Атына сай ел үмітін ақтаған Үмітхан
2020 ж. 27 тамыз
1744
0
Қазір әлемді интернет билеген заман. Одан үйіңнен шықпай-ақ бәрін таба аласың. Сондықтан Астанада тұрса да, орталық кітапхананың қайда екенін білмейтін зиялыларымыз көп болатын. Ал қалай Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы болып Үмітхан Мұңалбаева келді, солай бұл мекеме мәдени-әдеби және ғылыми ордаға айналып шыға келді.
Содан бері Ұлттық кітапхананың тамырына қан жүгіріп, бұл жер тек мүлгіген кітапхана емес, Рухани жаңғыру ұясына айналып келеді. Күніне кемінде бір тағлымы мол тартымды шығармашылық жиын өтіп жатады.
Үмітхан Дәуренбекқызының қай кезде демалатынын ешкім білмейді. Үнемі қайнаған жұмыс үстінде жүреді. Бүгін Астанада Ұлттық академиялық кітапхананың «Латын графикасы» залын ашып жатса, ертеңіне Парижде француздарды өткен ғасырдағы қазақтың латын әліпбиімен таныстырып, ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақ жазушылары кітаптарының көрмесін өткізіп жатады. Одан кейін Токиода Қазақстанның мәдениеті мен әдебиеті орталығының тұсаукесерін өткізіп, жапондармен жақын ағайындарындай араласып жүргенін көріп қаласың. Иә, бұл жәй көтермелеу үшін айтылып жатқан сөз емес. Қазір әлемнің 32 еліндегі кітапханаларда Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталықтары бар.
Қайнаған қызу тірлік, әлем мәдениетімен тығыз байланыстан бір ғана мысал келтіре кетейік. Өткен жылы Астанаға сонау Лондоннан келген Британ жазушысы, белгілі журналист, Оксфорд университетінің профессоры Ник Филдинг алдымен Ұлттық академиялық кітапханаға ат басын бұрды. Шетел жазушысымен өткен кездесуді Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаеваның өзі жүргізіп, жазушының Қазақстан туралы жазылған еңбектерін оқырман қауымға таныстырды.
Ұлттық академиялық кітапханада осыдан екі-үш жыл бұрын Үмітхан Дәуренбекқызының сұрауымен мен де көрнекті жазушы, кинодраматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубайдың 70 жылдық мерейтойына арналған «Тұғыры биік тұлға» деген шығармашылық кешін жүргіздім. Шара аясында Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің тікелей қолдауымен қаламгердің түрік тілінде басылған «Ақ боз үй» романы мен әйгілі жазушы Әбіш Кекілбайдың «Аңыздың ақыры» романының ағылшынша аударылған кітабының тұсаукесері болды.
2018 жылы күзде Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің халықаралық форумы Сеулде, Лондонда, Берлинде және Нью-Йоркте өтті. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің әлемге танылуында зор маңызы бар бұл жоба халықаралық шараларды ұтымды ұйымдастырушы Үмітхан Мұңалбаеваның іскер басшылығының арқасында нәтижелі болып, рухани көкжиегімізді кеңейте білді.
Мысалы, мен өзім қатысқан Американың Нью-Йорк қаласында өткен Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің форумы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында сәтті ұйымдастырылған, елдің атын танытқан еларалық ерекше шара ретінде есте қалды. Мен өзім де қаламгерлермен бірге Рухани жаңғыру мен қазақ-американ әдебиеті қатынастарына байланысты баяндама жасадым.
Америкадағы бұл форумның негізгі бастауы сонау өткен ғасырда 1961 жылы заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің Нью-Йорк қаласына келген заманында жатқаны анық. Әрине, ол кезде америкалықтармен әдеби-мәдени байланыстың ауқымы мұндай көлемді болған жоқ.
Енді міне, ұлы жазушылар Мұқтар Әуезов пен Джек Лондоннан басталған әдеби-мәдени байланыс 47 жылдан соң қайта жаңғыра бастады деуге болады. Мұндай рухани байланыстан соң рухы күшті шығармалар, «Ақ азудай» азулы, «Көксеректей» көркем дүниелер көбейе береді деп сенеміз.
Қысқаша айтқанда, бұл форумның маңызы – Ұлы Даланың бүгінгі бейнесіндегі Қазақ елінің әдебиеті көркем, мәдениеті мәйекті екенін Америкадай алып елге танытуға Тәуелсіз елімізде тұңғыш рет ресми қадам жасалды.
Үмітхан Дәуренбекқызы Ұлттық кітапхана қорын құнды дүниелермен еселей көбейтіп келеді. 2018 жылы Арменияда сақтаулы тұрған қазақ тарихынан сыр шертетін көне қыпшақ тіліндегі қолжазбалардың көшірмелерін алып келуге қол жеткізді.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы, педагогоика ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Үмітхан Мұңалбаева еліміздегі кітапхана ісін бүгінгі заман талабына сай дамытуға зор еңбек сіңіріп келеді. Оның Қазақстандағы кітапхана ісіндегі кітапханалық педагогика саласының дамуына себін тигізетін бірден-бір оқу құралы болып саналатын «Кітапханалық педагогика» кітабының тұсаукесері Бішгектегі ТМД мүше-мемлекеттердің шығармашылық жəне ғылыми зиялы қауымының ХІ форумында кесілді. Ал еліміз ЭКСПО өткізген 2017 жылы әлем кітапханалары басшыларының басын Астанада қосып, халықаралық келелі кеңес өткізгенін білеміз.Бұл Үмітхан Дәуренбекқызының әлемдік кітапханашылар арасындағы жоғары беделін көрсетсе керек.
Өткенде Ұлттық кітапханаға барып қалып едік, Үмітхан апайымыз кітапхананы аралатып көрсеткенде киелі кітап әлеміне кіріп кетіп, тылсым дүниеден тыңайып, рухани байып шықтық. Алды әлемге әйгілі қаламгерлер кабинеттерінен қанаттанып, Ұлттық дәстүрлермен жабдықталған залдан Ұлы Даланың ұлағатын сезінесің. Адам қолымен жасалып, соңғы ғылыми технологиялық жетістіктермен көмкерілген Руханият ордасы рухыңды биіктетіп жібереді.
Ұлттық кітапхана әлемді жайлаған індет кезінде де қасиетті міндетін орындап келеді. Ел түгел үйқамақта отырғанда осы кітапхана тынбай жұмыс істеп жатты. Төрт қабырғаға қамалған жұртты төрткүл әлеммен байланыстырып, көкжиегін кеңейтіп тұрған Ұлттық кітапхананың белгілі ұлт зиялылармен жасаған тағылымды да, тартымды бейне конференциялары мен тәлімді дәрістері болды.
Тегінде кез келген адам перзентіне тегін ат қоймайды. Өйткені, сәбиге азан шақырып, ат қойып жатқанда Алланың мейірі түсіп тұрады дейді. Үмітхан ханымның да атын ата-анасы тегін қоймаған екен, бүгінде әке-шеше үмітін ғана емес, Елдің Үмітін ақтап отырған ерге лайық қайраткер!
Қазақ әдебиеті мен мәдениеті жауһарларын жаһанға танытып жүрген Үмітхан Дәуренбекқызына үнемі Ақ жол тілеймін!
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні"