Ерсін ӘМІРЕ: Ғаламтор арқылы да адасқандар көп...
2020 ж. 30 мамыр
2751
0
Алматы облысының дін істері басқармасы саладағы саясатты оның ішінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды жүйелі түрде жүргізуінің нәтижесінде аймақтағы діни ахуал қалыпты. Бұл тұрғыда басқармаға қарасты «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» ауқымды жұмыс атқарып отырғандығын айтуға тиіспіз. Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларына теологиялық, психологиялық, құқықтық және практикалық көмек көрсетумен айналыстатын орталықтың оңды істерінің нәтижесінде аймақта діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл қарқынды түрде жүзеге асуда. Осы тұста Алматы облысының Дін істері басқармасы «Діни экстремизм құрбандары мен деструк тивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының бөлім басшысы Ерлан Матаевтың Қазақ стан мұсылмандар діни басқармасының ғұламалар кеңесінің мүшесі, теолог, исламтанушы Ерсін Әміремен сұхбаты оқыр мандар назарына ұсынылып отыр.
– Ерсін Бекайдарұлы, жалпы исламтанушы маман ретінде айтыңызшы біздің халқымыз Ислам дінін қалай ұстанып жүр? Жалпы дін дегеніміз не?
– Дін деген ол бұл дүниеден кейінгі тылсым дүниемен адамды байланыстырған, Құдай тарапынан адамға жіберілген өмір сүру ережесі. Кез келген дінді қарайтын болсақ, ол дін ең бірінші тылсым дүниеге сенуге, яғни мұсылмандар тілімен айтқанда, ақиретке, Аллаға сенуге негізделеді. Сонымен қатар, «Осы өмірді қалай сүруіміз керек?», «Қалай жүріп, тұруымыз керек», «Қандай амалдар жасасақ, Алла разы болады?» осының барлығына ислам дінінде толық жауап таба аламыз.
«Ал біз дінді қалай ұстанып жатырмыз?» деген мәселеге жан-жақты қарауға болады. Біздің ұстанған бағытымыз – Абу Ханифа мәсхабы. Бұл қарап отырсақ әлемдегі мұсылмандардың басым көпшілігі ұстанатын бағыт. Пайғамбарымыздан (с.а.с) кейінгі сахабалар табиғиндер, имам Абу Ханифа қалыптастырған мектеп.
Дінді ұстану барысында, әрбір адам өзінше амал етіп жатады. Дінді дұрыс түсінген адамның өзінде дінді ұстану тұрғысында кемшіліктер орын алатыны сөзсіз.
Біз қанша керемет құлшылық жасасақ та, намаздарымызды жан-тәнімізбен оқысақ та, Алла Тағаланың ұлықтығы дәрежесінде құлшылық жасап жатырмыз деп айта алмаймыз. Алла Тағаланың бізге берген нығметтерінің шүкіршілігін толық өтей алып жатырмыз дей алмаймыз. Пайғамбарымыз (с.а.с) діннің үш нәрседен тұратындығын айтты: ислам, иман, ихсан.
Ислам дегеніміз – бойұсыну. Бұл жерде сыртқы амалдар мәселесі қарастырылады. Атап айтқанда, намаз, ораза, зекет, қажылық, үйлену, ажырасу, деген сынды адамның күнделікті жасайтын іс-әрекеттері. Екіншісі – иман. Иман дегеніміз сенім. Аллаға, періштеге, пайғамбарға, тағдырға қатысты қандай сенімде болуың керек? Осының барлығын адам жүрегінің түкпікіріндегі иман қарастырады. Үшіншісі – ихсан. Ихсан дегеніміз пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің хадисінде айтқандай, Алла Тағаланы көріп тұрғандай құлшылық жасауың, егер көріп тұрмаған болсаң, онда Алла Тағала сені көріп тұрғандай құлшылық жасауың. Бұл жерде біз, жалпы адамның өмір сүрунің өзі құлшылықтан тұратындығын ескеруіміз керек. Мәселен, адал кәсіп етіп, отбасыңды асырасаң, достарыңа көмектессең, отбасылық қарым-қатынасты нығайту мақсатында жарыңды еркелетіп, жақсы қарасаң – оның өзі де садақа. Дін дегеніміз – адамды екі дүниеде де бақытқа жеткізетін Алланың заңы мен өмір сүру жүйесі.
– Бүгінде арнайы діни білімі болмаса да, әртүрлі мамандық иелері дін атын жамылып түрлі пікірлер айтатынын, тіпті кейбірінің кітап жазып жүргенін де көзіміз көріп жүр. Мұндай кісілерге маман ретінде не айтасыз?
– Қазіргі өзекті мәселенің бірі – мамандықты сыйламау, оны ескермеу. Кез-келген адам хадистерді оқып алып, ел ішінде уағыз айтуды әдетке айналдырса, ол оның өз шамасынан тыс нәрсеге ұмтылуы. Алла Тағала білмесеңдер, білетіндерден сұрау керектігін ескерткен. Кез-келген мәселеде ешбір адам сол саланың маманы сияқты жауап бермейді. Ал, дін мәселесіне келгенде, осы салаға қаншама уақытын сарп етіп, оқыған, зерттеген мамандар бар екені ескерілуі керек.
Мұсылмандар арасындағы тағы бір мәселе – әркімнің өз ісімен айналыспауында. Онда біздің қоғамымызда, кейбір жәйттер туындамаған болар еді. Дәрігер емдеумен, журналист дұрыс ақпарат таратумен, саудагер адал саудамен айналысқанда ғана қоғамда белгілі бір деңгейде тәртіп орнайды. Өкінішке орай қазір таяқ лақтырсақ, уағызшыға тиетін деңгейге түстік. Мұның ақыры жақсылыққа апарамасы анық. Мәселен, медициналық білімі жоқ адамдар өздері аурухана ашып алып, адамдарды емдей бастаса, мұның аяғы неге апарып соқтыратынын жақсы білесіздер. Сол секілді, діни тұрғыдан кәсіби білімі болмай тұрып, өзгелерге уағыз айтып жүргендердің әрекеті елді адастыруға апарып соқтыратыны сөзсіз. Сондықтан, ғұламаларымыз: «Жартылай дәрігерден, жартылай тіл маманынан, жартылай дін маманынан сақтану керек» дейді. Себебі, өз ісінің шебері емес дәрігер адам саулығына кері әсерін тигізсе, дәлі сондай маманы тіліміздің бұзылуына ықпал етеді. Ал жартылай дін маманы бүкіл қоғамды бұзуға түрткі болады.
Мәселен бүгінде елімізде жасы бар, орта буын бар діни экстремизм мен терроризмнің құрбанына айналып кеткендер жетерлік. Өйткені, біздің кейбір қандастарымызға дін саласында қызмет атқарып жүрген арнайы мамандардан гөрі көшеде жүрген көлденең көк аттылардың айтқаны сенімдірек көрінеді. Рухани тұрғыдан әлсіз адамға: «Мынау – Құдайдың бұйрығы, осылай істесең, Алла разы болады», «Осыны жасасаң, Алланың разылығына қол жеткізесің, жәннатқа кіресің» десе соған сеніп, соқыр сенімнің жетегіне ере кетеді. Өз елінен безініп, кезінде Сирия асып кеткендер осы сөзіміздің дәлелі. Олар мен осы жолда құрбан болсам, жәннатқа кіремін, шахид боламын деп ойлайды. Олардың түйсігінде Алла жолындағы күреске кетіп бара жатырмын деген сенім тұрады.
Діни наным-сенімнің дұрыс еместігінен адасып қана қоймай, олар, өздерін тіпті кейбіреулері отбасымен қоса құрбан болып жатады. Діни сенімнің артында осындай үлкен қауіп-қатердің тұрғанына қарамастан, діни білімі жоқ бола тұрып, түрлі уағыз айтудың ақыры да бізді жарға жықпай тынбайды. Осыны бүгінде елді артынан ертіп, діни сауатын «ашуға» тырысып бағып жүргендер ескеруге тиісті.
– Шариғатта өзі білмегенімен, қоймай, өзгені де бұрыс жолға бағыттағандарға қандай ескерту жасалған?
– Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің хадисінде: «Егер бір адам біреуді адастырса, оның күнәсін арқалайды» дейді. Алғашқы адасқан адам тағы бір адамның дұрыс жолдан таюына мұрындық болса, ең бірінші осы жолға бағыттаған адамның күнәсі еселене беретін көрінеді. Сондықтан, әрбір адам Ұлы Абай атамыз айтқандай «ақырын жүріп, анық басуға» ұмтылуы керек. Бүгінде қоғамның адасуына әлеуметтік желінің де ықпалы зор болып жатқанын айтуға тиіспіз. Әлеуметтік желілерде миллиондаған аудиторияны жинап алып, баюдың жолдарын үйретіп, онымен қоймай діни тұрғыдан түрлі пәлсапаны айтып отыратындар мұның ақыры жақсылыққа апармайтынын білуі керек. Өкінішке орай, осындай қадамға барып жүрген есімі елге белгілі адамдардың соңынан халық тез еріп кетуі де мүмкін. Осы жағына біз абай болуымыз керек. Олар шариғаттағы түрлі діни үкімдерге қатысты сөз қозғамауы тиіс. Бұл тұрғыда арнайы діни білімі бар мамандар ғана айтуы тиіс. Ал, ата-ананы сыйлау, ағайын-туғанмен жақсы қарым-қатынаста болу деген секілді бәрімізге ортақ міндеттер туралы айтуларына әлбетте болады. Ал дін мәселесіне келгенде анық-қанығын өзі де жақсы білмей отырып, өзгелерге үйретемін деу – бос әурешілік.
– Өзіңіз білетіндей, бүгінде көпшілігіміз кез-келген мәселеде ғаламтордың көмегіне жүгінуді жөн санаймыз. Ал, ғаламтордан діни білім алу қаншалықты дұрыс?
– Иә, қазір жоқтың бәрін «гуглдан» іздейтін заман болды ғой. Мәселен, біздің қандастарымыз дінге қатысты өзіне қажетті бір мәліметті іздегенде, оның қазақ екенін, Қазақстанда Абу Ханифа мазхабын ұстанатынын гугл ескеріп, оған қажеттісін сараптап, саралап, шығармайды ғой. Оның іздегеніне қатысты қандай мәлімет бар соның барлығын алдына жайып салады. Оның ішінде міндетті түрде жат ағымдардың интернет порталдарының материалдары да ұсынылады. Өкінішке орай, осындай дүниелерді білместікпен оқып, адасып жүрген адамдар жетерлік. Олардың дені әлгіндегідей сайттардың түпкі көздеген мақсатына мән бермей, осындай күйге түскендерін өздері де білмей қалып жатады. Сондықтан, дін мәселесінде ел тұрғындары өздерін алаңдатқан сауалдар бойынша жергілікті жерде орналасқан мешіт имамдарының, діни басқарма қызметкерлерінің көмегіне сүйенуі керек. Сонымен қатар елімізде арнайы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Пәтуа бөлімі жұмыс істейтіндігін ескеруіміз керек. Сондай-ақ, еліміздің әрбір аймағындағы діни басқармаларда 24 сағат бойы халыққа қызмет көрсететін сенім телефондары жұмыс істейді. Сондықтан қандай мәселеге келгенде де арнайы мамандардың кеңесіне құлақ асуымыз керек.
Мәселен, әрбір адам тамақтану мәселесіне келгенде, көз алдында көрінгеннің барлығын жей бермейтіні белгілі. «Мынаны менің ағзам көтермейді», «мынау майлы тамақ маған жақпайды» дегендей таңдап, талғап жейді. Азық-түлік алғанда міндетті түрде сақтау мерзіміне қарайды. Сол секілді адам өзінің рухани денсаулығына да асқан сақтылықпен қарауға тиіс. Өйткені, ғаламтордың салдарынан үйінде отырып-ақ жихадшыға айналып кеткендер бар. Бұлардың дені әртүрлі сайтты бір қарап, әрқайсысынан әр нәрсені үйреніп, өздерінің қандай жолға бағыт алғанын білмей қалғандар. Сондықтан, дінге қатысты көкейінде қандай да бір сауалы бар адамдар тек ғана кәсіби білікті мамандардың ақыл-кеңесіне жүгінгендері жөн.
– Әңгімеңізге көп-көп рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Cұхбаттасқан: Ерлан МАТАЕВ
qazaquni.kz
Сұхбаттасқан: Ерлан МАТАЕВ