Ұлттық арна Ұлы Абайды ұлықтады

0
276

Ел руханиятының дамуына бұқаралық ақпарат құралдары саласының қосар үлесі зор екені белгілі. Бұл тұрғыда телевизия саласының орны ерек. Осы бағытта жанды жұмыс жүргізіп келе жатқан «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 10 тамыз – Абай күніне орай бірқатар жаңа тележобалар әзірлеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Атап айтқанда, атаулы күні телеарна 12 сағат эфирін Абай мұрасына арнаса, ұлы ойшыл атымен құрылған «Abai tv» арнасы Абайдың құнды мұраларын дәріптеуге бағытталған жобаларды бір күн бойы, үзіліссіз көрсетті.

«Qazaqstan» телеарнасының таңғы эфирі 06:40-та Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының ашылуына арналған «Қазақ халқы – Абайдың халқы» жобасымен бастап, одан әрі қарай да халыққа берері мол туындылар ұсынып, ел рухын асқақтатып тастады. Әрі бұл тұрғыдағы жұмыстар тұрақты түрде жалғаса бермек.

Телеарнаның көрермен көзайымына айналған төл туындыларына тереңірек тоқталар болсақ, осынау атаулы күні абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметовтың «Nur Tileý» бағдарламасына берген сұхбаты, ақынның ұрпағы Тұрағұл Абайұлы туралы «Беймәлім Алаш» деректі фильмі көрсетіліп көптің көңілінен шықты.

Сонымен қатар, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан жүргізетін «Абайдың жолы» жаңа жобасы да Абай күнінде алғашқы шығарылымын ұсынып, хакім Абайдың терең де ауқымды шығармаларын бүгінгі оқырманға жатық, қарапайым тілмен түсіндіруге кірісіп кетті.

Сондай-ақ, «Күміс көмей» ұлттық музыкалық-танымдық бағдарламасының шығарылымы Абай әндеріне арналды. Сондай-ақ, ел күткен осынау Абай күнінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың «Abai tv» арнасының «Сарасөз» бағдарламасына берген сұхбаты ұсынылып, «Абай» жобасы көрерменге жол тартты.  Одан бөлек, Абай күніне арналған бағдарламалар кестесіне «Құнанбай» көркем фильмі, «Адамзаттың алыбы – хәкім Абай» республикалық ақындар айтысы, «Абай әндері» театрландырылған концерті, «Адамзаттың бәрін сүй» атты Абай әндерінің кеші енгізілді.

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына байланысты БАҚ саласында атқарылып жатқан ауқымды істер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Осы бағытта атқарылған әрбір игі іс Ұлы ақынның қазақ халқының жадында мәңгі сақталуы жолында қызмет ете бермек.

qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз