ШАЛ ІШІНДЕ БАЛА ЖҮР...
2020 ж. 20 маусым
2397
0
Жылқы ішінде ала жүр, Шал ішінде бала жүр. Шал ішінде жүрсең де, Бізді есіңе ала жүр...
(Тақырыптың тұздығы)
Сары ауыз балапан кезінен қолына қалам ұстады. 7-сынып шамасында алғашқы мақалалары жариялана бастапты. Бірде аудандық газеттен 3 сом 50 тиын қаламақы алыпты. Ол кез үшін бұл дегенің көл-көсір ақша. Сол тұстағы жазуға таласы бар бүкіл бала секілді Дихан да «Қазақстан пионері» газетіне өз мақалаларын жолдап тұрды. Әр мақаласы шыққан сайын қаптап хат келеді. Хаттардың мазмұны бір сарынды. «Сендердің кластарыңда қанша бала бар? Оның нешеуі пионер? Біздің пионер дружинасы Аркадий Гайдар атында. Сендердікі ше? Комсомолға қашан өтейін деп жатырсыңдар? Айтпақшы, мектептеріңде интернационалдық достық клубы бар ма? Бізде бар. Өйткенде Луис Корвалан мен Анджела Дэвисті қолдап, жиын өткіздік» деп аңыратып тарта береді. Соның бәріне бұл ерінбей отырып жауап жазады. Кейбіреулері сурет сұрайды. Суретті көруге құмар болатындар – негізінен қыздар. Олардың өтінішін орындамауға намысы жібермейді. Бірақ аядай ауылдан тәуір фотографты қайдан табарсың? Оның үстіне Келтемашаттың келте қайыратын әуесқой фотографтары түсірген солғын суреттер жер түбінен әсерлі хат жазған әйбат қыздарға жіберуге жарамайды. Сол үшін аудан орталығына барасың. Бірде нөсер құйып кетіп, Ванновканың жолында ваннаға түскендей малшынды. Соған қарамай су болған шашын бір сипап жіберіп, қасқайып тұрып, объективке маңдайын тосқан. Шынын айту керек, сурет біртүрлілеу болып шықты. «Ну, погоди!» мультфильміндегі қасқырдың шашы сияқты бір тұсы үрпиіп, екінші тұсы жылмиып тұр. Қысылса да жіберді соны қыздарға. Сірә, басқа қарамай, шашқа қарайтын жеңілтек қыздардың қолына түссе керек, көбісі хабарсыз кетті. Содан бері біздің кейіпкеріміз сурет мәселесіне қатты мән береді. Тіпті мұрағаттан табылған сирек суреттердің өзінен сыр іздеп, ұзақ үңіліп отырады. Жас күнінен ақсақалдарға үйір болды. Қазақ әдебиеттану ғылымының абызы, академик Серік аға Қирабаев жас тұлпарды үкілеп бәйгеге қосты. Сөзі уәлі, аузы дуалы академик-жазушы Зейнолла аға Қабдолов: «Бізге Дихандар керек!», – деп әдебиеттану әлеміне тағы бір таланттың келгенін ел алдында жария етті. Сұлу сөздің сардары Зекеңнің бұл толғамы «Ғылымға осындай қабілетті жастар керек», – деген сөздің баламасындай болып жұрттың жүрегінде жатталып қалды. Алаштың ардақтысы айтқандай, ақтаңдақтарды зерттеуге Дихан секілді табанды зерттеушілердің қажет екендігі дау тудырмайтын еді. Әдебиет және өнер институтындағы алғашқы бөлім меңгерушісі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сымбатты да сырбаз Мүсілім аға Базарбаевтан көп нәрсе үйренді. Ол кісі бір нәрсеге риза болғанда, «Жігіт-ақ екен!», – деп сүйсінетін. Көрші бөлімде ұлтымыздың ұлағатты ақсақалы, Әуезовтің музей-үйіндегі халық университетінің ақы-пұлсыз қызмет істейтін ректоры Рахманқұл аға Бердібай отырар еді. Осылардың бәрінің өнегесін көрді Дихан. Бір ғажабы, қазақ ғылымының марғасқалары бұған бала деп қарамайды. Өздерімен тең санап, еркін әңгімелеседі. «Дихан – бала!» дегенді шығарып жүрген бертіндегі жас «шалдар». Ал бұрынғылары өйтпейді. Қайта оған құрмет көрсетеді.
Жасынан шал көріп өскен Дихан қазір де абыройлы ақсақалдардың арасында жүреді. Өзі қызмет істейтін Еуразия ұлттық университетінің аға буыны үнемі проректор Қамзабекұлының бөлмесінде бас қосады. Сүйегіне сөз сіңген ректордың ұғымтал орынбасары ағалардың бабын таба біледі. Олар да әңгімесін сөз қадірін түсінетін адамға айтады. Әйтеуір, біздің Дихан абыройлы ақсақалитеттің мәртебелі менталитетін керемет меңгерген. Жиын-тойдағы дастархан басында біздің жанымызға жайғасқан оны төрде отырған ағалар аттай қалап, өздерінің тобына шақырып алады. Қалмайын десе, бізді қимай, бармайын десе, оларды қимай, жылы жымиып, томпиып кетіп бара жатады. Ол ақсақалдардың қасына әбден орнығып алғаннан кейін салфеткаға жазып, бір шумақ өлең жолдаймыз: «Жылқы ішінде ала жүр, Шал ішінде бала жүр. Шал ішінде жүрсең де, Бізді есіңе ала жүр!». Соны оқыған Дихан рахаттанып тұрып күледі. Оны алақанға салып, үкілеп отырған бір топ шал қосыла күледі... Сергектікті серік еткен Диханның елге үлгі боларлық бір жақсы әдеті бар. Ол кешке бір мезгіл жаяу жүріп, серуендеп қайтады. Боран соғып, жел ұйтқып тұрса да, осы дағдысынан жаңылмайды. Әдетте, сол жаяу серуенге ғалымдар үйінде тұратын ардақты ақсақалдармен бірге шығады. Бірақ жыл өткен сайын жасы ұлғайған ағалар серуенге сирек барады. Себебі, олар үлкейді, ал бұл жігіт ағасы жасына енді ғана жетті. Диханның данагөй достары бүгінде жас періге батасын беріп, кешкі сейіл кезінде көбіне үйде отырады. Диханның атасы Мықтыбек қайратты адам болыпты. Ол, әрине, атасы секілді көкпар тартып, қасқыр соққан жоқ. Қасқыр соққанды айтасың, ұнатпаған адамдарын Мықаң секілді ат үстінде отырып, бір ұрып құлатып та көрген жоқ. Өйтпек түгілі студент кезінде үлкендігін малданып, жатақханада тұрудың өзіндік ережелеріне пысқыра қоймаған еңгезердей Төреғали Тәшеновті досы Басқар екеуі жабылып сабау жөніндегі идеясы да теория жүзінде қалып қойған. Атасы кезінде келінінің қойын ұрлап кеткен ұрыны ұстап, қолын бұрап, ауылға алып келіпті. Ал біздің Дихан шамасы келсе, қойды ұрлатпауға тырысады. Ұрланған күнде ұрыны іздеп жүруге уақыты жоқ. Есесіне Мықтыбектің немересі мықты ғалым болды. Жасынан ғылыми ойлауға бейім-ді. Өзгеше ойлап, өзінше топшылауға дағдыланды. Мәселен, «Мықаң (атасы) қайтқан түні маған үлкендер ерсілі-қарсылы жүріп жылағандай көрінді», – дейді. Ол осындай байлам-байыптамаларды көңілге түйіп ержетті. Әдепкіде журналист болғысы келген. Кейін ағасы Дархан осы мамандықты қалаған соң бір үйге бір журналист жетер деп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдады. Салиқалы да салмақты оқу ордасы – ҚазПИ-ге түсті. Ұстаздары оның ғылымға қабілетті екенін салғаннан-ақ аңғарды. Олар Диханды тіл білімі саласына бейімдегісі келген. Бірақ әдебиеттанудан бақ бұйырып тұр екен. Бүгінде ол саланың бетке ұстар өкілінің біріне айналды.
* * * Бүгін – баршаға белгілі алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлының туған күні. Құттықтаймыз! Қуанамыз! Құптаймыз! Ердің жасы – елу төртке толды біздің Дихан досымыз. Келер жылы жететін елеулі елу бесіңді індеті жоқ шыбынсыз әрі шығынсыз жазда атап өтуге жазсын!
Бауыржан Омарұлы, Қазақ үні