Темірхан Медетбек. БІР ҰЛТ НЕГЕ ЕКІ ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙДІ
2020 ж. 03 тамыз
4509
1
Бәріміз жақсы білеміз, қазақта «тірі өлік» деген ұғым бар. Бұл тіркес, әдетте, ұзаққа созылған ауыр дерттен әбден қалжырап, еті сүйегіне жабысып қалған, кеудесінде шығар-шықпас жаны бар, төсек тартып жатқан адамды көргенде пайым-түсінігі доғалдау, сөзі дөрекілеу жанның аузынан шығады. Сондай-ақ ол тіркестің басқа да мағынасы бар. Жанына тиетін сөз естісе де салбыраған басын көтеріп бетіңе қарай алмайтын, не айтсаң да айтқанға көніп, айдауға жүре беретін, ас ішіп, аяқ босатуға ғана қауқары бар, намыстан мақұрым, жігерден жұрдай адамды да тірі өлік деп жатамыз. Мұны біз не үшін айтып отырмыз? Қазір біраз уақыт болды, әлемдік сөз қолданыс қорына «зомби» деген қатерлі термин кіріп, орнығып алды. Қиыр түкпірдегі Гаити аралын мекендейтін бір тайпа қолданатын ол сөз «тірі өлік» деген мағына береді екен. Жады жойылған, ерік-күшінен айырылған, тұла бойын немкеттілік пен салғырттық жайлап алған ондай жандар туралы өзінің тақырыптық және айтар идеясының сонылығымен байытқан бірқатар фильмдер түсіріліп, ал осы тақырыпқа жазылған Джордж Ромероның «Тірі өліктердің бір түні» триологиясы мен жапон жазушысы Харуки Муракамидің «Зомби» романы көптеген тілдерге аударылып кетті. Зомбилықтың аса қатерлі, аса қауіпті әлеуметтік құбылысқа айналып кеткені сонша, Гаити мемлекеті ол туралы өзінің Қылмыстық кодексіне арнайы тармақ та енгізген. Өйткені, зұлымдықтан тамыр тартқан қара ниетті емдомшылар мен сұрқия пиғылды бақсы-балгерлер әлдеқандай құйтырқы әрекеттер арқылы улы дәрілер беріп, оларды бас көтере алмайтын бейшара, су сұрап ішуге жарамайтын сорлы ғып, сонан кейін ертеден кешке дейін плантацияларда салпаңдатып жұмыс істеткізіп қояды екен. Әрине, әдетте, соқыр сенім мен иланымға құлай жығылған қарапайым халық мұндай қасіретті құбылыстың төркінін әлгіндей қараниетті, сұрқия тілекті бақсы-балгерлерден іздестірмейді. Олар, ең алдымен, ақылға сыя бермейтін, көңілге қона бермейтін, сол бақсы-балгерлер таратқан аңыз-әпсәналарға сенеді. Ол аңыз-әпсаналардың айтуынша, көзге бірде көрініп, бірде көріне бермейтін құбыжық күштер тіпті көрде жатқан өліктерді де орындарынан тұрғызып, сыртқа шығарып алады екен де, оларды қара жұмысқа жегіп қояды-мыс. Қарапайым халықтың сол бір көзсіз наным, соқыр сенімге беріліп кеткендері сондай, қайтыс болған өз жақындарын, құбыжық диюлар шақырған кезде орындарынан тұрып кетпесін деп, оларды етпеттерінен салып, аяқ-қолдарын шынжырлармен мықтап шандып, кеуделерін ауыр тастармен бастырып жерлейді екен. Сонан кейін тіпті сол өлі денелердің аузына топырақ толтырып, олардың еріндерін бүріп тігіп тастайтын көрінеді. Егер ғайыптан тайып тұрып кеткендей болса, ұрпақ қалмасын деп олардың жыныстық мүшелеріне дейін бүлдіріп тастайды екен. Неткен вандализм! Неткен тұрпайы қатыгездік! Көрмек түгілі, естіген жанның құйқасы шымырлап, жаны түршігетін көріністер! Әрине, мұндай тұрпайы қатыгездіктің бәрі, мына жер бетінде тірім түгілі, өлген адамым да орындарынан тұрып кетер болса, «тірі өлік» боп өмір сүрмесін деген қорқыныштан туып отыр. Біз өзіміз де тек сұлбасын сүйретіп, құр елес, құр көлеңке болып жүрген жандарды көргенде күйініп тұрып: «Бүйтіп қор болып жүргенше өмір сүрмей-ақ қойған жақсы ғой» демейтін бе едік?!Өткен жылы ғана «Известия» газетінде жарияланған «тірі өлік» – зомби туралы осы мақала мынадай сөйлемдермен аяқталады: «...Құжаттық нақты дәлел-дәйектемелермен бекітілмеген кейбір куәлердің айтуынша, 1980 жылдары КСРО мен АҚШ-тың әскери лабораторияларында адам психикасын «роботтандыратын» дәрі-дәрмектер жасалынған. Бірақ, ондай нәтижеге тобырлық мәдениет пен телевизия анағұрлым тез жеткізетіні белгілі болды».
Оған бүгін біздің де көзіміз әбден жетіп отыр. Жабайы демократияның жал-жал боп көтерілген лайлы толқынды тасқындарымен бірге талғам-түйсіктен жұрдай, иман мен адамгершіліктен мақұрым, ұятсыздық пен арсыздықтан тұратын тобырлық мәдениет үйіміздің төрінде тұрған көгілдір экрандардан, радиолардан, кез келген бұрышта тұрған дүңгіршектердегі кірпіш-кірпіш боп қаланған бейнетаспалардан күні түні толассыз ақтарылып, есімізді есеңгіретіп, санамызды сарсылтып, ойымыз бен бойымызды қатар улаған жоқ па?! Несін жасырамыз, әлі де улауда. Әсіресе, алғашқы кезде ол уға қарсы тұратын біздің ойымыз бен бойымызда иммунитет те қалыптасып үлгермеген еді. Содан барып даңғыраған даңғазалықтан, имансыз көріністер мен ұятсыз әрекеттерден шақшадай басымыз шарадай боп, тамырынан айырылған қаңбақтай ібілісті желмен бірге домалап бара жатты ғой...
Тамырдан айрылған соң-ақ не болсын! Тамырдан айырылған бәрінен айырылады. Ондай жанда кісілік те, имандылық та, ұлттық намыс та, жігер мен қуат та болмайды. Ондай жан жел қалай соқса, солай қарай домалап бара жататын қаңбаққа айналады. Ақырында бір сайдың түбінде қурап-семіп, жүріп өткен тұяқтардың астында ұнтақталып, үгітіліп құриды. Теледидар экранынан, радиолардан, «қоқысты» газеттерден, бейнетаспалардан ақтарылып-төгіліп жататын жанымызға жат тобырлық мәдениеттің де мақсаты – осы. Яғни, адамды ес-түсінен айырып есеңгіретіп, көзін де, сөзін де, ойын да, бойын да әбден улап, тамырынан айырып, қаңбақтай домалатып, ебелектей ұшырып, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізіп қою. Ұлттық жадтан айыру, ұлттық мүддеден кесіп тастау. Бір сөзбен айтқанда, зомби ету, тірі өлікке айналдыру. Бірақ, бір шүкіршілік етеріміз, ол бір сұмпайы құбылыс бәрімізді бірдей еліктіріп, бәрімізді бірдей ес-түсімізденмүлде айырып кете алмапты. (Өкінішке орай, ес-түсінен айырылып, қайта оралмастай боп еліріп кеткендер қаншама!) Құмның жусаны сияқты тамырларын тереңге жібергендер, құдайға шүкір, бар екен. Селдей жөңкіліп, топан судай қаптаған сол бір тобырлы мәдениетке біртіндеп болсын тосқауыл қойыла бастады. Ол тосқауыл бұдан әрі де қойыла бере ме деген үміт те, сенім де бар. Экрандарымыз да, радиоларымыз да, баспасөз беттері де, тұтастай болмаса да, сол бір қаптаған рухани қоқыстардан ақырындап болса да аршылып келеді. Дей тұрғанмен, кезінде еселеп кетіп қалған есеміздің орнын толтыру үшін, қайтадан ұлттық рух тамырын тереңдетіп, ұлттық мүдде аясын кеңейту үшін қаншама қайрат жұмсап, қаншама тер төгуге тура келеді. Не болғанда да, біз қазір ұлттық рухани қауіпсіздігіміз нығайып, одан әрі беки бере ме деген үміт жібінің ұшын ұстағандаймыз. Тек сол үміт жібі қолымыздан сусып шығып кетпесе екен деп тілейік. Зомби ету, яғни тірі өлікке айналдыру сияқты қатерлі құбылыс өзінің шыққан тегі мен болмыс-бітімі жағынан бәрімізге етене таныс мәңгүрттік ұғымымен табиғаттас, құрсақтас деуге болады. Мәңгүрттік сияқты қауіпті құбылыс жайында кезінде заманымыздың аса көрнекті жазушылары Әбіш Кекілбаев пен Шыңғыс Айтматов өздерінің шығармаларында айрықша тоқталып, оны метафоралық деңгейге көтеріп, оған әлеуметтік жүк арқалатып, сан қырын ашып, жан-жақты көрсете білді. Ол екі шығармада да суреттелетін мәңгүртке айналдыру процесі бірдей: шашы тап-тақыр етіп алынған адам басына жаңа сойылған тайлақтың терісі кигізіледі. Сәлден кейін кепкен тері тырысып жиырылып, шекені қысып зар илетеді. Бірер аптаданкейін өскен шаш кепкен теріден өте алмай, кері өсіп бастың жұқа құйқасын тесіп өтіп миына жетеді. Сонан кейін адам жадтан да, тілден де айырылады. Қолға үйретілген екі аяқты мақұлықтық кейіпке түседі. Әбіш Кекілбаев өз хикаясында қатыгездік пен қаскөйліктің, адамды қорлау мен аяқ асты етудің ең бір зұлым, ең бір тағы табиғатын ашып көрсетсе, Шыңғыс Айтматов оны өз анасын да атып өлтіруден тайынбайтын топас қаруға айналдырады. Адамды мәңгүртке айналдырудың басқа да сорақы түрлері болған. Ол тарихтан белгілі. Осман империясы тұсында «янычарлар» деп аталатын айрықша дәрежеге ие жазалаушы топтар болған. Олар кімдерден құралған дейсіз ғой. Ол топтар, негізінен, кезінде жаулап алған елдердің ішінен емшектен енді шыққан немесе енді ғана апыл-тапыл жүре бастаған, әйтеуір әлі есі кіре қоймаған нәрестелерді ұрлап болмаса тартып алып, оларды ер жеткенше арнайы орындарда бойларына әскери қаталдықты, тіпті қатыгездікті сіңіріп тәрбиелеген жауынгерлерден құралған. Ал, ол жауынгерлерді бір кезде өздері дүниеге келген елдерде Осман империясына қарсы бас көтерер болса, соларға жіберіп отырған. Яғни, шыққан тегінен мүлде бейхабар ол жауынгерлер бір кездегі өзінің елін, өзінің ағасын, өзінің інісін, тіпті әкесі мен шешесін аяусыз жазалаған. Көрдіңіз бе, шыққан тегің мен өскен тамырыңнан айырылып, жадың жойылса-ақ өзіңнің құрсақтас бауырыңа, өзіңнің қандасыңа, өзіңнің ұлтыңа қарсы қолданылатын қаскөй қаруға айналу оп-оңай. Біз бұл жолдарды да тектен-тек жазып отырған жоқпыз. Адам бойындағы жадта, дәстүр де, ұлттық рух та, ең алдымен, ұлы мәртебелі Тіл арқылы қалыптасады. Тілсіз жад та, дәстүр де, толыққанды ұлттық рух та қалыптасуы мүлде мүмкін емес. Мүмкін десе, өтірік айтады. Қазақ тілінің өркендеп-өсіп, өрісінің кеңіп, аясының ауқымдана түсуіне, тіпті оған күл шашып, тас лақтырып жүргендер, ол тілдің адресіне бет-ауыздары шылп етпей, бейәдеп бейпіл сөз айтатындар, яғни тұтас бір ұлттың, одан қала берді өзінің ата-бабасының аруағын қорлайтындар кімдер? Өз топырағын жоғалтқандар, өз тіліне өгей болғандар, басқа тілдің нәрін сорып, басқа тілде тәрбиеленгендер. Ана тілін жақсы білетін адамның – тіпті ол қаншама имансыз оңбаған болса да! – өз тіліне қарсы албаты бір сөз айтқанын көрдіңіз бе? Көрген жоқсыз. Көрмейсіз де! Әрине, өзге тілде тәрбиеленгендердің бәрі шетінен осындай көздері тарс жабық көрсоқыр, көкіректері тас бітеу көрмәдік десек, қатты қателескен болар ек. Олардың ішінде, аракідік болса да, өз тілін білмегендері үшін опынатындар да, өкінетіндер де бар. Бәрін былай қойғанда, өткен жылдың соңына таман Парламентте сөйлеген орыс тілді депутат Уәлихан Қайсаровтың қазақ тілі туралы сөйлеген сөзі оның жан айқайындай естілген жоқ па?! Ол, әрине, жалғыз емес. Дей тұрғанмен, олардың қатары әлі де болса аздау боп тұр-ау, аздау боп тұр!
Сондай-ақ белгілі бір идеологияның қыспақ-құрсауында қалу да ұлттың ойлау жүйесін ойран етіп, ұлттық сананы жапырып күйретіп кететінін Кеңес өкіметі тұсында көре алдық.
Қаншама ұлттар мен ұлыстар өз топырағынан безініп, өз тамырын өзі қырқып, идеологиялық құлақкесті құлға айналды. Басқаны былай қойғанда, әке мен баланы, аға мен ініні бір-бірімен атыстырып -шабыстырып қойған жоқ па?! Ол идеологиядан көрген құқайдың бәрін бұл жерде тізбелемей-ақ қояйық. Тек сол идеологиялық құлдықтың бет-бейнесін боямасыз көрсететін бір мысал келтіре кетейін. Сексенінші жылдардың ішінде Жазушылар одағының шығармашылық үйінде демалып жаттым. Белгілі ғалым, сыншы ақсақал Мұхаметжан Қаратаев та сонда екен. Бір күні кешке қарай сол кісімен есік алдындағы ұзынша орындықта қатар отырып қалдық. Тек екеуміз ғанамыз. Мен, әрине, ол кісінің басынан өткен әр түрлі оқиғалардан, өзінің де қуғын-сүргінге түсіп, көп жылдар бойы айдауда болғанынан үстірттеу болса да хабардармын. Сол жайлар ойыма түсіп кетті де мен ол кісіден:
– Аға, егер қателеспесем, сіздің айдауда жүрген кезіңіз Сталиннің қайтыс болған мерзіміне сай сияқты. Солай ма? – деп сұрадым.
– Иә. – Сталин өлді деп естігендеріңізде қуаныштарыңызда шек болмаған шығар. Мұхаң басын төмен салбыратып біршама отырып қалды да, бір кезде жүзіме қарап:
– Шынымды атайын, айдауда жүргендердің дені сол күні «Сталин өлді, ендігі күніміз не болады» де қатты қайғырып, ебіл-дебілдері шығып жылады, – дегені. Сәлден кейін:
– Бәріміз құл болдық қой, – деп орнынан тұрып кетті. Мінеки, идеологиялық құлдық деген адамды адамдық болмыстан айырып, қалай құлдыратып, қалай құрдымға тығып жібереді. Олай демей, не дерсің?! Сталиннің адам айтқысыз қатыгез пәрменімен елінен, жерінен, туған-туыстарынан, бала-шағаларынан айырылып, тағы да маңдайларына «Халық жауы» деп аталатын қарғыс таңбасы басылған, тозақтай азап пен қорлықтың небір сұмдығын көріп жүрген жандар «Сталин өлді, ендігі күніміз не болады» деп ебіл-дебілдері шығып жылаған. Мұнан өткен құлақкесті құлдық болар ма?! Орасан қуатты тетіктермен жұмыс істеген идеологиялық індет адамдардың еттерінен өтіп, сүйектеріне сіңіп кеткен ғой. Әлбетте, бұл жерде ұлттық мүдде, ұлттық рух хақында сөз қозғап жатудың өзі артық. Осы әңгімені естігеннен кейін менің есіме өзім білетін ертеректегі бір оқиға түсті. Кейіннен сол оқиғаға байланысты «Сталин өлген күні» деген өлең дүниеге келді.
Бұл күнді мен, Бұл күнді мен білемін.
Есіме алсам бұлқынады жүрегім.
Жылдар бойы алданғанын білмеген
Ағыл-тегіл жылап тұрды ұлы елім.
Көз алдымда жұрттың өксік, солқылы,
Көз алдымда жұрттың қара толқыны....
Кім біледі қандай шайтан түрткенін
Қожан ағам ішіп апты сол күні.
Жұмыс істеп, сөз сөйлейтін белсеніп,
Қожан ағам жан-тын қарар ел сеніп.
Сталин сол өлген күні жүріпті
Түркістанның көшесінде теңселіп.
Оның бәрін білмейді өзі бірақ та.
Сөздер айтқан жағымсыздау құлаққа.
Келе жатып кедір-бұдыр көшемен
Бір-екі рет тұрған сонсоң құлап та.
Оның бәрін білмейді өзі бірақ та.
Құлап тұрған... қолтығы да сөгілген
Ұстаймын деп әлдеқандай темірден...
Милицияға – шаш орнына бас алған –
Мынау сұмдық қылмыс болып көрінген.
Біреулерге жетіп келген кимелеп
Сөздер айтқан Қожан ағам: тиме! – деп
Басқа айыбы жоқ қой оның
Бірақ та
Алып кеткен оны соғып, сүйрелеп.
Алданған жұрт шер, қайғысын ақтарып,
Сталинді жоқтап жатты топтанып.
... Сонан кейін бірер күннің ішінде
Кетті Қожан жиырма жылға сотталып!
Бір сөзбен түйіп айтсақ, ол заманда түрменің арғы жағы да түрме, бергі жағы да түрме болды ғой.
Шүкір, құлдық пен қылкөпірлерден өтіп жүріп тәуелсіздікке де әупірімдеп тұяқ іліктірдік. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болды. Бірақ, тәуелсіздік алғаннан кейін де әрі қарай аттап өтуге мүмкіндік бергісі келмейтін айқұш-ұйқыш боп керіліп жатқан шынжырлы кедергілер мен қар астына көмілген қақпандар аз болмай шықты. Тайып кетсең тарпа бас салғысы кеп, ту сыртыңнан қадалып тұрғандары қаншама!Әрине, біз қазір зомби-тірі өліктер де, жады мен есін жоғалтқан мәңгүрттер де, намыссыз найсап текті құлақкесті құлдар да емеспіз. Дегенмен, ...иә, дегенмен... Осы бір «дегенмен» деген күдік пен күмән арқалаған сөз көсіліп сөйлейік десек, тілімізді тұтқыштай тұтып, алшайып аттайық десек тұсау боп оратылып, адымымызды аштырмай тұр. Өйткені, әлі күнге біздің ұлттық рухымыз бетегедей пәс, ажырықтай аласа. Оны олай емес еді деп, жасырып жаба тоқудың қажеті жоқ. Ұлттық рухтың Темірқазығы тіл десек, онымыз борпылдақ жұмсақ жерге қағылған қазықтай былқылдап тұр. Қайратты тілсіз ұлттық рух болуы мүмкін емес. Ал тіліміз – төтесінен айтайық – кіріптарлық күн кешуде. Әрине, оның Конституциямен бекітілген «мемлекеттік» деген алтын айдары бар. Бірақ, ол алтын айдар сом алтынның өзінен құйылмағандай, тек алтынның буымен ғана жалатылғандай әсер қалдырады. Сондықтан да ол айдарда жұртты айбындатындай айбар жоқ. Ол шын мәніндегі мемлекеттік дәреже-деңгейге көтерілмеген. Өйткені тіліміз орыс тіліне кіріптар. Яғни, ол орыс тілінің тасасында қалып қойды. Мұны жұрттың бәрі, әсіресе қазақтар, көріп те, біліп те отыр. Бұл жерде орыс тілінің тіпті де кінәсі жоқ. Бәрі өзімізден.
Көзі ашық адамның бәрі көріп, көңілі ояу адамның бәрі біліп отырғандай, бүгінгі таңда толық мәніндегі мемлекеттік тіл міндетін орыс тілі атқарып отыр. Ол құдайға да, адамға да аян шындық. Олай емес деп ешкім де айта алмайды. Өйткені, мемлекетіміздің бүкіл дипломатиялық, саяси, экономикалық, әлеуметтік қызметтері, тіпті мәдени шараларына дейін, негізінен, орыс тілінде жүргізіледі. Қазақ тілі тек жанама ғана қызмет атқарады. Бұл жерде тіпті де ойдан шығарып отырған ештеңеміз жоқ. Өздеріңіз қараңыздар, шет елдердегі елшіліктердің бәрі дерлік өздерінің қызмет аясында тек орыс тілін тұтынатыны, басқа елдермен саяси, экономикалық қарым-қатынасымыз тек орыс тілінде атқарылатыны, үкіметіміздің үлкенді -кішілі отырыстарының бәрі тек орыс тілінде өткізілетіні өтірік емес қой. Оны бәріміз күнде көріп, біліп отырмыз. Сонда біз қалайша қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тілдей аламыз? Ащы болса да ашығын айтайық, егер ол мемлекеттік тіл болса да – декаративті мемлекеттік тіл. Бұлай ету кімге керек? Өзімізді-өзіміз алдарқату үшін бе?
Ғұмыр бойы қаншама рет алданып, қаншама рет жер соғып қалған халықты қашанғы алдай береміз. Алдаудың да, алдарқатудың да шеті мен шегі болмас па?! Ол халықтың арманы мен үмітінің де Алладан болсын, адамнан болсын түбінде бір сұрауы болады-ау деп ойласақ қайтеді?
Қазақстан – унитарлы мемлекет. Яғни, ол ежелден тек қазақ деген ұлт қана мекендеген территорияда шаңырақ көтерген мемлекет. Қалған ұлттар мен ұлыстардың бәрі тағдыр тәлкегімен болсын, уақыт қалауымен болсын, замана желінің айдауымен болсын сол ежелгі қазақ жеріне келіп қоныс тепкен диаспоралар. Ал орыс тілі – солардың ішіндегі үлкен бір диаспораның тілі. Біз оған ресми тіл дәрежесін бердік. Дүние жүзінде диаспораның тілін осындай дәрежеге көтеріп отырған ел де, жұрт та жоқ. Бұл біздің шектен тыс жалпақшешейлігімізден, қазақшалап айтқанда, ақ көйлек, ақ дамбалдығымыздан болып отырған іс. Әйтпесе, қазір дүниеде диаспорасыз ел жоқ. Ол елдердің бірқатарында диаспора өкілдерін тіпті мемлекеттік жүйедегі қызметке де алмайды. Бірақ сол үшін, әншейінде қит етсек біздің екі аяғымызды бір етікке тығып жіберетін Демократия деп аталатын құдіретті күш сол елдердің басына әңгіртаяқ ойнатып жатыр деп естіген жоқпыз. Бұл жерде базбіреулер дау айтып, Швейцария мен Белгияны қайтесіз, олардың біреуінде үш тіл, екіншісінде екі тіл мемлекеттік тіл ғой деп шыға келуі мүмкін.
Ондай дау айтушыларға жауабымыз: ол елдердегі тілдері мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болған ұлттар сырттан келген диаспоралар емес қой. Олар өздерінің ежелгі тарихи отандарында, ата-бабаларының қоныстарында отыр. Ал жақсы, диаспораның тілін Конституцияға ресми тіл деп жазған екенбіз. Қалай болғанда да, Конституцияға бағынуымыз керек. Ол – біздің азаматтық міндетіміз. Бірақ сол Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп тайға таңба басқандай жазулы тұр ғой. Ол сонда қашан, сөз жүзінде емес, шын мәніндегі өзінің мемлекеттік мәртебесі деңгейіне көтеріледі. Шынын айтайық, осындай немкетті, салғырт көзқарас белең алып тұрғанда ол еш уақытта да мемлекеттік дәреже деңгейіне көтерілмейді. Кіріптар қалпында кіріптар болып қала береді. Біртіндеп бәрі өз орнына барады дегенге мен өз басым сене бермеймін.
Парламент, Үкімет, дипломатиялық корпустар, мемлекеттік мекемелер қысылып-қымтырылмай, жүзін төмен салып иманшектенбей, емін-еркін қазақша сөйлеп кетпей, қазақ тілінің маңдайы жарқырап кете қоюы екіталай. Қазақ ұлты үшін, мемлекетіміз үшін ең қасиетті, ең көкейкесті бұл мәселе осылай қараусыз қала беретін болса, онда басқа жұрт түгілі, өзіміздің қаракөз қазақтарымыздың өзі ана тілінен біртіндеп алшақтай бермек. Мемлекетке керегі жоқ тіл күндердің күнінде өз-өзінен айналыстан шығып қалады. Ол бар болғаны той-томалақтың, үй ішінің, ауыл-аймақтың ғана тіліне айналады. Өкінішті-ақ! Олай дейтініміз, қазір қазақ мектептерінде оқып жүрген балалардың өздері көшеге шыға бере орысшаға ауысады. Өйткені, бүгінде біздің бүкіл қоғам башпайынан басына дейін орысшаланып барады.
Бәрін былай қойып, көшедегі жарнамаға қараңызшы. Бірінші жазыла тұра мемлекеттік тіл орыс тілінің тәржімә тілі қызметін атқарып тұр. Яғни, орыс тіліне кіріптар тіл! Тәуелсіздік алып, парламенттеріміз жұмыс істеп жатқалы бері бір-ақ заң жобасы қазақ тілінде жазылыпты. Кіріптар емес деп дәлелдеп көр. Мұндай мысалдарды ондап, жүздеп келтіруге болады. Оның үстіне орыс тілі – бізге ұзақ уақыт бойы билік айтуға үйреніп қалған тіл. Кешегі алып империяның тілі. Мұны да естен шығармаған жөн. Қазақ ұлтының ұлт болып сақталып қалуы үшін бір-ақ сүйеніш, бір-ақ тірек бар. Ол – Тіл. Егер тіл әлсіресе немесе жоғалса, онда ұлтқа да, сонан кейін мемлекетке де қатер. Өйткені, патриотизм де, рух та тек тілмен қоректенеді, тілден нәр алады, содан қуаттанады. Тілді сақтау – ұлтты сақтау, мемлекетті сақтау. Тілді дамыту – ұлтты дамыту, мемлекетті дамыту. Тіліміз құласа – сүйеніш, тірексіз қаламыз. Бәрі, әдіре қалады. Байлығың да, басқаң да! Өйткені, басқа ұлттарды былай қойғанда, бір ұлттың өзі екі тілде сөйлеп бара жатқанда оның түбі жақсылыққа апарып соқпайды. Не істеу керек? Әрине, тілді дамытайық, тілді өрістетейік, оның аясын кеңітейік деп айқай сала бергеннен, құлақты сарсылтқаннан басқа, ештеңе өнбейтініне көз жетті. Оны бір-ақ нәрсе өркендетіп, өсіре алады. Ол – тілге деген мұқтаждық, қажеттілік туғызу. Оған деген мұқтаждық, қажеттілік тумаса, ол еш уақытта өспейді де, өркендемейді де!
Басқа ұлт өкілдеріне біздің тілімізді үйреніңіздер деп жалынғандай боп өтініш айту да немесе тіл үйренем деушілерге бюджеттен арнайы қаржы бөліп оқытайық деу де, тіпті оларды сахналарға шығарып, қазақ тілінен қайта-қайта жарыстар өткізу де, ешқайсысы да жөнді нәтиже бермейді. Қазір кез келген жас өзінің қалтасынан ақша төлеп ағылшын тілін өліп-өшіп үйреніп жүр ғой. Қажет болғаннан кейін солай етіп жүр. Әйтпесе, ағылшын тілін неғылсын. Қазақ тілі де солай. Өмірлік сұраныс тусыншы, ол тілді қалай үйренбес екен?! Тілі тіліне жұқпай сусылдап-ақ кетсін. Бір мысал келтірейін.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шет елдерде, әсіресе Түркияда оқу үшін, қазақ мектебін бітіргендер де, орыс мектебін бітіргендер де лап қойды ғой. Сол тұста біз де жолымыз түсіп, Түркияға бара қалдық. Көретін жерімізді көріп, болатын жерімізде болып, елге қайтпақ боп, әуежайға келдік. Келсек, біз мінетін ұшақпен ұшқалы бір топ қазақ жастары тұр екен. Байқасам, бір-бірімен түрікше сөйлесіп тұр. Тілдерін жетілдіре түсу үшін солай сөйлесіп тұр ғой деп ойлағам. Сәлден кейін әлгі балаларға жақындап, оларды қазақша әңгімеге тартпақ болдым. Сөйтсем, әлгі балаларым қазақша құқ етпейді. Сонан кейін біреуі қысыла тұрып өздерінің орыс мектебін бітіргендерін, қазақша білмейтіндіктерін айтты. «Айналайындар-ау, түрікше ағып тұрсыңдар. Ол тілдің бізге туыстас тіл екенін жақсы білесіңдер. Өздеріңнің ана тілдеріңді білмейсіңдер, ал түрікшені қалай үйрендіңдер», – деймін ғой. Олар: «Түрікше білмесең, бұл жерде өмір сүре алмайсың», – дейді. Міне, қажеттіліктің күші мен қуаты. Сондықтан қажеттілік болмаса, бәрі бекер. Ол жоқ болса, тіпті жақсы ниеттің өзі ниет қалпында ғана қалып қояды.
Кіріптарлық ғұмыр бойы жалтақтықпен, ғұмыр бойы көнтерлі көнбістікпен өмір сүргізіп қояды. Оның орны түптің түбінде босағаның айналасы боп қалады. Ақырында басқа тілдің қолына су құйып кетеді. Сондықтан тілге деген қажеттілік тумай бұл бағыттағы ісіміз алға баспақ емес. Қажеттілік болса, кім болса да амалсыз тіл үйренуге мәжбүр болады. Жастық шағында Қырым мен Қап тауында әскери борышын атқарған Толстойдың өзі татар тілінде едәуір сөйлесе алған. Оған оның шығармаларын оқып отырып-ақ көз жеткізуге болады. Ал татар тілі бізге ең жақын туыстас тілдердің бірі ғой. Татар тілін Пушкин де біліпті. Оның «Арзрумғасапар» атты еңбегін оқып отырып мынадай жолдарға жолықтым: «... Ешқандай тіршілік белгісін кездестірмей ұзақ жүрдім. Ақырында оқшау тұрған сакляны көрдім. Есік қақтым. Үй иесі сыртқа шықты. Мен одан алдымен орыс тілінде, сонан кейін татар тілінде су сұрадым. Ол мені түсінген жоқ. Неткен бейжайлық десеңші! Парсы елі мен Түркияға баратын жол үстінде, Тифлистен отыз-ақ шақырым жерде тұрып, ол не орысша, не татарша білмейтін болып шықты». Байқайсыз ба, Пушкин ол грузиннің орысшаны былай қойғанда, татарша білмеуінің өзін айып санап тұр ғой. Пушкин бұл жолдарды 1829 жылы жазған. Бірде алдын, бірде артын беріп құбылып тұратын заман-ай! Пушкин мен Толстой сияқты алыптардың өзін мәжбүр етіп сөйлетіп қойған, бүкіл Қырым мен Қап таулары елдерінің қажетті ортақ тілі болған сол кездегі татар тілі мен бүгінгі татар тілінің арасы қаншама алшақ жатыр. Тіл тағдыры – ел тағдыры дегеніміз осы-ау! Менің бұл мақалада айтқандарымның бір ұшы жоғары жақта отырған азаматтарға тиетінін де біліп отырмын. Солайына солай. Бірақ, жоғары жақта кілең бір ұлттық мүддені ойламайтын, ұлттық рух идеясын жылы жауып жиыстырып қойған адамдар отыр деуден мүлде аулақпын. Олардың арасында, бәрі болмаса да, ұлттық мүддені қызғыш құстай шырылдап қорғайтындар, құдайға шүкір, баршылық. Бұл істе президентіміздің өзі бас болып, ешқандай бұлтақ-жалтақсыз, астананы Ақмолаға көшіргенін тәуелсіздігімізден кейінгі ұлы оқиғаға балаймын. Бұрын ол жақта талай болғанбыз. Кезінде, несін жасырамыз, ол аймақ – күні ертең не болар дегізетін, күдік пен күмән белдеуінде жатқан аймақ еді ғой.
Көшелерден анда-санда бір қаракөзді көрсе көрдің, көрмесең ол да жоқ болатын. Қазір ше? Шүкір, құдай көпсінбесін, бүгінде ол жақтағы қатар-қарамыз барған сайын қалыңдап келеді. Президентіміз тағы бір сөзінде: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», – деген еді. Қазір біздің бүгінгі тілегіміз бен ертеңгі үмітіміз осы сөздің үстінде.“
Дереккөз: qalamger.kz