Қазақ мәдениеті тағы бір тарланынан айырылды

***

Қазақ мәдениеті тағы бір тарланынан айырылды. Жаңа ғана "Тамшылар", "Есіл ағады", т.б. көптеген халықтың сүйікті әндерінің авторы, композитор Ахмедия Есмұханов мәңгілік сапарына аттанды. Ахаң өзінің сұлу сазды әндерімен тұтас бір ұрпақтың жүрегін сұлулыққа тәнті етіп, үйлесімдікке тәрбиеледі, қазақ музыкасы тарихында өшпес із, мол мұра қалдырды. Ардақты аға досымыздың жарқын бейнесін, аңқылдаған ақ көңілі мен жарасымды сыпайы әзілін енді тек сағынышпен еске алатын болдық.

Көкіректері қарыс айрылып, жүректері қан жылап, бауырлары езіліп отырған жан жары Сәлимаға, ұлы Медет пен қызы Динараға, Боат ағамыз бен Мара жеңгемізге, барша жақындарына қайғыларына ортақтаса көңіл айтамын. Асыл аға, адал досымыздың жаны жәннатта, иманы саламат, жатқан жері жарық, топырағы торқа, арты қайырлы болсын!

Әлихан Баймен

***

Хош, аға – дос!

Аға, дос Ахмедияр Есмұхановты танығаныма, табысқаныма қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Қазақ эстрадасында өзіндік бояуымен, сазымен ерекшеленген композитор еді. Ахаңның бойында нағыз өнер адамына тән адалдық, періштелік бар еді. Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері бұл есім қазақ жұртына таныс. Кезінде Жақсыкелді Сейітов бастаған “Каракөздің” де негізгі құрамындағы талантты өнерпаздар Болат пен Ахмедияр Есмұхановтар еді. Ахаң ондаған тамаша әндердің авторы. Соның ішінде “Тамшылар” әні мен менің сөзіме жазылған “Мұзарт” тобы орындайтын әйгілі “Есіл ағады” әнін бөліп айтқан абзал. - Тағы да тамаша әуендер бар, Ғалым! Астанаға келгенде асықпай бір хабарлас, бір сырласып отырайық, мүмкін мәтін туар – деп еді соңғы кездесуімізде. Асықпай кездесуге жазбапты. Ажал асығыс екен... Хош, аға – дос! Әндерің шырқалған сайын сенің асыл бейнең көз алдымызға келетін болады.

Ғалым Жайлыбай,

Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

***

Белгілі сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Ахмедия Есмұхановтың дүниеден өткені туралы қаралы хабарды естіп қабырғамыз қайысты. Сонау сексенінші жылдары әйгілі "Қарагөз" ансамблінде өнер жолын бастаған композитордың шығармашылығы халыққа етене таныс. Екі жүзге жуық әннің авторы болған Ахмедия Есмұхановтың "Есіл ағады", "Тамшылар", "Бір тамшы жас" секілді көптеген әндері хитке айналып, тыңдарманның жүрегінен орын алды. Ерекше атап өткіміз келетіні, Ахмедия ағамыз "Ақ жол" партиясының гимнін жазған композитор еді. Партияның шараларына белсене араласатын. Саналы ғұмырында өнер биігіне көтерілген сазгердің иманы жолдас, жатқаны жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз. Марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл білдіреміз. "Ақ жол" ҚДП Орталық Кеңесі