32 жыл бұрын Түркиядағы концерттің жұлдызы Айман Мұсақожаева болды

Мен үшін тарихи суреттің бірі осы. Хикаясы былай:

1988 жылы болуы керек, Түркиядағы газеттердің бірінде кішкентай бір хабарландыру жарияланып еді. Қателеспесем Енка Уақфы (Enka Holding Vakfı) деп аталатын қоғамдық қор Кеңес Одағынан екі өнерпазды шақырып, Стамбулдағы Ататүрік мәдениет сарайында концерт бергізбекші деп оқыдық. Кеңес одағынан шақырылған әртістер Әзірбайжандық атақты пианист, композитор Фархад Бадалбейли және Қазақстаннан скрипкашы Айман Мұсақожаева екен...

Ол кезде Совет Одағының шекарасы жабық, қазақтар қазіргідей мыңмыңдап шетелге шыға алмайтын. Мен Стамбулдағы атақты Босфор университетінің студентімін, стипендия ала алмай, бірнеше жерде жұмыстап күнелтіп жүрген кезім. Қазақстаннан қазақтың өнерпаз қызы Стамбулға келіпті, концерт береді екен дегенде қалай шыдайсың?!

[caption id="attachment_150451" align="aligncenter" width="582"] 1988 ж., Стамбул, Түркия[/caption]

Ол кезде Азаттық радиосында жұмыстайтын Өмірхан Алтын нағашы ағаммен бірге інісі Тұран үшеуіміз әлгі қорға хабарласып, шақырылған қонақтар тоқтаған мейманхананың атын біліп алдық. Стамбулдың орталығы Тақсим ауданындағы көпқабатты бес жұлдызды Etap Marmara Hotel мейманханасында тұрады екен. Қонақ үйге барып, Айман ханымның нөмірін тауып, бірден соған тарттық. Есігін тоқылдатып тұрмыз күтіп, біраздан соң Айман ханым есікті ашып, бізді көрді, әрине таң қалып! Қазақша амандастық, кіріңіздер деді. Қарасақ концертте киетін көйлегін үтіктеп жатыр екен. Өзім де бір түрлі болып қалдым, аяп кеттім. Мүмкін тіл білмейтін шығар, көмектесейік, мейманхананың даяшыларын шақыртайық деп едік, көнбеді, өзім жасаймын деді. Концерттің қашан болатынын, қалай өтетінін ақылдасып, әкелген гүл шоғымызды беріп Тұран екеуіміз қайтып кеттік. Өмірхан ағам қаланың орталық кварталын көрсетемін деп қалды.

Енді осы концертке қалай атсалысамыз, қазақтың қызын жалғызсыратпай, көптің алдында рухын бір көтеріп жіберейік деп ақылдастық. Өзіміз ақша жинап, концертке елушақты билет сатып алдық та қазақтар тұратын махаллаларда әлгі билеттерді таратып, концертке келіңіздер деп қазекеңдерді үгіттедік. Әрине, бұл айтыс немесе домбыраның концерті емес қой, классика, дегенмен бірталай адам келісімін беріп концертке келді.

Бірсүгүні концерт басталды, залдың іші лық толған адам. Фархад Бадалбейли өте танымал адам екен. Айман ол кезде әлі жас, енді енді танымал болып шетелдерге шығып жатқан кезі. Оның алдында Жапонияда болдым деп, маған Жапониядағы концертінде түсірілген суретінің артына қолтаңбасын қойып сыйлап еді. Концертте екі өнерпаз керемет өнер көрсетті. Еуропалық композиторлардың туындылары орындалды. Айман жеке орындауда қобыз күйі "Боз айғырды" (есімде солай қалыпты) тартып берді, керемет!

Концерт кезінде қазақтар тобы Айманға бірбірден шығып, гүл дестелерін сыйлап отырды. Концерттің басынан аяғына дейін қазақтар Айманға гүл жаудырды, Фархад мырзаға ондай айрықша қошемет боған жоқ.

Концерт біткен соң бәріміз сахнаға шығып, Айман ханымды қоршап алдық, амандасып жатқандар деймісіз, құшақтап жатқандар деймісіз, суретке түсіп жатқандар деймісіз, әйтеуір кештің жұлдызы Айман Мұсақожаева болды. Мен Фархад мырзаның да қолын алдым, рақымет айттым. Сол кезде ол кісі Айманға: "Айман ханым, бақытты адам екенсіз, қаншама қандастарыңыз келіп, сізді қоршап алды. Менің қандастарымнан ешкім келген жоқ!" деп, бір жағы комплимент жасап, бір жағынан өкпесін айтқандай болып еді...

Мына сурет сол концерт кезінде, гүл беріп, өнерпаздың қолын алып тұрғанымда түсірілген екен.

Кейін мен Қазақстанға көшіп келдім. 1996 жылы Алматыдан Амстердамға ұшып бара жатқанда ұшақтың ішінде Айман ханымды көріп қалып, қасына барып амандастым. Жеті жыл бұрынғы Стамбулдағы танысуымызды, концертті айтып едім, біден таныды. Одан былай көп жыл өтті ғой, қазір тани ма, танымай ма, кім білсін. Заман өзгерді, адамдар да өзгеруі мүмкін, бірақ менің жеке альбомымда осы суреттің орны ерекше болып қала береді...

Мұртаза Жүнісұлы, Қазақ үні