ҚҰДЫҚШЫНЫҢ БАЛАСЫ
2020 ж. 05 шілде
3228
0
Өмірде ұмытыла бастаған, бірақ, уақыт өткен сайын аңыздағыдай аландататын, кісінің былайғы көңіл-күйіне ынтызарлық әсері мол кәсіптер болады. Соның бірі – құдықшы. Бұл кәсіптің кереметі, қызығы мен қиындығы Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырауын» оқыған адамға Еңсеп құдықшы арқылы жақсы таныс.
Суретші Табылды Мұқаттың әкесі Мұқат Жәсенов те Атырау өңіріне аты мәлім құдықшы болды. Тағдырдың жазуын аз көрмеген құдықшыға сол тағдыр көкірек көзін сайратып қойып, қызыл тілді де қимай, ұстараның жүзіндей қылпып тұратын кәсіп сыйлапты. Табиғатынан тұңғиық жаралған жанның сол қасиетінің тандаған кәсібімен одан сайын кірігіп, тереңдікпен өлшенуін қарашы.
«...Сазы алыс білем, тұяқтың үні тұншығып шығады екен», – деп Әбекең айтқандай, шын жүйріктің алысқа шабатыны секілді, шын құдыкшының да тереңге, шыңырауға жетпей тоқтамайтыны рас. Бәлкім, құмарлық, бәлкім, сол құмарлықтың қызуымен өз түбіне өзі жететін қасірет. Бірақ, Мұқат құдықшы Еңсептің тағдырын құшпаса да, кәсіби дағдымен үміт пен үрейдің тоғысында өмір сүргені хақ.
Атақты Нарын құмында кімдердің ізі қалмады. Осынау басынан сан қилы тағдыр өткен Нарынның нар тұлғалы ұлдарының кәсібі құдықшылық қана ма еді? Небір жылмиған жүйріктер, жақсылар мен жайсаңдар, ер жігіттің сойы Исатай мен Махамбет, Құрманғазы дүбірлетіп өткен өлкеде аңызға айналған адамдар аз болмаған. Сейтек, Мәмен, Дина, Ұзақ (Құрманғазының ұстазы) ат шалдырған өңірдің қадір-қасиетін бедерлеуге ақынның тілі жетпес, суретшінің бояуы жетпес.
Арқалы Хамит ақынның әкесі, құла сағымдай боп көрінбесе де, жылқысын айдағанда қара жер қайысқан бай болған Ерғалидың күтірі (хуторы) де осында.
– Бұл өңірдің қойнауында, келбетінде тұңғиық сыр жатыр. Осынша пласт кісіні суреткер етпей қоя ма!? Әкем жарықтықтың құдықшы болумен қатар, сиырдың мүйізінен балқытып тарақ жасайтын да өнері бар еді. Құдық қазу, негізінен, құм халқының күнкөрісі болғанымен, кісінің жандүниесін байыз таптырмайтын азапты өнер ғой. Құдықшы – тәуекелшіл, үрейлі кәсіп, – дейді Табылды.
Әлде шын ба, әлде лақап па, Әбекеңнің «Шыңырауындағы» Еңсептің бәсекелесі Қалпақтың 100-120 қадамға дейін тереңдеп кететінін еске түсірсек, Мұқат құдықшы да бұл жағдайды бастан кешті ме, кешпеді ме, кім білсін!? Бірақ, бір нәрсе анық: кісі шіркіннің көңілінің үнемі биікке құмар болатыны тәрізді, құдықшының тереңге құмартып өтетіні де заңды құбылыс.
Тағдыр сол қадамға жеткізіп, су шығарып, тірі қалған құдықшының қан көбелек ойнаған қуанышты жүзін көру де ғанибеттің ғанибеті екен. Сол тереңдікке Мұқат құдықшы бойлай алды ма, жоқ па, тағы да кім білсін, ал, ұлы Табылдының терең суреткер болғаны анық.
Табылды сурет салатын кезде, алдымен өлең жазатын тәрізді. Әрине, ұйқасы үнемі келісіп, толайым төгіліп тұрған болмаса да, ақ өлең тәсіліндегідей тәмсілденетін оның ой орамдары кісіні көп жайға қанықтырады. Осы сөз, көп ұзамай, күндердің бір күнінде кенеп бетіне көшеді. Әлгі біздің көңіл көзіміз жете көре алмай жатқан Нарынның бар натурасы Табылдыдан табылады. Өмірдің айдау жолы (тегіс жол) Нарында қалып, өмірдің сан соқпағына түскен суретшінің сөздеріндегі сағыныш сарыны тал бойынды ерке желдей желпіп өтеді. Қане, үзіп-жұлқып оқып көрелікші.
Айдау жол
Жағадағы Шәуіптен,
Құмға кірсең, Молшағыл,
Жолай, Шақу обасы,
Тәуке, Хандық, Қуандық,
Айтулы елде құдықтар...
Көрпедей қыста оранған
Рақыш, Сиран қыстауы
Елшібай, Омаш құдықтар
Ел қондырған Орпаға
Жусаның мол, күземде
Ала ит өлген қоңыры
Қауғамен тартып су ішкен,
Харес құдық,
Тас құдық...
Шайтаны бар деуші еді
жолда жаман қыстаудың...
Қамысты қызыл жағалап
із кесіп едім, әрі аспай
Тұщы құдық, Айбасқа,
Оң жағы Отау түскенім,
Быдырда жатыр Аққұстау,
Ақ шошаққа жүргенде
Саздыға соқпай, етекте
Зират еттім басына
Ата-баба қорығы...
Қос кемпірден шай ішіп,
Оралсам Қасен құдыққа
Қызарған таңғы сағыммен
Папанин, Кеңсе тастары
Таныр ма екен тағысын! Т
алай жазды өткізген,
Есенқара жазығы...
Мырзақұл шағыл шәлпиі,
Малға өрген таптырмас,
Тебінсіз Түлкі қызылға
Соқпай Сахат, Аққұдық,
Әденге шықсам, айдау жол
Апарар Қапай, Жолайға,
Қайта шығып жағаға
Күкірттіден сусындап
Ерғали күтір, Әусенге,
Ат шалдырып қияққа,
Жасқайратқа жетерміз,
Қаңбақтыға кірмей-ақ,
Қайта оралсам айдау жол
Көрінер алыс мұнартып
Шеміршекті шағылы
Айылын тартып атымның
Төбеңе шықсам көрінген,
Қоңырқұдық мектебі...
Жағалай қонған, қалың ел,
Ахмет шошақ, Төбелес,
Жаман мектеп, аты жоқ,
Аттың терін алдырған
Көз тұзынды сағындым,
Қаракөз, Әйтіш сорлары
Сендерде қалды,
Айдау жол!..
Баяғының сал-серілеріндей атанбаса да, ондай сән-салтанатқа ие болмаса да, осы өңірде жағалауға біткен жалбыздай – Елшібай, Сиран, Рақыш, Қуандық, Тәуке құдықшылар болғанын ел ұмыта қойған жоқ. Соншама азапты өнері байдың байғазысы – алдына салып берген жүз қоймен де өлшенгені рас. Бірақ, осынау бейнеттің қазіргі дүние дидарына дақ түсіп, бүлінген кезден нендей айырмашылығы бар еді. Жыңғылмен, талмен шегенделіп, көмкерілген құдықтың суы экологиялық жағынан таза болады. Шыңыраудан шымырлап шыққан су ащы ма, тұщы ма, ол енді тағдырдың жазуы, құдықшының бармақтай бағына байланысты шаруа.
Алайда, жүз жылқыны айдап келіп суарсаң да лайланбайтын құдық суының көзі ашылатыны рас. Бұл құдыкшыңызға Құдай өзі қисынын келтіріп, сантүрлі кәсіп дарыта ма деймін. Құдық қазып қарайып қалған көңілдің хошын келтіріп, қыздырмалатып алмаса, жермен жер болып кететін құдықшы ара-арасында аңның ізін кесіп, сол арқылы сол аңның мінезін білетін ізшілер де осылардың арасынан шығады. Кұдық қазылатын тұсты іздеп табудың өзіде алдымен Құдайдың берген саңылауымен болатын шаруа десек те, құдыкшының естісі де, есері де бар екені осы мезетте байқалады. Бір табын жылқы айдатып, жердің сазын тындайтын сәуегей шалдардың көмегінсіз де су көзін табатын сұңғыла құдықшы сирек, әрине. Нарын құмының адамға берер сыйы осы ғана ма дерсіз. Сол құмның ортасында сорлар болады. Ол жерден тұз қазылады, жұрт оны әйнек сияқты жылтырап көздің жауын алып жататын болғандықтан, «Әйнек көздер», мәселен, «Ботакөз», «Қаракөз» деп атап кеткен. Бұл өңірге аты мәлім Әйтіш сорлары – соның дәлелі. Осынау далиған даланың ортасындағы тегіс жерлер «Қоңыр» деп аталады. Қазақтың байырғы, бүгінгі таным-түсінігінде әртүрлі бояу-реңкке, мағынаға, мазмұнға ие осы ұғымның Табылдыдай суретшінің жандүниесіне әсері ерекше. Тұла бойы дәстүр-тағылымнан құйыла салған суретшінің қолтаңбасы да сол дариға-даланың дарқан, алуан түрлі бояуымен ғана тыныстайды. Оның шығармаларындағы қоңыр саздың сырына дәл қазір тамсанудың қажеті бола қояр ма екен, енді.
Осынша мол дала мифін бойына сіңірген Табылды суретші рухани әлемімізге елді елең еткізетіндей жаңалық алып келді. Махамбет бабасының кітабын ежелгі өз топырағымызда бар дәстүрге сай айлар бойы бүгіліп отырып, өз қолымен жазып шықты. Былайша айтқанда, тарихи тілге салсаң – киіз кітап. Бұл кітап «Махамбет Өтемісұлы» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Тылсым тарихтың тереңіне бойласаңыз, компьютерге сыймайтын «Құм жазуының» сырына аз-кем қаныққан болар едіңіз. Табылдының мына бір толғаныстары осы ойымыздың үдесінен шығарады.
Құм жазуы
Құмда жортқан
жемтік іздеп, түлейде,
аңның ізі, хаттай бір.
Ат іздедім шідерлі,
көк қияқта...
Сүйрік тартқан қабақта.
Құм жазуы – құмнан қалған
табанымда ыстығы,
Ор боп қалған
бабамның
ат тұяғы шапқанда,
Ол сәбидің басқан ізі,
тәй-тәй тұрып,
қаз басқан
Құм жазуы – ол еркіндік,
«Үф» еткенде,
тентек жел,
бірге көшкен
Сағымындай даланың.
Құм жазуы –
құмырсқаның ізіндей,
Сұлыбастан –
илеуіне асыққан.
Ол батырдың семсерінің
ұшында қайнаған кек, ашыққан!..
Құм жазуы – ол
тамшы жас арудың,
ақ иінін жасытқан.
Опасыздың құпиясы,
біздер оқып таңқалар,
абайсызда ашып қап.
Құм жазуы – түнгі аспанда
Құс жолы, сансыз
жұлдыз жымыңдасқан
Ғашықтардай мұңдасқан!
Құм жазуы – мал ізі,
құрығынан шопанның
шырқап салған әніндей,
Қайтқан қыстау, жайлаудан,
Ол әжемнің оюындай,
өрмектегі
алашаға жүгірген.
Құм жазуы – үйір киік ізіндей,
құйындай боп қыр асқан.
Ол даланың
жыңғылы мен жусаны,
шағыры мен шәлпиі,
ебелегі, изені,
ол түтіні жерошақтың, шұбалған...
Ол түнекті жарық қылар шырағдан,
ол шанақтан жарып шыққан сырлы әуен,
бойды билеп, жетер терең жүрекке,
Құдықшының маңдай тері, қалған табы күректе!
Ол – даланың ерке самал желі ескен,
бораны мен күртігі, алай-түлей телі өскен.
Ол керуен көшіндей көнелерді арқалап,
Бұл заманға жеткізген,
Сабағындай иненің, мен сығалап, өткізген,
Ол еркіндік компьютерге сыймаған...
Ар мен намыс!
Жігер оты қайнаған.
Құм жазуы – алақаны әжемнің,
Маңдайымнан сипаған,
Ұрпағыма ол – мұра,
менен қалар, көз болып,
Тарихтың парағы, жетер саған, өзгеріп...
Міне, сізге керек болса, этнографиялық эссе, этнографиялық элегия, этнографиялық жыр! Суретшінің шығармашылығынан Махамбеттің ойып тұрып орын алуы да орынды. Пушкиннің портретін мыңдаған суретші салса да, ешкім қолын қаққан жоқ. Бәрі де суретшінің өз ар таразысына байланысты. Бұған дейін Ы.Шөрековтің «Исатай-Махамбет» («Жазушы», 1976 жыл) атты кітабын көркемдеп, бүкілодақтық көрменің екінші жүлдесін алған ол Б.Аманшиннің құрастыруындағы «Жыр семсері» («Жазушы», 1979 жыл) және Қ.Сыдиқовтың «Ереуіл атқа ер салмай» атты кітаптарын үздік бедерледі. Табылды таяуда Махаңның бейнесін тағы да бір жаңаша қырынан суреттеді. Сомдады емес, суреттеді деген сөз дұрыс. Себебі, суреткер сомдауға емес, суреттеуге шебер. Сомдау деген сөз суықтау естіледі. Әдетте, жұрт батыр адамды сән-салтанатын асырып, сұлу қалпында, қолына бес қаруын ұстатып, одан сайын ауырлатып, үстіне жүк артып бейнелеп жататын болса, Табылды Махаңнаң нағыз күрескер ретіндегі, өмірдегі қарапайым, еркін, шынайы бейнесін бедерлеген тәрізді. Тап қазір атқа қарғып мінгелі тұрған, иә болмаса, әлі де күш-қайраты қайтпаған ат үстіндегі Махаңның бейнесі осындай болған болуы керек дегізеді.
Қазақта Табылды секілді болмысы бөтен, өнердің өр өрісіне ат шалдырып тұратын мінезі бөлектеу суретшілер некен-саяқ. Соның бірі, кешегі тілі орысшалау демесең, басынан бақайшығына дейін ұлтшылдықтың иісі аңқып тұратын, орыстың кейбір әумесер зиялыларынан корлық көрген Салехетдин (Қалжан) Айтбаев («Молодая гвардия» журналында «Жас казақтар» картинасы ұлтшыл туынды деген баға алып, қатты сынға ұшыраған), өмірі көрген түстей болып, дидар-ғайыпқа айналған М.Аманжолов, ұлттың ары мен намысына жапырақ жанын сөзімен, суретімен де жалау қылған Саламат Өтемісұлын айтсақ та жетіп жатыр.
Міне, осы замандастарымен рухтас Табылдының да ұлт өрісін өсіремін деп жүріп, көзтүрткі көрген күндері де болған. Дүниеде рухани құбылыс жасауға аса бейім өнер түрінің өкілі болып өмір сүру қай заманда да оңай емес. Осындайда кеңес заманында жазған дүниелері бір-бірінен егіз қозыдай айнымағандардың арасында қалып қалмағанына тәубешілік етеді.
Бейнелеу өнері – терең өнер. Терең батырамын деп қорқытады. Дәл қазір тереңдік дегенде көз алдыма Атыраудағы ақ шағылдар арасында тұла бойын тер жуып, шыңырауға шым-шым батып бара жатқан, даусы жаңғырыққа айналған жарықтық Мұқат құдықшы елестейді. Қанағатын құдықтан тапқан Мұқат құдықшы болмаса, Табылды қайдан болсын.
Ей, Табылды тарланым, тереңге, шыңырауға бір көз салшы, көзіңе көкең көрінер ме екен!?
Қали СӘРСЕНБАЙ, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері