Әділ Досанов: Қонаевтың алақаны
2020 ж. 22 тамыз
2069
2
Қайсібір күні теледидардан хабар қарап отырып, осы күнғі танымал адамдардың тұрмыста қолданған заттарын жәдігер ретінде саудаға шығарып, аукциондық сауда жасайтынын және ол саудаңыз қыза-қыза адам сенгісіз сомаға дейін көтерілетінін көріп, ойға қалдым. Қазақта ырымшыл халық, елге жақсы атымен танылған тұлғалардың қолданған заттарын қастерлеп қадір тұтқан. Құдайға шүкір, еліміздің тарихында аузымен құс тістеген дүлділ шешендер мен ақындар, тоқсан түйінді дау-дамайды бірауыз сөзбен шешкен ақылы кемел дана билер, жасаулы жауға жалғыз шапқан ел қорғаған батырлар, қарауындағы елінің қамын жеке басының мүддесінен жоғары қойған даңқты хандар мен ел ағалары көп болғаны белгілі. Жастау кезімде, әлдебір газет-журналдан немесе кітаптан оқыдым ба, есімде қалғаны, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің өзімен бірге қастерлеп тәспі алып жүретінін, ол тәспіні кезінде Хакім Абайдың әкесі Құнанбай қажы Мекке сапарынан әкелгенін және күнделікті қолданған екен деген деректі оқығаным бар. Тағы бір есте қаларлық осы сипатты естелік, Одақ кезіндегі даңқты қазақ хоккейшісі Саян Шәймерденовке қатысты. Саян ағамыз қазақтың көрнекті жазушысы Сафуан Шәймерденовтің ұлы. Осы жайында Сафуан ағамыздың естелігі: - ...кезінде Мұхтар Әуезовпен араласып жиі үйіне барып, жақынырақ араласып жүрдім. Бір күні Мұхаң үйден сыртқа шығып кеткен кезде, кабинетінде тұрған қамшының біреуін тәбәрік үшін жиендік жасап үйге алып кеттім. Қамшыны үйге, өзімнің жұмыс кабинетіме іліп қойдым. Мұқаң қамшыны келесі күні-ақ іздестірді, маған хабарласып қамшыны алған-алмағанымды сұрады. Мен алмағанымды айтып сендірдім. Арада біраз уақыт өткеннен соң, ұлым Саян сол қамшының өрімін тарқатып, қайысын конькиге байлайтын бау істеу үшін кесіп алыпты. Әдемі қамшының сабы ғана қалған. Мен ренжідім, әрине. Бәйбішем басу айтты. Бірақ, кейін осы ұлым хоккейден неше мәрте дүбірлі жарыстардың жеңімпазы болып, еліміздің атын шығарды, Одақ құрамасында жасындай жарқылдады, атақ-абыройға кенелді. Соны мен Мұқаңнан алған тәбәрік қамшыдан көремін ... Ұзын ырғасы осы. Осы тақырыпқа байланысты өзім білетін оқиға есіме түсті. Жұмабай ақсақалды бала күнімнен сыртынан ғана білуші едім, шаруашылықтың маңдайалды шопандарының бірі, көп балалы шаңырақтың отағасы, елге сыйлы абыройлы азамат. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң, біраз жыл басқа өңірде кызмет істеп, оңтүстік аймақтағы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке келдім. Күздің жайма-шуақ күндерінің бірінде аудан көлеміндегі қой қыстату және қой ұрықтандыру науқандарының жәй-жапсарын тексеруге аудандық партия комитетінен пәрмен келіп, іс басындағы осы салаға қатысты қызметкерлер іссапарға жіберілетін болды. Оңтүстіктің қой отарлары Қызылқұмда қыстап шығады. Комиссия мүшелері ісапарға бірге шыққанымен, өкілдерді әр шаруашылыққа жеке –жеке бөлген екен. Мені дәм тартқан болар, өзімнің туған ауылыма баратын болдым. Мені күтіп алған шаруашылықтың бас зоотехнигі өзім қатарлы жас жігіт екен, баратын бағытымызды алдын-ала жоспарлап қойыпты. Жұмыстары тиянақты, барлық іс-шаралар рет-ретімен жасалып жатыр, бас аяғы екі күнде аралап шықтық. Үшінші күні құм арасындағы бір отар қойдың үстінен шықтық. Төбе басына шығып тұрған салт атты кісі бізге қол бұлғап, тоқтауға белгі берді. Жақындап келгеннен таныдым, Жұмабай ақсақал екен, ат үстінде мығым отыр. Амандық саулықтан соң, бізді Жұмекең үйіне дәмге шақырды. - Үйіміз ана Қызылдың астында, сендер бара беріңдер, мен отарды бетін ауылға бағыттап, арттарыңнан барамын - деп бізге оң жақтағы құмтөбені көрсетіп жөн сілтеді. Ақсақал қазір зейнетте, үлкен баласы әкесінің кәсібін жалғастырыпты, келін екеуі шаруашылықтың бойдақ отарын бағады екен. Дастархан басында жақсы әңгіме-дүкен құрып, көңілді отырдық. Жұмекең сырт көзге тұйықтау көрінгенмен көкірек көзі ашық қазыналы кісі екен, ұлағатты есте қаларлық бірталай әңгіме айтылды. Негізінен біз тыңдаушымыз. Арасында сұрақ беріп қоямыз.
- Жұмеке, осы сіз жас кезіңізде Димаш аға Қонаевпен кездесті дейді, сол өзі шынымен болған оқиға ма, анық болса сол әңгімені өз аузыңыздан естісек – деп бас зоотохник тосындау сұрақ қойды - Иә, ол шынымен болған кездесу – деп Жұмекең біразға дейін сол оқиғаны еске түсіргендей ойланып отырып қалды.