«Жаңа əліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережесі» ұлттық негізде болуы тиіс
2020 ж. 27 тамыз
5263
0
Бүгінгі таңда қазақ тілінің шынайы болмысын нақтылау, қазақ тіліндегі жүйеге сәйкес дұрыс жазу мәселесі көпшілік тарапынан қызу талқыға түсуде. Әсіресе латын әліпбиіне негізделген жаңа жазуға көшу барысында бұл мәселе ерекше жанданып, жаңа сапаға көтерілді. Бұл орайда президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тілге реформа жасау қажеттігі туралы ойы да тіл жанашырларының, лингвист ғалымдар мен журналистердің бұл мәселеге қатысты өз ойын айтуларына түрткі болды.
Шағын мақаламызда сөз еткелі отырған мәселеге қатысты ой-тұжырымдарымызды латын әліпбиіне негізделген жаңа жазудағы емле ережесін талқылауға арналған Алматы, Қапшағай, Меркі, Нұр-Сұлтанда өткен жиылыстарда да айтқан болатынбыз. Алайда осы уақытқа дейін «Тіл – қазына» орталығының хатшысы қызметін атқарып келген, бүгінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры қызметін атқарып отырған, филология ғылымының кандидаты Анар Фазылжанованың басшылығымен құрылған орфографиялық топ мүшелері көптеген ұсынысымызды қабылдағанмен, бірқатар ұсыныстарымызды шетқақпай етіп келді. Уәжін айтып, дәлел келтіріп отырсақ та, топ мүшелері емле ережелерінің ұстанымдарын, жекелеген сөздердің орфографиясын дауысқа салып шешіп отырды. Тіл – жекелеген адамдардың меншігіндегі дүние емес. Сол себепті «Жаңа əліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» – латын графикасындағы қазақ əліпбиі бойынша дұрыс жазу ды көрсететін құқықтық күші бар құжат. Сонымен қатар латыннегізді жаңа əліпби бойынша қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын, дұрыс жазу мəдениетін қалыптастыратын басты нормативті қағидалар болып саналатындықтан», тілдегі жүйе, ішкі заңдылықтар бұзылып жатқан тұста өз пікірімізді қоғамдық талқыға салуды жөн көрдік.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек: «Бірінші кезекте, түрік лингвистикасының (фонетикасының) негізгі ұстанымдары «европаөзімшіл» (европацентризм) ықпалынан тазартылуы тиіс. Өйткені осы күнге дейін, өкінішке орай, әсіресе бұрынғы кеңес (Совет одағы) қарамағында болған түрік мемлекеттері жазу мәселесінде орыс тілінің әліпбиі мен еміле-ережерінің ықпалынан шыға алмай отыр. Түрік тілдерінің әліпбиін үйлестіруге кедергі болып отырған да осындай қайшылықтар», – деп жазғанындай (Ортақ түрік латын әліпбиі жайлы //Тілтаным. – 2020. - №2. – 3-12-б.), «Жаңа əліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерінің» (бұдан әрі Ереже) негізгі ұстанымы үшін фонематикалық принцип басшылыққа алынған. Бұл принцип А.Байтұрсынұлы принциптерінің қатарында жоқ әрі профессор Ә.Жүнісбек еңбектерінде бұл принциптің қазақ тіліне жат екені дәлелденген болатын. Ендеше, бұл принциптің ережеге негізгі ұстаным ретінде алынып, фонетикалық принциптің «қазақ əдеби тілінің лексикалық құрамындағы көне жəне кірме тілдік қабаттардың кейбір (қандай?) түрлерінің емлесіне қатысты, морфологиялық принциптің төл сөздердің күрделі түрлері үшін ғана
қолданылуының өзі қате. «Ереже түзуде ұлттық тілдің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сəйкес болуы, ...халық тілінің дыбыстық қор əлеуетінің кеңірек қамтылуы, жаһандану үрдісінде жазу-сызудың ұлттық сипатының сақталуы ерекше назарға алынды», – делінгенмен, негізгі ұстанымның қазақ тіліне жат болуы ереженің деңгейін танытса керек.
Профессор Ә.Жүнісбек өз зерттеулерінде: «Түрік дыбыстарын өзара үйлестіре талдауға негіз болатын теориялық ұстаным керек. Ондай ұстаным түрік тілдерінің іргелі (фундаментал) заңдылығы сингармонизм (үндесім) болып табылады. Үндесім теориясының нәтижесінде айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) өзара үйлесімін табады. Біздің ойымызша түрік тілдері үшін «бір дыбыс – бір әріп» болып белгіленген әліпби дұрыс әліпби. Сонда «Бір дыбыс – бір әріп» ұстанымына орай әрбір әріптің бір ғана оқылым (айтылым) үлгісі болады... Қазақ тілінің төл дыбыс құрамын анықтап, жүйесін сипаттап алып барып латын әліпбиін құрастыруға көшу керек. Жүйелі әліпби сонда ғана шығады», – деп, қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс, 17(19) дауыссыз дыбыс, бар болғаны – 26 (28) төл дыбыс бар екенін сан мәрте дәлелдеген еді. Алайда ережеде ı, ý əріптері дауыссыз дыбыстарды да (aı, úı, oıshyl, ıaǵ nı, qoıan, saıa, ıod, faıl, aıkıdo, mezozoı, ýaǵyz, ýaqyt, aý, sáý kele, demeý shi, qaý yn, aıý an, keıý ana), уı (ый), іı (ій); uý ( ұу), úý ( үу) дыбыс тіркестерін де білдіретіні көрсетілген: §7. уı (ый), іı (ій) дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында ı əрпімен жазылады: ıgilik, ıman; kıim, tıyn, sıa, sıaqty; bı, tarıhı; ınstıtýt, kıno, granıt... §8. uý ( ұу), úý ( үу) дыбыс тіркестері cөздің барлық буынында ý ə рпімен жазылады: ýy ldyryq, ýy z, ýi ldeý; týys, qýyrshaq, gýil, tintýir; oqý, sý, jazý, kelý, barý (Жаңа əліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері //Егемен Қазақстан. - №11 (29490). - 2019, 18 қаңтар).
Ережені құрастырушылардың «бір дыбыс – бір әріп» ұстанымын сақтамауының сыры түсініксіз. Әріп – дыбыстың таңбасы. Ахмет Байтұрсынұлының «Дыбыс таңбасын харіф деп атаймыз. Сондықтан жазған сөз ішінде пәлен харіф бар дейміз, айтқан сөз ішінде пәлен дыбыс бар дейміз. Дыбыс һәм харіф екеуі – екі басқа нәрсе. Біріне бірін қатыстырып шатастырмасқа тиіс. Дыбыс – естілетін, көрінбейтін нәрсе, харіф – көрінетін, естілмейтін нәрсе... Дыбыстар дауысты, дауыссыз һәм жарты дауысты болады. Соған қарай харіфтер де дауысты, дауыссыз һәм жарты дауысты болып бөлінеді» деген анықтамасы й мен у-ға келгенде не себепті сақталмайтыны түсініксіз.
Дыбыс тіркестерін жеке әріппен белгілеу оқыту барысында көп қиындық келтіреді. «Әліппеден» бастап оқушыларға дыбыстардың дауысты, дауыссыз болатыны айтылып, ажырата білу мақсатымен дауыстылар мен дауыссыздарды әртүрлі бояумен (дауыстыларды қызылмен, дауыссыздарды көкпен) белгілейді. У мен й-ді қалай белгілеуі керек? Дыбыс тіркесін бір әріппен беру оқулық авторлары үшін де, оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де көп қиындық тудырып келеді. Ау, ауа дегенде дауыссыз ретінде белгілегенмен, асу, алу, ару, салу, шашу, шула, сула, т.с.с. сөздерде мұғалім у дыбысын қалай түсіндіруі керек, оқушылар оны қандай бояумен белгілеулері керек?
Ережеде: «§6. ı, ý əріптері дауыссыз дыбыс ретінде таңбаланады», – делінгендіктен, дауыссыз дыбыс ретінде көкпен бояған жағдайда келтірілген мысалдардың бәрінде ол дауысты дыбыс ретінде берілген (асу, алу, ару, салу, шашу, шула, сула, т.с.с.). Бұл – профессор Ә.Жүнісбек айтқандай, «жазу мәселесінде орыс тілінің әліпбиі мен еміле-ережерінің ықпалынан шыға алмай отырғанымыздың» көрінісі.
Бұл мәселе ХХ ғасырдың басында да көп талас тудырған. 1924 жылы Орынборда өткен білімпаздар сійезінде Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров сынды ғалымдар қазақша дыбыстарды дыбыс жүйесінше жіктегенде «у» мен «й» дауысты дыбыстарға жатпай, дауыссыз «р» мен «л»-ға қосылып кететінін, қазақша «тау», «мүйіз» сықылды сөздер бірсыпыра түрік халықтарында «тағ», «мүгіз» түрінде айтылатынын негізге ала отырып, «у» мен «й» дауыссыз екенін дәлелдегенмен, сійезге қатысушылар арасында бірауыздылық болмағандықтан, бес кісіден (Байтұрсынұлы Ақымет, Шонанұлы Телжан, Омарұлы Елдес, Мырзаұлы Мұқтар, Досмағамбетұлы Қалел) құралған комиссия жасақталып, бұл мәселе арнайы талқыланады. А.Байтұрсынұлы аяғы «ұу», «ыу», «ый» болып тынатын сөздерге түрлі қосымшалар жалғап, оны дауысты дыбыстардың жұрнақ-жалғауымен салыстырғанда да, қай жағынан тексергенде де «у» мен «й» дыбыстарын дауысты деуге болмайтынын, екеуінің де дауыссыз екенін дәлелдейді. Ғалым «Қазақ тілінде дауысты ұзын «у» мен «и»-дің жоқ екенін мойындаған соң «ыу», «ұу»-лардың орнына жалғыз «у» жазамыз» деудің түк қыйсыны жоқ. Мұнан бұлай «у» мен «й»-дің жазылуын дыбыс жүйесіне келтіріп, дұрысынша жазуымыз керек. Онан қашып, тілдің заңына келмейтін шатақ ереже шығарудың жөні жоқ, ондай ереже жазуды ауырлатпаса, жеңілдетпейді» деген тұжырым жасайды. 1929 жылғы 27 наурызында «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Емле туралы» атты мақаласында да й, у дауыссыздарын дыбыс жүйесінше жазу керектігін ескертеді. Ендеше, бұл мәселеде Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымдарын басшылыққа алуымыз керек.
Дыбыс тіркестерін бір әріппен белгілеу морфема жігін ажыратуда да, сөздерді тасымалдау барысында да елеулі қиындық тудырып отыр. Ережеде: «ıy, ıi əріп тіркестеріне аяқталған етістікке көсемшенің ı (-й) жұрнағы жалғанғанда, екі ı əрпі қатар жазылады: baıy – baııdy, keıi – keııdi», – делінген. Бұл орайда ҚР ҰҒА академигі Рәбиға Сыздық 2018 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бірнеше санында жариялаған «Латын жазуы: емле ережелерін түзуде ескеретін жайттар» атты мақаласында (Қазақ әдебиеті. – 2018. - 14-20 қыргүйек (№ 36). – 12-б.; 28 қыргүйек-4 қазан (№38). - 19-б.; 5-11 қазан (№ 39). – 19-б.): «Йы, йі дыбыстарына біткен етістіктерге көсемшенің -ый/-ій жұрнағы жалғанғанда ый, ій әріптерінің орнына жалғыз й әрпі жазылады. Мысалы: байы + й – байый (Біздің ауыл жылдан жылға байый бермек), байыймын, байыйсың, байыйды (және осылардың көпше түрлері), байыйтын; кейі+й – кейій (Сен оған кейій берме), кейіймін, кейійсің, кейійді, кейійтін; ұйы + й(ды) – ұйыйды (Сүт тез ұйыйды), ійі + й(ді) – ійійді (Бұл сиыр тез ійійді)», – деп жазған болатын. Алайда ғалымның бұл тұжырымдары ескерілмей келеді. 2013 жылы жарық көрген «Орфографиялық сөздікте» де
осы үрдіс сақталған. Сөздік құрастырушылар етістіктің түбірі ы, і дыбыстарына біткенмен (аршы, баулы, қобалжы, қалғы, қалқы, апшы, жылжы, дандайсы, орғы, оқы, мүлгі, лоқсы, ләйлі, даңғойсы, данышпансы, данагөйсі, бықсы, быршы, дамы, шапшы, ұйы, қышы, құры, бекі, қоқы, қоқырсы,т.т.) түбірдің соңындағы сөзжасамдық қосымшаны (есімнен етістік тудыратын жұрнақ) түсіріп тастап, көсемшенің дауыссыз й жұрнағынан жасалатын дауысты и-ді қоя салған. Бұл – тілдің заңына қайшы. Себебі: біріншіден, қазақ тілінде дауысты и жоқ. Екіншіден, ы, і дыбыстарын (сөзжасамдық қосымшаларды) алып тастаған соң ол етістік болудан да қалады. Етістіктен басқа сөз таптары көсемше қосымшасын қабылдай алмайды. Үшіншіден, қазақ тілінің жүйесі бойынша, дауыссыз дыбыстан кейін көсемше қосымшасы сөздің соңы жуан дауысты дыбыспен келген буын болса – а, жіңішке дыбыспен келген буын болса – е түрінде жалғануы керек. Басқаша жалғана алмайды. Көсемшенің бұл вариантының (-а/-е/-й) басқа түрі жоқ. Дауысты и-мен келетін көсемше қосымшасы жоқ. Сондықтан оқушыларға бұл жердегі морфемалар жігін түсіндіріп беру де мүмкін емес. Себебі тіл заңы бойынша, дауыстыдан кейін дауыссыз келген жағдайда дауысты жоғалып, дауыссыз дыбыс дауыстыға айналып кетпейді.
Етістіктің түбірі ы, і дыбыстарына біткен сөздерге -ып/-іп, -ыс/-іс, -ыт/-іт, т.с.с. қосымшалар жалғанғанда екі дауысты қатар келгендіктен, қосымшадағы ы, і дыбыстары түсіп қалғанмен, түбірдің соңындағы ы, і дыбыстары сақталады: оқып, оқыт, оқыс, іріп, іріт, сезіп, шіріп, шіріт, т.с.с. Ендеше, у, й дауыссыздарынан бұрын неге сөз соңындағы ы, і дыбыстары түсіп қалуы керек?
Бүгінде ауытқи, ауытқу, оқи, оқу, іри, іру, суи, суу, мойи, мойу, шіри, шіру, таси, тасу, жаси, жасу, қаси, қасу, тори, тору, құри, құру, т.с.с. түрінде жазылып жүрген етістіктердің болымсыз түрі ауытқымай, ауытқымау, оқымай, оқымау, ірімей, ірімеу, суымай, суымау, мойымай, мойымау, шірімей, шірімеу, тасымай, тасымау, жасымай, жасымау, қасымай, қасымау, торымай, торымау, құрымай, құрымау, т.с.с. болып таңбаланады. Яғни сөздің соңындағы ы, і дыбыстары сақталып жазылады. Ендеше, туынды сөз жасап (етістік тудырып тұрған) қосымшаны болымсыз тұлғада толық жазып, болымды тұлғада түсіріп тастау қаншалық қисынды болады?
«у» мен «й»-дің жазылуын реттеуде Ахмет Байтұрсынұлы: «Естілсе «ы» жазылады, естілмесе жазылмайды. Даулы болса, өлең арқылы ашылады», – деп тұжырымдайды. Бұл қағидатты қазіргі кезде де ұстануға болады. Ал орфографиялық топ мүшелерінің «Жазылмағанда айтуға зиянын тигізбейтін тұстарда түсіріп жазуға болады» деген ұстанымы логикаға сыймайды. Себебі тілімізде мұндай сөз өте көп: мылтық, қысық, келтірінді, кісілік, ізгілік, қырын, қысым, мігір, тігін, тізгін, қыдыр, қырық, қыңыр, т.с.с.
Ережеде түбір сөздер емлесіне қатысты: «§11. Төл сөздер бірыңғай жуан не жіңішке үндесіммен жазылады: azamat, yntymaq, bosaǵa, turmys; ásem, memleket, izet, úmit, sóılem. Ал кейбір кірме сөздерде тіл үндестігі сақталмай жазылады: quzіret, qudіret, muǵalim, qyzmet, qoshemet, aqіret, qasıet,
qadir, kitap, taýqіmet, qazіret», – делінген. Бұл орайда қандай сөздерде үндестік сақталмайтыны нақтылануы керек еді. Оның үстіне құзырет, құдырет, ақырет, тауқымет түрінде жазылуы тиіс сөздерде не себепті і әрпінің орнына ы жазылғаны түсініксіз. Мұндай бейүндес сөздерде ең болмағанда үндесімді бұзып тұрған буынға дейінгі аралықта сингармонизм сақталуы керек, ол буынға жетпестен алдын ала бұзудың қажеті жоқ.
Мұндай олқылық ереже құрастыруға қатысқан зерттеушілер түзген «Орфографиялық сөздікте» де көрініс тапқан. Сөздік құрастырушылар қазақ тіліндегі ең басты ерекшелікке – дыбыстардың тіркесіміне, сингармонизмге мән бермеген. Сол себепті бейүндес сөздерді жазуда олқылықтар орын алған. Мәселен, дыбыстардың тіркесім заңы бойынша, қ, ғ мен і, ә, ө, е, ү дыбыстары немесе к, г мен ы, а, о, ұ қатар келе алмайды. Шеттен енген сөздерді қазақ тіліне бейімдеуде дыбыстардың тіркесімін ескеру қажет. Алайда орфографиялық сөздікте қағілез; қағілездену, қағілезденбеу, қағілезденген; қағілездеу; қағілездік, қағілездігі; құдірет; құдіретті; құзырет; құзыретті; құзыреттілік, құзыреттілігі; тілдік құзыреттілік; қатігез; қатігездену, қатігезденбеу, қатігезденген; қатігездік; жадыгөй; жадыгөйлену, жадыгөйленбеу, жадыгөйленген; жадыгөйлік, жадыгөйлігі; жадыгөйсу, жадыгөйсі, жадыгөйсиді; т.с.с. сөздерде сингармонизм, дыбыс үндестігі, дыбыстар тіркесімі ескерілмей, жуан буыннан кейін жіңішке буын, ғ, қ дыбыстары жіңішке дыбыстармен қатар келген. Дыбыстардың тіркесіміне мән бермеудің салдарынан буындары да, дыбыс саны да бірдей құдірет; құзырет сөздерінің таңбалануы екі түрлі болып шыққан. Бұл сөздер әу баста бір түбірден шыққан. Алайда қазір қазақ тілінде екеуі екі түрлі мәнде қолданылып жүр. Екі сөздің айырмашылығы д, з дыбыстарына байланысты. Қалған дыбыстары бірдей. Сол себепті екеуі бір заңдылыққа негізделуі керек. Екі сөздің бастапқы буындары жуан болғандықтан (құ), одан кейінгі буын да жуан (зы, ды) болуға тиіс. Соңғы буын (рет) қана жіңішке болады. Сол сияқты қағілез, қатігез, ақырет сөздерінің алғашқы буыны (қа, а) жуан болғандықтан, одан кейінгі буын да жуан болуға тиіс (ғы, қы, қа). Үшінші буын ғана үндесімге бағынбай тұрады. Сонда бұл сөздердің дұрысы құдырет; құзырет; қағылез; қатыгез; ақырет түрінде жазылуы керек.
Ережеде қосымшалар түбірдің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың үндесіміне қарай не жуан, не жіңішке жалғанатыны (§13) айтылғанмен, 16-параграфта: «§16. Соңғы буынында á əрпі жазылатын түбір сөздерге ашық дауыстылармен келетін қосымшалар ғана жуан жалғанады: kúnásinа, kúnásinаn, kýásinа, kýásinаn, kúnáǵa, kúnádan, kinálaý, shúbálaný, kýáǵa, kýádan, kúmánǵa, kúmándaný», – делінген. Яғни бір тараудағы екі параграф бір-біріне қайшы. Күнәсі, куәсі, т.с.с. сөздерде сөздің соңы жіңішке болғанмен, қосымша жуан түрінде жалғанған (күнәсіна, күнәсінан, куәсіна, куәсінан). Бұл қазақ тіл білімінде орфография мәселесімен көп жыл айналысқан ғалым, академик Рәбиға Сыздықтың ұстанымдарына да қайшы. Ғалым 2018 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған мақаласында: «Ә әрпінің түбір сөздің екінші буынында жазылатын сәттері де бар. Бұлар –
жалпы ережеден ауытқитын, сондықтан ескертуде көрсетілетін сөздер. Мысалы, ә әрпі сірә, куә, куәлік, күнә, күмән, іңкәр сияқты санаулы сөздердің екінші буынында жазылады. Ә әрпіне аяқталған немесе сонғы буынында ә әрпі жазылған сөздерге қосымшалар жуан жалғанады: кінә+лау (кінәлеу емес), күнә+сыз (күнәсіз емес), күнә+ға (күнәге емес), күмән+дану (күмәндену емес), Күлән+ға (Күләнге емес)», – деп жазды. (Латын жазуы бойынша емле ережелерін түзуде ескерілетін тұстар жайында // Қазақ әдебиеті. - 2018. - 14-20 қыргүйек (№ 36). – 12-б.; 28 қыргүйек-4 қазан (№38). - 19-б.; 5-11 қазан (№39). – 19-б.). «Қазақ тілінің анықтағышында» да ғалым осы ұстанымды сақтаған. Ереже құрастырушылар орфографиялық сөзідкті де құрастырғандықтан, қосымшалар сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың әуеніне қарай буын үндестігі бойынша жуан не жіңішке түрде жалғана бермеген. Соған байланысты сөздің соңы жіңішке (і) дыбысы болғанмен, одан кейінгі қосымша жуан дауыстылармен келген: күмәніна, күмәнінан, кінәсіна, кінәсінан, шүбәсіна, шүбәсінан, іңкәріна, іңкәрінан, т.с.с. 1988 жылғы сөздікте, «Қазақ тілінің анықтағышында» дімкәс; дімкәстану, дімкәстанбау, дімкәстанған; дімкәстік, дімкәстігі түрінде берілген сөздер 2013 жылғы сөздікте дімкас; дімкастай; дімкастану, дімкастанбау, дімкастанған; дімкастау; дімкастық, дімкастығы түрінде таңбаланған.
Ережеде нақтылауды қажет ететін тұстар көп. Мысалы: §76. Шеттілдік бірқатар (қандай?) сөздер түпнұсқасына ұқсас жазылады, оларға қосымша буын үндестігіне сəйкес жалғанады: moderator (-dyń, -y, -ǵ a, -lar), marker (-diń, -i, -ge, -ler), stepler (-diń, -i, -ge, -ler), vaýcher (-diń, -i, -ge, -ler), sýpervaızer (-diń, -i, -ge, -ler), banknot (-tyń, -y, -qa, -tar), bankomat (-tyń, -y, -qa, -tar), planshet (-tiń, -i, -ke, -ter), onlaın (-nyń, -y, -ǵ a, -dar), ofl aın (-nyń, -y, -ǵa, -dar), dızaın (-nyń, -y, -ǵ a, -dar), barmen (-niń, -i, -ge, -der), resepshn (-niń, -i, -ge, -der), skrınshot (-tyń, -y, -qa, -tar), blokbaster (-diń, -i, -ge, -ler).
§77. Бірқатар (қандай?) кірме сөздер айтылуы бойынша жазылады: taýar, nómir, poshta, kástóm, pálte, poıyz, sıez, slesir, vedimis, vedimistik, ketchúp», т.с.с.
Бүгінгі таңда термин сөздерді таңбалау мәселесі өзекті болып, түрлі пікірталас тудырып отыр. Бұл мәселе ХХ ғасырдың басында да өзекті болған еді. М.Қайыпназарұлы сияқты қайраткерлердің «Жат сөздерді өзге жұрт тілдерінде айтылуынша ешбір бұзбастан, айнытпастан алу керек. Кәзір Қырым, Әзербайжан сықылды өзге ұлт респөбликелері де солай алып жүр. Біз неге сүйтпейміз?» – деген тұжырымына қарсы шыққан Х.Досмұхамедұлы: «Жат сөздерді қолданғанда, тілімізге ылайықтап алу керек. «Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ», – деп айтса да болады… Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді», – десе, А.Байтұрсынұлы «Сәбитке жауап» деген мақаласында: «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар», – деген еді.
1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде термин (пән сөзі) мәселесі туралы баяндама жасаған Елдес Омарұлы: «Қазақ
тіліне жат сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды; жат дыбысқа жалпы бұқараның тілі келмейді де ішінде жат дыбыс бар жат сөз жалпыға жат болып қала береді; сөйте келе қазақша әдебиет тілі бұқараның тілінен мүлде басқаланып, қат танитұн бұқара біздің жазған сөзімізге түсінбейтін болады. Ол болмай, ойда жоқ бір керемет себептер болып, бұқара оқығандардан қалыспай, жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатұн болып кетсе, қазақтың тілі бұзылады. Мұның қайсысы болғанда да жақсы болмайды», – деді. Сол сияқты «Шет сөздердің імләсі жайында» атты мақаласында Телжан Шонанов: «Жат сөздер халық айтуына жеңіл, құлағына жағымды, түсінігіне үйлесімді, қат тануына оңтайлы болуы үшін жат тіл імләсін тіліміздің заңына үйлестіруіміз керек. Осы күні бір жат сөз әр түрлі құбылып жазылады. Мысалы: камисериет, камисерет, камөнес т.т. Мұнан қалың бұқараның қат тануына, шет сөздерді түсінуіне зиян көп, тіліміз заңына келмеген соң қалық тілі күрмеліп айта алмайды, сондықтан шет сөздер белгілі ережемен жазылсын... Шет сөзді дыбыс негізіне тіліміздің заңына сүйеніп жазу үшін тілімізге қалық арқылы кірген араб, парсы жана ескіден кірген орыс сөздері дерек болсын. Бұл күнгі газет-жорналдар қалықтың шет тілге тілі қалай келуімен санаспаған. Сондықтан бұлар өзгертіп алған сөздер імлә жасауға дерек бола алмайды. Тілдің неге келмеуі әр тілде әр түрлі дыбыс жолы (артикуляционная база) болуынан. Қалық өзінің дыбыс жолына үйлестіріп, тілін келтіріп шет сөз алады. Тілі келмейтін газеттегі шет сөзден халыққа зияннан басқа пайда жоқ: қат танып, тілін ұстартуға бөгет», – деп жазған еді.
Бүгінгі таңда ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектерін, тілтанымдық мұрасын «тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани код» ретінде әрдайым назарда ұстауымыз керек. Әсіресе шеттен енген термин сөздерді қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеуде А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы сынды терминолог ғалымдардың ұстанымдарын басшылыққа алу қажет. Бұл бағыттағы зерттеушілерді, терминдерді осы бағытта икемдеу керек» дейтін зерттеушілерді Анар Фазылжанова «радикалдар» деп атайды. Дұрысында, шеттілдік термин сөздерді қазақ тіліне бейімдеген кезде А.Байтұрсынұлы бастаған зиялылардың еңбектерінің негізінде қазақ тіліндегі нормаларды нақтылап алып, сол принциптерге бағындыруымыз қажет.
А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, Е.Омаров еңбектерінде қазақ тілінде б, г, ғ, д дыбыстарына буын аяқталмайтыны айтылады. А.Байтұрсынұлы д, ғ, г дыбыстарын сөз соңында келмеуіне және жалғау-жұрнақтардың ешбір түрімен де үйлесе алмауына байланысты ымырасыз деп атап, өз алдына бір топ қылып жіктеген. Қазақ тілінде сөз б, г, ғ, д дыбыстарына бітпейтіндіктен, шеттен енген, осы дыбыстарға біткен сөздерді қазақ тілінің заңдылығына бағындыру керек. Ол туралы Қазақ білімпаздарының І съезінде Елдес Омаров та айтқан болатын (Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезі. – Алматы, 2005. – 144 б.). Қазақ тілінің жиілік сөздігіне сүйенер болсақ, шет тілден енген мұндай сөздер өте көп:
· аб дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (араб, архесиллаб, мазһаб, масштаб, штаб, хиджаб);
· об дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (гардероб, гидрофоб, микроб);
· уб дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (автоклуб, аэроклуб, бизнес-клуб, интернет-клуб, клуб, куб, мотоклуб, спорт-клуб, фитнесклуб);
· аг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (аншлаг, архипелаг, бактериофаг, детритофаг, рейхстаг, рычаг);
· орг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (комсорг);
· ург дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (драматург, жазушы-драматург, кардиохирург, кинодраматург, металлург, нейрохирург, хирург);
· фаг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (ксилофаг, макрофаг, олигофаг, сапрофаг, саркофаг, энтомофаг);
· яг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (варяг);
· ог дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (ағартушы-педагог, акушер-гинеколог, аналог, антрополог, археолог, астролог, бактериолог, барлаушы-геолог, биолог, бульдог, геолог, герцог, гидролог, гинеколог, гляциолог, косметолог, маркетолог, метеоролог, минеролог, мифолог т.с.с.);
· ад дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (бал-маскарад, жад, жиһад, лимонад, мармелад, рафинад, шоколад т.с.с.);
· айд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (слайд);
· ард дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (авангард, гепард, электркард);
· ед дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (швед);
· ейд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (рейд);
· еид дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (нуклеопротеид, протеид, хромопротеид);
· фуд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (фаст-фуд);
· юд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (фотоэтюд);
· ярд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (бильярд);
· ард дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (стюард);
· яд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (наряд);
· ряд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (авиаотряд, отряд, разряд, снаряд);
· ид дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (альдегид, антимонид, геноцид, гербицид, гибрид, диоксид, оксид, пластид, полигибрид, силицид, суицид т.с.с.);
· од дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (анод, бутерброд, взвод, диод, йод, катод, метод, электрод, эпизод т.с.с.);
· оид дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (астероид, гаплоид, дифтонгоид, коллоид, органоид т.с.с.);
· орд дыбыс тіркесіміне біткен сөздердегі (аккорд, билборд, рекорд, сканворд, скейтборд, сноуборд) (Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігі. - Алматы: Дəуір, 2016. - 1472 б.).
Келтірілген атаулардың бәрінде де б, г, д дыбыстарының орнына п, к, т әріптерін жазу керек. Себебі бұл сөздер ұяң дауыссыздарға біткенмен, оларға қосымша ұяң дыбыстан бастап жалғана алмайды, қатаң дыбыстан басталады: арабқа, архесиллабты, мазһабта, масштабпен, штабтан, хиджабты т.с.с.
