивті діни ағымдар қарапайым азаматтарды адастырып, азғырып, ақырында әсіредіншілге айналғандар экстремистік, лаңкестік әрекеттерге барады. Бұл мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуіне кедергі, тіпті қауіп төндіреді...
– Оныңыз рас. Президентіміздің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын Жолдауының атауы айтып тұрғандай мемлекетіміздің баяндылығы жолында, қарыштап дамуы үшін елде тұрақтылық пен түсіністік болуы қажет. Біз өз саламыз – діни сенім-нанымға байланысты мәселелерде елде тыныштық пен түсіністік болуын қамтамасыз етуге үлес қосудамыз. Теріс бағыттағы адасушыларды дәстүрлі дінге қайтару, дұрыс жолға салу арқылы елдегі экстремистік, терроршылдық әрекеттердің жолын кесуге тырысамыз.
Шымкент қаласы орталық мешіті жанындағы жергілікті ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде түріл кереғар ағымдармен жұмыс нәтижесі бойынша 69 жат ағам мүшесі болып жүрген бауырларымыз ата дініне оралып, дәстүрлі дінге бейімделді. Оның ішінде 50 адам жеке кездесіп әңгімелесу арқылы, 19 адам абақтыда жазасын өтеушілермен жеке кездесу кезінде райынан қайтарылды. Олармен тұрақты байланыс орнатып, түсіндіру, бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар карантин талаптарына сәйкес бүгінде онлайн түрінде жүргізіліп жатыр. Оған тиісті органдар мен қала әкімдігі тарапынан үлкен қолдаулар көрсетіліп келеді. Жат ағым мүшелерімен кездесу жұмыстарына арнайы білікті һәм тәжірибелі имамдарымыз жұмылдырылған.
Мұнымен қатар, жат ағым мүшелерінің жетегінде еріп кетпеуі үшін 10 мыңға жуық азаматтарымызға діни сауат ашу курстары жұмыс жасады. 15 мыңға жуық кітаптар мен кітапшалар тегін үлестірілді. Жеке және жалпы кездесу жұмыстарына 100 мыңдаған адам қамтылды. Мұның барлығы еліміздің болашағы мен тыныштығы жолындағы жұмыстарымыздың бір парасы деуге болады.
Тағы бір жаңалығымыз Шымкент орталық мешіті жанынан «Оңалту» орталығы ашылды. Мұның негізгі мақсаты да түрлі кереғар ағым жетегінде адасып жүрген азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бүгінгі таңда карантин талаптарына сәйкес ол азаматтармен онлайн түрінде жұмыстар қолға алынды.
Өзіңізге белгілі, өткен жылы «Жусан» операциясы арқылы елімізге Сирия елінен босқын болып жүрген қандастарымыз жеткізілді. Бүгінде солардың біразы Шымкент қаласында тұрады. Олармен де тығыс байланыс жасап, мешіт имамдарымен қатар Шымкент орталық мешіті жанында құрылған «Әйел-қыздар секторы» бөлімінің дінтанушы ұстаздарымыз байланыс түзіп, асыл дініміздің, салт-дәстүрлеріміздің озық тұстарын жан-жақты түсіндіруде. Олардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайларын ескеріп, мешіт тарапынан тұрақты қайырымдылық негізде көмектер берілуде. Кеше ғана өткен Құрбан айт мерекесінде шалынған құрбандық еттері сондай елге оралған 25-тен астап отбасыға да жеткізілді. Осы бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Биылғы жыл басынан бері Шымкент орталық мешіті жанынан «Имамдардың білімін жетілдіру орталығы» ашылды. Онда қаламыздағы 106 мешіттің 152 діни қызметкері қысқа мерзімді курстан өткізілді. Курс барысында ақида (сенім), фиһқ (шариғат негіздері) және Құран Кәрім негіздері пәндерінен дәріс оқылды. Сайып келгенде жат ағым мүшелерімен бетпе-бет сөйлесу үшін діни қызметкерлердің де діни білімі жан-жақты болғаны абзал. Бүгінде карантин талабына сәйкес, имамдарымызға байланысты барлық жұмыстар онлайн түрінде жүргізілуде. Имамдарымыз карантин кезінде әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін мейілінше тиімді пайдалануда.
– Діни сауаттылық демекші, діннен хабары аз жастарымыз көбіне теріс ағымға алданып қалып жатады. Мешіт соның алдын алу үшін жастармен жұмыс істей ме?
– Өте орынды сұрақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан «Жастар секторы» бөлімі ашылды. Бұл бөлімнің негізгі мақсаты –жастар тәрбиесіне мән беру, осы бағытта кешенді жұмыстар атқару. Осы бөлімнің қаламыздағы бөлімшесінде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, жастарды еңбекке баулу, түрлі кереғар әрекеттер мен секталардан сақтандыру, білім алу, ата-ананы құрметтеу, отбасы мәселелері т.б. күнделікті өмірдегі қажетті нәрселерге байланысты жастармен тұрақты жұмыс жүргізілуде. Карантин талаптарына сәйкес, жастармен онлайн түрінде уағыз-насихат жұмыстары жүргізілуде. Онлайн уағыздарға түрлі тақырыптар арқау етіліп, апта бойы үздіксіз жалғасып келеді.
Жастарымызды теріс бағыттағы діни секталардан қорғауды жас кезінен бастаған дұрыс. Мектеп қабырғасынан бастап дәстүрлі дін туралы түсінігі қалыптаса бергені жөн. Сол үшін де біз мектеп, балалар үйі, колледждермен тығыз байланыс орнатқанбыз. Жыл сайынғы дәстүр бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, жағдайы жоқ мектеп оқушыларына 564 дана планшет табыс етілді.
Таяуда ғана жеті жүз мың теңгелік Қайырымдылық керуені «Машат» жазғы лагерінде демалыста жүрген 4 Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жеткізілді.
Бұл жерде біз біріншіден мұқтаж отбасыларға көмектесу арқылы олардың балаларының басқалармен теңесуіне үлес қоссақ, екіншіден, балалардың діннің шапағатын сезінуіне қол жеткіземіз. Осылайша азаматтарымыздың да, олардың балаларының да дәстүрлі дінді ұстанып, теріс ағымдардан аулақ болуына ықпал етеміз. Ол үшін қайырымдылықпен ғана шектелмей жастардың діни сауаттылығын ашу, ұлттық салт-дәстүр мен ислам дінінің байланысы туралы, басқа да діни ақпараттар мен түсіндіру-насихат жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырыла береді.
Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Алла Тағала мына індеттен тез арада құтылып, амандықта жүздесуді нәсіп етсін. Әмин!
– Әңгімеңізге рахмет!
Аманғали ӘБУОВ,
Шымкент қаласы.