АТЫНА ТАБИҒАТЫ ЖАРАСАТЫН

Кеңес Жанәділұлы Абдукаримов жайлы мөлтек сыр

Кеңес Жанәділұлы өмірден озғанда,естіген ел егілді. Қара жердің де қабырғасы қайысты. Өйткені, Кенекең ел мен жердің нағыз жанашыры болатын. Ол Мақтаарал ауданында дүниеге келді. Көзін ашқаннан дихан жерлестеріне ілесіп, жерге сіңген маңдай тер мен кетпеннің қадірін біліп-танып өсті. Қарапайым еңбек пен ақылдың, туған топыраққа мейірімнің қуатымен шыңдалды.. Әке өнегесін,ана тәрбиесін, еңбек адамына қошамет пен құрметті,еңбектің бақытын татып,бой түзеді.Ой түйді.. Ауылдың ынтымағы мен татулығының жемісімен жетілді.. Елгезектігі мен еңбексүйгіштімен үлкендердің батасын алды. Қатарының алды болды. Орта мектепті аяқтаған соң, арман қуып, Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік-құрылыс институтына сынақ тапсырды.Білімді жігіт сыннан сүрінбей өтті. Он жыл оқытқан ұстаздарына алғыс айтты. Студенттік шақтарда да өскен аулы мен ата-анасының тәрбиесі тек кетпеді..Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Жоғарғы оқу орнының тарапынан берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындады. Құрбы-құрдастары оның есімін мақтаныш тұтты. Аты аңызға айналған Айшабибі аулының аруы Қалдыгүл Сақабайқызымен бас қосты. Аталмыш жоғарғы оқу орнын ойдағыдай аяқтап, «Инженер-гидротехник» мамандығын иеленді. Арман сапары сәтті басталды. Еңбек жолын 1978-жылы «Жетісайсельстрой» тресіне қарасты 303 жылжымалы мех коллонада жұмысшы -шебер болып бастап,1981-жылға дейін жалғастырды.Осы жылы жүрек қалауымен Шардара ауданы, «Ақ алтын» кеңшарына тың игеруге жол тартты. Білімді-білікті жас маманды мақталы шаруашылық құшақ жая қарсы алды. Жас ұжымға Бас инженер-гидротехник болып бекітілді. Кеңес Жанәділұлы өмірінің соңына дейін осы ауылдың ыстық күйіп,суығына тоңды. Әсіресе,жерді күтіп баптау,оны тиімді пайдалану бағытында көптеген маңызды мәселерді жүзеге асырды. Кеңестік кезең тарап, жерді жергілікті азаматтар иеленуге көшкенде көптеген түсінбекшіліктерді Кенекеңнің шешуіне тура келді. Ол ылғи да халықпен кеңесті. Елдің ақылын тыңдап,көптің сөзін мақұлдады. Әділдік пен адалдықты жақтады. Өзінің сауаты мен ақылын қатар жұмсады. Ауыл Кеңес Жанаәділұлын сыйлап, құрметтеді. Сондықтан болса керек, Шардара аудандық мәслихатының 4-5 шақырымындағы депутаты болып сайланды. -Кеңес Жанәділұлы өте кішіпейіл, мейірімді жан еді ,-деп еске алады үзеңгілес інісі,бірнеше шақырылымда қатар депутат болып қызмет еткен «Көксу» аулының әкімі Иса Бұқарбайұлы.- Ол кісі жерді баптау одан мол өнім алу, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын жақсарту жайлы көп ой қозғайтын.. Әсіресе, жаңа технологияларды іске ендіру арқылы жердің өнімін арттыру, кіші кәсіпкерлікті талапқа сай дамыту, пайда табу мәселелері бойынша жиі ақылдасатын.Тың идеаларын өзі басқаратын тұтыну кооперативінде іске асыруға,әріптестеріне таратуға ұмтылатын.. Күнделікті өмірде мейірімді еді. Ауданда өтетін ауқымды басқосуларда ауылды дамыту-жаңарту төңірегіндегі мәселерді, оған қажетті көмек туралы көптің пікірін тайсалмай қозғайтын. Негізгі тақырыптан аутқымай, бос даурықпай, айтатын сөзін нақты, құлаққа жағымды дауыспен жеткізе алатын .Біз Кенес ағаны ешқашан естен шығармаймыз. Оның жарқын өмірі мен қызметін өзімізге де кейінгі жастарға үлгі етеміз. Кеңес Жанәділұлы зейнетке шыққан соң, Ауыл биі болып сайланды. Ауыл жастарын қазіргі заманға сай тәрбиелеу,ұлттық дәстүрлерді дамыту,жастар арасындағы қылмысты болдырмау бағытындағы іс-шаралары, тәжірибесі басқа округтерге таратылды. Кенекең ауылдың ағасы, көптің көшбасшысы болумен қатар өз отбасының да қамқоры,жанашыры болды. Ол сүйікіті жары Қалдыгүл екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.Немере сүйді. Мен Кеңес Жанәділұлын өткен жылы күзде шардаралық бір топ ардагерлер Астанаға сапар шеккенде соңғы рет көрдім. Ақ жарқын, көркем жүзді құрдасым жол үстінде жарқылдап әңгіме айтып,өткен-кеткенді қозғап өзіне тән,жарасымды мінезбен айналасын үйіріп отырды. Астанада қатар тұрып тұрып естелік суретке де түстік. Кенекеңді қасымызда жоқ,енді оралмайды дегенге кім сенеді?!. Ол сүйікті Шардарасына оралады.Шалқыған теңіз бен шайқалған егінге қызығып қарап тұрады. Ол Түркістан топырағын түлетуге маңдай терін төкті, күш-жігерін аямай жұмсады! Даласындай әрі кең,әрі майсаң, Жан еді ол жүзі жарқын,жаны жайсаң! Алатау да аялап құшағына ап, Тарту етті сүйікті жарын Айшам! Көргендер келбетіне таң қалатын, Ізгілігін айтпай-ақ аңғаратын. Аулының қамын ойлап, сәнін ойлап, Бар мақсаты аулына арналатын! Атына табиғаты жарасатын, Ақ шуақтай шашатын парасатын. Ажал деген осы ғой..осындай ғой.. Асқары аз еместі әлі асатын! Біз Кенекең жайлы жүрегіміздегі ізгі сырымызды қысқа ақтара отырып,отбасына, ағайын-туысқандарына, ауылдас,айнымас достарына қайғырып көңіл айтамыз. Ардақты азаматтың жатқан жері жайлы, қабірі жарық болсын! Нұрғали Ибрайым, Қазақстан Республикасы «Білім ісінің үздігі» педагог-ақын Қазақ үні