АНА ТІЛІ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗ
2020 ж. 01 тамыз
3521
0
Қазақстанның егеменді ел екендігін айқындайтын негізгі белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл. Қашан болмасын, тіл қандай да бір ұлттың бірінші белгісі болып саналады. Әрбір халықтың ана тілі мәдени - әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың өзінің де кері кете бастағандығын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе жоқ. Тілде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі алақандағыдай анық көрініп тұрады. Қазақтың Ұлы даласы қандай кеңбайтақ болса оның тілі де соншалықты бай.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» – деп, алдағы уақытта қазақ тілінің мәртебесі артатыны туралы жариялағаны баршаға мәлім. 2019 жылы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мәресіне жетіп, одан кейін Үкіметтің қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып табылады. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Қай ұлттың өкілі болмасын Қазақстанда тұрады екен, оны қасиетті де киелі Отаным деп мойындап, оның тілін де білуге тиіс. Тіл мәселесі кезең – кезеңімен жүйелі шешіліп келеді. Тілге қатысты көп сөзден гөрі айқын да нақты істер керек. Қазақстанда тілді дамыту үшін барлық жағдайлар жасалынып жатыр. Ендігінің бәрі өзімізге байланысты.
Рас, қазақ тілі ондаған жылдар кең қолданысқа ене алмай талай кедергілерден өтті. Ондай түйткілдер әлі де бар. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге болмас, үкімет тарапынан қатаң талаптар қойылғалы қазір мемлекеттік тілге сұраныс арта түсті. Ана тіліміздің адымдап дамуына өзіміздің де кері әсер беріп жататын кездеріміз болады. Әсіресе күнделікті тұрмыста бірқатарымыз орысша сөйлегенді ыңғайлы көреміз. Қазақ халқының бар рухани қуатын бойына сіңірген асылы, оның тілі. Алайда азаматтар тарапынан да, мемлекет тарапынан да, оның толыққанды мемлекеттік тіл болуы үшін әлі де көп істер атқарылуы шарт. Бұл ашығын айтсақ еліміздің солтүстігінде орналасқан аймақтарға тікелей қатысты. Кезінде орыстар көп қоныстанған бұл өңірлерде орыс тілінің басым болғаны белгілі. Қазір жағдай өзгерді, қазақ тілін дамытуға мемлекеттік органдар да, қатардағы тұрғындар да ден қоя бастады. Осы бағытта жыл бойына көптеген іс-шаралар өткізіліп, халық арасында түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіледі. Соның бір-екеуін ғана мысалға келтірсек болады.
Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мамыр айында ұлтымыздың ұлағатты ұстазы Ахмет Байтұрсынов атындағы оқытушылар арасындағы «Үздік оқытушы-2020» облыстық байқауын онлайн түрінде өткізді. Байқауға 13 оқытушы қатысып, біліктілікті саралау 4 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – Жарнама (PR), қатысушылар 15 минуттан аспайтын бейнесабақ үлгісін дайындап, онлайн дауыс жинады. Екінші кезең – Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, қызметі мен шығармашылығы қамтылған тест тапсырмаларын орындады. Үшінші кезең – Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы, әдістері мен әдістемелік мақалалары, сондай-ақ оқытудағы түрлі педагогикалық-психологиялық әдістемелеріне байланысты видеосұрақтарға жауап берді. Төртінші кезеңде – қатысушылар өздерінің соңғы жылы шыққан оқулық, оқу-әдістемелік құралдарын, ғылыми-әдістемелік мақалаларын, байқаудағы жүлделі жетістіктерін жұртшылыққа көрсетіп, оның маңызы мен мақсатын түсіндіріп берді.
Байқау қорытындысында, қазылар алқасының және көреремендердің ұйғарымы бойынша бірінші орынды Сарыкөл ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Нәби Болат жеңіп алды. Екінші орынға Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Балайым Молдабекова ие болды. Үшінші орын «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айнұр Миркемеловаға бұйырды. Жүлделі орындарының жеңімпаздары дипломмен және «Сулпак» электрондық-техникалық дүкенінің бағалы сыйлықтары сертификатымен марапатталды. Сонымен қатар, «Шығармашыл педагог» номинациясы бойынша Меңдіқара ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Анар Хасенова, «Креативті педагог» номинациясы бойынша Қарабалық ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Ерлан Абилов, «Жаңашыл педагог» номинациясы бойынша Денисов ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Алия Сәбитова марапатталды. Номинация иегерлері де дипломмен және «Сулпак» электрондық-техникалық дүкенінің сыйлық сертификаттарымен марапатталды. Байқауда белсенділік көрсеткен өзге қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Мемлекеттік тіл – мемлекетіміздің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Мемлекет Қазақстан халқын тілді үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Лауазымды адамның тіл білмеймін деген сылтауымен құжаттарды, өтініштерді немесе шағымдарды қабылдаудан бас тартуына жол берілмейді. Ол үшін әрбір мемлекеттік қызметкер қазақ тілін жетік білуге міндетті.
