ӘЛІПБИДЕГІ КЕМШІЛІКТІ ҚАЛАЙ ТҮЗЕЙМІЗ?
2020 ж. 26 тамыз
1768
0
Жақында әліпбиге сараптама жасаушы орфотоп (орфографиялық топ) әліпбидің жаңа нұсқасын мақұлдағанын, енді оны Ұлттық комиссияға ұсынатынын мәлім етті. Біз бұл әңгімемізде сол нұсқаға пікірімізді білдіре отырып, оны жетілдіруге қатысты ұсыныстарымызды ортаға саламыз.
Орфотоп нұсқасының кейбір әріптері жөніндегі пікіріміз
1. Әліпбиге қойылатын шарттардың ең бастысы әр әріптің бір түрде оқылуы екені белгілі. Орфотоп ұсынған әліпбидегі Yy әріптері осы шартқа сай емес. Бұл пікірімізге «Yy әріптері әліпбиде бір дыбысты, ы дыбысын ғана таңбалауға қолданылып тұр» дейтіндер табылар. Алайда өз сөзімізде ы деп оқығанмен ғылыми пәндер мен шетелдік сөздердегі, күнделікті тұтыну тауарлары мен құралдарындағы y әрпін ы деп оқи аламыз ба? Оқи алмаймыз, й, и, ый деп оқимыз (мысалы, New York, sony, игрек). Яғни нақты өмірде бұл әріп екі түрлі оқылатын болады. Бұл белгілеуге қатысты әліпби түзушілер «ы дыбысы сөздеріміздің халықаралық транскрипциясында да y әрпімен беріліп жүр (Almaty, Kyzylordа, Fazyl)» деген уәж келтіріпті. Бірақ ол транскрипция қазақша сөздің емес, оның орысша баламасының транскрипциясы, яғни жоғарыдағы сөздердегі y әрпі орыстың ый дыбысының таңбасы.
2. Орфотоп әліпбиінде і дыбысына түрік әліпбиіндегі ы-ны таңбалайтын нүктесіз Iɪ таңбасы беріліпті. Біздің і-міз басқа тілдердегі и дыбысына балама болғандықтан таңбасының да оған ұқсас ɪ әрпімен берілуі құптарлық. Алайда кішісіне ұқсас қыламыз деп бас әріпті I таңбасымен беруді қолдай алмаймыз. Өйткені бұл әріп өз жазуымызда і деп оқылғанмен басқа латынша жазулардың бәрінде де и деп оқылатындықтан оны қолдану іс жүзінде екі түрлі оқуға соқтырады.
3. Дыбысты белгілеуде әріпке қосымша диакритикалық таңба салу − кең тараған тәсіл. Тек мұнда ескеретін нәрсе − олардың қолды үзіп жазуға мәжбүр ететін түрлерінің (й-дің үстіндегі гравис сияқты) аз болуы. Бұл орайда бұрынғы кирил әліпбиімізде жазуға кедергі келтіретін әріптер (і, й, ғ) бүкіл мәтіннің 10%-на жетпесе, орфотоп әліпбиінде мұндай әріптер (т, й, и, ғ, ж, ұ, ү, ә, ө) 16% пайыздың үстінде екен. Яғни, жазуға кедергі келтіретін таңбалар тым көп.
4. Әдетте, диакритикалық таңбалардың әрқайсысының өзіндік мағынасы болады. Оны мағынасына сай қолдану әріптің дыбысталуын үйренуді жеңілдетсе, басқа таңбаны қолдану үйренуді қиындатады. Бұл орайда орфотоп әліпбиінде ұ мен ғ дыбысын белгілеуде қолданылған таңбалар мағынасына сай емес. Дәлелімізді келтірелік.
а) Ұ дыбысы Ūū таңбалары арқылы беріліпті. Мұндағы макрон таңбасы у-ды созып айту керектігін көрсетеді. Бірақ у-ды созып айту арқылы ұ дыбысы шықпайды.
б) Ғ дыбысы Ğğ таңбасымен беріліпті. Мұндағы гравис таңбасы г-ні қысқа айту керектігін көрсетеді. Бірақ біздің ғ-ымыз г-ні қысқа дыбыстаудан шықпайды. Бұл орайда ğ таңбасы түрік әліпбиінде де қолданылады ғой
дейтіндер болар. Алайда түрік тіліндегі ğ әрпі біздің ғ-мыздан мүлдем басқаша дыбысталады: ол не алдындағы дауыстының созылып айтылатынын көрсетеді не й деп дыбысталады.
Әріп таңдауға қатысты ұсыныстарымыз
Жоғарыда айтылғандарға байланысты біз ы, ұ, ғ дыбыстарының және і-нің бас әрпінің таңбаларын өзгерткен жөн деп есептейміз. Бұл орайда оларды белгілеуге өздерінің «Халықаралық фонетикалық әліпбидегі» таңбаларын пайдалануды, атап айтқанда, ы дыбысын – ә әрпімен, ұ дыбысын − ʊ әрпімен, ғ дыбысын − ɣ әрпімен белгілеуді ұсынамыз. Неге?
Біріншіден, бұл таңбалар ноқатсыз болғандықтан жазуға жеңіл. Екіншіден, бұл таңбалар − өз қалауымыз бойынша ала салып отырған таңбалар емес, сөз болып отырған дыбыстардың барлық халыққа ортақ өз таңбалары. Үшіншіден, ə, ʊ, ɪ, ŋ таңбалары ағылшын сөздерін оқығанда қолданылатын транскрипциялық таңбалар болса, ɣ әрпі − физика, математика пәндерінде қолданылатын таңба. Яғни бұларды әліпбиімізге алмасақ та, мектепте бәрі бір қолданамыз және бізше дыбыстаймыз. Сондықтан бұларды әліпбиімізге енгізсек, «екі қоянды бір оқпен атамыз».
Осы орайда кейбіреулер фонетикалық таңбаларды әліпбиде қолдануға болатынына күдіктене қарайды. Мұндай күдік орынсыз, өйткені бір-жар дыбысы фонетикалық таңбамен белгіленген, тіпті, барлық дыбысы да фонетикалық таңбамен белгіленген әліпби пайдаланып отырған елдер бар. Сондай-ақ орфотоп әліпбиіндегі ɪ, ŋ таңбалары да фонетикалық таңбалар.
Ал енді біреулер «кирилде ә деп оқып жүрген таңбаны ы деп оқу қиынға соғады» деген пікір айтады. Оу, ағайын, кирилде р, в, н, і, у деп оқып жүрген әріптерді де латын әліпбиінде өзгертіп, п, б, х, и, й деп оқимыз ғой. Сонда оларды қиынсынбағанда, ә әрпін ы деп оқудың олардан қандай айырмашылығы бар? Оның үстіне болашақтағы оқушылар кирилдегі ә әрпін танымайтын да болады. Олай болса, бұл пікір де орынсыз.
Орфотоптың и мен у-ға қатысты ережесінің кемшіліктері
Орфотоп әліпбиінде и мен у-дың қолданысына мынадай ережелер берілген: 1. İ әрпі сөз басында қысаң дауыстының алдында және дауыссыз дыбыс таңбасының алдында ый, ій дыбыс тіркесін таңбалайды, ал сөз басында ашық дауыстының алдында және дауысты дыбыс таңбасынан кейін тұрса, жалаң дауыссыз й-ді таңбалайды.
2. U әрпі сөз басында қысаң дауыстының алдында және дауыссыз дыбыс таңбасының алдында ұу, үу дыбыс тіркесін таңбалайды, ал сөз басында ашық дауыстының алдында және дауысты дыбыс таңбасынан кейін тұрса, жалаң дауыссыз у-ды таңбалайды.
И мен у-дың жазылуына қатысты қарама-қарсы екі пікір бар екені белгілі: бірі тіліміздің заңдылықтары қатаң сақталуы керек десе, екіншісі шеттілдік сөздерді жазуға икемді болуын діттейді. Орфотоп ережесінің бұл дауды шешуге қауқары жете ме? Тексеріп көрелік.
1. Ережені түзушілер оны «шеттілі сөздері мен төл сөздерді бір ереже бойынша жазуға және дауысты, дауыссыз и-лерді бір әріппен белгілеуге мүмкіндік береді»,−дейді. Олай болса, Таня (Танйа) деген екі буынды сөзді жазып қарайық. Мұндағы й-ді латынның i әрпімен жазатын болсақ, сонда шыққан Tania сөзі ереже бойынша үш буынды болып айтылады. Яғни екі буынды етіп айтылатын сөзіміз жазғаннан кейін үш буындыға айналды.
Егер Таняны шеттілдік сөз дейтін болсақ, ійе деп айтылатын қазақтың екі буынды сөзін жазып қарайық. Мұндағы ій тіркесін латынның i әрпімен алып, ie деп жазар болсақ, бұл сөз берілген ереже бойынша йе деп, бір буынды сөз ретінде оқылады. Ал ıie деп жазайын десек, ол «ій тіркесі латынның i әрпімен беріледі» деген ережеге қайшы.
Бұл мысалдар берілген ережелерді қолдансақ, кейбір сөздерді жаза алмайтын болатынымызды көрсетеді.
2. Адам бір деммен айтып шыға алмайтын сөзді буын-буынға бөліп айтады. Соған байланысты балаға оқуды үйреткенде, әуелі жеке буындарды оқытып, содан соң сөзді буынға бөліп оқытып жаттықтырады. Сондықтан сөз оқуға жеңіл болу үшін оның буын жіктері көрініп тұруы керек. Алайда орфотоптың ережесі бойынша жазылған сөздегі буын жіктері көрінбейді. Мысалы keiiın, suuу деген сөздердегі буын жіктерін ажырата қою оңай емес. Соған байланысты оқушы бұл сөздерді ке-йі-йін, сұ-уы-уы деп буындап оқудың орнына әріптеп, кей-и-ін, су-у-ы деп оқуы мүмкін. Сөзді бұлайша оқу оны оқуды қиындатып қана қоймайды, оның табиғи дыбысталуын да бұзады. Сондай-ақ бұлай оқу «буындардың біріншісінен басқасы дауыстыдан басталмайды» деген заңдылығымызға қайшы келеді.
3. Ережені құрастырушылардың ойынша i, u әріптерінің жуан не жіңішке оқылуы буын үндестігі бойынша анықталады. Алайда буын үндестігін пайдалана алмайтын жағдайлар бар емес пе? Мысалы, mi, tu, şu сияқты бір буынды сөздерді қалай оқимыз? «Қазақша ми деген сөз жоқ, мый деп оқимыз» дерсіз, онда ми деген нотаның атын жазуға тура келсе, қайтеміз? Ал tu, şu сөздерінде бұлай да ақтала алмайсыз: қазақта тұу деген де, түу деген де, шұу деген де, шүу деген де сөздер бар.
Тоқ етері, орфотоптың и мен у-ға қатысты ережелері қолдануға жарамсыз. Осы орайда орфотоптың өздерінің ій, ый, ұу, үу тіркестерін бір әріппен белгілеуіне байланысты келтіретін дәлелдемесі бұл тіркестердің барлық жағдайларын қамтымайтынын айта кеткіміз келеді. Мысалы, олар ій, ый, ұу, үу тіркестерін бір әріппен белгілеуін бұлардағы екі дыбыстың бір-бірінен ажырағысыз, біріккен түрде дыбысталатынымен түсіндіреді. Алайда бұл тіркестер бір буында келгенде осылай айтылғанмен (кій-ме), екі дыбысы екі буында келгенде бір-бірінен ажыратылып, бөлек дыбысталады (кі-йім).
И мен у-ға қатысты біздің ұсынысымыз
А) Алдымен и мен у-ға қатысты көзқарасымызға тоқталайық.
1. Дауыстыға жалғас тұрған й мен у-дың, мысалы ай, ау сөздеріндегі й мен у-дың, екі түрлі сипаты болады. Біріншіден, бұлар буын құрамайды, бұл − дауыссызға тән сипат. Екіншіден, ай, ау сөздерін айтып қарасақ, й мен у-
дың еш кедергісіз айтылатыны аңғарылады, бұл − дауыстыға тән сипат. Дауыссыздың да, дауыстының да сипатына ие мұндай дыбыс фонетикада «жартыдауысты» деп аталады. Біз дауыстыға жалғас тұрған й мен у-ға осы көзқарас тұрғысынан қараймыз. Бірақ жартыдауысты атауы дауысты деген сияқты әсер қалдыратындықтан оны «бейтарап дыбыс» деуді ұсынамыз.
2. Бір буында тұрған дауысты мен бейтарап дыбыс тіркесінің айтылуы сол дыбыстардың біріне ұқсас болса, мұндай тіркесті дифтонгоид дейді. Ій, ый, ұу, үу тіркестері дауысты мен бейтарап дыбыстың тіркесі және ій, ый тіркестерінің дыбысталуы й-ге, ал ұу, үу тіркестерінің дыбысталуы у-ға ұқсас. Олай болса, бұл тіркестердің бір буында тұратындары дифтонгоидқа жатады. Дифтонгоид дыбыс жалаң дауыстының таңбасымен таңбаланады. Ій, ый, ұу, үу тіркестері бір буында тұрмаса, дифтонгоид болмайды да, тіркес түрінде жазылады, ал бұлардағы й мен у бейтарап дыбыс болады.
Б) И-ге қатысты ереже
1. Латынның y әрпі бейтарап й-ді және бір буында тұрған жуан ый түркесін белгілеуге қолданылады. Мысалы, ай – ay, са-қый-на – sa-qy-na, мый – my.
2. Латынның i әрпі бір буында тұрған жіңішке ій түркесін белгілеуге қолданылады. Мысалы, кій-ме – ki-me, ій-не – i-ne, Аязбій – Ayazbi.
3. Ій, ый тіркестері бір буында тұрмаса, екі әріппен жазылады. Мысалы, кі-йе − kɪ-уe, қы-йар – qə-уar.
Г) У-ға қатысты ереже
1. Латынның u әрпі бейтарап у-ды және бір буында тұрған жуан ұу түркесін белгілеуге қолданылады. Мысалы, ау − au, а-лұу − a-lu, ұу-ран –u-ran, Же-ті-сұу – Ʒe-tɪ-su.
2. Латынның ú әрпі бір буында тұрған жіңішке үу түркесін белгілеуге қолданылады. Мысалы, гүу – gú, бе-рүу – be-rú, Же-ті-сүу – Ʒe-tɪ-sú.
3. Ұу, Үу тіркестері бір буында тұрмаса, екі әріппен жазылады. Мысалы, гү-уіл – gü-gɪl, ұ-уық − ʊ-uəq.
Д) Ережеге қатысты туындайтын кейбір сұрақтарға жауап бере кетейік.
а) И мен у-ды белгілейтін әріптердің екі-екіден болғаны қиыншылық келтірмей ме? Кирил жазуында и-ді екі түрлі әріппен (и, й) белгілегеннен қиындық көріп келе жатпағанымызды ескерсек, мұндай пікір негізсіз.
б) И мен у-дың екі әріппен жазылатын жағдайы жөніндегі ережені қолдану (мысалы, mу-məуə, su-sʊuə) түбірдің өзгеруіне соқтырмай ма? Жоқ, өйткені mу, su сөздері де məу, sʊu түбірлері де мый, сұу деп оқылады.
Е) Біздің ережелеріміздің қандай артықшылықтары бар?
1. Сөзді буынға бөлуге қатысты заңдылықтар толықтай сақталады.
2. И мен у-дың жуан не жіңішке оқылатынын айыра алмау сияқты қиыншылық болмайды.
3. Шеттілдік сөздер халықаралық дәстүрге жақын жазылады. Мысалы, Ақтау – Aqtau, Судан – Sudan, тойота − toyota, Бельгия – Belgɪуa, Тибет – Tibet.
Қазақ әліпбиіне біздің ұсынысымыз
Кестеде жоғарыда айтылғандарды ескере отырып түзілген әліпби берілген. Мұндағы әріптердің бірқатары фонетикалық, бірқатары диакритикалық таңбалар. Соған орай бұл нұсқаны шартты түрде фонетикалық-диакритикалық нұсқа деп атайық. Бұл нұсқаның орфотоп әліпбиіне қарағанда мынадай артықшылықтары бар.
1. Фонетикалық таңбаларды қолданудың арқасында бұл әліпбидегі ноқатты таңбалар саны орфотоп әліпбиіне қарағанда 5%-дай азаяды, сондықтан одан гөрі жазуға жеңіл.
2. Мұндағы әр әріп бір ғана түрде дыбысталатын болғандықтан сөздің әр түрлі оқылуы болмайды.
3. «Халықаралық фонетикалық әліпбиде» фонетикалық таңбалардың дыбысталуының сипаттамасы мен аудиоүлгісі берілген. Ол арқылы әліпбиді кез келген адам, ешкімнің көмегінсіз, өз бетінше де үйрене алады.
Сондай-ақ әліпбидегі әріптерді орналастыруда латында жоқ әріп пен латыншасынан басқаша дыбысталатын әріпті (орны өзгерген q, j) өзбетімен дыбыстай алу мүмкіндігі көзделген. Ол бойынша мұндай әріпті дауыссыздан кейін келсе, тілді кейін тарта отырып; дауыстыдан кейін келсе, тілді не ерінді ілгері ұмсындыра отырып дыбыстаймыз.
Сөзіміздің соңында осы әліпбимен жазылған мәтін үлгісін ұсынамыз.
Keleşekte ʊrpaɣəməzdəŋ qəyənşələq körmeuɪ üşɪn älɪpbɪyɪmɪz jazuɣa qolaylə, oquɣa jeŋɪl, üyrenúge oŋay, baspa ɪsɪne tɪyɪmdɪ, türɪ körkem jäne basqa haləqtar da oqy alatənday boləuə kerek. Mʊnday älɪpbige dəbəstardə fonetikaləq taŋbasəmen belgɪleu arqələ qol jetkɪzúge boladə.
Қуантқан Ырзаұлы,
Қазақ үні