Имандылық пен ынтымақ ордасы
2020 ж. 30 мамыр
1359
0
Алматы облысына қарасты Іле ауданының өзіндік терең тарихы мен аймақ экономикасына қосар үлесі мол. Аумағы сегіз мыңға жуық шаршы шақырымды алып жатқан аудан тұрғындарының саны екі жүз мыңға тақап қалды. Оның алпыс сегіз пайыздан астамы қазақтар. Ауданда күрд, түрік, ұйғыр, әзірбайжан секілді ұлттар да мекен етеді. Демек мұысылмандар саны өзге дінді ұстанушыларға қарағанда айқын басымдыққа ие. Осыған орай өңірде мұсылмандар мінажат ететін мешіттің маңызы зор.
Жетпіс жылдай кеңестік кезеңдегі дінге қырын қарау саясаты әсерінен елімізде мешіттер саны мүлдем азайып кеткені белгілі. Егемендік алған соңғы отыз жылға жуық уақытта Ислам дініне, имандылыққа бет бұрған тұрғындарымыздың саны жылдан жылға артып келеді. Соған байланысты барлық аймақтарда жаңа мешіттер салынып, ел игілігіне қызмет етуде. Сондай айтулы ірі мешіттердің бірі – Іле аудандық Өтеген батыр атындағы аудандық орталық мешіт. Алдында айтқанымыздай кеңестік кері саясат салдарынан бұрындар «ГРЭС» деп, кейін «Өтеген батыр» кенті атанған үлкен елді мекенде бірде-бір мешіт болмаған екен. Екі мыңыншы жылы Ислам дінін тұрақты ұстанатын Біріккен Араб Әмірлігі өкілдерінің демеушілік ниеттегі қаржылай көмегімен ұзындығы 11, ені 10 метр мешіт ғимараты салынған болатын. Құрылыс жұмыстарына Кәріпжан Серік деген азамат басшылық жасады. Жоқтан бар жақсы демекші, ол кезде бұның өзі үлкен жетістік еді. Өйткені кеңестер одағы ыдырап, егемендікке енді ғана қол жеткізген аумалы-төкпелі кезеңде елімізде алып мешіт салатындай жағдай жоқ-ты. Жаңа жүйеге бой үйрете алмаған қиын-қыстау кезде «байтал түгіл бас қайғы» демекші, адамдар жұмыс таба алмай сенделген заман болғаны белгілі. Жылдар өте келе тұрмысымыз түзеліп, тұрғындарымыздың көпшілігі дінге бет бұрған тұста небары 150-200 адам ғана сиятын бұл ғимарат тарлық ете бастаған-ды. Жұма, айт намаздарды келушілер далада тұрып намаз өтеуге мәжбүр болды.
Аудан халқының қуанышы мен тілегіне орай үлкен мешіт салудың сәті 2013 жылы түсті. Жерлестеріне жақсы танымал, белгілі кәсіпкер, «Сары бұлақ» компаниясының басшысы Жеңіс Смайылов осы бір сауапты істі өз мойнына алып, абыроймен атқарып шығып жұрттың алғысына ие болды. Бұрынғы мешітті бұзбай, батыс бөлігінен қосымша ғимаратты тұрғызып берді. Қос мұнарасы мен ортадағы күмбезі қазір алыстан көз тартады. Жергілікті сәулетшілер мен құрлысшылар бар шеберліктерін көрсетті. Бүгінгі күні сегіз жүз шаршы метрге жуық мешіт ішінде бір жарым мыңдай адам бір мезетте намаз өтей алады. Әйелдер намаз өтейтін бөлме бөлек орналасқан, оған да келушілер аз емес.
