Теріс ағым төрге шықпауы тиіс
2020 ж. 05 маусым
2056
0
Алматы облысы Дін істері басқармасы биыл жыл басынан бері өлке аумағын жан-жақты қамти отырып, бұқара көпшіліктің діни сауаттылығын арттырып, тұрғындарды қауіпті күштердің ықпалынан сақтандыру бағытында айтарлықтай жұмыс атқарып келеді.
Мәселен, Талдықорған қаласында орналасқан №11, 14 орта мектептерінде деструктивті идеологияны насихаттаушы топтардың, аккаунттардың жұмыстары жайында және олардың айла-тәсілдері, әрекеттері туралы ұстаздар мен мұғалімдер арасында ұйымдастырылған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижелі болғаны даусыз.
Зерттеу орталығы мониторинг бөлімінің басшысы А.Игенбай ғаламтор кеңістігіндегі бақылауға алынған және бұғатталған бірқатар топтарды мысал ретінде көрсетіп, жиналғандарға кез-келген ақпараттың растығына, шынайылығына көз жеткізу қажеттігіне тоқталды. Бұл орайда айта кететін жәйт – Алматы облысы аумағында интернет кеңістігіндегі әлеуметтік желілер, түрлі сайттар мен топтар тұрақты түрде бақыланып, сараланып және оларға аналитикалық есептер тұрақты жүргізіліп отырады. Соның арқасында облыс желі мониторингісі бойынша республика көлемінде көш басында тұр.
Сол сияқты, мұнда деструктивті идеологияға қарсы ақпараттық насихат ұдайы жүргізілуде. Талдықорғандағы №9,15,16 орта мектептерінде Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы талдау бөлімінің бастығы А.Игенбай оқушылар мен мектеп ұстаздары және ата-аналар арасында теріс пиғылды насихаттаушы топтар мен аккаунттардың әлеуметтік желідегі әрекеттері, олардың айла-тәсілдерінің қандай болатыны жайында ауқымды көлемде кездесу өткізді. Төрт жүзге жуық аудитория жиналған жиын барысында ғаламтор кеңістігіндегі ақпараттардың растығына көз жеткізіп, оларды мұқият саралап, сұрыптап отыру керектігі және теріс бағыттағы уағызшылар мен қолдануға болмайтын, тиым салынған сайттар, парақшалардың бірқатары мысал ретінде нақты түсіндірілді. Арнайы тақырыпта әзірленген бейне-ролик көрсетілді. Дін істері басқармасы рұқсат еткен сайттардың сілтемелері қалдырылып, кез келген туындаған сұрақтар бойынша жауап берілетіндігі айтылды. Сондай-ақ жұртшылыққа арнайы брошюралар таратылды.
Ал Іле ауданы, Чапаев ауылы, №10 орта мектебінде «Діни экстремизм мен терроризм-төніп тұрған қауіп» онкүндігінің аясында 9-11 сынып оқушылары мен мектеп ұстаздарының қатысуымен кездесу өткізілді. Оған дінтанушы маман Қ.Мүтебаев қатысты. Кездесудің мақсаты – жасөспірімдерге дін туралы жан-жақты түсінік беру, оларды түрлі діни жат ағымдардан сақтандыру. Оқушылармен емен-жарқын жүздесу кезінде ислам дінінің асыл құндылықтары, білім алудың пайдасы жайында баяндалды. Кездесу барысында, қазіргі кезде адам санасын, жалпы қоғамымызды улап жатқан діни ағымдар туралы, олардың өмірге қаншалықты зиян келтіретін қисапсыз түрлері бар екені айтылды. Оқушыларға елді адастырып, қатерге бастайтын діни ағымдар туралы мәлімет беріле отырып, одан аулақ болудың жолдары нақтыланды. Әлеуметтік желідегі жалған діни топтар мен деструктивті идеологияны насихаттаушы парақшалардың айла-тәсілдері, іс-әрекеттері және де қолдануға болмайтын, бұғатталған сайттар жайында да ұтқыр мысалдар келтірілді. Кездесу барысында алдап-арбаушылардың іс-әрекеттері туралы арнайы бейнероликтер көрсетілді. Оқушылар дін өкіліне көкейде жүрген сауалдарын қойып, толыққанды жауаптар алды. Кездесуге жүз оқушы қатысты.
Сол секілді Талдықорған қаласы, Еңбек ауылы, Еңбек ауылдық мешіті жанында орналасқан «ҚМДБ Талдықорған жеке қайырымдылық мекемесі» шәкірттерімен кездесу ұйымдастырылып, Орталықтың бөлім басшысы С.Жаңабай ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Кездесу барысында білім алып жатқан шәкірттерге зайырлық және ұлттық құндылықтар жайында баяндалды.
Ал Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында «Халықтың діни сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының тиімділігі» тақырыбында кездесу өтті. Сондай-ақ, дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы (оның ішінде: неохристиандық діни ағымдар, «Алля Аят» оккульттік мистикалық ағымы, әлеуметтік желілерде діни ағымдарға қызығушылық танытып жүрген тұтынушылармен) нақты жұмыс жүргізілді.
Кездесудің мақсаты: дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысының тиімді әдістерін зерделеу және талқылау.
Іс-шараға: мұғалімдер, теологтер, ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының және БАҚ өкілдері қатысты.
Әртүрлі әлеуметтік жағдай ажырасуға себеп болып отыр: букмекерлік кеңселердің зиянды жақтары, отбасы тәрбиесіндегі әлеуметтік желінің зияны, бала тәрбиесіне салғырт қарау, ішімдік, баланың ата-ананың алдындағы міндеттері және басқа да өзекті мәселелер. Осыған орай, Ардагерлер үйінде зерттеу орталығының дінтанушысы Қ.Мүтебаевтың қатысуымен «Жеке және отбасылық шиеленістерді ескерту, өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларына жол бермеу» тақырыбында әскери бөлімінің жеке құрамымен және олардың отбасыларымен кездесу өткізілді.
Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы талдау бөлімінің басшысы А.Игенбай мен оңалту орталығының дінтанушысы Е.Матаев «Діни экстремизмге жол жоқ» тақырыбында Прокуратура қызметкерлеріне кездесу өткізді.
Кездесу кезінде діни экстремизм түсінігі туралы кеңінен ақпарат беріліп, интернет кеңістігінде деструктивті идеологияны насихаттаушы топтардың, аккаунттар мен парақшалардың жұмыстары, алдап-арбау тәсілдері, сондай-ақ, тиым салынған әрі қолдануға болмайтын сайттар мен уағызшылар жөнінде айтылды. Қатысушылар өздерінің сұрақтарына нақты жауаптар алды.
Журналистер үйінде «Діни экстремизм және терроризмнің алдын алу жұмыстары» тақырыбында баспасөз мәслихаты болып өтті.
Брифинг спикері – облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Разбекұлы 2017-2020 жылдарға арналған діни саладағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын және Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында зайырлы құндылықтарды ілгерілету, дәстүрлі мәдениетке құрмет көрсету, конфессияаралық келісімді нығайту, діни радикализмге иммунитетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар ауқымды шаралармен таныстырды.
Рахмет Разбекұлы бүгінгі таңда Алматы облысында діни тұрақтылықты сақтау бағытында іске асырылып жатқан жұмыстар барысын жеткізді.
«Рухани керуен» жобасы, «Зиярат ететін сакралды діни ғибадат орындары» жобасы іске асырылып, алғаш рет әртүрлі діни әдет-ғұрыптар мен халық аңыздарына байланысты зиярат орындары көрсетілген және сипатталған интерактивті карта; былтырғы жыл басынан «Дін және мәдениет – руханият әлемі» газеті, QR-код технологиясы қолданылған діни әдебиеттер электронды кітапхана; Басқарма "Kazdream Меdia" бағдарламасының көмегімен 7/24 режимінде әртүрлі діни топтар мен қоғамдастықтарда тұратын интернет-пайдаланушылардың (Instagram, Twitter және Вконтакте) белсенділігіне тұрақты мониторинг жұмыстары, облыс бойынша ДДА қоғамдастықтарының қатысушылары бойынша мәліметтер жеке талданып, мониторинг нәтижесінде интернет-пайдаланушылардың саны азайғандығын атап өтті.
Сонымен қатар, мақсатты нысаналы топтармен профилактикалық ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, контрнасихат және интернет-кеңістігінде діни экстремизмнің идеологиясына шектеу қою шаралары, оңалту және дерадикализациялық жұмыстарымен таныстырды.
Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы аудандық мешітте әйел жамағатына арналған семинар-тренинг болып өткенін де ауыз толтырып айта аламыз. Аталмыш тренингке орталық директорының орынбасары Айгүл Әлі модератор болып, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің кафедра меңгерушісі, РһD, қауымдастырылған профессор – Ш.Әділбаева қатыстырылды.
«Қоғамдағы рухани құндылықтарды қалыптастыру мен дамытудағы әйелдің рөлі» тақырыбында өрбіген шара барысында әйелдер жамағаты тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, мамандардан нақты жауаптар алынды.
Сонымен қатар: Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы Абылайхан және Райымбек батыр атындағы орта мектептердің ұстаздары мен оқушылары, ата-аналарының қатысуымен «Ғаламтор кеңістігі бақылауда» тақырыбында кездесу өткізілді.
Кездесу барысында жат ағымға еріп кетпеудің алғышарттары түсіндіріліп, ғаламтор кеңістігіндегі бұғатталған және қолдануға болмайтын, деструктивті идеологияны насихаттаушы топтар мен аккаунттар жайында және шет елдің рұқсат етілмеген теологиялық оқу орындарында білім алудың тиімсіздігі турасында ақпарат берілді.
Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен экстремизм мен терроризм идеологиясын алдын алу мақсатында кездесу өтті.
Кездесу барысында Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы директорының орынбасары Д.Қазыкенов пен Дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім бастығы А.Бабатай қызметкерлерге теріс діни ағымдар жайлы түсінік беріп, интернетте, әсіресе, әлеуметтік желілерде жалған діни ағымдардың қатарына кіріп кетпеу тәсілдерімен таныстырып өтті. Іс-шара соңында қызметкерлер өзара сұрақ-жауаппен алмасып, түйткілді мәселелер бойынша пікір алмасты.
Сондай-ақ, зерттеу орталығының қызметкерлері Талдықорған заң колледжі студенттерінің арасында «Интернеттегі терроризм, дәстүрлі емес діни ағымдардың ғаламтордағы арбау тәсілдері» және «Псевдохристиандық діни ағымдардың қаупі» тақырыптарында кездесу өткізді.
Кездесу барысында қазіргі таңдағы еліміздегі діни ахуал, ғаламтордан келетін қауіп-қатерлердің зардабы, оны пайдаланудың тәртібі мен мәдениеті турасында сөз қозғалды. Қоғамда орын алып жатқан жағдайлар мен оқиғалар кеңінен түсіндіріліп, жастардың діни сергек, сауатты болу керек екені айтылды. Жастар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оған мамандар тиісінше жауаптар берді.
Құлан САҒАТҰЛЫ
Алматы облысы
qazaquni.kz