Тойдың боладысы қызық...
2020 ж. 01 шілде
4436
0
Ұлы ақын, дана ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы болып табылады. Абайдың әдеби мұрасының дүниежүзілік мәні де зор, қазір оны көптеген елдер өз тілдеріне аударып, бірқатары тіпті оқулықтарына да енгізген.
Ұлтымыздың мақтанышына айналған Абай Құнанбайұлының биыл 175 жылдық мерейтойы. Халықтың қалауымен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және халықаралық ұйымдардың қолдауымен бұл айтулы мерейтой тек қана біздің мемлекеттің деңгейінде ғана емес, бүкіл Түркі әлемі, ЮНЕСКО көлемінде атап өтілмекші. Қазірдің өзінде елімізде, өзге де мемлекеттерде осы айтулы датаға орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.Осының өзі Абай шығармаларының жер жүзіне танымалдығын анық аңғартса керек.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» – дейді халық даналығы. Бұл нақылдың терең мағынасы бар. Мәселе бір күнде немесе бір аптада өткізілетін тойдың өзінде ғана емес. Абай мерейтойына дайындықтың өзі үлкен рухани серпіліс пен ерекше құлшыныс тудырып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бүкіл Алаштың ортақ тойы болғанмен, Ұлы Абайдың жерлестері шығысқазақстандықтар үшін бұл айрықша мереке. Былтырдан басталған дайындық жұмыстары мерейтой жақындаған сайын қарқынды алып, қызу жүргізіліп жатыр. «Той десе қу бас домалайды» демекші, әлемнің көптеген елдерінен шақырылған шетелдік және еліміздің түкпір-түкпірінен келетін мыңдаған қонақтарды лайықты қарсы алуға бар күштерін жұмсауда.
Семей қаласы қашанда қазақтың рухани-мәдени орталығы болғаны белгілі. Сондықтан да мемлекет басшысы бұл көне шаһарға «Семей қаласы тарихи орталық» деген ерекше мәртебе берген болатын. Ал, ұлы Абайдың өмірі Семей қаласымен тығыз байланысты. Сол себепті дайындық жұмыстары Семей қаласынан бастау алды. Абайға қатысы бар барлық тарихи дүниелерді сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу бүгінгілердің парызы. Осы мақсатта Абай мұражайын қайта жөндеп, ғылыми-тарихи деректермен толықтыра түсуде. Қазақ мәдениетінің негізгі саласының бірі – театр. Ең алғаш Мұхтар Әуезовтың «Еңілік-Кебек» драмасымен шымылдығын ашқан Абай атындағы мемлекеттік музыкалық-драма театрындағы жөндеу-жаңарту жұмыстары шілде айында аяқталмақшы. Осы бір игі шараны мәдениет қайраткерлер мен өнерсүйер қала тұрғындары көптен күткен еді. Енді ақын атындағы театр заманауи жаңа келбетке ие болып, көптеген маңызды іс-шараларды да өткізетін орынға, шын мәніндегі мәдени ошаққа айналады. Сөйтіп Семей қаласының өзінің ежелгі мәдени-тарихи орталық екенін нақтылай түседі.
Абай атындағы алаңды жөндеп, жаңарту жұмыстарын Семей қаласы әкімдігі өз мойнына алып, облыстық бюджет қаржысымен іке асырмақшы. Бұл жұмысты олар ұзаққа созылатын қыстан соң, көктемде күн жылысымен сәуір айының ортасынан бастап кеткен-ді. Ескі орындықтар, жолжиек тастар мен басқа да ұсқынын жоғалтқан қондырғылар алынып тасталып, демалушыларға жайлы болу үшін бәрін жаңалап жатыр. Жарық жеткізетін желілер жүргізіліп, көлікке және жаяу жүргіншілерге арналған асфальт жолдар жаңартылды. Күрделі жұмыс тамыз айына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Қасиетті Семей жерінің қай түкпірі болмасын Абай есімімен байланысты десек артық емес. Соның бірі – «Жиделі-Бөрібайдағы» Абай ақынның мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы. Мұнда да негізгі жұмыстар аяқталып, ішкі әрлеу жүргізілуде. Оны да шілде айында аяқтау көзделіп отыр.
Облыстағы Абай ауаданынан ақын, жазушы, тарихшы, философ Шәкәрім Құдайбердиев, классик жазушы Мұхтар Әуезов секілді еліміздің атын әлемге паш еткен көптеген белгілі тұлғалар шыққан. Әр жылдарда бұл ауданда өздерінің атақты жерлестерінің туған күндері аталып өтеді. Ұлы ақынның бүкіл ғұмыры осы киелі мекенде өткен. Абайдың ақын шәкірттері де көп болғаны белгілі, олар ұстаздарына еліктей жүріп өздері де өлең жазып, қазақ әдебиетіне үлестерін қосқан. Бұл туралы абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» атты еңбегінен жақсы білеміз.