Ұлттық ой-өрнекпен әшекейленген заманауи алып ғимарат қаланың ортақ жылу жүйесіне қосылған, сумен, жарықпен тұрақты қамтасыз етілген. Мешіт қаланың орталығында орналасқандықтан намазға келушілерге де өте ыңғайлы. «Бұрындар мешіт атулы жоқ десе де болатын. Жұма намазды өтеу үшін бір ауылдан екінші ауылға арнайы баратын күндер де болған. Бүгінгі жағдай мүлдем бөлек, әр ауылдың өз мешіті бар. Қазір намазға келетіндердің басым бөлігі жастар, олардың имандылыққа бет бұрғаны қуантады» - дейді Мәметжан Атаев секілді көнекөз қариялар.
Ия, жергілікті тұрғындар осындай хан сарайындай үлкен мешіттерін мақтан тұтады. Ал, мешіт үйі тек қана намаз өтеу үшін салынбағаны, оның атқаратын қызметі ауқымды екенін бәріміз бірдей біле бермейміз. Жастар жағы имандылыққа бет бұрды деп қуана айтып жатырмыз. Ол да өздігінен бола қалатын құбылыс емес. Осы бағытта мешіт қызметкерлері жылдар бойы белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Күнделікті намаз арасындағы уағыздан бөлек діни сауат ашу дәрістері де тұрақты өткізіледі. Бұл жастардың Ислам дінінің негіздерін дұрыс түсініп, соған шын көңілімен ықылас қоюына ықпал етері сөзсіз. Діни сабақтар сонымен бірге рухани тазалық, ауызбіршілік, қайырымдылық сияқты адами құндылықтарға да баулитыны белгілі. Мешіттен діни дәріс алып шыққан жас шәкірттер мектеп бітірісімен өздері қалаған мамандықтары бойынша білімдерін жалғастырады. Олардың арасында қазір түрлі салаларда табысты қызмет етіп жүргендер көптеп саналады. Демек діни білімнің ешкімге зияны жоқ, керісінше берер пайдасы мол. Ал, бірқатары діни бағытты ұстанып, еліміздегі медреселер мен дін университетіне оқуға түсіп білім алып жатыр. Одан әрі еліміздің мешіттерінде өзгелерді де имандылыққа баулып жүр.
Өтеген батыр мешітіндегі діни курстарда оқуға жынысына немесе жасына ешқандай шектеу қойылмайды. Олардың арасында жетіден жетпіс жасқа дейінгілер бар. Қыздар мен әйелдер курсы өз алдына жеке жұмыс істейді. Діни сабақ беретін ұстаздардың айтуынша қыз балаларға бұл дәрістердің берері көп. Діни біліммен қоса әйел адамның ана ретінде отбасы ұйытқысы болуына, бала тәрбиесі мен болашақ ұрпақтарымызды қоғамымызға лайықты азамат етіп өсіру мәселесі де жан-жақты айтылады.
Діни қызметкерлердің жұмысы мешіт ішінде ғана шектеліп қалмайды. Имамдар қаладағы орта білім беретін мектептер мен колледждерде жиі болып тұрады. Бұл жастарға дін, имандылық туралы түсінік беруге, оларды адами құндылыққа тәрбиелеудің ұтымды жолдарының бірі. Осы тақырыпта бетпе-бет әңгіме қозғаудың әсері мол. Кедесуге қатысушы жастар өз көкейінде жүрген көптеген сұрақтарын қойып, оған сауатты жауап алады.
Мешіт қызметкерлері өз жұмыстарын мемлекеттік органдармен тығыз ұштастырып отырады. Бір қоғам, бір мақсат болған соң бұл ұстанымның да дұрыс екенін өмірлік тәжірибе көрсетіп келеді. Жергілікті әкімдік, басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу тиімді, олар өз қызметінде бірін-бірі толықтырып отырады.
Ислам діні адам тәрбиесіне үлкен мән беретіні белгілі. Олардың дұрыс жолмен жүруіне бағыт-бағдар сілтейді. Өкінішке орай, өмірімізде адамдардың діни сауатсыздығына байланысты адасуы болып тұрады. Оған түрлі жат пиғылдағы діни көзқарастар есбеп болады. Осының алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұруға тура келеді. Бұл жағдайлар бізде ғана емес, әлемнің барлық елдерінде жиі кездесетінін телеарналардан күнделікті көріп те жүрміз. Әсіресе жастарымызды осындай қауіпті діни ағымдардан сақтап, оның зиянды екенін жеткілікті түрде түсіндіру қажет. Ондай жағдай бола қалған күнде құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп, діни, саяси адасудан сақтандыру шаралары өткізіледі.
Биылғы жыл еліміз үшін аса қиын болып тұрғаны баршаға мәлім. Коронавирус дертінің әлемді жайлауы бізді де айналып өткен жоқ. Елімізде қатаң карантиннің жариялануына байланысты мешіт те өз жұмысын адамдардың ауру жұқтырмау мақсатында шектеуге мәжбүр болды. Әрине бұл мешіт жұмысын біржолата тоқтатты деген сөз емес. Қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып мешіт қызметкерлері шәкірттерін онлайн режімінде оқытуды ұйымдастырды. Нәтижесінде барлық шәкірттер әдеттегідей жоспарлы түрде білім алуда. Сонымен қатар осы кезеңде онлайн режімінде жат ағымдарға қарсы ауғыз да тоқтаған жоқ.
Біздің дініміз қайырымдылық қасиетті жоғары бағалап соған тәрбиелейтіні белгілі. Содан да болар мұсылманның басты бес парызының бірі садақа болып есептеледі. Жаныңдағы қиналғандарға қол үшін беру адамгершілік парыз. Бұл қағиданы біздің ата-бабарымыз бұлжытпай орындап келген. Біз де сол үрдісті жалағастыруға міндеттіміз. Өтеген батыр мешіті жыл он екі ай тұрақты түрде тұрмыстық жағынан таршылық көріп жатқан отбасыларына материалдық жағынан көмектесіп келеді. Іле ауданы мешіт имамдары тек қана осы карантин кезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған 1754 отбасына қолдау мақсатында азық-түліктер үлестіріп, кей отбасыларға қаржылай да көмек көрсетті.
–Адамның басына небір ауыртпалықтар кез келген кезде, күтпеген жерде түсуі мүмкін. Оларға мұсылман ретінде көмек беру біздің парызымыз. Айталық еліміздің оңтүстік өңіріндегі Мақтарал ауданын су басады деп кім ойлады? Міне осыған ұқсас қиын жағдайда ешқайсымыз сырт қалмауға тиістіміз, -дейді Өтеген батыр мешітінің бас имамы Дархан Тәңірбергентегі.
Түркістан облысы Мақтаралы ауданында су тасқынына байланысты бүкіл еліміз бір кісідей жұмылып көмек қолын созғанын біеміз. Бұл ауызбіршілік пен ынтымақтығымыз мақтануға тұрарлық. Іле ауданы мешіті мақтаралдық бауырларына қаржылай 480000 теңге көлемінде көмек берді. Жалпы қайырымдылық шараларына 8 684 427 теңге жұмсалған екен. Бір аудан мешіті үшін бұл аз қаржы емес екені белгілі.
Егемендік алған күннен бастап елімізде дінімізге деген көзқарас күрт өзгеріп, мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп келеді. Ол түсінікті де. Өйткені адамдарымызды тәрбиелеу ісіне біздің мешіттердің қосар үлесі ерекше. Бүгінгідей батысқа еліктеу өршіп бара жатқан кезде мешіт қызметкерлеріне аянбай еңбек етуге тура келеді. Ұлтымызға жат қылықтар мен тұрыстық үрдісімізге бөтен үлгілерге тосқауыл қою кезек күттірмес мәселе. Онымен тек қана мемлекеттік органдар айналысқанмен ойдағыдай нәтиже бермеуі мүмкін. Осы тұста түрлі қоғамдық ұйымдар, әсіресе мешіт қызметкерлерінің қимылы аса қажет. Бұл бағытта Өтеген батыр атындағы Іле ауданының орталық мешіті көптеген игі істерге ұйытқы болып отыр деп нық сеніммен айта аламыз.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz