АУДАРМАДАҒЫ АБАЙ БИІГІ
2020 ж. 05 шілде
3535
0
Дандай Ысқақұлы, С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» аталатын мақаласында дархан Қазақ елі туғызған Абай сынды тұлғалардың әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі галереясын жасауды қолға алу қажеттігіне тоқталғаны мәлім.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж.Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деп жазды. Осыған орай танымал әдебиетші ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері аталған міндетке қызу ат салысуда. Бүгін оқырман назарына сондай еңбектердің бірі ұсынылып отыр.
Қазақ әдеби аудармасының бастау көзін Ыбырай Алтынсарин ашты. Оның 1879 жылы шыққан «Қырғыз хрестоматиясында» орыс әдебиетінен аударылған бірнеше шығармаларға, атап айтқанда, Л.Н.Толстойдың, И.А.Крыловтың, К.Д.Ушинскидің, И.М.Паульсонның ағартушылық бағыттағы туындыларына орын берілді. Педагог Ыбырай Орыс жазушыларының шығармаларының ішінен тек тәрбиелік маңызы барларын ғана аударған. Неге олай істеді? Сол кездегі қазақ қоғамының алға дамып, өсіп-өркендеуі үшін білім-ғылымның аса қажет екендігін түсінген қазақ зиялылары ағартушылық жолға бастады. Халқының мүшкіл халін бар жан-тәнімен сезінген Ыбырай елдің көзін ашу мақсатымен алғаш рет қазақ даласында мектеп ашып, білімнің дәнін шашты «адамдықтың диқаншысы» болды. Алғашқы қазақ тіліндегі оқулыққа орыс жазушыларының білім алуға адамгершілікке үндейтін, яғни «педагогтық», тәрбиелік сыпаттағы шығармаларының іріктеліп алынуының өзі де осы себептерден туған заңдылық еді. Ы.Алтынсариннің орыс әдебиетінен жасаған аудармаларының көпшілігі тым еркін. Кей аудармаларының еркіндігі соншалық – оның қай бір шығармаларының қайсысы төл туынды, қайсысы тәржіма екендігін айырудың өзі қиынға түседі. Демек, Ы.Алтынсарин орыс әдебиетінен шығармалар аударды десек, онда оның барынша еркін жасалғандығын баса айтамыз. Ал шындығына келгенде, Ыбырай аудармаларының тақырыбын орыс жазушыларынан алды демесек, іс жүзінде түпнұсқаға сәйкес келмейтін, тәржімаға қойылатын талаптарға жауап бере бермейтін, мүлдем жаңадан, қайта жазылған көркем шығарманы көреміз. Академик Қ.Жұмалиев «Ол әңгімелерді аударғанда Алтынсарин барлық жерде түпнұсқасын бұлжытпай, сол күйі аударуды принцп етіп қоймаған. Кейде тақырыбын, кейде сюжетін кейде баяндау әдісін өзгертіп, қайткен күнде де қазақ өміріне жақындатып, қазақ балаларына түсінікті баяндауды негізгі нысанасы еткен» [13,53] – деп көрсетеді. Ыбырай аудармаларының осындай басты ерекшелігін қазақ аудармасының тарихын зерттеуші С.Талжанов та атап өткен болатын: «Ол кезеңде қазақ азаматы Алтынсарин орысшадан аударғанда, қазақ оқырмандарына бейімдеді, жеке сөзін қуаламай, ойын беруге тырысты, өз халқының ұғымына сай етіп аударды.» [14,194]. Бұл жайында Ә.Сатыбалдиев «Ол түпнұсқаның шеңберінде қысылып қалмайды, оның идеясын, сюжетін алады да, өз оқушыларының жағдайына қарай, тартымды да көркем әңгіме құрады. Мұның бәрінде, ең алдымен, оның ағартушылық мүддесі бой көрсетіп отырады. Және ол өзінің шәкірттері мен оқушыларының жағдайын ешуақытта естен шығармайды, жазғандарының қалай да соларға түсінікті болу жағын көздейді. [15,17] – деп жазады.Осы жерде тағы бір ескеретін жәйт: Ы.Алтынсаринның заманында балалар әдебиеті болмады. Рас, ауыз әдебиетінің балаларға арналған жаңылтпаш, мақал-мәтел, жұмбақ, өтірік өлең, ертегі сияқты түрлері ғасырлар бойы қазақ балаларының сана-сезімінің қалыптасып, тәрбиелі болып өсуіне қызмет етіп келді. Енді жазба әдебиетінің дамуына, білім беретін мектептердің ашыла бастауына байланысты жаңа үлгідегі жазба түрдегі балалар әдебиетін жасау міндеті алға қойылды. Осы мәселені шешуге алғаш кіріскен Ы.Алтынсарин осы салада біршама жетістіктері бар орыс әдебиетіне көз салды. Ыбырай орыс әдебиетінен алғанда да балаларға арналған оқу құралдарынан, жинақтардан керегін тапты. Атап айтқанда, Ы.Алтынсарин К.Д.Ушинскидің «Детски мир и хрестоматия», «Родной язык», Л.Толстойдың «Первая русская книга для чтения», «Вторая книга для чтения», «Четвертая книга для чтения», «Новая азбука», И.И.Паульсонның «Книга для чтения и практических упражнений в руском языке» оқу кітаптарына педагог ретінде көбірек назар салған. Ә.Дербісалиннің анықтауынша, Ыбырай аудармаларының жалпы саны – 35. Олардың ішінде И.И.Паульсоннан – 20, Толстойдан – 6, К.Д.Ушинскиден – 3, қалғандары И.Крыловтан, Шмиттен, В.Дальдан 3-4 шығармадан аударған. Біз жоғарыда айтып кеткеніміздей, Ы.Алтынсариннің қай шығарма өзінікі, қайсысы аударма екенін ажыратудың өзі қиынға соғады. Академик Қ.Жұмалиев Ыбырайдың «Бай баласы мен жарлы баласы» (Асан мен Үсен) мен Салтыков-Щедриннің «Бір шаруа екі генералды қалай асырады?» арасындағы идеялық, сюжеттік құрылысы жағынан ұқсастықтарға назар аударады. (Қ.Жұмалиев. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. 2 том, А.,1960, 55-бет). «Бай баласы мен жарлы баласы» аударма ма, жоқ әлде Ыбырайдың өз шығармасы ма? Ойланарлық-ақ мәселе. Төл туынды дейін десек, Салтыков-Щедриннің әңгімесіне негізінен тақырыбы, оқиғасы, идеясы жағынан ұқсап тұр. Ал аударма дейін десек, оған қойылатын талаптарға мүлдем келмейді: шығарманың тілдік, стильдік жағынан түпнұсқаға сәйкес келу керектігін айтпағанның өзінде кісі аттарынан бастап, оқиға желісіне дейін өзгеше. Қазақ әңгімесін зерттеушілер бұл әңгімені Ы.Алтынсариннің төл туындысы деп қарастырып жүр. Олай болса «Абайдың Евгени Онегині» неге аударма делінеді? Қазақ тіліндегі Абайдың «Евгени Онегині» орыс тіліндегі түпнұсқадан оқиға желісі, сюжеті, композициялық құрылымы жағынан мүлдем басқаша. Демек, бұл жерде де ойланарлық мәселе бар екен.Ы.Алтынсарин көркем шығарманы дәл аударуды мақсат етпейді. Ыбырай орыс тіліндегі туындыға ол қазақ оқырманына, онда да жастарға, мектеп оқушыларына тәрбиелік, дүнитанымдық жағынан қажет пе, түсінікті ме деген сауалдар тұрғысынан келіп, оның ағартушылық, педагогтық жақтарына үлкен мән беріп отырған. Ол түпнұсқаның шеңберінде қысылып қалып қоймай, қажетті жерінде одан шығып, еркін кетеді. Шығарманың оқушыға тәрбиелік, дүнитанымдық жағынан пайдалы болу керектігін басты мақсат етіп алға қойған Ыбырай кей жағдайда түпнұсқаның жалпы нобайын сақтап отырса, көп реттерде оның тек идеясын ғана алып, сюжетін де, оқиғасын да кісі аттарын да өзгертіп жібереді; кей жерлерде түпнұсқаның бір ғана оқиғасын, немесе деталін ғана алып, содан бас-аяғы бөтен туынды жазып шығады. Ыбырайдың мұндай шығармаларын аударма деуден гөрі белгілі бір жазушының сарынымен жазылған өз туындысы деп қарастырған жөн. Қаламгердің орыс әдебиетінен алғандарынаң дені прозалық шығармалар. Әрі прозашы, әрі ақын Ы.Алтынсарин орыс поэзиясынан И.А.Крыловтың бірнеше мысалын аударған. Олардың кейбіреулерінің кімдіке екендігі даулы. «Егіннің бастары»...Даусызы – «Қарға мен түлкі» Ы.Алтынсаринның шығармашылығын зертеушілердің барлығы дерлік бұл мысалдың Ыбырайдікі екендігіне күмән келтірмейді. «Қарға мен түлкі» қазақ әдебиетіндегі әдеби аударманың алғашқы адымы болуымен бірге «мысал жанрының да алғашқы жыл құсы» болды. [15,26] Енді осындай екі жақты маңызы бар туындының түпнұсқамен арақатынасына, яғни қаншалықты сәйкес келетіндігіне, аударма талаптарының қаншалықты орындалғанына назар аударайық.Ең алдымен «Ворона и лисица», «Қарға мен түлкі» болып дәл аударылған. Мысалы орысшасында 26 жол болса, қазақшасында 28 жол. И.А.Крылов мысалы «Уж сколько раз твердили миру, Что лесть гнусна, вредна; но только все не впрок, И в сердце льстец всегда отыщет уголок.» - [16,13] – деген негізгі идеяны аңғартар кіріспемен басталса, қазақшасында бұл жолдар түсіп қалған. Ыбырай мысалдың өн бойында айтылатын мақтаншақтықтан сақ болыңдар деген ойды айтып жатуды артық көрген. Жалпы көркем әдебиетке қойылар негізгі талаптың бірі онда айтылар ой, идея жалаң берілмеуі керек; табиғи түрде көркем бейнеленіп, оқушысын ойландырып барып, көзін жеткізуі керек. Осы тұрғыдан келгенде, аударманың кіріспесіз бірден басталуы ұтып тұр. И.А.Крылов мысалы:Вороне где-то бог послал кусочек сыру;На ель Ворона взгромоздясь,Позавтракать было совсем уж собралась,Да позадумалась, а сыр во рту держала.На ту беду, Лиса близехонько бежала;Вдруг сырный дух Лису остановил:Лисица видит сыр, -Лисицу сыр пленил,Плутовка к дереву на цыпочках подходит;Вертит хвостом, с Вороны глаз не сводитИ говорит так сладко, чуть дыша:» -деген жолдармен бастаса, Ы.Алтынсарин осы жолдарды «Ашығып түлкі жүрді жапандарда, Тамақ іздеп жол шекті сапарларға...Ешнәрсені көре алмай келе жатса,Көзіне түсті алыстан жалғыз қарға.Жүгіріп түлкі соған жетіп келді,Қарға ағаштың басында мұны көрді.Тістегені аузында тәтті ірімшік,Оны көріп, түлкі екең сөйлей берді» - түрінде береді. [17,39] Түпнұсқа мен аударманы салыстыра қарағанда, ең алдымен, орысшасында қарға мен түлкі атауларының кісі есімі сияқты бас әріптермен жазылуы көзге түседі. Крыловта бірден құдай бере салған ірімшікті таңғы ас ретінде жеуге қам жасап, шырша басында маңғазданып отырған қарғаны оның сорына жуық маңда жортып бара жатқан түлкінің оны байқап қалып, аузындағы ірімшігіне қызығып, арам ойын жүзеге асыру мақсатымен, аяғының ұшымен жақын келіп, қарғаны мақтай бастағанын көрсек, Ыбырайда сәл басқашалау. Крылов қарғадан бастаса, қазақшасында тамақ іздеп, жортып келе жатқан түлкіні көреміз. Түпнұсқада ірімшік іздеген қарғаның көрінісі бір шумақта суреттелсе, қазақшасында «тістегені аузында тәтті ірімшік» деген бір ғана жолмен берілген. Демек, Ыбырайды қарғаның аузындағы ірімшік емес, «қай жерден тамақ кездеседі» деп, жортып жүрген түлкінің бейнесі қызықтырады; оқырман назарын түлкіге қарай бұрады. Қазақ ұғымында түлкі – қулықтың символы. Крыловтың діттегені мақтаншақтықтың опа әпермейтінін ұғындыру болса, Ыбырай оны сәл бұрып, қулықтың құрығына түсіп қалмаңдар дегенді мегзеп тұр. И.А.Крылов шығармасында оқиға желісі мұнан ары түлкінің қарғаны төмендегіше мақтауына ұласады;"Голубушка, как хороша!Ну что за шейка, что за глазки!Рассказывать, так, право, сказки!Какие перышки! какой носок!И, верно, ангельский быть должен голосок!Спой, светик, не стыдись!Что ежели, сестрица,При красоте такой и петь ты мастерица,Ведь ты б у нас была царь-птица!"Ал Ыбырайдың түлкісі қарғаға: « - Қарға батыр, әр сөзің күміс, алтын,Сырттан тілеу тілейді барша халық.Қарға-екеңдей дүниеде әуез жоқ деп,Осылайша шығады сыртқа даңқың.Сандуғаш, бұлбұлдарды көріп едім,Жүзіңді бір көруге келіп едім.Даусыңды бір шығаршы шаттанайын,Сырттан асық болғаннан өліп едім.»«Қарға тақсыр көзім жасын көріңіз» - деп, жылмыңдап, жыламсырайды. Мұнда да айырмашылықтар байқалып тұр. Түпнұсқадағы түлкі қарғаны «қарғашым» деп, оның мойнының, көзінің, қанатының, мұрнының «әдемілігінің» аузының суы құрып айтып, «құс патшасы сенің даусың періштенің даусындай шығар, көрейікші бір шырқап жіберші» деп, елпек қағады. Иванның қарғасы ертегідегідей «сұлу», «нәзік» болса, Ыбырайдың қарғасының сыртқы сұлулығы көрінбейді; керісінше «батыр». Қазақшасында түлкінің қарғаны мақтауы «қарға батыр, әр сөзің күміс, алтын» деген жолмен ғана шектеліп, бар күш «қарға-екеңдей дүниеде әуез жоқ деп» оның дауысын мадақтауға жұмсалады; оның даусын естуге асық болғаны соншалық – көзіне жас алады.И.А.Крылов мысалы:«Вещуньина с похвал вскружилась голова,От радости в зобу дыханье сперло, -И на приветливы Лисицыны словаВорона каркнула во все воронье горло:Сыр выпал - с ним была плутовка такова.»- деген жолдармен аяқталады. Ыбырай:«Масаттанып бұл қарға сілкінеді,Ішін тартып, миықтан бір күледі.Арып-ашып алыстан келген шығар,Көңілі тынып кетсінші шіркін» деді.Мақтау сөзге семіріп, судай тасып, Пәрменінше «қарқ» етті аузын ашып.Қарқ еткенде ірімшік жерге түсіп,Оны кетті түлкі-екең ала қашып. – деп, аяқтайды. Бұл жерде де азын-аулақ айырмашылықтар көрініп тұр. Крыловта бір шумақ болса, Ыбырайда екі шумақ. Мақтаудан Крыловтың қарғасының басы айналып, тынысы тарылса, Ыбырайдың қарғасы масаттанып, сілкініп, ішін тартып, миықтан күледі; түлкі мен үшін алыстан арып-ашып келіпті, көңілі бір тыншып кетсінші деп, өзіне-өзі риза болған бір сезіммен ойланады. Екеуінде де қарға «қарқ» еткенде, ірімшікті түлкі қағып алады; тек Ыбырайдың түлкісі ірімшік ауызға түсісімен зыта жөнеледі. Жоғарыдағы талдауымыздан көрініп тұрғандай, Ы.Алтынсариннің «Қарға мен түлкі» мысалы аударманың балама түріне жатады. Азын-аулақ өзгертулері болғанымен де түпнұсқаның негізі сақталынған. Ал аз ғана өзгертулердің өзі түпнұсқаны сол күйінде аударуға шаманың келмегенінен емес, түрлі әлеуметтік тұрмыстық жағдайлардан туындаған обьективтік- субьективтік себептерге байланысты туындаған деп ұққан жөн. Бұл жерде аударма авторы ағартушы ретінде тәржімаға көркемдік принциппен емес, ұстаздық мақсатты ұстанып, тәрбиелік оқу құралы тұрғысынан келген. Сондықтан да Ыбырайдың аудармасы жалпы жұртшылықтың, оның ішінде мектеп оқушыларының ұғымына түсінікті қарапайым тілмен жазылған. Ең бастысы «Қарға мен түлкінің» ауызды ашып босқа жүрме, өтірік мақтауға малданып қалма, ертеңіңді ойла, өйтпесеңдер алданып қалған қарғаның аянышты күйін кешесіңдер деген сынды ойлары балалардың түсінігіне орай жеткізілген. Ы.Алтынсарин өмірде түлкі сияқты қулар да, қарға сияқты аңқаулар да бар. Қарға сияқты сенгіш қарапайым адамдар түлкі сияқты қулардың өтірік мақтауларына сеніп қалып, қаншама қиын жағдайларға ұшырап жүр дегенді аңғартып, оқырманын қулық-сұмдықтардың құрбаны болу қаупінен сақтандырады. И.А.Крыловтың «Қарға мен түлкісін» Абай да аударған. Абайда бұл мысалдың екі түрлі нұсқасы бар. Оның бірі «Жұрт біледі, күледі» де, екіншісі – «боқтықта талтаңдап». М.Әуезов осының екіншісі Абайдікі екендігіне күмән келтіріп, Ыбырайдікі деген пікір айтқан. [18,199] Кейіннен Ы.Алтынсарин аударған «Ашығып түлкі жүрді жапандарда» деп басталатын мысал анықталды да, зерттеушілер Мүрсейіттің қолжазбасында бар екі нұсқаны да Абайдікі деп жүр. Абай «Қарға мен түлкінің» екі бірдей әдеби аудармасын жасаған. Мысалдың екі түрінің де мазмұны, айтар ойы – бір. Айырмасы бірі дәл аударылса, екіншісі еркін. Түпнұсқадағы 26 жолдық мәтін дәл аудармада 47, екіншісінде – 55. Орысшасында буын саны әр түрлі: көбіне 12-13 те, қазақшасында 6,7,8,10 буынды болып келеді. Еркін аударылған нұсқа 7-8 буынды жыр үлгісімен жазылған. Орысшамен салыстырғанда қазақшасының жол қатары көбірек көрінгенмен де жалпы көлемі шамалас. Крылов мысалдарында ойдың түп қазығы басында:«Уж сколько раз твердили миру,Что лесть гнусна, вредна; но только все не впрок,И в сердце льстец всегда отыщет уголок.» - деп берілген.Осы жолдарды Абай: Жұрт біледі, күледі,Сұрқия тілдің жаманын,Қошеметшілердің амалынСонда солар қайда жоқ?Ептеп айтса, ересің,Артынан өкінсең де пайда жоқ – түрінде аударған. Айтылмақ ой негізінен қазақша сөйлеп тұр. Аудармадағы аздаған айырмашылықтардың бірі – түпнұсқадағы «күледі», «өкіну» туралы айтылмайды. Қошеметтің жексұрындылығы, зияндығы айдай әлемге аян бола тұра қошеметшілердің жүрекке жол тауып, кете алатындығы жайлы айтылса, тәржімада да осы ой сәл ғана өзгерістермен айтылған. Үш жол алты жол болып аударылғанмен де сөздерінің саны шамалас – екеуінде де жиырма шақтыдан. Ал мысалдың мазмұны асқан шеберлікпен дәл аударылған. «Вороне где-то бог послал кусечек сыру» деген жолды Абай:«Ірімшікті құдайымКез қылды бір күн қарғаға» –деп, бір сөзін шашау шығармай сөзбе-сөз берген. Мысалда ірімшікті болған қарға ертеңгі асын ішуге қамданады десе, аудармада қарғаның қарны аштыға айтылады.«Бір жеп алып, шүкірлікҚылайын деп аллаға» –деген діншіл қауымға ұғынықты жолдарды өз жанынан қосқан. Ал, түлкінің қарғаны алдап түсіру мақсатымен айтқан қошемет сөздері Абай аудармасында мүлдем құлпырып кеткен. Мысалдың соңы«Ворона каркнула во все воронье горло:Сыр выпал - с ним была плутовка такова» – деген жолдармен аяқталады. Аудармада осы жолдардың «Өзіне біткен өңешінАямастан қарқ етті,Ірімшік жерге салп етті,Қу кетті, іс бітті» – түрінде берілуі шын шеберлікті танытады. Әсіресе түпнұсқадағы :«Голубушка, как хороша!Ну что за шейка, что за глазки!Рассказывать, так, право, сказки!Какие перышки! какой носок!И, верно, ангельский быть должен голосок!» – деген жолдардың«Қарағым, неткен сұлу ең!» – Деп таңырқап таңданады.«Неткен мойын, неткен көз!Осыдан артық дейсің бе, Ертегі қылып айтқан сөз Қалайша біткен, япырмай,Мұрныңыз бен жүніңіз!Періштенің үніндейДеп ойлаймын үніңіз» – түрінде дәлме-дәл аударылуы Абайды аударма өнерінің асқан шебері ретінде танытты. Сөйтіп Абай И.А.Крыловтың осы мысалын қазақшалау арқылы поэзиялық дәл аударма жасаудың асқан үлгісін көрсетті.Аударманың екінші нұсқасы«Боқтықта талтаңдап,Жан-жаққа жалтаңдап,Бір қарға жүр еді» – деген түпнұсқада жоқ жолдармен басталған. Мысалдың басындағы негізгі ойды аңғартатын шумақ мүлдем түсіп қалған. Әр сөздің, сөйлемнің мағынасын сол күйінде аудару мақсат етілмей, негізгі ой мен мазмұн ғана сақталған.Сонымен Абайдың «боқтықта талтаңдап» жүрген қарғасы «бір жатқан ірімшік» тауып алып, «асықпай жемек болып», «бір ағашқа қонып», жан-жағына масаттана қарайды. Сөйтіп отырғанда, «жем іздеген бір түлкінің» көзіне «ірімшікті тістеген қарға» түседі. Ал Крыловтың түлкісі «талтаңдап» жүрмейді; жақын маңда жүгіріп бара жатқанда аузында ірімшігі бар шырша басында маңғазданып отырған қарғаны көріп қалады. Бұл жерде Крылов болған оқиғаны қысқа да нұсқа баяндап жеткізуге күш салса, Абай қазақ оқырманының ұғымына түсініктірек болуын көздеп, талтаңдаған, мазатсызданған қарғаның, қай жерден олжа кездесіп қалар екен деп жүгірген, «жем іздеген» түлкінің бейнесін жасайды. Кең далада, табиғаттың аясында өмір сүрген әрбір қазаққа қарға мен түлкінің адамға ұқсас кейбір мінез-құлықтары етене таныс. Сондықтан да Абай қарға мен түлкіні халықтың санасында қалыптасқан іс-әрекеті үстінде көрсете білген. Крыловтың мысалының соңындағы:«Ворона каркнула во все воронье горло:Сыр выпал – с ним была плутовка такова» –деген жолдарын Абай «Қарға мен түлкінің» бірінші нұсқасында :«Өзіне біткен өңешінАямастан қарқ етті.Ірімшік жерге салп етті.Іс бітті, қу кетті» – деп, екі жол өлеңді төрт жолдан тұратын бір шумақпен аударса, осы мысалдың «Боқтықта талтаңдап» деп басталатын екінші нұсқасында:«Мақтауға есіріп,Барынша көсіліп,Ырғалып қарқ етті,Ірімшік жерге салп етті.Тап етті, шап еті,Ап кетті қу түлкі.Антұрған, сол тұрған,Жеріңде бол күлкі» – деген сегіз жолдан тұратын екі шумақпен берілген. Екінші нұсқада ақын Абайдың түпнұсқа ауқымында қалып қоймай, одан шығып көсіліңкірегені көрінеді. Орысшасындағы «сыр выпал» тіркесін Абай аударманың екі нұсқасында да «ірімшік жерге салп етті» деп берген. Ал мысалдың соңынағы «с ним была плутовка такова» тіркесі бірінші түрінде «іс бітті, қу кетті» делініп, қысқа қайрылса, ал екінші нұсқасында «тап етті, шап етті, Ап кетті қу түлкі» деген екі жолдан кейін тағы да екі жол «Антұрған, сол тұрған, Жеріңде бол күлкі» - деген жолдар қосылған. Екінші нұсқаның соңындағы екі шумақ қарға мен түлкінің бейнесін барынша ашып тұр. Абай да Крыловтың кез-келген мысалын аудара бермеген. Өзіне қажеттісін ғана таңдап, талғап аударған. Кезінде В.Г.Белинский Крыловтың мысалдарын үш топқа – еліктеу сарынындағы, моральдік бағыттағы, көркемдігі жоғары сатиралық мысалдарға жіктеген екен. Абай орыс мысалшысының шығармаларының ішінен біріншісіне тиіспей, соңғы екі түрінен көбірек аударған. Онда да қазақ тұрмысына, сана-сеіміне мазмұны жағынан үндес келетіндерін ғана іріктеген. Ағартушылық бағытағы Абай да Ыбырай сияқты тәрбиелік мақсатты көздейтін моральдік бағыттағы мысалдарға көбірек көңіл бөлген.М.Әуезов «Мен өзімнің бала күнімнен білетін ескі қолжазбаларымды еске алғанымда, Абайдың Крыловтан жасаған аудармаларын төрт-бестен артық деп айта алмаймын. Олары:1. «Есек пен бұлбұл»2. «Бүркіт пен қарға»3. «Шегіртке мен құмырсқа»4. «Түлкі мен қарға»5. «Піл мен қанден» –[12,20] – деп, бес мысалдың атын атайды. С.Талжанов «...ұлы ақынымыз Абай: «Емен мен шілік», «Қазаға ұшыраған крестьян», «Жарлы бай», «Шегіртке мен құмырсқа», «Ала қойлар», «Түлкі мен қарға», «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден», атты мысалдарын өз мүлкіміз етіп тастап кетті.» [14,199] – деп жазады. Соңғы уақыттары зерттеушілер Абайдың И.А.Крыловтан он екі аударма жасағанын айтып жүр. Сонымен олар: «Емен мен шілік», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Жарлы бай», «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Шегіртке мен құмырсқа», «Әншілер», «Ала қойлар», «Қарға мен түлкі», (Жұрт біледі күледі...) «Қарға мен түлкі» (Боқтықта талтаңдап...), «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден», «Есек».«Шегіртке мен құмырсқа» – И.А.Крыловтың «Стрекоза и муравей» мысалының дәл аудармасы. Түпнұсқасы 30, қазақшасы 36 жол. Абай мәтіндегі «стрекозаны» инелік деп емес, шегіртке (кузнечик) деп өзгерткен. Өйткені сирек кезедесетін инелікке қарағанда, жаздың күні далада қаптап жүретін шегірткенің тіршілігі қырда өскен қазақтың баласына етене таныс. Оның үстіне мысалда айтылатын ой мен мазмұн инеліктен гөрі шегірткенің өмір сүру табиғатына дәлірек келеді. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың сирек кездесетін инелікті шегіртке деп алуы ұтымды шыққан.Сонымен, Абай орыс мысалшысы И.А.Крыловтың мысалдарын қазақшалағанда, мағыналық, құрылымдық және идеялық тұрғыдан ауытқымай дәл беріп, кейде еркінірек кетіп, аударма жасаудың небір клласикалық үлгілерін жасады. Аударма өнерінде ақынның екі түрлі принципті ұстанғандығы көрінеді. Оның біріншісі – эстетикалық, көркемдік принцип. Яғни мысалда суреттелген оқиға, мазмұн, айтар ой қазақ оқырманына сол күйінде түсінікті болған жағдайда барған. Оның «Емен мен шілік», «Піл мен қанден», «Қарға мен түлкі», («Жұрт біледі, күледі»), «Шегіртке мен құмырсқа», «Есек пен бұлбұл», т.б сияқты мысалдары азын-аулақ өзгертулеріне қарамастан, осы көркемдік принципті, яғни түпнұсқаның көркемдік қалпын сақтай отырып, аударылған. Сол сияқты «Теректің сыйы», «Қарасам, қайғырар жұрт», «Тұтқындағы батыр», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Жалау», «Жартас», «Дұға», «Альбомға», «Менің сырым, жігіттер, емес оңай», «Бородино», «Қанжар», «Қараңғы түнде тау қалғып» түпнұсқаның көркемдік ерекшеліктерін сол күйінде толық сақтап, дәлме-дәл шебер аударылған клласикалық туындыларға жатады. Соңғы өлеңді Абай Лермонтовтан, Лермонтов Гетеден аударған. Қазақ, неміс, орыс тілдерін жетік білетін танымал ғалым Г.Бельгер үш ақынның да (Гете-Лермонтов-Абай) мәтіндерін салыстыра отырып осы өлеңге тамаша талдау жасаған. Өлеңнің үш тілдегі нұсқаларын салыстырған ғалым айтар ойы, көркемдігі жағынан Абайдікі екеуінен де артық болмаса, кем емес, тіпті кей тұстарда жоғарылау тұр деген пікір білдіреді. [20,93]. Ал кей тұстарда қазақ ақыны автормен өнер жарыстырғандай болады. Бұл ретте түпнұсқаға қарағанда, қазақша аудармасының сәттірек шыққан тұстар да баршылық. Оған дәлел ретінде Г.Бельгер мен Т.Шапай жасаған талдаулардан көптеп мысалдар келтіруге болады...Аударма ісінде Абай ұсынған екінші принцип – өнердің адамның күнделікті тіршілігіне қажеттілігінен туындайды. Ағартушылық бағыттағы Абай, Крылов мысалдарының ішінен қазаққа пайдалысын, даланың тұрмыс салтына орайласатынын оқырманына ұғынықтысын таңдайды. Осы тұрғыдан қазақ пен орыстың өмір сүруі, сана-сезімі, ұлттық ерекшеліктері сияқты көптеген әлеуметтік факторларды ескере отырып, кей тұстарда түпнұсқаны өзгерте жырлауға саналы түрде барады. Мұндағы басты мақсат аударманының қазақ оқырманына түсінікті болып, оған өнердің құдіретімен әсер ету, яғни әдебиетті тәрбие құралы ретінде пайдалану болған. «Есек», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Қарға мен түлкі» («Боқтықта талтаңдап»), т.б. сияқты мысалдар түпнұсқадан біршама алшақ кеткен. Бұларды аударма деуден гөрі бір тақырыпта екі ақынның жарыса жырлап, нәзирашылдық үлгімен жазылған ақынның төл туындысы дерлік. Сол сияқты Абайдың «Евгений Онегинін» зертеушілер осы күнге дейін А.С.Пушкиннен аударылған деп жүр. Шындығына келсек, мұнда түпнұсқадан тек романның «Евгени Онегин» деген деген тақырыбы мен аты ғана. Романның сюжеті, композициясы, мазмұны қазақшасында мүлдем өзгеше. Абай романның негізгі идеясын, рухын алған да соны қазақ оқырманына түсінікті етіп, өзінше жырлап берген. Абайдың «Евгени Онегинін» орыс жазушысынан аударма дегеннен гөрі, бір тақырыпқа жазылған сарындас туынды деп бағалау шындыққа жақындау.Сонымен бірге Абай барлық уақытта да дәл аударып отырғанның өзінде де өз оқырманын ескере отырып, міндетті түрде азын-аулақ өзгерістерге, толықтыруларға барып отырады; еркін кеткеннің өзінде де түпнұсқаны темірқазық етіп, соның сарынымен жүреді; бірақ көркемдік кестелері өзгеше өрнектеледі. Бұл турасында академик З.Ахметов «Абай Крылов мысалдарын дәл аударып, оның құрылыс-қалпын сақтауды мақсат етпеген, сюжетін еркін баяндап, көшіре аударма емес, қазақ тілінде төлтума болып шығатын сарындас аударма беруді мақсат еткен» [21] – деген пікір білдіреді. Кей тұстарда Абайдың еркін кететіні соншалық – кей өлеңнің төл туынды немесе аударма екенін дөп басудың өзі қиынға соғады. Әлемдік әдебиетте мысал жанры Эзоптан бастау алады. И.А.Крылов өз мысалдарының сюжетін көбіне Лафонтеннен, өзіне дейігі мысалшылардан алып отырған. Бір-бірінен сюжет, ой алмасып отыру, оны әр ұлттың ерекшеліктеріне орай қайта жырлау мысал жанрының тарихында заңдылыққа айналған. Әдебиет – сөз өнері. Ал өнер ұлттық сипатта болады. Ақын басқа әдебиеттен оқиға, ой ауысқанымен де басқа тілге апарып қондыра салуға келмейтін шығарманың көркемдік бояуы бар. Өйткені әдебиеттің көркемдік болмысы белгілі бір ұлттық топырақта ғана өмір сүреді. Әдеби шығарманы сол күйінде сөзбе-сөз, дәлме-дәл екінші тілге аударғанда ол көркемдік бояуын жоғалтып, жай ғана сөз тіркесіне айналады. Аудармашы екінші бір тілден аударма жасағанда, оның оқиға желісін, идеясын пайдаланғанымен де оның көркемдік болмысын түбірінен қайта жасауына тура келеді. Сол себепті де әдеби аударманы сөз өнерінің ерекше бір саласына жатқызып, оны да ұлттық әдебиеттің ауқымында қарау керек. Осы тұрғыдан келгенде, Абай қазақ әдебиетіндегі мысал жанрын аударма арқылы биікке көтерді деп білеміз.
qazaquni.kz