Оңалту орталығындағы оңды істер
2020 ж. 13 маусым
3185
0
Алматы облысының Дін істері басқармасының бастамасымен аймақта діни экстремизм мен терроризмге қарсы жүйелі жұмыстың жүргізіліп келе жатқаны көпшілікке мәлім. Бұл бағытта ауқымды істердің атқарылуына Бақыт Оңланбекұлы басқаратын «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» зор үлес қосып келе жатқаны белгілі. Осынау орталықтың жұмысымен оқырман қауымды толығырақ таныстыруды жөн санадық.
МАҚСАТ – АЙҚЫН, МІНДЕТ – ЗОР
«Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» 2017 жылдың 26 сәуір күні Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 сессиясындағы Елбасының Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталықтарын ашу жөніндегі тікелей тапсырмасын орындау мақсатында Алматы облысы әкімдігінің 2017 жылғы 29 желтоқсанындағы №596 қаулысымен Алматы облысының Дін істері басқармасы ММ «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз жұмысын бастады. Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалтуды көздеген орталықтың мақсат міндеттеріне: – Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларына теологиялық, психологиялық, құқықтық және практикалық көмек көрсету; – Радикалды және деструктивті діни идеология ұстанушыларымен нүктелі ақпараттық-түсіндіру, оңалту жұмыстарын жүргізу; – Радикалды және деструктивті діни ағымдардың ықпалына шалдыққандармен психологиялық коррекция және қоғамға қайта бейімдеу шараларын үйлестіру; – Діни себептермен екпеден, қан құюдан, білім беру мекемелерінде бірыңғай киім киюден, әскери борыштан және тағы сол сияқты зайырлы мемлекеттің ұстанымдарынан бас тартқандармен нүктелі түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру; – Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде экстремистік және террористік қылмыстары үшін жазаларын өтеп жатқан және өтеп шыққан азаматтармен ақпараттық-түсіндіру, оңалту, сондай-ақ қоғамға қайта бейімдеу жұмыстарын жүргізу; – "Жусан" арнайы гуманитарлық операциясы шеңберінде террористік белсенді аймақтардан қайтарылған өңір азаматтарымен тиісті теологиялық оңалту, психологиялық бейімдеу және әлеуметтендіру жұмыстарын ұйымдастыру; – Орталықтың «8-800-080-2895» сенім телефонына келіп түскен қоңырауларға кеңесшілік қызмет көрсету; – Ғаламтор кеңістігінде қарсы насихаттау (контрпропоганда) шараларын атқару мәселелері кіреді. Жалпы айтқанда, «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» мақсаты – айқын, міндеті зор. Ағымдағы жағдайға талдау жүргізу, деструктивті діни ағым жақтаушылары көп шоғырланған жерлерде адрестік ақпараттық түсіндіру жұмыстарын атқару, ғаламтор кеңістігінде қарсы насихаттау шаралары жүзеге асыру, біліктілігі жоғары кадрларды даярлау, деструктивті және радикалды идеологияның жақтастарын оңалту фактілерінің қорытындысына жұмыс тобы арқылы бағалау жүргізу, оңалту және дерадикаландыру шараларын жүзеге асыру орталықтың негізгі басым бағыттары болып табылады. Аталмыш бағыттарды жүзеге асыра отырып, орталық жұмысы қоғамдағы ең бір өзекті мәселе – діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту ісіне зор үлес қосып отыр. Нәтижесінде Алматы облысының аумағында деструктивті ағым ұстанушыларының саны азайып келе жатыр. Мұның өзі қоғамның оң бағытқа бет бұруы екені сөзсіз.ОҢАЛТУДЫҢ ОЗЫҚ ҮЛГІСІ
Орталықтың басты мақсаты – діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту екендігін жоғарыда атап көрсеттік. «Деструктивті діни ағымдар ұстанушыларының санын азайту» нысаналы индикаторының оң нәтижесіне қол жеткізу үшін заман талабына сай оңалту жұмыстарының озық үлгісі қолданылып келеді. Бұл тұрғыда орталықтың бөлім басшысы Ерлан Матаев: «Оңалту жұмыстарының озық үлгісі ретінде бірінші, ререамобиль (религиозный реабилитационный автомобиль) қолданылуда. Ререамобиль автокөлігі – ақпараттық түсіндіру, оңалту және психокоррекциялық жұмыстарды көшпелі түрде жүргізуге арналып, арнайы жабдықталған көлік. Аталмыш көлік жұмыстың тиімді нысандарының бірі ретінде қаралған. Көлік мультимедиялық аппаратурамен, жұмыс үстелімен, тарату материалдарына арналған сөрелермен жабдықталып, жұмыс жүргізу үшін ыңғайлы және еркін жағдай жасалған. Сондай-ақ, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында психологиялық коррекция (рекреация) кабинеті жұмыс істейді. Бұл кабинет деструктивті діни ағым өкілдерімен оңалту жұмысы кезінде оң психологиялық климат құру үшін белгіленген талаптарға сәйкес арнайы жасақталған. Аталмыш жұмыс бөлмесі оңалту процесіндегі тұлғалар үшін демалыс кезеңдерін қарастыратын және үздіксіз режимде мақсатты жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік беретін арнайы жиһазбен (трансформер) жабдықталған. Сондай-ақ, оңалту бағытындағы жұмыстарды одан әрі ілгерілету мақсатында Алматы өңірі бойынша «дислокациялық» сектор жұмыс істейді. Атпалмыш «дислокациялық» сектор Алматы қаласының маңындағы аудандарда (Жамбыл, Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қапшағай қаласы) жедел әрекет ету және тиісті органдармен өзара тікелей іс-қимыл жасайды. Сектор деструктивті діни ағым әдептерімен оңалту жұмыстарын тиімді жүзеге асырады. Сондай-ақ, Алматы қаласы мен ішкі көші-қон мәселелерін реттеуге мүмкіндік береді. Мұнда арнайы біліктілігі жоғары теолог-мамандар қызмет атқарады», – дейді.ИСЛАМ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК ДІНІ
«Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» мамандары Алматы облысында орналасқан түзету мемекелерімен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Аталмыш мекемелердегі жазасын өтеушілерге рухани-тәрбиелеу шараларын өткізу де орталықтың негізгі міндеттерінің бірі болып саналады. Атап айтқанда, орталық мамандары түзету мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен апта сайын кездесіп, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді. Кездесу барысында әр азаматтың діни деңгейі мен ақпарат қабылдау ерекшеліктеріне қарай ислам дініндегі өзекті мәселелерге айналған ақида (сенім), фиқһ (амал), жихад, мазхаб ұстану, халифат, басшыға бағыну және көркем мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған қағидаттар түсіндіріледі. Шариғаттағы көпшілікпен бірге болу, ортаға бүлік салмау қағидаттарының мәні кеңінен талданып, террористік ұйымдардың әрекеттері мен ұстанымдары толығымен ислам дінінің негіздеріне қайшы екендігіне дәлел-дәйектер келтіріледі. Жұмыстардың нәтижесінде жазасын өтеуші азаматтар радикалды идеологиядан толық бас тартып, діни көзқарасы дәстүрлі исламның құндылықтарына бейімделе бастайды. Сондай-ақ, түзеу мекемелерінде жыл басынан топтық та ақпараттық түсіндіру шаралары атқарылады. Қазақ және орыс тілдерінде ұйымдастырылған топтық негіздегі іс-шараларға арнайы есептегі азаматтармен қатар, жалпы өзге де жазасын өтеушілер тартылады. Оған қоса, Қылмыстық атқару жүйесі түзеу мекемелерінде діни ахуалдың күнделікті күрделене түсуіне байланысты жағдайды оңтайлы шешу мақсатында орталықта үш инспектор-теологтан тұратын арнайы бөлім құрылып, ауылдардағы түзеу мекемелеріне арнайы бекітілді. Оңалту жұмыстарына Республикалық ақпараттық-түсіндіру топтың мүшесі, «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты Серік Тәжібаев тартылды. Республикалық ақпараттық түсіндіру тобы мүшесінің қатысуымен барлық түзеу мекемелерінде ведомствоаралық есепке алынған азаматтармен және жалпы намазхандармен бес күндік оқыту семинары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жазасын өтеушілерді қамтыған кешенді шара «Пайғамбар ақидасы» атты оңалту методикасы негізінде қазақ және орыс тілдерінде атқарылады. Сонымен қатар сотталушылардың діни ілімін жетілдіру мақсатында түзеу мекемелерінің кітапхана қорлары исламдық бағытта 2650-ге жуық кітаптармен қамтамасыз етілді. Сотталғандар арасында дене тәрбиесі мен спортты дамыту, салауатты өмір салтын дәріптеу, патриоттық сезімді қалыптастыру, қазақ елінің тарихындағы көрініс тапқан тарихи-мәдени ұлттық дәстүрді жаңғырту, сондай-ақ, түзеу мекемелерінде моральдық-климаттық жағдайды жақсарту мақсатында арнайы іс-шаралар өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, оңалту орталығы тарапынан облыс аумағындағы түзеу мекемелерінде діндар жазасын өтеушілер арасында спорттың 6 түрінен (шағын-футбол, устел теннисі, шахмат, дойбы, гір көтеру, жеңіл атлетика) жазғы спартакиада ұйымдастырылады. Және сотталған азаматтар мен азаматшалар белсенді түрде қатысып, озық шыққандарға жүлделі сыйлықтар табыс етіледі. Сондай-ақ, орталықта психологиялық коррекция және әлеуметтік бейімдеу ісі жолға қойылған. Жалпы психологиялық коррекция және әлеуметтік бейімдеу жұмыстарының негізгі мақсаты – жоғалған қарым-қатынас дағдыларын қалпына келтіру, өзіндік бағасын және өзіндік сана-сезімін жоғарылату, құндылық бағдарларын реттеу немесе қайта орнықтыру болып табылады. Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының тұжырымдамасын іске асыру бойынша 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын орындау аясында қала, аудандарда теологтар тарапынан деструктивті діни ағым ұстанушылармен ақпараттық-түсіндіру, оңалту шаралары ұйымдастырылып, психологиялық контент-талдау жұмыстары жасалады. Ал, әлеуметтік бейімдеу жұмыстары 2 бағыттан тұрады. Біріншісі –нысаналы ұзақ мерзімді әлеуметтендіру шаралары. Оларға: Кәсіптік курстар ұйымдастыру; Білім беру курстарына тарту; Жеке қызғушылыққа қатысты курстарға тарту; Кеңес беру шаралары; Табыс көзі ретіндегі шаралар ұйымдастыру; Қайырымдылық шаралармен қамту жұмыстары жатады. Ал, екінші бағыт бойынша мекен-жай тіркеуіне тұрғызу, тұрғын үй кезегіне тұрғызу, балаларына жәрдемақы тағайындау, балаларын балабақшаға орналастыру, емхана тіркеуіне, аурухана порталдары кезегіне тұрғызу, түрмедегі жұбайымен кездесу шараларын ұйымдастыру, жұмысқа орналастыру сынды қысқа мерзімді әлеуметтендіру шаралары жүзеге асады.ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ОҢ НӘТИЖЕ БЕРІП КЕЛЕДІ
Алматы қаласының ірі мегаполисіне іргелес аудандарда консультативтік органдармен жедел өзара іс-қимыл және Алматы қаласынан ішкі көші-қон мәселелерін реттеу үшін Оңалту орталығына қарасты «Алматы өңірлік сектор» жұмыс істейді. Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Іле аудандарындағы деструктивті діни ағым жақтастарымен «Алматы дислокациялық секторы» жұмыс істейді. Өткен жылы Қазақстан Дін істері комитеті өткізген оңалту саласындағы қызмет нәтижелерін бағалау бойынша жүргізілген мониторингке сәйкес, «Алматы өңірлік сектордың» теолог-мамандары М. Әшімхан мен Е.Аққожа республикалық деңгейде деструктивті діни ағым жақтаушылары және радикалды ұстанушыларды оңалту саны бойынша 2019 жылғы ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың оң бағасын алды. Мұның өзі жүйелі түрде жүргізілген жұмыстың оң нәтижесі екендігі сөзсіз. Діни алауыздықты немесе араздықты тудыруға бағытталған экстремистік идеяларды жақтайтын адамдар санын азайту бойынша Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терорризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында биылғы жылы 35 % азайту мақсаты көзделген болатын. Осыған орай қазір орталық тарапынан аталған меженің 13 % орындалып, жыл соңына дейін толық бағдарламада көрсетілген межеге жету жоспарланып отыр. «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» үздіксіз жүргізіп келе жатқан жұмыстары қоғамдағы ең маңызды игі істердің бірі екендігін атап айтқандығымыз жөн. Бұл тұрғыда оқырман қауымға түсінікті болуы үшін оңалту жұмыстарының қандай кезеңдерден тұратындығын тарқатып айтуға тиіспіз. Атап айтқанда, оңалту кезеңі үш негізгі кезеңдерден тұрады: Бірінші кезең – қазақстандық қоғамның құндылықтарына бейімделу кезеңі. Бұл – идеялық-құндылық бағдарлары мен оңалту объектісінің заңға бағынушылық және қазақстандық қоғамдағы басым құндылықтарға құрмет көрсету жағына қарай орнатылуын сындарлы өзгертудің бастапқы және ажырамас кезеңі. Екінші кезең – дәстүрлі діни көзқарастарға бейімделу кезеңі. Бұл – оңалту объектісі қазақстандық дәстүрлі ислам пайдасына деструктивті діни ағым көзқарасынан бас тартатын кезеңі. Үшінші кезең – деструктивті көзқарасынан бас тарту кезеңі. Осы соңғы кезең оңалту жұмыстарында, сындарлы көзқарастары негізделген, зайырлылық қағидаттарын сақтау, ешқандай деструктивті ойының болмауы және діни нормалар және талаптарды толық орындау кезеңі болып табылады.САЛИҚАЛЫ ӘЙЕЛ – ҰЛТ ТӘРБИЕШІСІ
Әйелдер аудиториясымен жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Әрбір іс-шара әйелдердің рухани тұрғыдан баюына, олардың дұрыс жолға беттеуіне жол ашады. Мәселен, орталық тарапынан әйелдер арасында түрлі спорттық шаралар, кездесулер, байқаулар мен семинар-тренингтер, рухани кештер, «Қыз Жібек» қыздар клубының ұйымдастыруымен тәрбиелік тағылымы зор іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, «Үлгілі жар, үлгілі келін және үлгілі ана» атты облыстық байқауы, «Рамазан аруы» республикалық байқауы, «Әйел даналығы – рухани құндылықтың алтын арқауы», «Салиқалы әйел – ұлт тәрбиешісі», «Зайырлы қоғамдағы рухани құндылықтар және әйел мәртебесі» тақырыптарындағы кешенді семинар-тренингтері, «Ынтымағы жарасқан – Қазақстан» атты спорттық шара, «Дін мен дәстүр ұштастығы», «Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі» атты кездесулер осы сөзіміздің айғағы. Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті жанындағы республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының іс-шаралар жоспарына сәйкес республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері, дінтанушы Т. Мустафина және Қазақстан діни мұсылмандар басқармасының «Әйелдер – қыздар» секторының меңгерушісі А.Тілегенова Қапшағай қаласының діндар әйел жамағаттарына, мектеп оқушы қыздарына және «Үшқоңыр» медресе-колледжінің қыздар бөлімінде тәрбиеленуші шәкірттерге, «Шынасыл» мешітінде Жамбыл ауданының әйелдер жамағатына ұйымдастырылған кешенді шараларға арнайы қатысып, ақпараттық-ықпал ету, түсіндіру шараларын тұрақты түрде жүргізеді. Біз жоғарыда атап өткен әйелдер аудиториясымен атқарылып келе жатқан ауқымды істердің барлығы ұлт тәрбиешісі саналатын салиқалы әйел тәрбиелеуге бастаған нық қадам.«АДАСҚАННЫҢ АЙЫБЫ ЖОҚ, ҚАЙТЫП ҮЙІРІН ТАПҚАН СОҢ...»
«Жусан» гуманитарлық операциясының аясында адасқан қаншама қандасымыз отанына оралып, дұрыс жолға бет түзеді. Мәселен, «Жусан» гуманитарлық операциясының барлық кезеңдерінде өңірге қайтарылған азаматтар ішінде Алматы облысына тиесілі 1 ер, 12 әйел және 36 бала болды. Оның ішінде: 1 еркекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. 1 ер және 1 әйел бас бостандығынан айырылды. 2 бала қақтығыс аймағанда ата-аналарынан айырылғандар болды. Алматы облысының әкімі А.Баталовтың бастамасымен «Жусан» гуманитарлық операциясының 1, 2, 3, 4-кезеңдері бойынша өңірге қайтарылған азаматтармен оңалту және қоғамға қайта бейімдеу шаралары ұйымдастырылды. Арнайы жұмыс жоспарын жүзеге асыру аясында Орталық тарапынан аталған азаматтармен теологиялық оңалту, психологиялық бейімдеу және әлеуметтендіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қазіргі таңда 6 әйелмен қайта әлеуметтендіру шаралары іске асты. 16 бала жалпы білім беру мекемелерге орналастырылды. Сондай-ақ, 8 бала мектепке дейінгі мекемелерге қабылданды. 6 әйел дәстүрлі ислам құндылықтарына бет бұрып, 5 әйел Қазақстан қоғамының құндылықтарына бейімделді. Осындай оң нәтижелер «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген сөздің растығын дәлелдей түспек. Алматы облысы Дін істері басқармасына қарасты «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» ұйытқы болуымен алдағы уақытта да діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес өз жалғасын таба бермек. Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz