АСҚАР ТАУДЫҢ АСЫЛ ТАСЫНДАЙ АЗАМАТ ЕДІ

0
1710

Жұмағали Өмірбековпен қоштасу

О, құзіреті күшті Құдай-ай!… Беу, опасыз дүние жалған-ай. Не болып барады мына өмір? Бүгінде газет оқуға қорқатын болдық. Қай басылымды ашып қарасаң да оқитының «Пәлен өңірде пәлен адам короновирус жұқтырыпты, пәлен адам қайтыс болыпты» дейтін жүрекке найзадай қадалатын жайсыз хабар. Жалмауыз дерт жалмап жатыр халықты. Тойымсыз дерттің тоқтайтын түрі жоқ, күн сайын өртеп, өршіп барады. Соның бәрі аздай-ақ онсыз да сыр беріп жүрген сырқат жүректі сыздатып, денені мұздатып қаралы хабар жетті Арқалықтан. Бірінен соң бірі телефон шалған Абзал, Ғабит, Бақыткерей бауырларым Жұмағали Өмірбековтің өмірден озғанын айтты дауыстары дірілдеп. Мен отырмын күңіріне күрсініп.

Қаралы қалам қалтырап, жаралы жүрек жылап тұр…

Қалай қайғырмассың, қалай жыламассың, өмірден озған жан аятпас досың болса, өмір бойы халыққа қалтқысыз қызмет етіп, соңғы деміне дейін «Елім!» деп өткен ер болса?!

Жұмағали екеуміз сонау мектепте бармай тұрған балдан тәтті бала кезден күні кешеге дейін жұбымыз жазылмаған Дос едік. Оның бүкіл өмірі жасқа ғана емес, жасымысқа да үлгі. Еңбек жолын комсомолдық қатардағы қызметкерінен бастап, аудан, облыс жастарының бірінші басшысына дейін өскен, кейін аудан облыс деңгейіндегі басшы қызметтерде болған ол, ел десе етжүрегі елжіреп, халық десе құлшынып жемісті жұмыс істеді. Жұмағалидің әкесі Сүлеймен бір колхозда, анасы Зейнелғарап екінші колхозда басқарма болды. Ол ел басқарудың – халыққа қызмет ету екендігін бала кезінен өз көзімен көріп, өзгеше өнегені көкірегіне құйып өсті.

Алла тағаланың Жұмағалиға берген тағы бір үлкен сыйы – ол тұла бойы тұнып тұрған сан қырлы талант еді. Сазгер Жұмағалидың әндерінсіз өтпейді елдегі тойлар. Өзі де әнші. Бармағынан бал тамған он саусақ екі шекті домбыраны шебер шертіп, шешен сөйлеткенде таңдай қағып, тамсанушы еді халық.

Текті еді Жұмекем. Тектіден текті туады, текті туған Азамат әке жолын қуады. Әке жолын ұстаған Жұмағали Алматы мен Нұрсұлтандағы, Қостанайдағы жолдастары мен билік иелері қызмет, пәтер ұсынып сан нәрсе шақырса да Арқалықтан ұзамады алысқа. Шағын қаланың шаруасын дөңгелетуге өзінің ағалық ақыл-кеңесімен, ақысыз, пұлсыз істеген қоғамдық жұмысын аса елеулі үлес қосты.

«И возвратится прах в землю чем он был; а дух возвратится к Богу, который дал его» деп жазылыпты Библияда. «Адамның жаны бар болғаны екі грамм, түсі көкшіл» дейді ғалымдар. Жаны көктегі Жұмакемнің жердегі денесі Жұмақтың төрінде болғай….

Азамат еді ол жарқылдаған жасындай,

Асқар таудың алмас асыл тасындай!

Ойлайтын Ел мен Ердің жайы еді,

Өмір сүрді қиындыққа жасымай.

Жан сырыңды жайып салған жасыңнан,

Кім бар қымбат бала күнгі досыңнан?!

Қабырғамды қақыратып сөкті ғой,

Арқалықтан жеткен хабар тосыннан.

Иә, қайғылы хабар тосыннан болды. Қайран Жұмакем күнде, әрі кетсе күнара телефон шалушы еді. Осы күні кеше ғана еді телефон шалып, емежарқын сөйлескеніміз. О, Жаратқан Ием-ай, тал бесік пен жер бесіктің арасы тым жақын екенін тағы мәрте еске салып, есеңгіретіп тастадың. Жұмакемнен айрылғаным бір қинаса, топырақ салуға бара алмайтыным екі қинап, қос өкпеге шаншу болып қадағаны-ай. Құстай ұшып жетер ем, ауру дейтін ауырлық аяқ-қолды жіпсіз байлап тұр. Жұмекемнің жұбайы Күләшқа, балаларына, бауырларына алыстан көңіл айтқаннан бөтен амал жоқ.

Барайын десем жер шалғай,

Бармайын десем ел қандайдың

кері ғой.

Қош бол, қоштасуға қимайтын, тар табытқа симайтын қайран Дос! Жаның жәнната болсын!

СӘБИТ ДОСАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Алматы

27.05.2020 жыл

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз