АБАЙ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды» дегені мәлім. Оқырман назарына ұсынылып отырған төмендегі дүние осы ойды мейлінше қуаттай түседі.

«Нация без совести – это нация без души.

Нация без души – это нация  обреченная на гибель».

Уинстон Черчилль

  Абай – өз қоғамының шамшырағы, замана сыншысы һәм тамыршысы, әділеттің ту ұстаушысы, жалынды, от жүректі жыршысы, түзу жол, дұрыс өнеге көрсетуші, үйретуші тәлімгер. Қалам қайраткерінің «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» (1886), «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» (1886), «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» (1886). «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» (1886), «Келдік талай жерге енді» (1890), «Бөтен елде бар болса» (1887), «Сабырсыз, арсыз, еріншек» (1887), «Болыс болдым, мінеки» (1888), «Мәз болады болысың» (1888), «Бай сейілді» (1890), «Сәулең болса кеудеңде» (1888) және т.с.с. өлең-жырларында әлеуметтік көзқарас, психологиялық қайшылық, ұлттық-мәдени, заманауи, тұрмыстық-шаруашылық мәселелер суреткерлік тапқырлықпен, сыншылдықпен өрнектеледі, ойшылдықпен сәулеленеді, тереңдікпен нысанаға дөп түседі, шыншылдығымен қабылданады. Мұның төркіні – ойшыл ақынның әлеуметтік тәртіп, әкімшілік пен заң негіздерінен терең, жан-жақты білімі болуы (өзімен рухтас ғұлама, ұлы шайыр Жүсіп Баласағұнның «Адам ісін бар біліммен бастаса, Ол іс кетер тілегімен астаса. ...Тілі өткір қылыштан да қиып өтер, Жіңішке ой орамы қылдан бетер» дегеніндей), саяси, этикалық, эстетикалық ұстанымының артықшылығы, өмір жолындағы, тағдыр талқысындағы, даналық болмысындағы бай да байтақ тәжірибесі орасан қисапсыз көркемдік, пәлсапалық құндылықтар әлемін тудыруға шексіз мүмкіндік берген. Құбақандай «жүз құбылған, жүзі күйгір» тұрлаусыз, жүгенсіз, қотыр сөздерге үйір көрсоқыр, көбік ауыз, өсектеуді, ғайбаттауды, судай сапырғыш, қотарғыш, жампақтаған жарамсақ, жылпылдақ антұрғандардың, найсаптардың, лағнет атқандардың кескін-келбетін келісті ыспаттайды. Мұндай оспадарлықты сол бір қоғамның айнасындай «Бөтен елде бар болса» өлеңінде былайша баяндалады:             ...Татулықты бұрынғы             Не қылып ол ойласын?             Ашып берер жауыңа,             Өзі көрген қоймасын.             Ескі досын көргенде,             Есебі жоқ ант ішіп,             Аруақ, құдай айтысып,             Сыр алғалы айттым деп,             Жауыңды алдап қайттым деп,             Құдайдан қорықпай, антұрған,             Иман жүзін тоздырар.   Амалдап, алдап, азғындықпен, арамдықпен тіршілік ететін, «ауыр мен жеңілдің арасымен өтетін» жағымпаздың зорын, бишараның қорын:             Пәленшені ұрам деп,             Түгеншені қырам деп,             Таршылықта қайраңдап,             Кеңшілікте ойрандап, – деп, берекесіздігіне мінездеме береді. Мұнысын одан әрі үстемелеп «Бықсып шірір ішінен», «кісімсініп жалпылдап», «томырық келер тарқылдап», «сасық паңдау», «қырт мақтаншақ», «Қалжыңы – теріс, сөзі – ұрыс», «Қазан бұзар бір қырыс» дейтін сипаттамалары ел ішіндегі ала-құлалықты, мешеулікті мәлімдейді. «Келелі кеңес» зым-зия болды. «Ел сыбырға, іс жыбырға» көшті. «Ел жамаған» есті, жігерлі, қайратты, қайраткер билер де, бітімші де айбар да жоқ. «Астыртын барып жолғасқан, Ақша беріп жалғасқан» құлқын құмарлар шықты.                 Орыс сыяз қылдырса,                 Болыс елін қармайды.                 Қу старшын, аш билер                 Аз жүрегін жалғайды...                 ...Қызығы кеткен ел бағып,                 Қисыны кеткен сөз бағып,                 Ендігі атқа мінгендер                 Күнде ертеңге талмайды, – деп, «елмін деген салты бар» болса да, «ел нұсқасының» омыртқасы үзілгенін қанын сорғалатып солқылдата жазады. Ойы ұшқыр, әр нәрсені, әр құбылысты сарабдалдықпен саралайтын Абай қамысты бос ұстасаң, қолыңды кесетінін, қасыңды бос ұстасаң, төбеңді тесетінін анық түсініп, поэзия тілінде олардың жымысқы, зымиян іс-әрекеттерін «қисынымен қызықты» ғып өріп, гөй-гөйлете сөйлетті. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» дейтін зарлы толғауында «елдің сиқын» оңдырмай кетірген құртша құжынаған, «пыш-пыштаған» «өңкей қыртың», «өңкей қиқым», «байғұс қылпыңдарды» өткір тілмен шенеп, замана запыранын жүрек айнырлықтай ғып суреттейді. Абайдың түпкі мақсаты – М.Әуезовше айтқанда, «елдің мінезін түзеу». Мына бір шумағында Абайдың өмірден түңілген, бір басын қайғы бұлты бүркеп тастағандай. Задында, «ол бұрынғы зардың сарқыты емес, өз жүрегіндегі сырын айтқан сыршылдықтың сарыны. Бұл да – Абай өлеңіндегі жаңа түрдің бірі. ...Абай өлеңіндегі беттеген бағыт, құлаққа естілген сарын ненің сарыны екені байқалады. Ол – ашық тілек, айқын ұғымның, здоровый реализмнің сарыны» деп жазады ұлы абайтанушы [1]. Расында да, Абай ойларының көркемдік-эмоционалдық, психологиялық, интеллектуалдық мазмұны өте-мөте күшті, жойқын, алапат.             Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,             Саналы жан көрмедім, сөзді ұғарлық.             Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ,             Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.                 («Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да»). «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дейтін өлеңінде «терін сатпай, телміріп көзін сатқан» жас балалардың түрінен шошығанын және би, болыс, елу басы, ұлық сияқты әлеуметтік топтардың іс-әрекеттерін жіпке тізіп, меңзеу тәсіліне көшеді:             Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,             Арын сатып тілеген малы құрсын.             Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,             Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын.             Бір атқа жүз құбылған, жүзі күйгір.             Өз үйінде шертиген паңы құрсын. Абай «Ем таба алмай» дейтін өлеңінде «Елің – ала, отты шала, Тайса аяғың, кім көмбек» деп, бір жағынан күйініп, бір жағынан налыса, ал «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде ел басқарудың жөнін, жобасын, тәртібін, қағидатын, мұрат-мүддесін қозғайды. Берекелі, құтты, бірлігі мықты ел қандай, береке-құты қашқан жұрт қандай екенін пайымдайды. Сонан соң елдің жақсысы, бастаушысы қандай болу керектігін яғни «Единица – жақсысы, Ерген ел бейне нөл» деп сипаттайды. Көркемдік те, көрегендік те, өмірлік те тәжірибесі ағыл-тегіл Абай тілдік, стильдік тапқырлықтарға, қарама-қарсы мәнді ұғым-пайымдауларды салыстырып, тұжырымды түйін жасауға, пікір түюге, қысқасы, ұлттық поэтикада жаңаша, тосын шендестіру тәсілін өнерпаздықпен қолданады да, деректі жаңа ұғымдар туындатады («Сәулең болса кеудеңде» – «Егер сәулең болса»; «Берекелі болса ел» – «Берекесі кеткен ел»).             Сәулең болса кеудеңде,             Мына сөзге көңілің бөл.             Егер сәулең болмаса,             Мейлің тіріл, мейлің өл.             Танымассың, көрмессің,             Қаптаған соң көзді шел.             Имамсыздық намазда –             Қызылбастың салған жол.             Көп шуылдық не табар,             Билемесе бір кемел?               Берекелі болса ел –                 Жағасы жайлау ол бір көл.             Жапырағы жайқалып,             Бұлғақтайды соқса жел.             Жан-жағынан күркіреп,             Құйып жатса аққан сел,             Оның малы өзгеден             Өзгеше боп өсер тел.             Берекесі кеткен ел –                 Суы ашыған батпақ көл.                 Құс қаңқылдап, жағалап,                 Сулай алмас жазғы төл.                 Оның суын ішкен мал                 Тышқақ тиіп, аспас бел.                 Көл деп оны кім жайлар,                 Суы құрсын, ол – бір шөл.                 Единица – жақсысы,                 Ерген елі бейне нөл.                 Единица нөлсіз-ақ                 Өз басындық болар сол.                 Единица кеткенде,                 Не болады өңкей нөл?                 Берекеңді қашырма,                 Ел тыныш болса, жақсы сол.                 Рас сөзге таласып,                 Ақжем болма, жаным, кел! Бұл жерде он үш ғасырлық түркілік дәстүр де жаңартылған. Мысалы, Күлтегін ескерткішінде: «Бір кісі жаңылса (хан, ел басы), ұрпағыңа (ұрпағыңның ұрпағына) дейін зардап шегеміз» дейтін афоризм тасқа қашалып жазылған. Жүсіп Баласағұн:             Ессіз басшы билесе – ел-жұрт шөгеді,             Ел азады, халық азап шегеді.             Ел билеуші есті болса, білімді, –             Береке орнап, елге нұрын себеді.             Білімді адам көтереді иықты,             Білімсіз жан бықсыған от сияқты.             Ел бақыты – осындай бек бастаса,             Бек бақыты – елі теріс баспаса [39]. От ауызды, орақ тілді, қыран жүректі Абайдың ақындық тұлғасы «Бай сейілді» дейтін өлеңінде өзгеше қуат-сипаттармен көрініс тапқан. Турашылдықтың, әділдіктің, сыни көзқарастың жемісіндей. Түңілдіріп, жер күңірентіп, шошындырып айтады. «Елде жақсы қалмады», «Қағып, елін қармады» дей келіп:             Танымадық,             Жарымадық,                 Жақсыға бір іргелі.             Қолына алып,             Пәле салып,                 Аңдығаны өз елі. Я болмаса бұл ойын әрі қарап өрістетіп:             Ел де жаман,             Ер де жаман,                 Аңдығаны өз елі.             Елде сыяз,             Ойда ояз                 Оңбай-ақ тұр әр түрі деп,  бірлік пен ерліктің азып-тозғанын, «пейілі шикі, ақылы күйкі», жұрттың кейпін бедерлейді. Әсіресе, ұлықтардың өз елін шырмауықша шырмап аңдуы, аяғын қия бастырмауы, іс-әрекеттеріне  оралғы болуы (қазіргі заманғы қағазбастылық, рейтинг, платонус, видеокамера, үйме-жүйме битше өрген іске кедергі, бірін-бірі қайталайтын орындаушы-қызметкерлер ғой, дәлелсіз сөз жүгірту сияқты әдепсіз қылықтары) өткір әжуаланып әшкереленген. Абайдың осы бір тотияйындай уытты сөзінің әсері болу керек, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Жұрт ғаділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды, өзіне-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды» депті [40]. Алаш көшбасшысының Абай сөзін әрі қарай жандандырып жаңғыртуының жөні былай: Петербургте 1903 жылы жарияланған «Россия. Толық географиялық сипаттама» дейтін көптомдықтың 18-томы Ұлы дала тарихына арналған. Осындағы «Қырғыз аймағының территория бойынша орналасу тәртібі және оның этнографиялық құрамы, тұрмысы мен мәдениеті» тарауында Абайды қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негіздеушісі екенін айтып: «Енді поэзиядағы жаңа ағымның өкілі ретінде Құнанбаевты – формасы жағынан айрықша және мазмұны тұрғысынан арынды көптеген өлеңдердің авторы деп атауға болады. Осы автор «Евгений Онегин» және Лермонтовтың өлеңдерін жақсы аударған, сондықтан да Семей әншілерінің аузынан «Татьянаның хаты» атты өлеңін  тыңдауға болады)». Бұл – тарихи әдебиеттегі Абай туралы бірінші сөз еді. Абай азу тісі балғадай сегіз қырлы семсер сөздің шебері. Көздеген нысанасына құралайды көзге ататын хас мергендей дәл тигізеді, тотияйындай ойып түсіреді. Қоғам денесіндегі сыздауықтарды, адам бойындағы пәлекеттерді өткірлікпен түйреп, от түкіріп, от шайнап жайратып тастайды, тулақша сілкеді. Бұл оның турашылдық, әділеттілік, қайраткерлік, әлеуметшілдік туа бітті табиғатынан, от мінезді рухынан Абайтану ілімінің білгірі Мұхтар Әуезов Абайдың ақындық өнерінің осы бір таңғажайып ерекшелігін көрегендікпен көрсеткен-ді. «...Абайдың өзіндік, даралық ерекшелігі – адамдық, әлеуметтік турашыл және шыншыл бітімі» – ... ол Лермонтов үлгісінде немесе  Некрасов, Салтыков-Щедриндер дәстүрінде қоғамдық жаманшылық масқаралықтарды туралап шаншады. Басқа соғып, көзге шұқып отырып айтуды ақынның айқын жолы деп біледі. ...Добролюбов үгіттеген жол бойынша ызалы шабытпен, тура шабуылмен «түңлігін ұшыра соғып» айту керек деп ұғынады» [32,119].  
  • ...Абұйыр, атақ сол жанда,
  Кімді көп жұрт мақтаса. Ол мақтаудан не пайда, Көп мақтауын таппаса?   Көп тәңрі атқан мақтай ма, Ол тәңрі атқан болмаса? Жоқты-барды шатпай ма, Көптің өзі оңбаса?   Мақтау – жел сөз жанға қас, Қошеметшіл шығарған. Бір мақтаса боқтамас Ел табылса, құмарлан.   Жұрттың бәрі сөз сатқан, Сатып алып не керек? Екі сөзді тәңрі атқан – Шыр айналған дөңгелек.         («Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?»).  
  1. Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың.         («Өзгеге, көңілім, тоярсың»).  
  1. Өзің жалғыз, надан көп,
Ұқтырасың сен не деп, Әулекі, арсыз елге енді?         («Келдік талай жерге енді»). Абайдың индивидуалдық-авторлық көзқарасы, заманды, қауымды түсінуі, ой күшімен, жүрек тереңімен, зейін-зердесімен бағалауы да бөлек. Ол қара дауылға қарсы ұшқан қырандай, оттан, судан қайтпайтын көзсіз батырдай, қара балтадай қайраулы қара нардың өзі. Мұхтар Әуезовтің «Абай өз заманының ішінде өз қайратына сенген өршілдікпен құлаштайды» дегені қаны сорғалаған шын сөз, шын баға. Бұнысына мына өлеңді айғақ етуге болады:             Талай сөз бұдан бұрын көп айтқамын             Түбін ойлап, уайым жеп айтқамын.             Ақылдылар арланып ұялған соң,             Ойланып түзеле ме деп айтқамын. Әрбір істің, әрбір сөздің түпкі себебі мен салдарын артықша түсінеді де, қара терге, қып-қызыл бейнетке тап боларын білсе де, ел келешегі үшін ел сөзін, ердің сөзін шегелеп айтады. Арланбайды, жалындайды. Мұнан әрі әділ сот жасайды. Замана мешеулігін, жұртының нәуетектігін әшкерелеп, «түзу жолға» түсуін қалайды.             Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,             Бірінен бірі шапшаң ұқпас сөзін.             Көздің жасы, жүректің қаныменен             Ерітуге болмайды іште мұзын.               Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,             Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.             Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,             Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.               Адасып алаңдама жол таба алмай,             Берірек түзу жолға шық қамалмай.             Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,             Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» дейтін өлеңінде:             Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,             Ондай жерде сөз айтып болма мазақ.             Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,             Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ, – деп, сөз қаһарын жаңбырша жаудырып, қыранша шүйлігеді. Әрбір сөзінің динамизмі, драматизмі, ішкі шамырқанған серпін-қуаты, мағынасы, ішкі логикасы мейлінше ала-бөтен. «Жаманға айтқаның тамға сөйлегенмен бірдей» деп меселі қайтпайды, мысы құрымайды, қайта «Оян, қазақ» деп дабылдатады. Абай отаршылдықтың қамытын мықтап киген қазақ жұртын қайғы-шерін қара жерді қайыстыра айтпаса да, терең ишаратпен, астарлап-тұспалдап, мысқалдап жеткізген. «Сегіз аяқта» мынадай жолдар бар:             Өтірік, ұрлық,             Өкімет зорлық                Құрысын, көзің ашылмас. «Өкімет зорлық құрысын, көзің ашылмас» дейтін бір ғана зілді, сесті сөйлемнің өзі отарлық езгінің қан-қасап қорлығын паш етеді. ХІХ ғасырдың толық шындығын білу үшін Ахмет Байтұрсынұлының «Қоңсылық жайында» дейтін көсем сөзіне де құлақ қойған дұрыс болады деп санаймын. «Қазақ жерінің тұтқасының екі ұшы екі қолда: бір ұшы қазақта, екінші ұшы орыста. Әдіс қылған жағы ауыстырып алып жатыр, бос ұстаған жағы айырылып қалып жатыр. Жерді қолында қатты ұстау, бос ұстау қазақтың өздерінен. Оған біз не істейміз? Қазақ жері қазақтан кетпес еді, қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсаңдар. Жерін алдыруға болмаса, алдырмасқа іс қылған қазақ жоқ: Әркім өз жерін ғана ойлайды, өз басының ғана қамын ойлап, өз пайдасын ғана көздеп іс қылып, жұрт пайдасы мен залалына тіпті қарамайды. Жұрт жері кетпесе, менің де жерім кетпес, жұрт жерден айырылса мен де жерден айырыламын ғой деп ешкім де ойламайды. Сондықтан жұрт үстіндегі, көп ортасындағы жер ғой деп сатып, пайдаланып қалайын деп ойлайды. Мұжықты қазақ жеріне үйір қылып, қоңсы қондырған әуелде де осылай ойлағандық еді, осы күнде де сол ой қалған жоқ. Қазақ жеріне мұжықтарды шақырып кіргізген үкіметтен бұрын қазақтардың өздері емес пе? Қазақты бағып тұрған хакімдердің көбі келген мұжықтарды орнықтырмай, көшіргендері де болған. Дала уалаятының генерал-губернаторы Колпаковский қазақ жері өздеріне де тар, мал жаюға жер жетпеген соң, қазақ орыстардан хәм Тобыл губерниясындағы орыс жерлерін жалдап, мал жайып отыр деп көрсеткен. Бірақ қазақтардың өздері келген мұжықтарға жерін беріп, құшағын да жайып, қойнын ашып, қабыл алып, отырған соң, Колпаковскийдің қазақ жерін қорғап, қызғанғаны босқа қалған. 1882 жылы Жалғызкөл деген жерге түскен қаланы қисынсыз отырсың деп Колпаковский көшірген, 1888 жылы 17 наурызда шыққан генерал-губернатордың бұйрығында Семей облысында еш жерде мұжықтар қала салушы болмасын деген. Бұл бұйрықтардың бәрі де орнына келмей, құр қағаз бетінде қалды. Өйткені, мұжықтарға жер керек болды. Жұрт қамын ойлайтын қазақтың бас адамдарына жұрт пайдасынан гөрі өз пайдалары жақынырақ болды. Жұртқа келер залалға қарамай өздерінің жер сатып, байып алғанын артық көрді. Бір жағынан хәкімдер қазақ жерін қорып, бұйрық шығарып жатқанында, бір жағынан мұжықтар мен қазақтар хәкімдерден жасырын, жерді бірі сатып, бірі алып жатты...»«Қазақ» газеті» №34, 1913 жыл 16 қазан. Қазақтың тура өзіне, жерінің тағдырына қатысты. Қай заманда болмасын қазақтың алдынан шығатын мәселе бұл. Абайдың әлеуметтік қызметі – елді дұрыс жолға, түзу жолға түсіру, ұғындырып түсіндіру әрі қоғам дертін, сырқатын ашық айыптау еді. Ата-бабаларының «дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады» дегенін ақындық ұстаным еткен ердің өзі еді. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» дегенінде найзағайдың отындай жайпайтын наркескендей өткір «Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ» десе, «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңінде «Ала жылан, аш бақа күпілдектерді» «Не пайда, не залалды біле алмай жүргендерді» әшкерелесе, «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» өлеңінде: «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деп шындықты шырқыратып, міндерін бадырайтып айтса, «Бір дәурен кемді күнге бозбалалық» өлеңінде: «Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік, Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлықты» шенесе, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңінде:             Наданға арам ақылды құлаққа ілмек,             Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.             Рас сөздің кім білер қасиетін?             Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек. Я болмаса:             Ел бұзылса, табады шайтан өрнек,             Періште төменшіктеп, қайғы жемек.             Өзімнің иттігімнен болды демей,             Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек, – деп, миы аузына түскендерді «қабаған итше өшіккендерді, қара қарғаша шулағандарды» сөз қамшысымен сілейтеді. Осы ретте орыс ақыны Александр Блоктың:             Россия, нищая Россия,             Мне избы серые твои             Твои мне песни ветровые –             Как слезы первые любви, – дейтін лебізі ойға оралады. СЕРІК НЕГИМОВ Филология ғылымдарыныңдокторы, профессор Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қазақ үні