Жастар дінді жатсынбауы керек
2020 ж. 25 қазан
1335
0
Алматы облысы бойынша діни ахуал қалыпты деңгейде. Бұл әлбетте Алматы облысы Дін істері басқармасының жұмысты жүйелі жүргізіп келе жатқандығымен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда Алматы облысына қарасты Ақсу ауданында жастарды жат діни ағымдардың ықпалынан қорғау мақсатында көптеген істер атқарылуда. Бұл туралы Ақсу ауданы бойынша біліктілігі жоғары дінтанушы маман Фархат Ноғайшаевтың мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Еліміз егемендік алып, тəуелсіз мемлекет болып өмір сүріп келе жатқанымызға отыз жылдай уақыт болды. Осы жылдар аралығында біздің қоғамымның барлық салаларында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Сол өзгерістердің бірі дін саласына да қатысты. Ел тұрғындарының басым бөлігі ұстанатын Ислам діні адамгершілік пен мəдениеттің жоғарғы деңгейде болуын талап етеді. Адамгершілігі мол, мәдениетті адам көргені бар, парасатты, ақылды, ізгілікті болып келеді.
Жер бетінде қаншама миллиондаған халық бар, олардың өмірге деген, жалпы дінге деген көзқарастары əртүрлі. Содан да болар сан-алуан діни ағымдар пайда болғанын көріп отырмыз. Олардың кейбірі халықтың көзін байлап, санасын улап, сенімдік жағынан адастыруға апаруы мүмкін. Мұсылман халқына ертеден келе жатқан ортақ дін — Ислам діні, құдіретті кітабы — Құран. Ислам діні адамды адамгершілікке бастайтын, адамды тек қана өзін жақсы көріп қана қоймай, барлық адамзатты өзіндей көруге шақыратын дін. Дін өзінің қоғамдық болмысымен, қоғамдағы қалыптасу ерекшеліктеріне байланысты күрделі ұғым. Халықты күнделікте тұрмысымызда озық əдет-ғұрыпқа, салт-дәстүрге тəрбиелеу – бүгінгі күнгі басты міндеттердің бірі. Сонда ғана адамдарымыз өркениеттік деңгейден көрінетін болады.
Дербес мемлекет өкілі, тәуелсіз ұлт ретінде әрбір қазаққа ойланатын уақыт жеткен сияқты. Мыңдаған жылдарғы тарихы бар ата-бабаларымыздың жолымен жүріп, оның озық салт-дəстүрлерін жалғастырып, болашағымыз жастарды да соған тәрбиелеуге міндеттіміз. Өкінішке орай, бүгін Батысқа көзсіз еліктеу етек алып кетті. Біз алдымен өз тарихымызды, өз мәдениетімізді, өз дінімізді қадірлеп, қастерлей білуіміз керек. Онсыз да көптеген жылдар өзгелердің жетегінде жүріп келдік, енді өз тілімізді, өз дінімізді ұлықтайтын кез келді.
Ислам діні – адам баласының өмір сүруіне ыңғайлы, қоғам қағидаларына қайшылықсыз, болашағы зор, əлемдік деңгейдегі дін. Ол кезкелген уақытқа, түрлі жағдайда, толыққанды тіршілікке арналған дін. Исламның өзге діндерден айырмашылығы, ғылым мен білімге, зерделі зерттеулерге жол ашып, еркін ойлауға, ізденуге мүмкіндік береді. Елімізде енді ғана өркендеп келе жатқан дінімізді орнықтыра түссек, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Тарихи дамуымыздың негізі болып есептелетін дінімізді бекем ұстап, дұрыс түсіну, жастарды ұлттық рухпен тəрбиелеу бүгінгі басты міндетіміз. Бұл маңызды да күрделі істе дінге қатысты сауаттылық, біліктілік аса қажет. Ол үшін Ислам əлеміндегі қарама-қарсы бағыттағы басқа бір топтардың іс-әрекетін, шығыстан немесе батыстан жеткен барлық ой-пікірді тексеріп, саралап, сосын барып насихаттау керек. Дінге қатысты кейбір мəселелерді дұрыс түсінбегендіктен түрлі қайшылықтар мен шиеленістер болады, оны дер кезінде сараптаудан өткізіп тоқтау сала білу маңызды. Дінді насихаттау мəселенің дұрыс-бұрысын тиісті дəрежеде зерттеуді, ой таразасына салып шешуді қажет етеді. Міне осындай басты мәселелерді басшылыққа алған біздің Ақсу ауданында бұл бағытта тұрақты түрде бірқатар істер атқарылуда.
Айта кетелік, Алматы облысына қарасты Ақсу ауданында жалпы саны қырық екі мыңнан астам адам тұрады. Оның 94 пайызы қазақтар, қалғаны басқа ұлт өкілдері. Ауданда 17 ауылдық округ, 49 ауыл бар. Ақсу ауданы бойынша Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңын орындау барысында ауданда діни бірлестіктерге талдау, зерделеу жұмыстары жылдар бойы жүргізіліп келеді.
2020 жылғы соңғы деректер бойынша ауданда 26 діни бірлестік пен филиалдар жұмыс істейді. Олардың барлығы дін саласы бағытындағы заң талаптарына сай тіркелген. Аталған діни мекемелерде 26 діни қызметшілер бар. Оның ішінде 9- имам, 17 – молда қызмет етеді.
Қазақстан Республикасы дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Ақсу аудандық арнайы ақпараттық-түсіндіру тобы (АТТ) құрылған. Топ құрамында дін, әкімдік, құқық және басқа да салалар бойынша іріктеп алынған 9 білікті маман бар. Олар жыл басынан бері карантин басталғанша тұрғындармен тікелей түрлі тақырыпта 7 шара өткізді. Соның қатарында қаңтар айының 23-і күні Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылдық округінің Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназиясында жоғары сынып оқушыларымен аудандық АТТ-ның жоспарына сай «Рухани-зайырлы білім – заман талабы» тақырыбында семинар өткізілді. Қаңтардың соңғы күндерінде Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылы, Ақсу политехникалық колледжінің студенттерімен «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүр ұштастығы» тақырыбында кездесу болды. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарына толық жауап алды.
Ақпан айында ақпараттық түсіндіру тобы Жансүгіров ауылы, Е.Сиқымов атындағы орта білім беретін мектебінде 9-11 сынып оқушыларымен «Жастарды жат діни ағымдардың ықпалынан қорғау мақсатында» тақырыбында семинар өткізді. Сол сияқты наурыз айының басында аудандық топ мүшелері Жансүгіров ауылы, Ж. Сыдықов атындағы орта мектебінде 9-11 сынып оқушыларымен «Дін – ұлттық құндылықтарымыздың негізі» тақырыбында кездесу өткізіп, жастардың дін және тарихымыздан хабардар етті.
Наурыз айында елімізде коронавирус індетіне қарсы карантин жариялануына байланысты одан кейінгі іс-шараларды қашықтықтан жүргізуге тура келді. Мамыр айының ортасында Жансүгір ауылы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушыларының қатысуымен «Дұрыс жолды таңдайық!» тақырыбында онлайн сұхбат ұйымдастырылды. Мамыр айының 21-і күні инстаграм әлеуметтік желісінде «Отанды сүю – міндетің, Отанды қорғау - парызың» тақырыбында онлайн-дәріс өткізілді. Маусым айының 4-і күні, Ақсу ауданының жастарымен «Дін және жастар» тақырыбында онлайн-сұхбат өтті. Одан біз жастардың дін мәселесіне бей-жай қарамайтынын байқадық.
Иманды адам ар-ұжданын, тазалығын, əдептілігін, əділеттілігін және өзге де ізгі қасиеттерін дамытып, сақтайды. Бір ғана әдептіліктің өзі әсіресе жастардың өзін-өзі тəрбиелеуіне, мінез-құлқын қалыптастыруына көмектеседі. Мінезі құлқы дұрыс адам қоғамда, өзі өмір сүрген ортада үлкен игілікті істер жасауға дайын болады. Басты мақсатымыз – жастарымыз имандылықты дұрыс түсініп, жақсы əрекеттерімен өздерін көрсетуі керек. Бұл ұғымдар – бүгінгі күнгі өзекті мəселелердің бірі болып есептеледі. Дұрыс бағыт ұстанса дін адам бойында мағыналық жəне тұрақтылық беретін күшке айналады.
Аудан аумағында бүгінгі күні де әлеуметтік желілермен жұмыс жалғасын табуда. Фейсбукта – Ақсу дін істері орталығы аккаунты, Инстаграмда – aksu_din парақшасы ашылған. Қазіргі уақытта 4385 оқырманы бар (Фейсбук – 4169 адам, Инстаграмда – 216 адам). Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде 400-ден астам ақпарат орналастырылып, 4567 қаралым жиналды.
Аудандық ішкі саясат бөлімі халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру мақсатында арнайы медиа-жоспар бекітіп, аталған жоспарға сәйкес ішкі саясат бөлімі және аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы мен кеңес мүшелерінің тарапынан уақытылы діни тақырыптардағы мақалалардың жариялануы бақылауға алынып, жүзеге асырылып отырылады. Аудандық «Ақсу өңірі», «Ақсу тынысы», «Жәрдем» газеттерінде Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғ. Есжановтың «Дін - зайырлы мемлекеттің рухани тірегі», Ақсу ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Қасымбековтың «Зайырлы қоғамдағы діннің алатын орны», «Ақсу өңірі» ЖШС-директоры – бас редакторы Л. Қасымбекованың «Діни сауаттылық – бірлігіміздің нышаны», Ақсу ауданының бас имамы А.Манбетовтың «Салт-дәстүріміз ислам дінінен алшақ емес», Жастар ресурстық орталығының жетекшісі М. Капышеваның «Ата салтың – асыл қазынаң», Аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі С.Қожанованың «Жалған терроризм ойыншық емес», «Жастарды, оқушыларды интернет кеңістігіндегі діни террористік және экстремистік көзқарастардан қорғау шаралары» тақырыптарында және өзге де мақалалар жарияланды.
Ауданда діни ахуалды талдау, сараптама жүргізу кезінде аймақтағы тұрақтылықтың, толеранттылықтың, конфессияаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың тұрақты орныққанын, өткізілген іс-шаралардың оң нәтиже беріп, тұрғындардың ақпараттық-танымдық деңгейлерін арттыруға игі ықпал етіп отырғандығын көруге болады.
Байқап отырғандарыңыздай біздің іс-шаралардың басым бөлігі жастармен өткізіледі. Өйткені аяқтарын шалыс басып өзге ағымдарға еріп кетпес үшін олардың діни сауатты болуы аса маңызды. Дін намаз оқып, ораза ұстайтын ересектерге ғана қатысты деген түсінік қазір түбегейлі ескірген. Бүгінгі жастар дінді жатсынбауы керек, оны ізгі ілім ретінде игергені абзал.
Фархат НОҒАЙШАЕВ,
Ақсу ауданы бойынша біліктілігі
жоғары дінтанушы маман.