Сөз тұлғасын қосымша жалғау арқылы тексеру әдісі – А.Байтұрсынұлы бастаған ғалымдардың негізгі ұстанымдарының бірі. Бұл әдіс осы уақытқа дейін көп еленбегенмен, орфографиялық сөздіктерде, анықтағыштарда (Р.Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышы». – Астана, 2000) ұяң дыбыстарға біткен сөздерге жалғанатын қосымшалардың қатаң дыбыспен басталатыны туралы айтылған. Күнделікті қолданысымызда да қатаң дыбыстан ғана бастаймыз. Соңғы ұяң дыбыстарды қазақ қатаң түрде ғана дыбыстай алады. Араб тілінен енген кітап сөзі б әрпіне біткен. Алайда қазақ тілінде ол сөздің соңында қатаң дыбыс (п) таңбаланып жүр. Одан қазақ тілінің заңдылығы бұзылып тұрған жоқ. Қажым Басымұлы еңбектерінде араб сөзі арап түрінде таңбаланған. Ахмет Мамытұлы еңбектерінде микроб сөзі мійкіроп түрінде берілген. Қазіргі кезде араб, микроб түрінде сөздің соңына б әрпін жазуымыз қазақ тілінің заңдылықтарына қайшы. Сол себепті тіліміздің заңдылықтарына сәйкес б, г, д дыбыстарына біткен сөздерде сөздің соңына п, к, т әріптерін жазу керек. Осыған байланысты енд (бренд, дивиденд, стенд, тренд, фотостенд), онд (алюкобонд, генофонд, евробонд), унд (карборунд) дыбыс тіркесімдеріне біткен сөздерді де нт түрінде жазу керек.
Орфографиялық сөздікте сөз соңы үнді мен ұяң б, г, д дыбыстарына біткен шеттен енген сөздерге қосымша әртүрлі жалғанып жүр. Мысалы: гаплоид (биол.), гаплоидтер, гаплоиді; ватт-секундыға, ватт-секундысы; голланд, голландтар; исланд, исландтар; корунд, корундыға, корундысы; радиозонд, радиозондыға, радиозондысы; раунд, раундыға, раундысы; секунд, секундыға, секундысы; секундтай, он секундтай; секундтық; стенд,стендіге, стендісі; ромб, ромбыға, ромбысы; слайд, слайдқа, слайды; ямб (әдеб.), ямбқа, ямбы, т.с.с. Басқасын былай қойғанда, секунд сөзіне қосымша біресе дәнекер ы дыбысы арқылы жалғанса (секундыға, секундысы), енді бірде тікелей түбірге жалғанған (секундтай, он секундтай; секундтық). Себебі сөздіктің соңындағы «Қазақ тілінің негізгі емле ережелерінің» 716-бетінде екі түрлі қағида берілген; біресе: «б, в, г, д әріптеріне бітетін сөздерге дауыссыз дыбыстан басталатын қосымшалар тек қатаң дыбыстан басталып жалғанады. Мысалы: штаб-тан, клуб-қа, парад-тан, парад-қа, актив-ке, пассив-тен, резерв-тік, педагог-тер, геолог-тер, геолог-ке, Ашгабад-қа, Мадрид-тен» (716-бет), – делінеді де: «§41. нд, мп, кт, нк, мб, ск, фт сияқты дыбыстар тіркесіне бітетін сөздерге қосымшалар ы, і дәнекері арқылы қосылады. Мысалы: штамп – штамп-ы-лау; факт – факт-і-ге; митинг – митинг-i-ге; объект – объект-і- лер, объект-і-ге; ромб – ромб-ы-ның», – деп жазылған. Екі қағида бір-біріне кереғар. нд, мб сияқты ұяң дауыссыздарға біткен сөздерді мп, кт, нк, ск, фт сияқты дыбыс тіркестеріне біткен сөздермен қатар қоюға келмейді. Дұрысында, қазақ тілінде сөз соңында б, г, ғ, д ұяң дауыссыздары келмейтіндіктен, ол сөздердің соңына қатаң
сыңарларын таңбалау керек те одан кейін қатаң дауыссыздан басталатын қосымша ешқандай дәнекерсіз жалғануы керек.
Сол сияқты рг дыбыс тіркесіміне біткен (комсорг, драматург, жазушы-драматург, кардиохирург, кинодраматург, металлург, нейрохирург, хирург); йд дыбыс тіркесіміне біткен (слайд, рейд); рд дыбыс тіркесіміне біткен (авангард, гепард, электркард, стюард, аккорд, билборд, рекорд, сканворд, скейтборд, сноуборд) сөздердің соңындағы ұяң дауыссыздың орнына қатаң дауыссыз таңбаланып, қосымша «дауыссыз дифтонг» заңдылығына сәйкес дәнекерсіз, тікелей түбірге жалғануы керек.
Филология ғылымдарының кандидаты А.Фазылжанова шеттілдік атауларды тілімізге бейімдеуде бір сөздің бойындағы дауыссыз дыбыстар үшін түпнұсқа принципін, дауысты дыбыстар үшін фонетикалық принципті (кейде бұл принциптерді тырнақшамен береді) ұстану керектігін айтады. Яғни сөздегі дауыссыз дыбыстарды сол күйінде сақтап, дауысты дыбыстарды ғана естілуіне қарай өзгертуге болатынын айтады. Алайда бұл ұстаным шеттілдік атауларды қазақ тіліне бейімдеуге негіз бола алмайтыны анық. Англичанин сөзін ағылшын, русский сөзін орыс, пуховой сөзін бөкебай, т.с.с. түрінде бейімдейтін қазақ тілі үшін зерттеушінің ұстанымдары сәйкес келе бермейтінін тіл дәйектері көрсетіп отыр. Фонетикалық ұстаным дауысты дыбыстарға ғана емес, тұтас сөзге қолданылуы керек. Бұл орайда Т.Шонановтың «Жат сөз қазаққа қол байырғы болу үшін керек жерінде барлық дыбысын өзгертуіміз керек. Өйткені әр тілдің дыбыстарының айтылатын, шығатын жолдары бар. Сол жолмен жүрмеген дыбысты адам айта алмайды. Орысша сөйлеген қазақ он жыл оқыса да, орыс тілінің дыбысын дұрыс айта алмайтыны осыдан» деген ұстанымын басшылыққа алуымыз қажет. Шеттен енген бейүндес сөздерді барынша қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне сәйкестендіру қажет. Алаш зиялылары шеттен енген сөздерді қазақ тіліне бейімдегенде жаттығы сезілмейтіндей деңгейге жеткізу керектігін айтқан болатын.
Ережеде: «§98. Ағылшын тіліндегі түпнұсқасында w əрпімен басталатын кейбір сөздер (басқа қандай сөздер?) ý əрпімен жазылады: ýаtsap, ýıkıpedıa, ýeb-saıt», – делінген. Сонымен қатар орфографиялық сөздікте шеттен енген сөздерді бейімдеуде в әрпінің орнына әрдайым у әрпін таңбалаған. Мысалы, автогенный сөзін аутогенді түрінде бейімдеген: аутогенді (мед.), аутогенді тәсіл. Алайда шеттен енген сөздерде w, в әріптерінің орнына әрдайым у әрпін таңбалай беруге болмайды. Бұл ретте w, в әріптерінің ашық, тұйық, бітеу буында келуіне назар аудару қажет. Олар позициясына қарай бірде б, бірде п, бірде у түрінде таңбаланады. 1931 жылы жарық көрген «Атаулар сөздігінде» в әрпінің қай жерде келуіне ерекше көңіл бөлгені байқалады:
Вокзал – бағзал (отарба тоқтайтын ыстанса)
Автор – аптыр (жазушы, шығарушы)
Автосани – апташана (аптамабел шана)
Автотранспорт – аптатыранспорт
Автомат – аптамат
Автоматическая телефонная станция – аптамат телепон ыстансасы
Автоматические машины – аптамат мәшине (тетікті мәшине)
Автоматически прибор – аптаматты құрал
Автомобиль – аптамабел
Сол сияқты ц əрпін әрдайым жалаң с əрпі арқылы беруге келмейді. Онда да позиция ескеріліп, сөз басында, дауыссыз дыбыстан кейін с әрпімен бергенмен (sırk, sement; desımetr, proporsıonal, kvars, т.б.), дауысты дыбыстан кейін тс тіркесімен таңбалау қажет (мелетсе, пәлетсе, кәперетсе, т.с.с.).
Шеттен енген сөздерді қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес бейімдеуде ХХ ғасырдың басында жарық көрген сөздіктер мен оқулықтарды негізге алуымыз қажет. Қазақ тілінде дыбыстардың тіркесуінде заңдылық бар:
· Екі дауысты дыбыс қатар келмеуі керек. Алайда орфографиялық сөздікте бұл заңдылыққа қайшы келетін сөздер көп: аорта (биол.), аортат (мед.), бақаот (өс.), баобаб, батаоқыр (кәде), батаоқырлық, какао, қараот (өс.), қараөзек, қараөкпе (мал ауруы), қараөлең (өс.), қараөрік, мегаоралым, траектория (әск.), автоағаштасығыш, автоалаң, автоара, автоаспа, автоаударғыш, автоаялдама, антикоагулянт (мед.), аэроалаң, аэроәдіс, аэротозаңдандырғыш, аэротүсіру, аэрофлот, аэрофотоаппарат, биоайналым (экол.), биоакустика (биол.), биоәдіс (биол.), биоәлеуметтік, биоәртүрлілік, биоәртүрлілігі, геоақпарат, геобиосфера, геоботаника, геоботаникалық, геогигиена, географ, география, гидроавиация, гидроавтомат, гидроагрегат, гидроайырғыш, гидроакустика, гидроакустикалық, т.с.с. Байқап отырғанымыздай, екі дауысты қатар келген кірме сөздер ғана емес, төл сөздер де көп.
· Сөз басында екі дауыссыз қатар келмеуі керек. Орфографиялық сөздікте қазақ тілінің бұл ерекшелігі де сақталмаған: брасс (спорт), браунинг,
брахман, брезент, брейкер, бригада, бригадалық, бригадир, бридж, брикет, брикеттеу, брифинг, бройлер, брокер, брокерлік, бром, бромдалу, бромды, бромид, брон, бронх, бронхит, брошюра, брутто, бруцеллез, драйвер, драма, драматизм, драматург, дренаж, клапан, кларен (кен.), классик, классикалық, классификатор, классицизм, кластер, клаузула, клеймс (экон.), клейстер, клизма, климакс (мед.), климат, клуб, клумба, князь, кран, крахмал, крематорий, кремний, креп (мата), крепдешин, креп-шифон, крест, кристалдану, плазма, плазмолемма (биол.), плакат, планетарий, планиметр (мат.), планшет, пласт (геол.), платина, платформа, плаунтектес, плацкарт, плащ, плеврит, плеврококк, пленум, пневматика, пневматолиз (хим.), пневмоавтоматика, пневмококк (мед.), пневмокониз, пневмония, спектакль, спектр, спектрогелиоскоп, спектрометр, спектроскоп, спидометр, спиннинг, спираль, спирт, спонтанды, спортзал, стақан, станок, стансы, старшын (көне), статист, статиске, статоскоп, стеарин, стенд,
стенографист, стереометр, стереоскоп, стильдік, стоматолог, стоп-кран, стратег, стратегия, стратонавт, стрептококк, студент, сканер, сканерлеу, скетч, склерометр, скоч, славян, славянтану (терм.), слайд, слесарь, смета, т.с.с.
1926 жылы жарық көрген «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» мен 1931 жылы жарық көрген «Атаулар сөздігінде» сөз басында екі дауыссыз қатар келген атауларды таңбалауда протеза, эпентеза құбылыстарын ескергенін көреміз: наблюдательная станция – бақылау ыстанса; станция – (бекет) ыстанса; телефонная станция – телепон ыстансасы, т.б. (Орысша-қазақша әскерлік атаулары); гидроэлектрические станции – су електір ыстансасы; гусеничный трактор – жылан бауыр тірәктір; машинно-тракторная станция — мәшине тірәктір ыстансасы; станок – ыстанок; станция — ыстанса; субстанция – субыстанса, т.б. (Атаулар сөздігі).
Академик Р.Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегінде: «Қазақтың төл сөздері мен араб, парсы тілдерінен енген сөздер еш уақытта екі дауыссыз дыбыстан басталмайды. Ол екі дауыссыз дыбыстың не алдында (сөз басында), не ортасында ы, і дауыстыларының бірі қатысып айтылады. Бұл фонетикалық заңдылыққа жалпы есімдер де, жалқы есімдер де (соның ішінде кісі аттары да) бағынады. Сондықтан соңғы жылдары кітап, газет-журнал беттерінде орын теуіп бара жатқан Рза, Сматай, Сланов, Рсалды, Смайыл, Сқақ сияқты жазулар мүлде қате. Бұл есімдер қазақша жазғанда Ырза(немесе Риза), Сыматай, Сылан(ов), Ырысалды (немесе Ырсалды), Ысмайыл (немесе Сымайыл), Ысқақ түрінде таңбалануы керек», – дейді. Ғалымның бұл тұжырымынан қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін тап басып, тани білгенін аңғарамыз.
· Қазақ тілінде сөздің соңында үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі ғана (қарт, ант, салт, сарт, шарт, қаңқ, саңқ, кент, серт жәнет.с.с.) келеді. Мұндай дыбыстық тіркестерді Қ.Кемеңгерұлы «дауыссыз дифтонг» деп атаған еді (Стенографический отчет научно-орфографической конференции‚ созванной 2-4 июля 1929 г. Научно-методическим Советом НКП и ЦКНТА. - Алматы‚ 1930. - 58с.). Үнді және қатаң дауыссыздар тіркесіне (нк, лк, мп, лт, льт, нс, рс, рт, рш, нт, рм, фр, т.б.) біткен сөздерге қосымша ы, і дәнекерінсіз, буын үндестігі бойынша жалғанады: финанс+қа, финанс+ы, аванс+ы (авансысы емес), цемент+ке, цемент+ті, фермент+тік, цифр+ға, цифр+ы (цифрысы емес); хлороформ+ға, хлороформ+нан, хлороформ+ы, фунт+қа, фунт+ы, формант+тар, формант+ы, банк+ке, автопарк+тен, пульт+ке т.с.с.Себебі сөз соңындағы үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі қазақ тіліне жат емес. Үнді мен қатаңнан басқа дыбыс тіркесі (қатаң мен қатаң, үнді мен үнді, қатаң мен үнді, ұяң мен ұяң т.с.с.) қазақ тіліне жат. Сондықтан шеттілден енген сөздердегі жат қолданыстарды қазақ тілінің заңдылығына бейімдеу керек.
· Екі қатаң дауыссызға біткен сөздерді таңбалаудың өзіндік ұстанымдары бар:
А) сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк, вт дыбыстарына біткен есім сөздердің соңғы әріптері түсіріліп жазылуы керек: турист емес, турис, фантаст емес, фантас, грамм емес, грам т.с.с. А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров т.с.с. ғалымдардың еңбектерінде термин сөздердің тұлғасын қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес дұрыс жазуда қосымша жалғап тексеру әдісі қолданылған. Ол әдісті қазіргі кезде де пайдалануға болады. сс, лл, тт, пп,
ст, кст, сть, зд, кк, вт дыбыстарына біткен есім сөздерге қосымша жалғанғанда да соңғы әріптері түсіп қалады: кросс – кросқа, кросы, класс – класқа, кластар, класы, металл – металды, металы, грамм – грамға, грамдық, грамы, киловатт – киловатта, грипп – грипі, съезд – съезге, съезі, ведомость – ведомосқа, фармацевт – фармацевке, сондай-ақ трест – треске, тресі; турист – туриске, турисі; утопист – утописке, утописі; фантаст – фантасқа, фантасы; фонетист – фонетиске, фонетисі; форпост – форпосқа, форпосы; футурист – футуриске, футурисі; чекист – чекиске, чекисі; экономист – экономиске, экономисі; юрист – юриске, юрисі, т.с.с. Соған байланысты бұл сөздердің түбірін жалғыз дауыссызбен беруге болады. Яғни съезд, подъезд, разъезд, т.с.с. сөздердегі д әрпін түсіріп жазу керек. Қазіргі кезде поезд сөзі пойыз түрінде жазылып жүр (ХХ ғасырдың басында да солай жазылған).
Шеттен енген сөздің ішінде бір дауыссыз қайталанып келген жағдайда да олардың бірін қысқартуға болады. Ондай сөздер де орфографиялық сөздікте көп: габбро (геол.), габбро-амфиболит, габбро-диабаз (геол.), габброидтену, габбролық, габбро-пегматит (геол.), габбро-порфирит (геол.), андеррайтер (экон.), артиллерия, артиллериялық, апперцепция (пед.), аппликата (мат.), аппликация, асимметрия, ватт-метр, ватт-сағат, атолл (геогр.), менингококк, плеврококк, полиметалл, стрептококк, ватт, ватт-метр, ватт-сағат, ватт-секунд, гектоватт, гектоватт-сағат, киловатт, киловатт-сағат, киловольт, кинобюллетень, хетт, хлорофилл (бот.), грамм, грамматика (лингв.), грамм-атом, граммема (лингв.), грамм-моль (хим.), граммофон, грамм-эквивалент (хим.), гроссмейстер (спорт.), дециграмм, параллелепипед, параллелограмм, параллель, параллельдік, параллелизм, т.т.
Ә) ск, кт, фт дыбыстарына біткен сөздердің соңына ы, і дәнекер дыбыстарын қосылып жазылуы керек1. Себебі ол сөздерге қосымша ы, і дәнекер дыбыстары (әріптері) арқылы жалғанады: объект+і+ге, объект+і+сі, киоск+і+ге, киоск+і+сі, киоск+і+лер, Омск+і+ден, Омск+і+ге, лифт+і+мен, факт+і+сі, факт+і+лер, рецепт+і+нің, рецепт+ті+ге, манускрипт+і+ге, моллюск+і+ге, пакт+і+ні, такт+і+ні, тракт+і+ге, факт+і+сі, перфект+і+ні, интеллект+і+ге, инстинкт+і+ні, рецепт+і+ге, эвкалипт+і+нің, т.с.с. Орфографиялық сөздікте акцепт, акцептіге, акцептісі; манускрипт, манускриптіге, манускриптісі; рецепт, рецептіге, рецептісі; субъект, субъектіге, субъектісі; такт, тактіге, тактісі; тракт, трактіге, трактісі; факт, фактіге, фактісі; абстракт, абстрактіге, абстрактісі; акт, актіге, актісі; антракт, антрактіге, антрактісі; бейнедиск (бейнетабақ), бейнедискіге, бейнедискісі; ландшафт, ландшафтыға, ландшафтысы; лифт, лифтіге, лифтісі, т.с.с. түрде берілген сөздердің түбір қалпын ы, і дәнекер дыбыстарымен бірге жазу керек (акцепті, манускрипті, рецепті, субъекті, факті, абстракті, әкті, антракті, ландшафты, лифті, т.с.с.).
Б) кс, пс, тр, вр, гл, гль дыбыстарына біткен сөздерді таңбалауда соңғы қатаң дауыссыздардың арасына дәнекер дыбыс кірігуі керек. Орфографиялық сөздікте бокс, аппендикс, аффикс, антиапекс (астр.), археоптерикс (зоол.), бифштекс, индекс, кальцекс, кекс, кодекс, кокс, ортодокс, парадокс, рефлекс, суффикс, гипс, вахмистр (тар., әск.), кегль, вахмистр, гектолитр, гектометр, децилитр, дециметр, гектолитр, гектометр, гелиометр (тех.), динозавр, бакалавр, ихтиозавр, кентавр, манёвр, палеозавр, алебастр, амфитеатр, анемометр, арбитр, арифмометр, аэромагнитометр, барометр, бу-электр, вице-министр, вольтметр, канистр, кинотеатр, магистр, метр, оркестр, параметр, педиатр, ротмистр, сантиметр, семестр, спектр, театр, титр, фильтр, штаб-ротмистр, т.т. түрде беріліп жүрген сөздер сол заңдылыққа бағындырылуы тиіс.
Қазақ тілінде үнді мен қатаң тіркескенмен, керісінше, қатаң мен үнді қатар келе алмайды. Сондықтан шеттен енген сөздердегі тр-ға біткен сөздерде т мен р арасына ы, і дыбыстарын кіргізу керек: тыйатыр, метір т.б. ХХ ғасырдың басындағы сөздіктерде тіліміздің осы ерекшелігі қатаң сақталған: метр – метір; электр – електір; милиметр – меліметір; министр – міністір; оркестр — әркестір; спектрометр — іспектір метір; термометр — термеметір; амперметр – әмпірметір (електір ағынының күшін көрсететін аспап), т.с.с.
· Шет тілден енген, енг, инг, онг дыбыс тіркесімдеріне біткен сөздердің соңындағы нг дыбысының орнына қазақ тіліндегі ң дыбысын таңбалауға болады: автопаркинг, агрохолдинг, аутбридинг, аутсорсинг, банкинг, бизнес-рейтинг, бизнес-тренинг, боулинг, брифинг, викинг, демпинг, допинг, импритинг, инбридинг, инжиниринг, карлинг, картинг, кастинг, кикбоксинг, кинг, клиринг, консалтинг, контроллинг, лизинг, маркетинг, митинг, мониторинг, пейджинг, порцинг, рейтинг, роуминг, ринг, семинар-тренинг, серфинг, скрининг, смокинг, спарринг, стайлинг, стерлинг, тренинг, фандрайзинг, франчайзинг, холдинг, хостинг, лозунг, бумеранг, ранг, фланг, сленг, гонг, дифтонг, полидифтонг т.с.с. Себебі түпнұсқада нг дыбыс тіркесі емес, ң дыбысы. Ол транскрипциядан да анық көрінеді: сленг – slæŋ, дифтонг – ˈdɪf.θɒŋ, паркинг – ˈpɑː.kɪŋ, холдинг – ˈhəʊl.dɪŋ, банкинг – ˈbæŋ.kɪŋ, рейтинг – ˈreɪ.tɪŋ, тренинг – ˈtreɪnɪŋ, боулинг – ˈbəʊ.lɪŋ, брифинг – ˈbriː.fɪŋ, маркетинг – ˈmɑːkɪtɪŋ т.с.с. Алайда орыс тілінде ң дыбысы болмағандықтан, нг тіркесімен берілген. Бұл сөздерді делдал тілдегі өзгеріске түскен қалпында емес, түпнұсқадағы қалпына жақын етіп алуға болады.
Орфографиялық сөздіктің соңындағы ережеде (§ 35) сөздің соңы нг дауыссыздар тіркесіне біткен сөздерге қосымшаның әрдайым жіңішке жалғанатыны туралы айтылған да соған сәйкес жазылған: акваланг, аквалангіге, аквалангісі; армресслинг, армресслингіге, армресслингісі; брифинг, брифингіге, брифингісі; бумеранг, бумерангіге, бумерангісі; дифтонг, дифтонгіге, дифтонгісі; блюминг, блюмингіге, блюмингісі; браунинг, браунингіге, браунингісі; брифинг, брифингіге, брифингісі; демпинг, демпингіге, демпингісі; инжиниринг, инжинирингіге, инжинирингісі; картинг,
картингіге, картингісі; лизинг, лизингіге, лизингісі; макромаркетинг, макромаркетингіге, макромаркетингісі; микромаркетинг, микромаркетингіге, микромаркетингісі; митинг, митингіге, митингісі; мониторинг, мониторингіге, мониторингісі; мустанг, мустангіге, мустангісі; орангутанг, орангутангіге, орангутангісі; пеленг, пеленгіге, пеленгісі; прессинг, прессингіге, прессингісі; пудинг, пудингіге, пудингісі; ранг, рангіге, рангісі; рейтинг, рейтингіге, рейтингісі; ринг, рингіге, рингісі; спиннинг, спиннингіге,спиннингісі; стерлинг, стерлингіге, стерлингісі; тренинг, тренингіге, тренингісі; холдинг, холдингіге, холдингісі, т.с.с. Бұл ережені жоққа шығарып, нг дыбыс тіркесіне біткен сөздердің соңын ң әрпімен таңбалап, қосымшаны ешқандай дәнекер дыбыссыз, түбірдің жуан-жіңішкелігіне қарай өзгертіп (әрдайым жіңішке жалғамай) жазу қажет: аквалаңға, аквалаңы; бумераңға, бумераңы; мустаңға, мустаңы; пудиңге, пудиңі; т.с.с. Ережедегі ескертуде: «Бір буынды сөздерде нг тіркесі жазылады: rıng, rang, sleng», – делінген. Алайда келтірілген сөздердің айтылым, естілім барысында басқа сөздерден айырмашылығы болмағандықтан, оларды ерекшелеп, ескерту берудің қажеті жоқ.
Шет тілден енген сөздердің бастапқы буындары езулік, соңғы буыны еріндік болып келген сөздерде (екпін түспесе) еріндікті бастапқы буындарға ауыстырып не мүлде жойып, езулікке айналдырып жазу керек: автор – аптыр, директор – деректір, корректор – кәректір т.б. Сөздікте автоинспектор, редактор, администратор, экскаватор, аккумулятор, акселератор, аллигатор (зоол.), амортизатор, анализатор (биол.), архитектор, аудитор, бейнеадаптор (инф.), вектор, векторлық, генерал-губернатор, детектор, дефлектор, диктор, трактор, иллюминатор, император, императорлық, ингалятор, индикатор, инкассатор, инквизитор, инкубатор, инспектор, инспекторлық, калькулятор, карбюратор, катализатор, катализаторлық, классификатор, коллектор, комментатор, компенсатор, композитор, композиторлық, конденсатор, консерватор, консерваторлық, конспиратор, корректор, локатор, мәтіндік редактор (инф.), механизатор, механизаторлық, модератор, мультипликатор, оператор, ординатор (мед.), ординаторлық, осциллятор (физ.), перфоратор, прожектор (тех.), проректор, радиолокатор, радиопрожектор, регенератор (физ.), резонатор, ректор, рефлектор, рефлекторлық, рецептор, риэлтор, риэлторлық, сенатор, тотализатор, транзистор, трансформатор, эксикатор (ыдыс), экскаватор (тех.), экскаваторшы, элеватор, эмульгатор түрінде берілген атауларды осы заңдылыққа бағындыруға болады.
Ережеде: «§47. Кірме негіздер, аббревиатуралар мен сандардың төл жəне шет тілінен енген сөздермен қосарланған атаулары, сондай-ақ ýeb, eks сөзалды сыңарларымен келетін сөздер дефис арқылы жазылады: breın-rıng, kofe-breık, market-meıker, shoý-bıznes, tok-shoý, blıs-saýal, feıs-baqylaý, art-kafe, pop-mýzyka; MP4-pleerleri, USB-tasymaldaýshy, SDkarta; VIP-palata, IT-mamandar, PR-menejer», – делінген. Бұл үрдіс орфографиялық сөздікте де көрініс тапқан. Сөздік құрастырушылар басқа тілдерде қос сөз ретінде беріліп жүрген бірліктерді қазақ тілінде де тұлғасын өзгертпей берген. Бұл
орайда тіліміздің өзіндік ерекшелігін ескергеніміз жөн. Осыған байланысты сөздікте веб-сайт (инф.); веб-құрамдас (инф.); веб-торап (инф.), веб-торабы; гамма-тәсілдер; гамма-глобулин, гамма-глобулинге, гамма-глобулині; гамма-қондырғы; гамма-сәуле; гамма-спектрометр, гамма-спектрометрге, гамма-спектрометрі; гамма-функция; дата-вексель (экон.); стоп-кран, стоп-кранға; т.с.с. сөздерді қазақ тілінің табиғатына сай жазып, баламасын табуға тырысуымыз қажет. Кезінде шет тілден енген біріккен сөздер бір сыңарын аударылып не екі сыңары да аударылмай да қолданылғанымен, қос сөздерде ол дұрыс бола бермейді. Мәселен, орыс тілінде член-корреспондент, стоп-кран, т.с.с. қос сөздердің қазақ тіліндегі баламасы корреспондент мүше, тежегіш кран, т.с.с. болады. Яғни құрамындағы сөздердің орындары ауысып, тіркеске айналады. Өзге тілдің заңдылықтарын, ерекшелігін қазақ тіліне енгізуге болмайды. Шет тілден енген бірліктер қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес таңбалануы керек.
Сондай-ақ түпнұсқада жіңішкелік белгісімен келген сөздерді қазақ тіліне бейімдеуде де орыс тілінің заңдылықтары басшылыққа алынған: «§84. Жіңішкелік белгісі (ь) бар буынға жіңішке дауыстылардың əрпі жазылады, қосымшалар түбірдің соңғы буынына үндесіп жалғанады: аlkogól (-diń , -i, -ge, -der), аnsámbl (-diń , -i, -ge, -der), asfált (-tiń , -i, -qa, -ta), álbatros (-tyń , -y, -qa, -tar), álbom (-nyń , -y, -ǵ a, -dar), álfa (-nyń , -ǵ a), álmanah (-tyń , -y,-qa, -tar), álpınıs (-tiń , -i, -ke, -ter), ált (-tiń , -i, -ke), álternatıv (-tiń , -i, -ke, -ter), áltron (-nyń , -y, -ǵ a, -dar), bálzam (-nyń , -y, -ǵ a, -dar), batalón (-niń , -i, -ge, -der), búldog (-tyń , -y, -qa, -tar), búldozer (-diń , -i, -ge, -ler),dúbl (-diń , -i, -ge, -der), gólf (-tiń , -i, -ke, -ter), gаstról (-diń , -i, -ge, -der), kúlt (-tiń , -i, -ke), kоbált (-tiń , -i, -qa, -tar), kоról (-diń , -i, -ge, -der), medalón (-niń , -i, -ge, -der), múltfılm (-niń , -i, -ge, -der), ós (-tiń , -i, -ke,-ter), pálma (-nyń , -sy, -ǵ a, -lar), parо́l (-diń , -i, -ge, -der), púlt (-tiń , -i, -ke, -ter), roıál (-diń , -i, -ǵ a, -dаr), rúbl (-diń , -i, -ge, -der), sırkúl (-diń , -i, -ge, -der), váls (-tiń , -i, -ke, -ter), vestıbúl (-diń , -i, -ge, -der), vólfram (-nyń , -y, -ǵ a, -dar), vólt (-tiń , -i, -ke), fakúltet (-tiń ,-i, -ke, -ter), festıvál (-diń , -i, -ǵ a, -dаr), fólklor (-dyń ,-y, -ǵ a, -lar)».
Дұрысында, жіңішкелік белгісімен келген сөздерді қазақ тіліндегі үндестік заңын негізге ала отырып, бейімдеу қажет. Бұл орайда Қытай қазақтарының үлгісін басшылыққа алуға болады. Қазақстанда да функциональный, коммунальный, т.с.с. сөздер қазақ тіліне функционалды, коммуналды түрінде жіңішкелік белгісінсіз қолданылып жүр. Жіңішкелік белгісін түсіріп тастап, сингармонизмге негіздеу қазақ тілі үшін жат емес. Сөз басына ереже шығарудың қажеті жоқ, ортақ заңдылыққа негіздеу керек.
Қорыта айтқанда, «Жаңа əліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерінде» ғалымдар арасында түрлі талас тудырып жүрген, басы ашыла қоймаған мәселе әлі де көп. Бұл істе менбілемдікке салмай, ғалым-зерттеушілердің пікіріне құлақ асып, ХХ ғасырдың басындағы алаш зиялыларының ұстанымдарын басшылыққа алуымыз қажет.
Орынай Жұбай,
Филология ғылымының докторы