ӘРБІР ҚАЗАҚ КӨРУІ ТИІС КИНО

ҰЛТТЫҢ ЖАЗЫЛМАС ЖАН ЖАРАСЫ

Мен бұл "Аманат" киносын екі рет көрдім. Қалай күшті түсірген, тарихи үш кезеңді қалай тамаша үйлестіре білген деп риза болған едім саңлақ Сатыпалды Нарымбет ағаға! Жалпы, Сатыбалды ағаның әр киносы жүрек қылын шертетін, шетінен шебер түсірілген шедевр ғой! Басты кейіпкердің бірі Думан Рамазан бауырым, 2000 жылы Қазақтың Тәуелсіздігі үшін жанын құрбан етіп күрескен соңғы ханы Кенесарының басын Эрмитаждан іздеп барғандарыңды (тарихшы ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Шәріпбек Әмірбек, кинорежиссер Жаңабек Жетіруов төртеуің Қайрат Сатыпалдының қолдауымен) жақсы білемін. Бірақ мына киноның тура сенің өзің туралы да екенін білмеппін шынымды айтайын! Құтты болсын! Басты рөлде ойнаған белгілі актерлар Берік Айтжанов (Бекмаханов), Санжар Мәдиев (Кенесары хан), Қарлығаш Мұхамеджанова (Бекмахановтың жары Халима) Азиз Бейшеналиев (МҚК жазалаушысы), жас актер Азат Нұртаев (Думан Рамазан) және т.б. шынайы шебер, образға кіріп, ойнады. Бас кейіпкер Бекмаханов бедерлі бейне болды! Әсіресе, Хан Кененің қайсар бейнесі керемет шыққан! Бекмаханов туралы мақала жазып, Кенесарының басын іздеп жүрген жас журналист Думан Рамазанның бейнесі де нанымды. Ал режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың үш кезеңде өмір сүрген үш кейіпкерді экранда керемет сәтті үйлестіре білген, арасына қыл сыймайтын қылаусыз шеберлігіне тәнті болдым! Бұл туралы жоғарыда бірер сөзбен айтып кеттік, негізі ол өз алдына бөлек әңгімеге жүк болатын тапқырлық! Тарихтың жоғын іздеп жүріп, тарихта қалдың деген осы, Думан бауырым! Өйткені, кинодағы терең толғандыратын, Бекмахановтың сол бір Эрмитаждағы Кенесарының бас сүйегін көретін сәт қандай әсерлі! Мұндай сәт менің де басымнан өткен болатын. 2009 жылы ақын ағамыз Қасымхан Бегмановтың "Мұстафа Шоқай жолымен" экпедициясымен Санкт Петербургке барғанда Эрмитажды аралағанда ең алдымен ойымызда ұлттың жазылмас жан жарасы Кенесары ханның басы тұрды... Мен толқыған көңілмен бірден: Алға кеткен ел мынау, асып айла, Қазақ десең, қаның бір тасымай ма?… Эрмитажды ерінбей араладым, Кенесары бабамның басы қайда?… Тәуелсіз ел тәуба деп, жасын үзбек, Үміттіміз өрлейді тасымыз деп… Баспен бірге кеткен бе, басты рухың, Басы бар ел шығады басын іздеп… Жүрегіңді сыздатып жоғалар күн, Сабағына тарихтың көп алаңмын... Басым істеп кеткенде.. бір кездері.. Басын іздеп атамның оралармын… деп, "Санкт Петербург сапары" атты көлемді жырды экспромт жазып, қағазға түспеген күйі сол күні сол жерде оқыған едім... Таяуда "Аманат" киносын ауруханада жатып, тағы көргенде Кенесары ханды қаһарлы кезеңде ақтай білген қайсар ғалым, ұлт мүддесі үшін саналы түрде құрбандыққа барған санаулы ердің бірі Ермұқан Бекмахановқа қарсы шыққан сатқындар туралы күйініп: "Сатқындар неге қай заманда да табыла кетеді?!. Кенесары туралы киноны көргендегі ой" деген баннер жазғанмын парақшама! Өйткені, қазір де сатқындар көбеймесе, азайған жоқ, көріп жүрміз... Содан парақшамда "Ол қандай кино? Қайдан көрсек болады?" деген сұрақ жауып кетті! Осы қазір бір сағаттай бұрын да жекеме сұрап жазған Жәнібек Керей бауырыма жауап беріп отырғанмын! Шынында да, Ұлттың жоғын жоқтаушысың Думан бауырым! Сен қандай шығармаға да лайықсың. Осындай ұлтымыздың тарих ақтаңдағын тамаша көрсетіп, тағылымды да, тартымды терең интеллектуальды зор туынды тудыра білген, ұрпаққа ұмытылмас сабақ болар дүние жасаған Қазақ киносының мэтрі Сатыбалды ағама да мың алғыс! Дәл қазіргі кезде, Ұлт мүддесін қорғау, жоғымызды түгендеу, Рухани тазару басты бағытқа айналып келе жатқанда мұндай айтары терең айшықты кесек дүниелер аса керек! Бұл киноны әрбір қазақ көруі тиіс! Алашқа Алла жар болсын! Қазыбек Иса, Қазақ үні