Олжас Әбіл: Димаш - асылдың сынығы
2020 ж. 30 шілде
2031
0
Қазіргі қаратүнекте көңілге сәуле түсіретін бір шамшырағымыз Димаштың аты шығар.
Соңғы кезде интернет беттерінен Димашты қарап жүрмін.
Дәлірек айтсам ютубте әлем жұртшылығының Димаштың өнеріне жасаған әсерін қараймын. Ондайды реакция дейді...
Реакция болғанда... Димашты қосып қойып мыңқиып отыратын жастарды, құр тамсанған шөпжелкелерді, анау - мынау адамдарды емес, маған ән саласының мамандарының Димаш туралы пікірлері қызықты. Менің ағылшыншам соншалықты жетік емес, бірақ жақсы түсініп отырамын.
Ал пікірлер керемет. Мен Димаштың келешегіне еш алаңдаған емеспін. Ол сөзсіз жаһандық деңгейдегі мега жұлдыз болады. Қазір тек әлемде соны мойындау процессі жүріп жатыр.
Димаш өзінің бір әнімен ғана төрт - бес мен деген мықты әншінің жүгін арқалап шығады. Ол өзі — сопрано, басс, тенор, альтино... бәрін бір өлеңге тығып әлемнің есін шығарды.
Қазір жаһандық тісқаққан музыка мамандарының "бұ қалай?", "олай өлең айту мүмкін бе?" деп бастары қатып отыр. Тіпті ар - ұяттары бар әншілер "бұл жігіттен соң өлең айтқаным ұят, өнер саласынан кету керек" деп ойын шынды айтып жатыр.
"Әлде бұл адам емес пе, бәлкім періште болар...Өзге планетадан келген шығар" деген дауыстар да шығады..
Қысқасы, олар Димаштай адамның ғасырда бір, әлде мың жылда бір туатынын мойындап отыр.
Бізде қазақта БІРТУАР деген сөз бар ғой. Сол сөздің нағыз иесі осы Димаш па деп қалдым.
Жалпы қазекеңнің табиғаты әнші, әйдік өнерлі халық қой.
Өнерді жасай да, құрметтеп қадырлей де, тыңдай да білгенбіз.
Баяғының қазағы, бай - бағландар алыстан атын естіп сонадайдан сый - сияпат беріп әнші алдырып отыз күн ойын, қырық күн тойын береді екен. Келген күміс көмей әншілерді игі жақсылары төрде отырып, қараша бергі жақта сығылысып есіктен сығалап тыңдайды мыс.
Сонда әлгі әншілер ауыл түтіні көрінетін жерге таяй бергенде аттың басын қоя беріп зор дауысымен әнін бастап кеп жібереді екен. "Әнші келе жатыр, әнші келе жатыр" деген белгісі.. Олар сахналары сайын дала болған даланың қас тарландары ғой, сонда үнімен даланы қақ айырады екен.
Оларды сол кезде тезек терген жалшы да, қой соңындағы малшы, ошақпен алысқан қатын да отыра қалып тыңдайды мыс.
Біздің әдебиетімізде "ой, оның үні сонау қозы көш жерден естілетін сұмдық еді ау" деген естелік жолдары бар. Ал қозы көш жер дегеніміз 15 - 20 шақырым жер.
Енді өзіңіз ойлай беріңіз, ол не деген диапазон? Оны да өлшеген адам бар ма екен.
Сөз жоқ, бұлар Ұлы Даланың Ұлы тенорлары еді.
Бүгінгі біздің Димаш — сондай асылдардың сынығы, сондай алыптардың ізбасары, мұрагері. Оны өзім солай қабылдаймын.
Мың болғыр поляк А. Затаеевич қазақ өнерімен таныса келе бұл жерде қандай мол қазына жатқанын дереу түсінген алғашқы еуропалық.
Ол бұндай қазынаны тудырған, жырға қосып айта білген ұлы тенорлардың салып кеткен ізін де байқаған. Өзі қазақ өнеріне өлердей ғашық болған екен, әйтпесе оның істеген еңбегі сау адамның жұмысы емес, өлердей ғашық ессіздің ісі. Сосын жата қалып екі мыңнан аса туындыны хатқа түсірген. Жаны жанаттан болғыр жарықтық поляк, өзі ел кезіп күстабан боп жүрсе де, аурудан бүктетіліп жатса да тыңдаған да жаза берген. Ұлы даланың алыптары тастаған асыл мұрадан, қазынадан айырылып қаламын деп қорыққан болу керек.
Енді бүгінгі Димаш — сол тарландардың заңды мұрагері, сол жолдың иесі. Бұл құбылысты өзім солай түсінемін және басқаға да солай түсіндіргім келеді.
Мен осы Димаштың өнеріне сүйсінген халықты қарап отырып, олардың "бұл басқа планетадан келген адам, ғарыштан келген" деген сөзін көп естідім... Соны сәл түзегім келеді.
Меніңше, Димашқа "тылсымнан келген" десе, сол сөз шындыққа жанасатын тәрізді.
Біз енді әруаққа сенген халықпыз ғой...
Мен кейде былай ойлаймын;
осы Димашты біздің бақилық болған өнерлі бабаларымыз, даланың алыптары, ана жақта өздерінің бір кезде салған іздерін жалғастырып, өнерін паш ету үшін Жаратушыға қатты қолқа салып оған Құдайберген деген тегін ишаралап қосып, өзі өнерлі, өзі кіршіксіз таза, балғын, кішіпейіл, сымбатты да сырбаз, халқын сүйер бір теңдессіз дарынды ұлды сұрап, оның қолымен жерге жіберген тәрізді.
Сондай ой келеді маған....
Ал домбырасын қолтықтап әлем жұртының ауызын аштырып, таңдайын қақтырып жаһандағы үздік залдарда жарқ етіп, бұл дүниеден опа таппай кеткен тағы бір бабасы Мағжанның өлеңін асқақтатып жатқан жігітті көргенде сол күдігім күшейе түседі.
Қазіргі Димаштың дүниені дүрілдетіп жатқан қылығына сол бабаларымыз тылсымда тұрып, мейірлене шаттанып, бастарын изеп, жымиып қарап тұратын сияқты.. сондай ой келеді...
Олжас Әбіл,
Қазақ үні