Абайға деген құрмет ғасырлармен өлшенеді
2020 ж. 22 тамыз
2462
0
Биыл ерекше жыл – ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы» - деген-ді. Соның нақты айғағы – әлемдік деңгейдегі ой алыбының мерейтойы ел ауқымында ғана емес, дүние жүзі бойынша кең көлемде аталып өтіп жатқаны белгілі.
Әрине, бұл мерекенің ұлы Абайдың жерлестері – шысқазақстандықтар үшін орны бөлек. Әлемдік тұлғаның туған жерінде бұл айтулы шараға алдынала қызу дайындық жасалып, көптеген жұмыстар атқарылды. Шығыс Қазақстанда, оның ішінде Семей мен Абай ауданында бірқатар нысандар бой көтеріп, ел игілігіне берілді.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, аймақта Абай тойына әзірлік осыдан бір-екі жыл бұрын басталған болатын. Қарым-қатынас жол арқылы жүзеге асады. Осыны ескерген облыс әкімі Даниал Ахметов Абайға баратын жолды жөндеуді 2018 жылы қолға алған-ды. Сол жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы облыстық маңызы бар «Семей-Қарауыл» автомобиль жолының 128 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2019 жылы аталған жолдың қалған 32 шақырымы жөнделді. Тағы бір ерекше атап өтер дүние, 2018 жылы аудан халқының спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік тудыру мақсатында ұзындығы 25 метр, 5 жолақты жүзу бассейні салынды. 2019 жылы облыстық бюджеттің төртінші деңгейіне өткен ауылдарға қаржы бөлініп, Қарауыл ауылындағы Абай алаңының толығымен абаттандырылып, әуенді су бұрқақ пен «Street workout» алаңы салынды. Сонымен қатар осы жылы Кеңгірбай би ауылында 100 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. «Абай ауданы жылдан жылға емес, күннен күнге көркейіп келеді. Осы орайда аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлының ұлылар мекеніне, ақынның туған еліне ерекше құрметпен, ыстық ықыласпен қарайтындығын атап өтпеске болмайды. Халық игілігіне айналар ауқымды жұмыстар әлі де атқарылуда. Ақынның туған жері ұлы тойға үлкен жауапкершілікпен әзірленіп, ауданымызда 19 жоба іске асырылуда» дейді Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров.
Бұл жобалардың ең ауқымдысы – Ақшоқыдағы Құнанбай Өскенбайұлы музейінің құрылысы. Былтыр Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келгенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі Құнанбайдың ел алдындағы еңбегін ұмытпауымыз керек» деген болатын. Бүгінде қорым аумағы кеңейтіліп, заманға зай өзгерістер жасалды, қорым толығымен абаттандырылды. Зират ішіндегі тозығы жеткен белгі тастар жаңартылды. Алаңға тақтатастар төселіп, келушілерге қолайлы жағдай тудыру мақсатында панажайлар қойылды. Қоршау ішіне ұлы Абайдың қанатты сөздері жазылып, гүлдер отырғызылды. Осы қорым жанынан Құнанбай музейінің құрылысы басталды. Мұндағы басты міндет – хакімнің ата-анасына құрмет көрсету. Музей арқылы қазақ халқының сол дәуірдегі құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығы жаңғыртылып, дала данышпаны Құнанбайдың ел тарихындағы сіңірген еңбегі дәріптелмек. Музейге келушілер ұлылар мекенінің тарихымен, өнерімен, мәдениетімен, тұрмыс-салтымен таныса алады. Бұл аудан туризмінің дамытуға жол ашады.
[caption id="attachment_150670" align="alignnone" width="696"] default[/caption]
Тағы бір ауқымды жоба – ақынның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ мекенінің абаттандырылуы. Осы бұлақ басынан ұлы Абайдың өмір жолы басталғаны белгілі. Бұл – ерекше қасиетті жер. Өткенге көз жүгіртсек, ақын туған бұлақ басы ұзақ жылдар бойы ескерусіз, елеусіз қалып келген еді. Осы маңда мал жайылып жүретін. 2019 жылы облыс әкімі тарихи орынға арнайы келіп, қайта жаңғырту қажеттілігін алға тартты. Сол жылы бұл жер Абай аудандық мәдениет үйінің теңгеріміне алынып, қасиетті бұлақ басы адам танымастай өзгерді. Бұлақ маңайы толығымен абаттандырылды. Шырша, шынар ағаштары отырғызылды. Абайдың домбырасының пішінінде заман талабына сай жасалған нысан басына һәкімнің ұлағатты 45 сөзі жазылған мәрмәр тастар қойылды. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген стелла тұрғызылды. «Ұлы бабамыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық тойы аймаққа үлкен серпін берді. Жақында ел үлкендері болып, Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлақта болдық. Мен Абайдың 100 жылдығында болмасам да, 125, 150 жылдық тойларының басы-қасында жүрген адаммын. Бірақ Абай атам туған Сырт Қасқабұлақ ол кезде аталған жоқ. Бұлақтың бар екенін ел біледі, бірақ бұрылып ешкім қараған жоқ, бірде-біреуі назар салған жоқ-ты. Қазір Сырт Қасқабұлақты көрсеңіз, таңқаласыз, бұлаққа баратын жол, бұлақтың арнасының кеңеюі, оған орнатылған гүлзарлар, көгалдандыру жұмыстары көз қуантады. Сырт Қасқабұлақтағы жасалып жатқан дүние біздің талай жылғы арманымыз. Қасқабұлақ жаңаратын болса, Абай жаңарады, Абайдың туған жері жаңарады деп ойлаймын. Бір кездері Құнанбай бабамыздың басы ашық жататын, қазір барсаңыз, Құнанбайдың қорымы таңдай қағып, таң қалатындай жағдайда тұр. Енді тамаша музей салынбақ. Бұл – бұрын болмаған жағдай. Халықтың, ел басшыларының қайрат, жігерімен жасалып жатқан шаруаларына рахмет айтып, дұрыс баға беру керек» - дейді Абай ауданының Құрметті азаматы, ақын Төлеген Жанғалиев.
Әрине, той өтеді де кетеді. Тойдың тағылымы елге, жергілікті жұртқа пайдалы, игі істермен есте қалса керек. Осы орайда һәкімнің өзі айтқандай «еріншек, бекер мал шашпаққа» жол берілмей, ақынның туған жері Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылының инфрақұрылымын нығайтуға ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Қазір ауылда Назарбаев Зияткерлік мектебінің үлгісінде 300 орындық мектеп салынуда. Бұрын балалар екі немесе үш ауысымда оқып жүрген болса, жаңа мектеп пайдалануға берілгеннен кейін бір ауысымда оқиды деп жоспарлануда. Қарауылдағы тағы бір ауқымды жоба – су құбырының тартылуы. Қазір осындағы 1976 жылы салынып, жөндеу көрмей ескіріп, тозығы жеткен су құбырлары толығымен жаңартылуда. Бүгінгі күні ауылішілік 44 шақырым магистралдық желінің 30-дан астам шақырымына құбыр тартылды. Бұл жұмыс қазан айында аяқталмақ.
Қарауылда бұрын-соңды қолға алынбаған жобаның бірі – Абай саябағы. Қазір құрылысы қарқын алған саябақтың ұзындығы 600 метр, ені 250 метр, жалпы аумағы 15 гектарды құрайды. Сонымен қатар Қарауыл төбедегі дала сахнасы мен ипподром да толықтай жаңғыртылуда. Бұл нысан ақынның 150 жылдық мерейтойы өткеннен кейін жөнделмеген-ді. Мәдени-бұқаралық, спорттық шаралар өткізілетін ипподромның ат шабатын жолдары тегістеліп, 3 шақырым айналым жолы жөнделді. Дала сахнасы қайта жаңарып, көрермен отыратын трибунаның сыйымдылығы 500 адамға дейін кеңейтілген.
Ақынның туған жері Абай ауданымен қатар Семейде де құрылыс, жөндеу жұмыстары қарқын алған. Семейде ақын атындағы ғимараттар аз емес. Соның бірі – Абай атындағы театр. Биыл Абай тойы қарсаңында театрда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ғылыми-реставрациялық жұмыстар және театрды жаңарту дегеніміз дұрыс болатын шығар. Театрдың айналасы абаттандырылып, ғимараттың қас беті, іші, көрермендер залы заманауи интерьерлермен безендірілді. Театр ішіндегі барлық қосалқы ғимараттар да жөнделуде. Жаңа дыбыс аппаратты қойылады. Техникалық цех қызметкерлеріне, жалпы шығармашылық ұжымға жайлы жағдай жасалған. Мұндай жөндеу жұмыстары театрда соңғы 40 жылда болған емес. Мемлекет және аймақ басшыларына алғысымыз шексіз» - дейді театр директоры Яков Горельников.
[caption id="attachment_150674" align="alignnone" width="696"] default[/caption]
Семейде ақын атындағы алаң мен театрда, қара шаңырақ – Абай музейінде реконструкциялау, күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алған. Жақында облыс әкімі Даниал Ахметов Семейге жұмыс сапарымен барып, осы нысандарды аралады. Ерекше атап өтер дүние, биылғы мерейтой аясында Абай музейінің алдына ақын мен ұлдарының бірге тұрған ескерткіші қойылмақ. Мұндай ескерткіш елімізде әлі қойылған жоқ. Туындының өзгешелігі, ақынның ұлдарымен бірге тұрғаны, ұлдарының әкесіне мейірлене, сүйіспеншілікпен, құрметпен көз салған сәті. Бұл жерде шеберлер ұлы Абайды қамқор әке ретінде көрсетуді мақсат тұтқан. Туынды авторлары – өскемендік Сәрсен Сейісов пен семейлік Нұрбол Қали. «Бұл енді өзгеше ескерткіш болайын деп тұр. Ескерткіш қоладан құйылуда. Облыс әкімінің қолдауымен біздің музейдің алды абаттандырылып, ақ гранит төселіп жатыр. Аймақ басшысылығы мен Мәдениет министрлігі бізге үлкен қолдау көрсетіп жатыр» дейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Тұрдығұл Шаңбай.
Адамзаттың Абайы дүниеге келген аймақ биыл ерекше күй кешуде. Алдында айтқанымыздай көптеген істер атқарылды. Рас, бүкіл әлемдегідей кенеттен келген коронавирус індеті біздің жоспарларымызға кейбір өзгерістер енгізуге мәжбүр етті. Бірақ ол Абайға да деген ел сүйіспеншілігі мен халық құрметіне кедергі бола алмайды. Соның айғағындай елімізде Абай жылы көптеген игі істерімен есте қалады. Абай телеарнасы ашылып, Абай күні ресми түрде бекітілді. Одан да басқа өткен және әлі де өтіп жатқан іс-шаралар жетерлік. Жылдар өткен сайын Абай тұлғасы барынша айқындалып, оған деген құрмет ғасырлармен өлшене бермекші.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz