Ел тағдырына Президентпен бірге біз де жауаптымыз - Ғалым Жайлыбай
2020 ж. 23 шілде
1466
0
Адамзат көш-керуені әлем-тапырық. Ақыл алтау, ой жетеу. Жерге кіргір мынау індеттің беті жаман. Шығыс даналығында айтылатындай: «Шөл қысқан адам құмыраның әсемдігін көрмейді». Бүгін ақыл-ой мен ізгі амалдардың кезеңі. Жақыныңа жанашыр болар шақ. Өсек, өтірік, байбаламның уақыты емес.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзінде халық алдындағы жауапкершілікті мойнына алып, қарашаға қарата жүрек сөзін айтып келеді. «Қазақ елінің тағдыры тарих таразысында тұр», деді ол. Бұдан артық қалай айтуға болады? Елдің сол тағдырына Президент қалай жауапты болса, сіз де, мен де солай жауаптымыз.
...Кеше туған ауылым Жаңаарқадан достарым бейнебаян жіберіпті. Ауыл-ауыл болып брендке айналған Жаңаарқа қымызын тонналап ауруханаларға жөнелтіп жатыр. Эстафетаны келесі ауылдарға береді екен. Жалпыхалықтық қозғалыс. Ел анасына айналған жеңгелерімнің бейнесін таныдым, көзіме жас іркілді. Олар бұл еңбегіне бір тиын ақы дәметпейді, дертке дәру болсын деген ақ ниет қана...
Қай уақытта да небір қиындықты, зұлматты береке мен бірлік жеңген.
...ҚарЛаг тұтқыны Гертруда Платайстың естелігін оқығаным бар. «Неткен ғажап халық еді қазақтар. «Жалаңашкөлге» күздің қара суығында айдауылдар айдап бара жатқан біздерге қазақ аналары балаларының қолымен құрт, ірімшік лақтыртты емес пе? Сол сурет көз алдыма келсе, әлі күнге көзіме жас іркіледі», депті неміс аруы. Қазақтарға мың мәрте алғыс жаудырған.
Сол Алаштың арлы жұртында, тектіліктің тамыр жайған алқабында Қазақстан деген мемлекет бар. Гертруда қыздың жазбасын оқып, ҚарЛаг туралы «Қара орамал» поэмасында:
...Жұлдыздардың ішіндегі
Үркері,
Мына дала
тектілердің жұрты еді.
Сұламадан алып қалған
сұлатпай
Аналарым қолдан сыққан
құрт еді.
Мейірімге мөлдіреген
бұлақтай
Гертруда қыз көздің жасын
іркеді...
– деп жырлаппын. Бүгін де елге ізгі амалдар, мейірім мен пейіл, береке мен бірлік қажет. Зиялы қауымның айтар ойы осыған саяды.
Аман бол, Қазақ елі, біз сізбен біргеміз, Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Мынау пандемияның беті қайтпаған жағдайда елді мекендерде, аймақтарда төтенше жұмыс топтарын құрса деген ұсыныс бар. Елді сабырға шақырып, нақты іске араласатын, келіп жатқан түрлі көмекті ең зәру жерлерге жеткізу үшін де уақытша осындай құрылым керек шығар. Ондай жағдайда ел ішінде болуға біз де әзірміз.
«...Бабалардың бағып тұр көзі
алыстан,
Балалардың сиқы анау...
боза құсқан.
Өзім көріп келемін өз күнімді,
Өзегімнен теппеші,
Қазақстан!»
деп жазып еді менің досым Шаһизада шайыр Әбдікәрімов ана бір жылы. Иә, «бабалардың бағып тұр көзі алыстан». Жақсы күнде жолығайық!
Ғалым Жайлыбай,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Дереккөз: egemen.kz