Әлсейіт Ақпанбетұлы. САҒЫНЫШЫМ МЕНІҢ

Қарағым, сен қайдағы, мен қайдағы, Жігіттің болып өстім сері бойдағы. «Балдырған» атты балалар журналында ақын Сабырхан Асановпен бірге қызмет істеуге тағдыр жазыпты. Сәкең ақжарқын адам еді. Қай кезде көрсең де, қарқылдап күліп, жарқылдап әңгіме айтып отыратын. Бірде өзінің құлпытасына жазылатын бір шумақ өлеңін де оқып бергені бар. Жарқын жыр. Тіпті, тойда оқитындай. Өзі аурушаң. «Мен табиғаттың төрт мезгілінің де көңілін қалдырмаймын. Төрт мезгілде шығатын төрт түрлі ауруым бар» деп қарқ-қарқ күліп отырушы еді сабазың. Бір күні әңгімеден әңгіме шығып, Шәмші Қалдаяқов екеуі жазған (бірі сөзін, бірі әуенін) ән жайында сөз бола қалды. Сәкең әңгімені әріден бастады (мен есімде қалғанын ғана бүгін жаңғыртып айтып отырмын): – Бірде Шәмші екеуіміз көшеде келе жаттық. Қолға ұстаған тор қалталарында үнді шайы бар, екі сылқым бойжеткен қасымыздан жанап өте берді. Мен: – Қара шай, ащы насыбай – Ер арқасы, көңілге түсіреді қай-қайдағы. Шіркін! Мына шайдан ішсек, көңіліміз жай болар еді-ау!– деп сілтедім. – Ол қолдағы нәрсе ғой,– деді екі қыздың бірі. Содан, ұзын сөздің қысқасы, қыздардың пәтеріне бардық. Бұл қу қыздар мені таниды екен. Ақындармен кездесуде көрген. Шәмшіні білмейді. Ол мен сияқты бойлы-сойлы насаты Марғасқа емес қой. (Сәкең осы жерде қарқ-қарқ күліп алды). Сосын оны қайдан танысын? Қыздардың үйінде мандолина бар екен. Шәмшінің негізгі музыкалық аспабы осы – мандолина ғой. Ол қолтоқпақтай аспаппен бір қос айналысты. Құлағын бұрады. Тыңқ-тыңқ еткізіп тартып қояды. Ара-тұра ыңылдап әуеніне қосылып та кетеді. Әйтеуір, біраз әуреленді. Мен қос бойжеткенмен, әңгіме-дүкен құрып, арқа-жарқа болып құдайым беріп отыр. Көкесі бір шама уақыт «жанын қинаған» қолтоқпақтың іші үпір-шүпір әуенге толып қалған екен. Иесі бауырына алған «бөпесін іңгәләтіп» сөйлете берді. – Сәке, мына кісі кім? – Шәмші Қалдаяқов. Үр бойжеткеннің қос жанары атысып-шабысып шарасынан шықты. Атыздай болды. Шәкең бұған дейін талай сызылып, сыңсыған әннің басын қайырып тастаған. Өздері қолдарына алғанда, бақ-бұқ етіп тұтығып, кекештеніп қалатын қолтоқпақтың мына, туасылы өтек көрмеген шүберектей бет-аузы мыж-тыж, жұқалтаң сарының бауырына енгеннен сұңқылдап, сайрап қоя бергеніне ауыздары аңқайып аң-таң болып отыр еді. Бұл – анау-мынау емес, күнде әндері радиодан (ол кезде телевизор жоқ) беріліп, тыңдағанның құлақ құрышын қандырып жүрген жампоз Шәмші! Екі қызда ес қалмады... Күндердің күнінде Шәмші Оңтүстік жаққа барып кеш өткізіпті. Ел-жұрт сүйіктісін алақанына салады. Қошемет көрсетеді. Кездесу кеші бітеді. Кісі аяғы басылып, жұрт тараған шақта, бір келіншек іші қаңырап бос қалған клубта жалғыз өзі қалыпты. Жылап отыр екен. Шәкең тілдесіп, сөйлесе келгенде, өткен-кеткенін айтып ақтарылған келіншек, баяғы пәтерінен шай ішетін, екі керімнің біреуі болып шығады... Шәмші бүкіл сый-сияпат, құрмет-қошеметті жиып тастап, ешкімге ләм деместен, ұшаққа отырып, Алматыға тайып тұрады. Менің құжырама келді. Өңі әлем-тапырық. Қолында мандолинасы. Әлдебір мен бұрын-соңды естімеген сазды мың құбылтып сыңсытады. Сыңсытады деген дәл болмас, бұлбұлдың көмейінен шыққандай құйқылжытады. Таланттың аты – талант! Ол сені сүйсіндіреді. Бас игізеді. Табанын жалатады. Оның табаны астындағы жолына жайылып төсек болғың келеді. «Сәулем-аулап» сырбаз саз алпыс екі тамырыңды иітіп, жаныңды жалмап барады... Шәмші: – Осыған сен сөз жаз!– деді. – Қалай?.. Қайтіп?.. Неге мен?..– деп абдырып қалдым. – Бұған сөзді сен ғана жазасың! Өлеңді сен ғана шығара аласың! – Ойпырай, Шәке-ай! Мен... өзі... әнге онша-мұнша сөз жазып көрмеп ем... – Жазбасаң, жазасың!!! – Ең болмаса.., бұл сазың кімге арналған? Аты-затын түсіндірсең етті... Досым әннің кімге арналғанын, ол келіншектің сонау бір жазғытұрының жайма-шуақ күнінде екеуіміздің бірге болған, өзіміз де, сөзіміз де жарасқан, арман да арман, сағым да сағым сағыныштың сал шекпеніне жұтылған, баяғы, елеске айналған, айналайын қос аққудың бірі екенін жеткізді. Мен есімді жидым. Мүмкін, есімнен айырылып қалдым. Шәкеңнің айтқаны құлағымда. Тартқан сазы жүрегімде. Бірер күнде шимай-шатпағымды қолына бердім. Әр сөз үшін ұрсысып-салғыласып, айтысып-тартыстық. Әйтеуір бір саз дүниеге келді. Ол – қазір ел айтып жүрген. «Сағынышым менің» әні ғой... Шәмші бұл дүниеден кетті. Ұзатып салу рәсімі театрда өтті. Рәсім жасалды. Бәрі бітті. Бір әйел елден ерекше, жұрттан оқшау, жападан-жалғыз еңірегенде етегі толып жылап тұрды. Ол – баяғы Сағыныш еді. Ол бұдан 40 жыл бұрын кездескен, шай берген, май берген әніне ғашық болған, өзін құлай сүйген Сағыныш еді. * * * Осы бір естігенім бойынша бір хикая жазғым келді. Талпындым. Қаламым жүрмеді. Енді болғанды болғандай, естіген сөзді естігендей айтып беріп отырған жайым бар. Шіркін, Шәмші! Қайран, Сағыныш! Аяулы көкем, Сабырхан! Әзірге қолымнан келгені осы болды... Әлсейіт Ақпанбетұлы,  «Күн төбеден ауғанда» кітабынан үзінді («Алаш» баспасы, 2014 жыл)