Қарауылдағы Абай атындағы мәдениет және демалыс бағы құрылысы ең күрделі және көлемді жұмыс болмақшы. Атшаптырым алқапты алып жатқан
аумақ тазартылып, тегістеліп 11,2 мың тонна құнарлы топырақ әкелініп, жеті жүзге жуық түрлі ағаштар отырғызылды. Су құбырларын жүргізу толығымен аяқталды. Қазір жоспарланған 4900 метр электр желісі мен 1700 қоршау орнату жұмыстары жартылай орындалған. 30 түрлі техника мен 70 жұмысшы мамандар қарқынды жұмыс істеп шілде айының 10-да толықтай атқарып шықпақшы. Бұл жобада тарихи және қазіргі заманауи сәулетшілік өнер үндестік тапқан республикамыздағы бірінші ауқымды мәдени-тарихи кешен.
Айта кетелік, ЮНЕСКО деңгейінде Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы осы Қарауылда өткен болатын. Әрине, тәуелсіздік алғанымызға көп бола қоймаған сол жылдарда мұнда коммуникациялар жүргізуге, инфроқұрылым салуға мүмкіндіктер болмағаны белгілі. Өйткені ел экономикасы жөнді қалыптаспаған ауыр кезең болатын. Бүгінгі жағдай мүлдем басқа, егеменді ел атанғанымызға отыз жылдай өткенде Ұлы Абайдың құрметіне осынау алып мәдени-тарихи кешенді салуға қаражат жеткілікті. Алдымыздағы тойға арналып 250 киіз үйден тұратын қалашық орнатылып, «Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері» атты ауқымды көрме ұйымдастырылмақшы. Осы арқылы шетелдік қонақтар еліміздің және шұғылалы Шығыс аймағының тарихын тереңірек білуге мүмкіндік алады. Әрине, міндетті түрде ұлы ақынның театрланған шығармаларымен танысып, концерттік бағдарламалар мен ұлттық ойындарды тамашалай алады.
Қарауылтөбедегі ауқымды Абай бағы кейін тұрғындардың демалыс орнына, мәдени іс-шараларды өткізетін, жастардың бос уақытында спортпен айналысуына мол мүмкіндіктер береді. Алдында айтқандай, Абай ауданынан шыққан Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхтар Әуезов сияқты тұлғалардың да мерейтойларын лайықты өткізуге болады.
Бұл аймақтағы тағы бір қастерлі өңір – «Сырт Қасқабұлақ», мұнда Абайдың мемориалдық кешені орналасқан. Ұлы Абайды құрмет тұтатын адамдар алдымен осында аялдайды. Мереке қарсаңында кешенді жаңарту жұмыстарының басым бөлігі еңсерілген. Алаң абаттандырылып, 70 түп шырша, 130 түп терек ағаштары отырғызылды. Айналасына жалпы ұзындығы 600 метр қоршау орнатылды. Ұлттық нақышты негізге алып құрылған кешен шетелдік туристерді қызықтырары сөзсіз. Бір ерекшелігі, кешенде Абайдың ұлағаты мол атақты 45 қара сөзі жазылған стеллалар орнатылады. Оның жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиіркенуге, өмірлік дұрыс көзқарас қалыптастыруға, ересектердің де рухани дамуына жол сілтері анық.
Ақшоқы ауылында ұлы ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлына арналған мұражай құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Оны шілде айының алғашқы онкүндігінде пайдалануға бермекші.
Сол сияқты көпшілікке жақсы таныс «Абай-Шәкәрім» кешені аумағында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Абай соңына әрбір сөзі нақылға айналған өшпестей мол мұра қалдырған қазақ ұлтының ұстазы, ұлы ақыны болса, Шәкәрім оның інісі, ізбасары, ұлт тарихын терең зерттеген ғұлама, философ. Тағдырдың екі дүниеде де ажырамастай тоғыстыруы болар, Алаштың екі алыбы да осы Жидебайда жерленген. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» – дейтін қазақ атаулы бұл жерді ерекше қастерлейді, алыс-жақыннан келіп зиарат етеді. Алып кешен алаңын абаттандыру үшін 200 түп шырша, 1 мың дана терек ағаштары отырғызылған. Электр желілерін жүргізу, көлік және жаяу жүргіншілер жол құрылысының жартысынан көбі атқарылған. Қонақтар көлігіне арнап 3755 шаршы метрлік көліктұрақ жасалған. Жидебайдағы бұл тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық кешен Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердиевтің өмірі мен баға жетпес шығармаларынан мол сыр шертеді. Жидебайдағы кешенді салудың басты мақсаты – Абай мұраларын сақтап, ұлтымыздың рухани байлығын толықтыра түсу болып табылады.
Кезінде облыс орталығы болып, кейін ол мәртебесінен айырылған Семей қаласы қайта түлей бастады деуге болады. Қазақтың тарихи орталығы атанып, Абай мерекесіне орай көптеген жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл өлке біздің терең тарихымыздың куәгері, қасиетті топырағында әдебиет, мәдениетіміздің ірі тұлғалары туып-өскен. Ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті аймақ ешқашан қадірін жоғалтпауға тиісті.
Той өтетін тамыз айы да таяп келеді. Алаш жұртының басты назары еліміздің шығысына ауған, сол бір мерейлі мерекені бәрі де асыға күтеді. Ұлы дала бүгіннің өзінде ерекше бір дүбірге бөленгендей. Ол ұлы тойдың дүбірі. Алаштың әлемге әйгілі Абайының тойы...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz