Әнші Ерлан Стамғазиев те өмірден өтті...

Тағы да суық хабар! Ән әлеміндегі әйгілі есім - Рамазан ағасының жолын қуып шыққан інісі, дарынды әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Ерлан Стамғазиев бауырымыз мезгілсіз дүниеден өтіпті... Алла алдынан жарылқап, арты қайырлы болсын деп тілейміз.

Мен Рамазаннан бұрын інісі Ерланмен таныс болдым. 1995 жылдары болса керек, Алматыдағы Халық шаруашылығы институтының отбасылық жатақханасында бізбен көрші тұратын, ол кезде жас оқытушы, бұл күнде астанамыздағы Еуразия университетінің экономика факультетінде декан, ғылым докторы, профессор, өзі де әнші, жезқазғандық Серік Мақыштың үйіне Ерлан жиі келетін. Сонда бірнеше рет Серіктің әнші-күйшілер үзілмейтін шаңырағында дастархандас болдық. Аңқылдаған ақжарқын Ерлан бастап, Серік қостап ән айтады, содан соң қолқалап маған жыр оқытады. Ерланның кең тынысты зор дауысы жатақханамызды жаңғырықтырып, Алатау асып жататын. Бүгінгідей интернет жоқ заман болса да, Рамазан сол кездің өзінде елге белгілі, дүбірі дүрілдеп келе жатқан дарынды әнші еді. Соны меңзеп Ерланға: "Ағаң Рамазанның көлеңкесінде қалып қойғансың ғой, әйтпесе әсем даусың ағаңнан кем емес екен" дейтінмін. "Ой, аға, ініңізді қатты мақтап жібердіңіз ғой" деп, қысыла күлімсірейтін... Ол кезде Рамазанның күйеу бала екенін, Ерланның құда болатынын білген жоқпын...

Сол жылдардан кейін Ерланмен кездескен емес едім. Бүгін фейсбуктен ғалым Дүкен Мәсімханұлының Рамазан Стамғазиевке көңіл айтқан қайғылы хабарын оқи бастағанда "бауырың" дегеннен "Ерлан емес пе екен" деп ойлап болғанша, солай боп шықты...

Мынау індеп бара жатқан індет тек қазақтың дарынды перзенттерін шетінен теріп әкетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Өткенде ән әлемінің дүлдүлі Кеңес Дүйсекеев ағамыз, әнші-сазгерлер Жалғас Кеңесов, Ахмедияр Есмұқанов, одан соң қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері Қажығали Мұхамбетқалиұлы, кеше белгілі қазақ ғалымы, ақылман ағамыз Мырзагелді Кемел кетті дүниеден. Бұл тек жөпелдемеде аузымызға түскені. Әйтпесе тек зиялы қауымнан соңғы екі-үш аптаның өзінде 200-дей адам өмірден өтіп кетті...

Ерлан бауырымыздың алды пейіш, арты кеніш болғай. Артындағы ұрпақтарының ғұмыры ұзақ болсын. Отбасына, анасына, бауырынан айрылған ағасы Рамазан мен жеңгесі Ұлту қарындасымызға, туған-туыстарына қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз.

Марқұмды Алла панасына алып, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Иманы саламат болсын!

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні