Ұлт басылымының ұлы жолының жалғасы...
2020 ж. 12 шілде
3143
0
Қазақ баспасөзінің дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан басылымның бірі – «Ана тілі» газеті. Жарық көре бастағанына 30 жыл толған Ұлт басылымы ұлттық мүддемізді қорғау жолында аянбай еңбек етіп келе жатқаны көпке мәлім.
Таяуда ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне қоғамдағы келелі мәселелерді қозғаған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбаты жарияланды. Қалың оқырманға ой салған осынау дүние ұлттың ұпайын түгендеп келе жатқан Ұлт басылымының беделін одан әрі биіктете түсті.
«Ана тілі» газетінің өткені мен бүгінінен сыр шертетін «Ұлт басылымының ұлы жолының жалғасы...» атты мақаланы оқырман назарына ұсынуды құп көрдік.
Редакциядан
Республикалық «Ана тілі» газетіне биыл мерейлі 30 жыл толды. Ұлыстың ұлы күні ұлт газеті – «Ана тілі» басылымының мерейтойы биыл еліміздің басына туған сындарлы сәтке тұспа тұс келіп қалды. Бұл – құмсағаты әлденеше аунаған тарих өлшемімен алғанда қас-қағым ғана сәт, ал қоғамдық өмірдің негізгі қозғаушы күші – адам өмірімен өлшегенде едәуір уақыт. Газеттің қазіргі бас редакторы Жанарбек Әшімжан бұл басылым Алаш ардақтыларының аңсар арманынан туған басылым деп атап өткен болатын. «Алып империяның ауласын саяси сағым кезіп, орақ пен балғаның топшысы босап, тас бұғау сетіней бастаған тоқсаныншы жылдары Тәуелсіздіктің таңын күтіп, жолын тосқан осы «Ана тілі» болатын. Жаңа дәуірдің жаңа басылымының құрылуына тікелей қайрат көрсеткен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып, бүкіл ғұмырын қазақ тілінің қанат жаюына арнаған Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлы еді. Ұстанымдарынан бір қадам кері шегінбей, шешім қабылдайтын билік өкілдерімен бірде тату, бірде қату бола жүріп, табандылық пен күш-қайратты серік еткен аяулы академик ақсақалдарымыз айнымас мұрат жолында ажал жастығына бас қойды. Имандары саламат болсын. «Ана тілі» газеті – алғашқы нөмірі Тіл білімі институтының мәжіліс залында жарық көрген сәттен бастап бар қазақтың сүйкімді газетіне айналды. Демі ішін жарып шыққан демократиялық қоғамның алғашқы сәт-сағатынан бастап тірсегі тілініп, есесі кеткен Қазақ тілінің мәртебесі үшін ымырасыз күреске шықты. Ақырып теңдік сұрады. Күнгейлі-теріскейлі сәттердің бәрі баспасөз шежіресінде жазулы. Менің замандастарым дәл сол шақта көзін тырнап ашып, есігін қай жақтан ашарын білмей дағдарып тұрған қоғам көшіне енді ғана ілесе бастаған шақ еді… Осы отыз жылдың бедерінде «Ана тілі» басылымында есім-сойы елге мәлім көрнекті қаламгерлер, журналист-публицистер, ғалымдар, техникалық қызметкерлер аянбай абыройлы жұмыс істеді. Ақпараттық кеңістіктің шырайын кіргізіп, бірінің шынтағын бірі сезіне жүріп ұлт басылымының жалауын тіктеген сол аға буын әріптестерге мадақ! Күрестердің күресі – тіл үшін күрес!» деп жазды Жанарбек Әшімжан. Газеттің 30 жылдың мерейтойы қарсаңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ» газетінің антына адал болыңыздар!» деп «Ана тілі» газетінің ұжымына сенім мен алғыс білдірді. «Еліміздің ақпараттық кеңістігінде өз орны бар «Ана тілі» газетінің жарық көре бастағанына 30 жыл толу мерейтойымен, осы басылымның тұрақты оқырманы ретінде шын жүректен құттықтаймын. Тағдырлы өткелдерден аман өткен ана тіліміздің жай-күйі осы бір басылымның оқырманға жол тартуына себеп болды. Ұлттық арман-аңсармен қол жеткізген тәуелсіздіктен бергі уақытта «Ана тілі» газеті оқырманының қасынан табылды, биік мұраттарға жетеледі, абыройлы ағартушылық міндетті адал атқара білді. Мемлекеттік тілдің айырықша рөлін бұқараға түсіндіріп, насихаттауда «Ана тілі» қайыспас қара нардың жүгін көтеріп келеді. Тіл – тарихпен, мәдениетпен, әдебиетпен, қоғамдағы өзге де салалармен тығыз байланысты. Мұны газет бетінде жарық көріп жүрген толғамды материалдар айғақтайды. Қазақта «орда бұзар – отыз жас» деген сөз бар. Демек, руханият мәселелерін жан-жақты көтеріп жүрген басылым – шығармашылықтың нағыз шабытты шағында. Олай болса, газет ұжымы алдағы уақытта да еліміздің игілігі үшін табысты еңбек етіп, оқырман көңілінен шығар ойлы дүниелерімен қуанта беретініне сенім мол. Ұлттық баспасөздің қарлығаштарының бірі саналатын «Қазақ» газетінің антына адал болыңыздар!» деген ҚР Президенті өз құттықтауында. Ал 1990-1997 жылдардағы тұңғыш Бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлы газеттің құрылу тарихы мен қалыптасу кезеңін еске алған еді. «1989 жылдың күзінде халықтың зор қолдауымен «Қазақ тiлi» қоғамы құрылды. Басшысы – Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәли Қайдар, орынбасары – Өмiрзақ Айтбайұлы. Мемлекеттік тіл үшін күрестің қызу майданына бел шеше кірісіп кеткен қос сардардың «тіл қоғамы жұмысына жалпақ елді кеңінен жұмылдыру үшін апталық газет керек» деген ұсынысын, сол кездегі республикалық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі Өзбекәлі Жәнібек те бірден құп көріп, «Ана тілі» газеті туралы шешімді қаңтар айында-ақ шығартып береді. Содан кейін жаңа апталыққа редактор іздестіріле бастаған. Ақпан айының ортасынан ауа «Қазақ тілі» қоғамы басшылары біраз үміткерлердің арасынан жастар газетінде жауапты хатшы боп істеп жүрген мені редакторлыққа бекітті. Алдында Әбдуәли Қайдар ағамыздың алдынан өткенде, газетті қай бағытта шығару қажеттігі жөніндегі өз уәждерімізді жеткізгенбіз. «Апталықта тіл майданының өткір мәселелерін көтерумен бірге, ұлттың сөзін сөйлеп, мұңын жоқтайтын, жабық тақырыптарды бүкпесiз айтатын, тұмшаланған тарихымыз бен этнографиямызды қаузайтын, елдiң санасын сілкінтетін дүниелердi де жариялауға болады ғой» дегенбіз…» деп жазды Жарылқап Бейсенбайұлы. «Ана тілі» газетінің 1997–2006 жылдардағы Бас редакторы Мереке Құлкенов ««Ана тілі» басқа ұлттық басылымдардан батылдығымен, өткірлігімен әрі тереңдігімен де ерекшеленеді. Әсіресе, коммунистік партияның тәрбиесімен Ана тілін әбден ұмытуға айналған шенеуніктерді сынап, тәубесіне келтіру барысындағы еңбегі мақтауға тұрарлық. Ал іс қағаздарын қазақшаландыру барысында, халыққа қызмет ету орындарын қазақша сөйлету мәселелерін көтеруде «Ана тіліне» тең келетін басылым жоқ. Сондықтан да тілін, тарихын, мәдениетін қадірлейтін әрбір қазақ «Ана тілін» аса құрметтейді, қадір тұтады, осындай әрбір сөзінен қазақ иісі аңқып тұратын газеті бар екеніне қашанда мақтанып, шуақтанып жүрер» деп жазды. Газеттің алғашқы қызметкерлерінің бірі баспагер Қонысбек Ботбай өткен күндерге бір шегініп, газетке аз уақытта 45 мың оқырман жазылған сәттерді еске алды. «Бұл оқиға менің ғана емес, бүкіл жұрттың жүрегінде әлі сақтаулы деп ойлаймын. Республика сарайында «Ана тілі» газетіне жазылу науқанын ұйымдастырдық. Дәл осы кезде айтыс өтіп жатқан, соның арасында айтыстың ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі Жүрсін Ерман «фойеде «Ана тілі» газетіне жазылу жүріп жатыр, үзілісте жазылыңыздар» деп хабарлады. Ал үзілісте айтысқа келген бүкіл жұрт лап қойды. «Қазпоштадан» келіп, жазылуды жүргізіп отырған қыздарды басып кете жаздап, жұрттың газетке жазылуға деген ықыласы ерекше болды. Сондай жақсы үрдістер жүрді. Төрт-бес күннің ішінде 45 мың адамның газетке жазылған сәтінің куәсі болдық. Біз сондай жақсы кезеңде жұмыс істедік. Елге, тілге, ұлтқа, халықтың этнографиясына, тұрмыс-тіршілігіне байланысты өзекті де өтімді материалдарды көп бердік. Ұжым ұйымшыл еді. Әр материал оқылып, айдар, тақырып қоярда ақылдасып отыратынбыз. Мысалы, газеттің соңғы бетінде «Жиған-терген» деген айдар болды, соны жарты сағат талқылап, ақылдасып қойғанымыз есімде. Мен сол кезде газеттің тіл саясаты бөлімін басқардым. Сонда қазақ тілі мәселелерін, атқарылып жатқан жұмыстарды, шұғыл хабарларды ұтымды беріп отырдық. Бірде «Үржар аспаны ала-құла» деген материал бердік. Семей өңірі Үржар төңірегінде қазақ тілінің жағдайы қандай, не істеліп жатыр деп білім басқармаларымен, сол жердегі мекемелердің басшыларымен сөйлесіп, тәп-тәуір мақала дайындадық» деп естелігімен бөлісті баспагер Қонысбек Ботбай. Ұлт басылымының 2007-2008 жылдардағы Бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат 30 жылда ауысқан басшылар туралы айтып өтті. Ал өзі аталған басылымның төртінші Бас редакторы болған. «Отыз жыл — бір адамның орташа ғұмыр жасы ғой. Осынау бір буын уақыт кезеңінде басылымда небәрі алты бас редактор ауысқан екен. Солардың төртіншісі болғанымды ойласам, кеудеме мақтан сияқты бір сезім ұялайды. Иә, айналайын ана тіліне еселі болмаса да, әйтеуір бір сыбағалы еңбек сіңіру әр қазаққа мақтаныш болса керек. «Ана тілі» өзінің алғашқы бас редакторлары Жақаңның (Жарылқап Бейсенбайұлы), Мекеңнің (Мереке Құлкенов) және марқұм Жұмабек Кенжалиннің тұсында консервативті аудиторияға, консерваторлық идеалдарды мұрат тұтқан ұлтшыл-патриоттарға бағытталған басылым ретінде қалыптасты. Жақаңның бастамашылдығымен газет фирмасына «Ұлт газеті» деген анықтауыштың қосылғаны да содан. Мұның өзі Никсон тұсындағы американ консервативтік журналистикасын еске түсіретін. Мысалға, сол елдегі атақты Роберт Айлз құрған Fox News жаңалықтар телеарнасын алуға болады. Бұлар «үнсіз көпшілікке» — Silent majoritуға, яғни, әдетте өз пікірлерін сыртқа шығара бермейтін, қоғамдық және саяси өмірден тысқары жүретін, бірақ істің сағаты соққанда азу көрсетіп, айбат шегіп, өз пікірін батыл білдіретін бұқара адамдар тобына бағыт ұстаған БАҚ. «Ана тілін» әу баста өмірге әкелген де, таралымын тез арада жүз мыңнан асырып жіберген де осы «үнсіз қауым», солардың арман-тілегі болатын. Консерваторлық бұл бұқара адамдар тобының газет бетіндегі таза, анық бейнесі — Мырзан Қайғының (Мырзан Кенжебай) қаламынан күніге көк түйнектей домалап түсіп жататын мақалалар еді. «Ана тілінде» басредтің жиі ауыспауының да бірден-бір себебі тұрақты аудиториясының тұрақтылықты қажет етуінде болса керек» деді Мақсат Тәж-Мұрат. «Ахмет Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – ТІЛ» деп жанұшырса, Қараштың Ғұмары: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз» деген сөзін тасқа қашап, тарихқа қаттап кетті. Ал Батыс Алашорда көсемдерінің бірі Халел Досмұхамедұлының «Ана тілін жақсы біліп тұрып бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беруі зор қате» дегенін бүгінгі қоғамға қатыссыз деп кім айтады? «Оян, Қазақ!» деп ұран тастаған Міржақып Дулатов: «Қазақ тілі – бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кетпейді. Қай жұрттың тілі болса да ту басында біздікі секілді таза, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған… Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардан да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр…» деп шырылдағанда нені меңзеді? Сол Алаш зиялыларының жалғасы, басына ас құйып, сабына қарауыл қойған кезеңде айылын жимаған, күні кеше арамыздан кеткен Шерхан Мұртаза «Өзімізді өзіміз сыйламасақ, өз тілімізді сыйламасақ, ол тіл кімге керек? Бұрынғы Кеңестер Одағына қараған, қазір Тәуелсіздік алған мемлекеттердің бірде-бірінде тіл туралы біздегідей талас жоқ. Талас тек бізде ғана болып тұр…» деп, ақпараттық кеңістікте ақырғы демі үзілгенше намыс найзағайын ойнатты да кетті. «Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алатын» бүгінгі жаңа медиа, технологиялық үдерістер мен әлеуметтік желілер желкен керіп тұрған шақта Тәуелсіздіктің қалыптасуына қызмет еткен дәстүрлі басылымдар көштің басында жүруі тиіс. Отыз жыл бұрын Тәуелсіздіктің таңын кірпік қақпай атырған «Ана тілі» газетінде түн жамылып, түс қашып еңбек етіп жүрген жас әріптестерім де ақпараттық майдандағы басылым мәртебесі үшін аянып жүрген жоқ» деген «Ана тілі» газетінің қазіргі Бас редакторы Жанарбек Әшімжанның сөзімен қорытындылаймыз. Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ qazaquni.kz