Қостанай облыстық әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы мен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментті бірігіп, 4-14 мамыр аралығында Қазақстан республикасы Конституциясының 25 жылдығына және Қазақстан Мемлекеттік қызметкерлер күніне арналған «Мемлекеттік тіл – мәртебең!» атты аймақтағы мемлекеттік қызметкерлер арасындағы облыстық көлемді байқау өткізді.
Байқаудың түпкі мақсаты қазақ тілін емін-еркін, жан-жақты меңгерген мемлекеттік қызметкерлерді анықтап марапаттау және оларды өзгелерге үлгі ету болатын. Бұл саяси шара қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде кеңінен қолдануына, тұрғындар арасында оның тұрақты, күнделікті айналымда болуына ықпал етеді деп көзделген. Сонымен бірге ел арасында тіл мәдениетін барынша дамытуды мақсат тұтты.
Алдынала айта кету керек, байқау жергілікті облыс орталығы мен аудандардан келген мемлекеттік қызметкерлердің үлкен қызығушылығын тудырып, табысты өтті. Конкурсқа барлығы 23 команда қатысты.Байқау үш бөлім бойынша өткізілді. Бірінші бөлім команданың өздерінің командасының атауын, ұранын таныстыруға арналды. Оған қоса өздері қызмет ететін мемлекеттік мекеме туралы бейнетаспа жариялады. Байқауды ұйымдастырушылар оны әлеуметтік желідегі Инстаграм парақшаларына орналастырып, көпшіліктің онлайн режімінде дауыс беруге мүмкіндік жасалды.
Екінші бөлімде «Quizizz» платформасы арқылы «Сіз Конституцияны білесіз бе?» деген сұраққа жауап беру керек болды. Бұл қатысушылардың еліміздің Ата заңы туралы, оның маңызы мен тарихи рөлін, мамандардың заң саласындағы біліктілігі сараланды. Бұл жерде үміткерлердің басым көпшілігі сауаттылық танытып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Үшінші кезең «сұрақ-жауап» түрінде өткізілді. «Мемлекеттік қызметкердің әдептік және мінез-құлық нормаларынан» алынған сұрақ экранда көрсетіліп қатысушылар жауап берді. Сонымен қатар қызмет барысында кездесетін түрлі жағдайлар бойынша, оны қалай шешу керектігі жайында да сұрақтар қойылды. Байқауға қатысушылардың біліктілігін бағалаған көрермендер де өз ойларын білдіре алды.
Сөйтіп, қызықты да тартысты өткен конкурс қорытындысы бойынша Қостанай облыстық Қаржы басқармасының «Мәңгілік ел» командасы өзгелерден басым түсіп жеңімпаз атанды. Екінші орынға Арқалық қаласының «Жалын» ұйымшыл ұжымы көтерілді. Үшінші орынды Рудный қаласынан келген «Рухты жастар» командасы иемденді.
Жүлделі үш орыннан басқа да қосымша ынталандыру номинациялары белгіленіп, оған лайықты командалардың аты аталды. Айталық, Қостанай облыстық аймақтық инспекция ұжымы – «Өнерлі топ», облыстық Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің «Қауіпсіздік қырандары» командасы – «Креативті топ», Қостанай облыстық Полиция департаментінің «Жігерлі жастар» командасы – «Шығармашыл топ» жүлделеріне ие болды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдеге ие болғандарға арнай дипломдар және ескерткіш сыйлықтар тапсырылды. Ал қалған байқауға қатысушыларға алғыс хаттар берілді.
Қазақ елінде, қазақ жерінде, қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде өркендеуі қажет. Оған тек қазақ халқының ұрпақтары ғана емес, бүкіл Қазақстан елінде өмір сүріп жатқан адамдар үлес қосу керек. Мемлекеттік тілді игеру деген сөз мемлекет азаматы болып өмір сүру деген сөз. Қазақстанның азаматы екенімізді жан-жүрегімізбен түйсінсек, болашақ ұрпаққа Отан алдында жауапты екенін ұғындырсақ, тіл мәдениетін көтеріп, оның ішінде өзге тілдерге көлеңке түсірмей, тілін өркендетуге болады. Қазақ тілі – қазақтың мәдениетімен біте қайнасып жатқан рухани қазына. «Ана тілі тірлік үшін керек, мемлекеттік тіл бірлік үшін керек» деп тегін айтылып жүрген жоқ. Соны әрбір Қазақстан азаматының жүрегімен ұққаны жөн. Ана тіліміз біздің асыл мұрамыз. Сол асыл мұраны аялап, керек кезінде қорғай білу, дамыту және өскелең ұрпаққа жеткізу барша жанның тікелей борышы екендігін ұмытпайық.
Бақытгүл СҮЛЕЙМЕНОВА,
Қостанай облысы әкімдігі Тілдерді дамыту
басқармасының бөлім басшысы.