АБАЙ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ
2020 ж. 01 тамыз
2381
3
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды» дегені мәлім.
Оқырман назарына ұсынылып отырған төмендегі дүние осы ойды мейлінше қуаттай түседі.
«Нация без совести – это нация без души.
Нация без души – это нация обреченная на гибель».
Уинстон Черчилль
Абай – өз қоғамының шамшырағы, замана сыншысы һәм тамыршысы, әділеттің ту ұстаушысы, жалынды, от жүректі жыршысы, түзу жол, дұрыс өнеге көрсетуші, үйретуші тәлімгер. Қалам қайраткерінің «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» (1886), «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» (1886), «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» (1886). «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» (1886), «Келдік талай жерге енді» (1890), «Бөтен елде бар болса» (1887), «Сабырсыз, арсыз, еріншек» (1887), «Болыс болдым, мінеки» (1888), «Мәз болады болысың» (1888), «Бай сейілді» (1890), «Сәулең болса кеудеңде» (1888) және т.с.с. өлең-жырларында әлеуметтік көзқарас, психологиялық қайшылық, ұлттық-мәдени, заманауи, тұрмыстық-шаруашылық мәселелер суреткерлік тапқырлықпен, сыншылдықпен өрнектеледі, ойшылдықпен сәулеленеді, тереңдікпен нысанаға дөп түседі, шыншылдығымен қабылданады. Мұның төркіні – ойшыл ақынның әлеуметтік тәртіп, әкімшілік пен заң негіздерінен терең, жан-жақты білімі болуы (өзімен рухтас ғұлама, ұлы шайыр Жүсіп Баласағұнның «Адам ісін бар біліммен бастаса, Ол іс кетер тілегімен астаса. ...Тілі өткір қылыштан да қиып өтер, Жіңішке ой орамы қылдан бетер» дегеніндей), саяси, этикалық, эстетикалық ұстанымының артықшылығы, өмір жолындағы, тағдыр талқысындағы, даналық болмысындағы бай да байтақ тәжірибесі орасан қисапсыз көркемдік, пәлсапалық құндылықтар әлемін тудыруға шексіз мүмкіндік берген. Құбақандай «жүз құбылған, жүзі күйгір» тұрлаусыз, жүгенсіз, қотыр сөздерге үйір көрсоқыр, көбік ауыз, өсектеуді, ғайбаттауды, судай сапырғыш, қотарғыш, жампақтаған жарамсақ, жылпылдақ антұрғандардың, найсаптардың, лағнет атқандардың кескін-келбетін келісті ыспаттайды. Мұндай оспадарлықты сол бір қоғамның айнасындай «Бөтен елде бар болса» өлеңінде былайша баяндалады: ...Татулықты бұрынғы Не қылып ол ойласын? Ашып берер жауыңа, Өзі көрген қоймасын. Ескі досын көргенде, Есебі жоқ ант ішіп, Аруақ, құдай айтысып, Сыр алғалы айттым деп, Жауыңды алдап қайттым деп, Құдайдан қорықпай, антұрған, Иман жүзін тоздырар. Амалдап, алдап, азғындықпен, арамдықпен тіршілік ететін, «ауыр мен жеңілдің арасымен өтетін» жағымпаздың зорын, бишараның қорын: Пәленшені ұрам деп, Түгеншені қырам деп, Таршылықта қайраңдап, Кеңшілікте ойрандап, – деп, берекесіздігіне мінездеме береді. Мұнысын одан әрі үстемелеп «Бықсып шірір ішінен», «кісімсініп жалпылдап», «томырық келер тарқылдап», «сасық паңдау», «қырт мақтаншақ», «Қалжыңы – теріс, сөзі – ұрыс», «Қазан бұзар бір қырыс» дейтін сипаттамалары ел ішіндегі ала-құлалықты, мешеулікті мәлімдейді. «Келелі кеңес» зым-зия болды. «Ел сыбырға, іс жыбырға» көшті. «Ел жамаған» есті, жігерлі, қайратты, қайраткер билер де, бітімші де айбар да жоқ. «Астыртын барып жолғасқан, Ақша беріп жалғасқан» құлқын құмарлар шықты. Орыс сыяз қылдырса, Болыс елін қармайды. Қу старшын, аш билер Аз жүрегін жалғайды... ...Қызығы кеткен ел бағып, Қисыны кеткен сөз бағып, Ендігі атқа мінгендер Күнде ертеңге талмайды, – деп, «елмін деген салты бар» болса да, «ел нұсқасының» омыртқасы үзілгенін қанын сорғалатып солқылдата жазады. Ойы ұшқыр, әр нәрсені, әр құбылысты сарабдалдықпен саралайтын Абай қамысты бос ұстасаң, қолыңды кесетінін, қасыңды бос ұстасаң, төбеңді тесетінін анық түсініп, поэзия тілінде олардың жымысқы, зымиян іс-әрекеттерін «қисынымен қызықты» ғып өріп, гөй-гөйлете сөйлетті. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» дейтін зарлы толғауында «елдің сиқын» оңдырмай кетірген құртша құжынаған, «пыш-пыштаған» «өңкей қыртың», «өңкей қиқым», «байғұс қылпыңдарды» өткір тілмен шенеп, замана запыранын жүрек айнырлықтай ғып суреттейді. Абайдың түпкі мақсаты – М.Әуезовше айтқанда, «елдің мінезін түзеу». Мына бір шумағында Абайдың өмірден түңілген, бір басын қайғы бұлты бүркеп тастағандай. Задында, «ол бұрынғы зардың сарқыты емес, өз жүрегіндегі сырын айтқан сыршылдықтың сарыны. Бұл да – Абай өлеңіндегі жаңа түрдің бірі. ...Абай өлеңіндегі беттеген бағыт, құлаққа естілген сарын ненің сарыны екені байқалады. Ол – ашық тілек, айқын ұғымның, здоровый реализмнің сарыны» деп жазады ұлы абайтанушы [1]. Расында да, Абай ойларының көркемдік-эмоционалдық, психологиялық, интеллектуалдық мазмұны өте-мөте күшті, жойқын, алапат. Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық, Саналы жан көрмедім, сөзді ұғарлық. Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ, Мейір қанып, мәз болып қуанарлық. («Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да»). «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дейтін өлеңінде «терін сатпай, телміріп көзін сатқан» жас балалардың түрінен шошығанын және би, болыс, елу басы, ұлық сияқты әлеуметтік топтардың іс-әрекеттерін жіпке тізіп, меңзеу тәсіліне көшеді: Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тілеген малы құрсын. Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын. Бір атқа жүз құбылған, жүзі күйгір. Өз үйінде шертиген паңы құрсын. Абай «Ем таба алмай» дейтін өлеңінде «Елің – ала, отты шала, Тайса аяғың, кім көмбек» деп, бір жағынан күйініп, бір жағынан налыса, ал «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде ел басқарудың жөнін, жобасын, тәртібін, қағидатын, мұрат-мүддесін қозғайды. Берекелі, құтты, бірлігі мықты ел қандай, береке-құты қашқан жұрт қандай екенін пайымдайды. Сонан соң елдің жақсысы, бастаушысы қандай болу керектігін яғни «Единица – жақсысы, Ерген ел бейне нөл» деп сипаттайды. Көркемдік те, көрегендік те, өмірлік те тәжірибесі ағыл-тегіл Абай тілдік, стильдік тапқырлықтарға, қарама-қарсы мәнді ұғым-пайымдауларды салыстырып, тұжырымды түйін жасауға, пікір түюге, қысқасы, ұлттық поэтикада жаңаша, тосын шендестіру тәсілін өнерпаздықпен қолданады да, деректі жаңа ұғымдар туындатады («Сәулең болса кеудеңде» – «Егер сәулең болса»; «Берекелі болса ел» – «Берекесі кеткен ел»). Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңілің бөл. Егер сәулең болмаса, Мейлің тіріл, мейлің өл. Танымассың, көрмессің, Қаптаған соң көзді шел. Имамсыздық намазда – Қызылбастың салған жол. Көп шуылдық не табар, Билемесе бір кемел? Берекелі болса ел – Жағасы жайлау ол бір көл. Жапырағы жайқалып, Бұлғақтайды соқса жел. Жан-жағынан күркіреп, Құйып жатса аққан сел, Оның малы өзгеден Өзгеше боп өсер тел. Берекесі кеткен ел – Суы ашыған батпақ көл. Құс қаңқылдап, жағалап, Сулай алмас жазғы төл. Оның суын ішкен мал Тышқақ тиіп, аспас бел. Көл деп оны кім жайлар, Суы құрсын, ол – бір шөл. Единица – жақсысы, Ерген елі бейне нөл. Единица нөлсіз-ақ Өз басындық болар сол. Единица кеткенде, Не болады өңкей нөл? Берекеңді қашырма, Ел тыныш болса, жақсы сол. Рас сөзге таласып, Ақжем болма, жаным, кел! Бұл жерде он үш ғасырлық түркілік дәстүр де жаңартылған. Мысалы, Күлтегін ескерткішінде: «Бір кісі жаңылса (хан, ел басы), ұрпағыңа (ұрпағыңның ұрпағына) дейін зардап шегеміз» дейтін афоризм тасқа қашалып жазылған. Жүсіп Баласағұн: Ессіз басшы билесе – ел-жұрт шөгеді, Ел азады, халық азап шегеді. Ел билеуші есті болса, білімді, – Береке орнап, елге нұрын себеді. Білімді адам көтереді иықты, Білімсіз жан бықсыған от сияқты. Ел бақыты – осындай бек бастаса, Бек бақыты – елі теріс баспаса [39]. От ауызды, орақ тілді, қыран жүректі Абайдың ақындық тұлғасы «Бай сейілді» дейтін өлеңінде өзгеше қуат-сипаттармен көрініс тапқан. Турашылдықтың, әділдіктің, сыни көзқарастың жемісіндей. Түңілдіріп, жер күңірентіп, шошындырып айтады. «Елде жақсы қалмады», «Қағып, елін қармады» дей келіп: Танымадық, Жарымадық, Жақсыға бір іргелі. Қолына алып, Пәле салып, Аңдығаны өз елі. Я болмаса бұл ойын әрі қарап өрістетіп: Ел де жаман, Ер де жаман, Аңдығаны өз елі. Елде сыяз, Ойда ояз Оңбай-ақ тұр әр түрі деп, бірлік пен ерліктің азып-тозғанын, «пейілі шикі, ақылы күйкі», жұрттың кейпін бедерлейді. Әсіресе, ұлықтардың өз елін шырмауықша шырмап аңдуы, аяғын қия бастырмауы, іс-әрекеттеріне оралғы болуы (қазіргі заманғы қағазбастылық, рейтинг, платонус, видеокамера, үйме-жүйме битше өрген іске кедергі, бірін-бірі қайталайтын орындаушы-қызметкерлер ғой, дәлелсіз сөз жүгірту сияқты әдепсіз қылықтары) өткір әжуаланып әшкереленген. Абайдың осы бір тотияйындай уытты сөзінің әсері болу керек, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Жұрт ғаділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды, өзіне-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды» депті [40]. Алаш көшбасшысының Абай сөзін әрі қарай жандандырып жаңғыртуының жөні былай: Петербургте 1903 жылы жарияланған «Россия. Толық географиялық сипаттама» дейтін көптомдықтың 18-томы Ұлы дала тарихына арналған. Осындағы «Қырғыз аймағының территория бойынша орналасу тәртібі және оның этнографиялық құрамы, тұрмысы мен мәдениеті» тарауында Абайды қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негіздеушісі екенін айтып: «Енді поэзиядағы жаңа ағымның өкілі ретінде Құнанбаевты – формасы жағынан айрықша және мазмұны тұрғысынан арынды көптеген өлеңдердің авторы деп атауға болады. Осы автор «Евгений Онегин» және Лермонтовтың өлеңдерін жақсы аударған, сондықтан да Семей әншілерінің аузынан «Татьянаның хаты» атты өлеңін тыңдауға болады)». Бұл – тарихи әдебиеттегі Абай туралы бірінші сөз еді. Абай азу тісі балғадай сегіз қырлы семсер сөздің шебері. Көздеген нысанасына құралайды көзге ататын хас мергендей дәл тигізеді, тотияйындай ойып түсіреді. Қоғам денесіндегі сыздауықтарды, адам бойындағы пәлекеттерді өткірлікпен түйреп, от түкіріп, от шайнап жайратып тастайды, тулақша сілкеді. Бұл оның турашылдық, әділеттілік, қайраткерлік, әлеуметшілдік туа бітті табиғатынан, от мінезді рухынан Абайтану ілімінің білгірі Мұхтар Әуезов Абайдың ақындық өнерінің осы бір таңғажайып ерекшелігін көрегендікпен көрсеткен-ді. «...Абайдың өзіндік, даралық ерекшелігі – адамдық, әлеуметтік турашыл және шыншыл бітімі» – ... ол Лермонтов үлгісінде немесе Некрасов, Салтыков-Щедриндер дәстүрінде қоғамдық жаманшылық масқаралықтарды туралап шаншады. Басқа соғып, көзге шұқып отырып айтуды ақынның айқын жолы деп біледі. ...Добролюбов үгіттеген жол бойынша ызалы шабытпен, тура шабуылмен «түңлігін ұшыра соғып» айту керек деп ұғынады» [32,119].- ...Абұйыр, атақ сол жанда,
- Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
- Өзің жалғыз, надан көп,