МЫҢДАРДЫҢ ЖҮРЕГІНЕН ОРЫН АЛҒАН

Парасат, ізгілік, мейірім, достық адам жүрегінен жоғалып бара жатқан мына өмірде, алдыңғы буын ағалардың игі істерін бағалап мерейін өсіру, жас ұрпаққа үлгі ету, біз үшін парыз. ХХІ ғасыр технологиялар мен инновациялар ғасыры. Әркім өз биігіне көтерілу үшін жанын салып еңбек ететін, бәсекелестікті тайталасқа түсіретін қызу майданның көрігі қызған заман. Біреудің бағы шабады, біреудің жаны тоңады. Біреу көздеген мақсатына жетеді, біреудің жүрегі қан жылайды. Өрісі қым-қуыт тіршілік тоқтамайды. Әсіресе, өмірді жаңа бастаған жастарға жол көрсететін үлкен ағалардың мейірімге толы ақыл-кеңесі, қамқорлығы, аялы алақаны ауадай қажет екені рас. Қазақта өзінен кейінгі жастарды еліміздің саналы азаматы етіп тәрбиелеу, қалыптастыру жолында үлкен жүрекпен қызмет етіп келе жатқан алдыңғы буын ағалар бар. Солардың бірі де, бірегейі - Мырзахмет Егембердиев дер едім.

Мырзахмет Қозыметұлын иісі қазақтың білмейтіні кемде-кем шығар. Жастайынан тынымсыз еңбекпен ысылған, спорт пен өнерді сүйіп өскен азамат мектепті бітірген соң, Өскемен жол құрылыс институтын (инженер механик), Қарағанды мемлекеттік университетін (заңгер), Алматыдағы халық шаруашылығы институтын (экономист) оқып бітірді. Кейін осы мамандықтары бойынша елге қызмет етті. Алайда, бойындағы өнер мен спортқа деген сүйіспеншілігі оның өмірін ақыры өзге арнаға бұрды. Ол театр өнерін дамытуға білек сыбана кірісті. Өмірден көрген тәжірибесіне, ұйымдастырушылық қабілетіне сенгендіктен, театр өнерін дамытуға белсене кірісті. 1999 жылы Шымкентте ашылған «Шымкент шоу» әзіл-сықақ театрын ақын Әбдіхалық Әбдірәйімовтың қарауынан алып, 2-3 жылда халықтың сүйікті театрына айналдырды. Театр жұмысын көрерменнің талғамына сай дамыту оңай шаруа емес екені белгілі. Актерлермен күндіз-түні қоянқолтық жұмыс істеп, олардың жағдайын жасап, ұжымды алға сүйреу жолындағы төгілген тер мен атқарылған еңбек кешікпей өз жемісін бере бастады. «Шымкент шоу» театрында Күлпаш образымен елге танылған Берік Тұрсынбековтың, өзге актерлер - Дәурен Жұмаділовтың, Нұрболат Есенбековтың, Қарлығаш Ахметованың тағы басқа өнерпаздардың өнерлерін шыңдауына ұйтқы болды. 2002 жылы Алматыда өткен әзіл-сықақ театрларының республикалық фестивалінде «Шымкент шоу» театры бірінші орынды иеленді. 2006 жылы Ақтауда өткізілген «Каспий – достық теңізі» атты халықаралық күлкі жәрмеңкесінде «Шымкент шоу» бас жүлдені жеңіп алды.

Театр өнерін жаны сүйетіндіктен 2007 жылдың желтоқсан айында «Кентау шоу» әзіл-сықақ театрын ашты. Бұл театрдың өзге театрлардан ерекшелігі – скетч, ән, биден өзге цирк өнерінің түрлі жанрлары (фокус, иога т,б) бағдарламаға кірістірілген еді. «Кентау шоу» театры Ресейге гастролдік сапармен барып, Астрахань облысында, Саратов, Волгоград, Омбы қалаларында өнер көрсеткен, өзіндік өнер әлемі қалыптасқан ұжым болды. 2013 жылдың желтоқсан айында Алматыда өткен КТА (көңілді тапқырлар алаңы) сайысында «Кентау шоу» театрының әртістері Ыбырай Бердіқұлов пен Нұрсұлтан Жақыпбеков бас жүлдені иеленді.

Ал, 2008 жылы «Күлкістан», 2015 жылы «Шапалақ» театрларын ашты. Төрт театрды да талантты өнерпаздар тоғысқан танымал өнер ортасына айналдырды. Театрлар бүгінде өзін-өзі қаржыландырады. Директордың да, продюсердің де қызметін бірге атқаратын Мырзахмет ағаның осы театрларға сіңірген еңбегі өлшеусіз. «Өнерді сүйсең, менше сүй», дейтін ағамыз «Күлпаштың хикаялары» атты 30 сериялы телесериалды түсіруге қаржылай көмектесті. Сериал теледидардан көрсетілді. Бүгінде «Шапалақ» театрын Нұрғали

Нұржанғалиұлы, «Күлкістан» театрын Мағауия Қозыбағаров, «Шымкент шоуды» Берік Тұрсынбеков басқарады. «Кентау шоу» театры жұмысын тоқтатты.

Биылғы жылдың ақпан айында Ташкент қаласында, «Халықтар достығы» сарайында, қазақ және өзбек эстрада жұлдыздарының бірлескен концертін өткізіп қайтты. Концерт екі ел арасындағы мәдени байланыстарға мол мүмкіндіктерді ашты. Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыпалды, Өзбекстанның мәдениет министрі Азатбек Назарбеков концертке қатысып, қазақ мәдени орталығының директоры Серікбай Үсенов М. Қозыметұлын «Достық» медалімен марапаттады.

Соңғы 21 жылда спортты дамытуға да мол еңбек сіңірді. Қазақстанда жыл сайын өз атынан спорттық турнирлерді ұйымдастырып келеді. Алматыдағы № 14 мектепке спорт секциясын ашып берді. Спортта жұлдызы жанған жастар – Нұрахмет Малдыбай, Ерлік Аппаз, Бекзат Әлмахан, Тоқан Әділет, Сабыржан Махметов, Исатай Көбековтер Мырзахмет ағаның қамқорлығын көрген азаматтар.

Бүгінгі таңда Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары бойынша халықаралық азаматтық құқық қорғау комитетінің аға инспекторы қызметін атқарады, полковник. Қазақстан кәсіпкерлер және базарлар қауымдастығының вице-президенті.

Өмірде кісілік келбеті қалыптасқан, үлкенмен де, кішімен де дос-бауырға айналған Мырзахмет жұртқа қайырымдылық істерімен де танылған азамат. Ол Шымкенттегі № 69 мектептің акт залын жабдықтауға тікелей демеушілік жасады. Соның құрметіне мектеп ұжымы акт залына есімін берді. Кентау қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектеп алдына өз қаржысына ұлы ұстаздың ескерткішін орнатып, көпшілікке құран оқытып, ас берді. Тірлікте түрлі тауқыметке тап болып, тағдыр теперішін көріп жүрген жетім-жесірлерге де қолынан келгенінше көмек көрсетіп жүреді. Жұбайы Ғалия Мұсақызымен бес ұл-қызды тәрбиелеп, немере сүйіп отырған бақытты жанұя. Отбасында 14 баланың тұңғышы болғандықтан, іні-қарындастарының білім алып, елдің лайықты азаматтары болып қалыптасуына аянбай көмек көрсетті. Әкесі Қозымет пен анасы Өміріштен көрген өнегелі тәлім-тәрбие оны өмірде осындай айтулы жетістіктерге жеткізді.

Өзінен кейінгі жастарды рухани қолдап, демеп отыруды өзіне азаматтық парыз санайды. Алдына көмек сұрап барған жандардың бетін қайтарған емес. Кейбір адамдар сияқты есептеспей, жақсылықты сауап үшін істейтін жан. Жолында жолыққанның бәріне бір түйір болса да, жақсылық жасауға дайын тұратын Мырзахмет Қозыметұлын көбісі «Әке!» деп атайды екен. Кейбірі орысша «Батя» дейді. Мен ол кісімен жолығып сөйлесіп отырғанымда, ұялы телефоны тыным таппай қоңыраулата берді. Хабарласқанның бірі, спортшы Нұрахмет Малдыбай «әкесін» мақтай жөнелді: «Көкеміз көркем мінезді, сабырлы. Әрқашан адамдарға көмек көрсетіп жүреді. Әр адамның көңілін таба біледі. Өмірлік өнегесі мол. Бәрі осы кісінің амандығын тілейді».

Абырой деген атыңды шығару емес. Елдің дамуына, ұлттық құндылықтарды, өнерді дәріптеуге өз үлесіңді қосу, қоғамдағы көмекке зәру жандарға қол ұшын беру, жүрек жылуына бөлеу екенін осы бір тілеулес жанның сөзінен-ақ байқауға болады. Қызметі бойынша көмек сұрап, күніне 20-30 адам хабарласады екен. Олар бастарына түскен түрлі түйткілді мәселелердің түйінін шешуді сұрайды. Арызданушыларға көбінесе құқықтық көмек көрсетеді. Бәрінің мәселесін оңынан шешуге тырысады. Талай жанның жүрегіне үміт отын жағып, өмірден түңілгендердің қолтығынан сүйеген кездерде адамдардың өзіне бауыр басып, туыстай болып кететініне көзі жетті. Жүздеген, мыңдаған жандардың сүйіспеншілігіне, разылығына бөленген М. Қозыметұлы билік тарапынан «Құрмет», «Парасат», «Намыс» ордендерімен және Б. Момышұлы атындағы медалімен марапатталған. БҰҰ-ның «Халық құрметі» ордені де төсінде жарқырайды. Осы уақытқа

дейін елге сіңірген мол еңбегі жоғары бағаланып, 34 медаль, 6 орденмен құрметтеліпті. Театр мен спортқа 700-дей жастарды баулып, тәрбиелепті.

Өмірге адам болып келген соң, ел арқа сүйейтін азамат болуды мойынға жүктеген Мырзахмет іскерлігі, қайсарлығы, табандылығы арқасында бүгінгі абырой биігіне көтерілді. Ұлтқа жанашыр сезімін іс жүзінде әр істе көрсетіп, ел құрметіне бөленіп жүр. Ол Шымкент және Кентау қалаларының құрметті азаматы. Елге адал қызмет етудің азаматтық үлгісін жасай білген ағамыз ел-жұртымен бірге бақытты. Өйткені, оның есімі мыңдардың жүрегінен орын алған.

Ділдәгүл Нұрмаханбет,

Қазақ үні