Талғат Теменов: Болашақта қазақ тіліне де "SOS" деп жүреміз бе деп қорқам...
2020 ж. 19 маусым
1533
0
Менің фейсбук, инстаграмға шыққан афоризмдерімді немерем Айару оқып, маған хат жазып жіберіпті:
- Ата бұл сондай жақсы жазылған. Пайдаланылған тіл соншалықты күшті және ерекше. Мұның ағылшын тілінде қаншалықты жақсы екендігі туралы он беттен тұратын эссе жазуға болар еді. Сіздің жазғаныңыз көптеген адамдарға өте маңызды сабақ береді. Сіз Қазақстанды ешкім көрсете алмайтын жағынан көрсетесіз. Сіздің сөздеріңіз бен жазуларыңыз әлемдегі барлық жаман нәрселерді жауып тастайды. Ал мен тек бір нәрсе ойлаймын мен қазақ екенімді мақтан тұтамын!
Айару қызым!
Қалың қалай? Менің жазған постымды оқығаныңа, сосын көңіліңе тоқығаныңа таң қалдым, таңырқадым, тамсандым. Папаң мен мамаң оқитын болар, алайда сен оқып, ұғып, түсініп, тебіреніп маған хат жазады деп ойлаған жоқпын. АЛТЫН ҚЫЗЫМ РИЗАМЫН САҒАН! Сенің көкірегің ояу, сезімің сергек, ақылды да, әдемі болып өсіп келе жатқаныңа қатты қуандым. Сендердің де елге келмегендеріңе екі жыл болып қалды. Кларочканы сағынған боларсың. Екеуің бірге жүргенде көбі сендерді егіз деп қалады. Маған оның еңбекқорлығы, музыкаға жан-тәнімен берілгені ұнайды. Сосын музыка адам жанын, адам рухын тәрбиелейтін сыйқырлы күш. Кларочкаға да сол жайлы жазсам ба деп отырмын. Тарихта мұндай дәстүр жиі кездеседі. Әсіресе Александр Крыловтың немересі Женяға, Ричард Бренсонның немересі Блуиға, болмаса Чарли Чаплиннің қызы Джеральдинаға, Альберт Эйнштейннің қызына жазған хаттары өте қызықты да тағлымды. Кейін өскенде оқисың деп сенем. Айару мен сенің ана тіліңді ұмытпай, қайта тіл байлығың молайып, Әлемге Әдемі көзбен қарағаныңа қуандым.
Сенің қазақи ортадан ада болғаныңа 4 жыл болса да, тіліңді таза сақтағаның кез-келген шет елдегі жастарға үлгі. Өкінішке орай шет елдегі қазақтар тұрмақ, өз еліміздегі сенің жасыңдағы балалар ана тілін ұмытып барады. Бұл үлкен індет. Бүгінгі күндегі ең басты індет коронавирус Қазақстанға келгелі үш айдай болса, ал ана тілінің, қазақ тілінің өзге тілдің вирусына шалдыққалы талай жылдар болды. Қызылорда облысында Арал дейтін теңіз болған. Айдыны шалқар, қарасаң көз жетпейтін көк мұнар теңіз... Толқыны тереңге тартар, балығы таудай тулаған, шағаласы қоңыраудай шулаған, жазда шомылып, қыста аң аулайтын қорымы бар, нағыз Табиғаттың, Құдайдың адамға дейтін сыйы болатын. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы ең әдемі теңіз болатын. Мақта өсіреміз, күріш егеміз, "Табиғатты адамға табындырамыз" деп сол кездегі солақай басшылардың кесірінен ол теңіз құрыды. Қазір тек шамалы бөлігі ғана қалды. Кей жерлерде 70 тіпті 100 киллометрге дейін суалып, кемелер қайранда қалды. Табанындағы тұз боранмен ұшып, Экологиялық коронавирусқа шалдықты. Міне 50 жылдай болды, ол теңіз қайта келер түрі жоқ. Бұл әлемде ешқашан болмаған, болса да біз білмеген үлкен трагедия. Сол Арал ажал құшты деп әлем шу ете қалды. "SOS" деп бақырды, шақырды. Бірақ одан не пайда? Біз теңізімізді жоғалттық... Болашақта қазақ тіліне де "SOS" деп жүреміз бе деп қорқам. Айару қызым есіңде ме 2018 жылы Бродвейдегі мюзикл "Алладинге" барғанымыз. Сен сонда спектакльді маған тәржімелеп отырдың. Мен оған қатты қуандым. Және сен өз мектебіңнің алды, 600 бала оқитын мектепте, қазақ қызы Айарудың үлгілі де, тәртіпті, алғыр да, жақсы оқитын қыз екенін білем. Және қазір қатты қуанып отырғаным, ол сенің "Қазақпын" деп мақтанатының... Сен нағыз патриот қызсың! Сен нағыз қазақ қызысың Айару. Тұманбай Молдағалиев деген үлкен ақын болған. Соның өлеңі есіме түсіп кетті.
Балам, менің бұл сөзіме бағарсың, Жанар кезде өзің де от боп жанарсың. Менің қазақ жүрегімді ал, тілімді ұқ, Ал басқасын өзің тауып аларсың
Соңғы айтарым, сен алғашқы рет Америкаға кеткенде саған арнаған өлеңім бар еді. Соны салдым. Сен ол кезде кішкентай ең... Ал сен қазір бәрін ұғасың, түсінесің ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ!
Айару
Айару деп сенің атыңды қойғам, Айымдай менің қарағым. Анамның таза жаулығы сынды, Жолыңа зар боп қарадым. Еліктің ерке лағындай сенсің, Ескіріп менде барамын.
Алыста жүрсің аппағым менің, Шалдығып жүріп тапқаным. Байқамай қалам сен барда ботам. Таңымның қалай атқанын. Орманым менің, қорғаным менің. Армандай асыл ақ таңым.
Әкең де адал, Анаң да таза.... Апаңа ғана ұқсаған... Қазақтың атын қадірлеп ұста... Білетін болсаң жүк саған... Жырақтан саған жыр десте тердім... Жазбас ем егер ұқпасаң...
Талғат Теменов,
Фейсбук парақшасынан