Ислам діні - қоғамдағы тұрақтылық тірегі
2020 ж. 23 қазан
3778
0
Ислам діні – адамзатқа берілген ең әділ, ең тура, бұлжымас берік бағыт екені белгілі. Оны өмірлік тәжірибе толықтай дәлелдеп берді де. Тіпті өзге діндегі белгілі, білікті өкілдерінің өзі Ислам дінін жоғары бағалап мойындағанын жақсы білеміз. Біздің дініміз конфессияаралық қатынастарды нығайту мен мемлекеттің зайырлы тұрақтылығын дамытуға зор үлес қосып келеді, оны біз күнделікті тұрмысымыздан көріп жүрміз.
Жер жанаты – Жетісу өңірі халқы ең тығыз орналасқан аймақтардың бірі болып есептеледі. Өңір еңбеккерлерінің еліміздің экономикасына қосар үлесі де мол. Алматы облысын мекендеген жүзден аса ұлт өкілдерінен тұратын 2 миллионнан аса тұрғындардың 75 пайызы қазақтар. Әр ұлттың өз тілі, ұстанған өз діні, қалыптасқан мәдениеті мен салт-дәстүрлері болары заңдылық. Қазіргі таңда елімізде 18 діни конфессия тіркелген екен, Алматы облысында соның он екісі жұмыс істейді. Аймақ көлемінде барлығы алты жүз елуден аса діни мекемелер мен бірлестіктер бар. Оның бес жүзге жуығы ҚМДБ қарауындағы ислам мешіттері, елуден аса православиелік ДПШ, он шақты Рим католиктік, жүзге жуық протестанттық, он Ехоба куәгерлері, Бахай қауымдастығы мен Кришна санасы қоғамынан біреуден «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы заңының талаптарына сәйкес өз жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Халықтың діни сауаттылығын арттыру бойынша Рахмет Есдәулетов басшылық ететін басқарма тарапынан жыл сайын бірнеше жүздеген іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады, оған қазір дінімізге бет бұрған мыңдаған адамдар белсене қатысады. Алматы облысы Дін істері басқармасы жұмысының басым бағыттары негізінен «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясат Тұжырымдамасының 2017-2020 жылға арналған ережелерін», «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны» насихаттап, оны нақты іске асыруды көздейді. Аймақта халық санының өсуімен қатар діни бірлестіктер де көбейіп келеді. Әралуан діни ұстанымдар мен түрлі көзқарастарға қарамастан аймақта конфессияаралық және жалпы қоғамдағы тұрақтылық жақсы сақталған. Оны нығайтуға Дін басқармасы да өз септігін тигізуде. Әрине ол алдымен Қазақстан халқының ізгілік пен бейбітшілік құндылықтарын ұстануы, конфессиялар мен этностардың оң диалогтары, дін саласындағы мемлекеттік саясатының нәтижесі екенін атап өткеніміз жөн.
Аймақта мемлекеттік саясатты іске асыру негізінен екі бағыт бойынша іске асырылуда. Біріншіден, облыстағы діни ахуалға сапалы талдау, зерделеу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру болып табылады. Екіншіден, деструктивті идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізу. Бұл жерде теріс ағымдарды ұстанушы азаматтардың әрқайсысымен оңалту, тәрбиелік-түсіндіру жұмыстарын өткізу маңызды, деструктивті діни идеялардың таралуына төтеп бере алмайтын халықтың нысаналы топтары арасында алдыналу жұмыстарын жүргізілу тиімді. Сол себепті облыстағы қала, аудан әкімдері жанынан бекітілген төрт жүзге тарта белсенді мамандар түсіндіру, діни сауаттылықты меңгеру сабақтарын өткізеді. Оған қоса облыста дәстүрлі діни бірлестік жетекшілерінің Клуб отырысы көптеген мәселені бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.
Қашанда күрделі болып саналатын діни саланы жүйелі түрде талдау, болжау, туындаған мәселелерге шұғыл әрекет ету және стратегиялық жоспар құру мақсатында зерттеудің жаңа әдістері қажет екені белгілі. Өйткені бүгінгі тез дамыған қоғам сияқты діни ұстаным мен көзқарастар да елеулі өзгерістерге ұшырап тұратыны заңдылық. Оны әлемдік тәжірибе де көрсетіп отыр. Бұл бағытта осы аймақтағы қолданыстағы «Kazdream Media» жүйелі-мониторингтік бағдарламасының көмегі арқылы интернет-кеңістігінде жалған діни идеяларды таратушылар мен ұстанушыларды және қатерлі аймақтарды анықтауға, қарсы шара қолдануға жасалып жатқан жұмыстарды айрықша атауға болады. Мониторингтік бағдарлама арқылы зерттеу жүргізу нәтижесінде өткен жылдары облыс аумағында дәстүрден тыс діни идеологияға қызығушылық танытып жүрген 45 мыңнан аса ғаламтор қолданушылары анықталып, ID мекенжайлары мен тізімі облыстық полиция департаментіне, аудан, қала әкімдіктеріне анықтау әрі ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жолданған. Сол сияқты екі мың бес жүзге тарта дінді насихаттау көздері зерттеліп, олардың көбісіне Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға шектеу қойылып, бұғаттау шешімі қабылданды. Әрине мұның бәрі тұрақты және қатаң қадағалауды талап етеді, өйткені ғаламтор қолданушылар саны жыл сайын қарыштап өсіп келеді. Сондықтан зайырлы ұстанымды халыққа түсіндіру аса маңызды іс болып табылады. Түрлі сенім мен діндерді ұстанушылар арасында конфессияаралық және дінаралық диалог пен келісімді сақтау және нығайту мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүр ұштастығы» облыстық дінтанушылар және діни бірлестіктер жетекшілерінің форумы, Клуб отырыстары, кездесулер мен ашық алаңдар өткізіліп келеді. Оның сыртында жыл сайын ауылдық округ әкімдері, учаскелік полицейлер мен «Зайырлық және дінтану негіздері» пән мұғалімдеріне арналған аймақтық оқыту курстары ұйымдастырылуда. Өңірдегі діни ахуалды зерделеу мақсатында терроризм идеологиясының өршуін ескере отырып, қоғам мен мемлекет қауіпсіздігі үшін діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудың қазіргі мемлекеттік жүйесін жетілдіру турасында пікір алмасып, тұшымды ойлармен бөлісетін тұрақты топтардың да ықпалы зор.
Жасыратыны жоқ, бүкіл әлемдегі сияқты біздің елімізде де заңсыз діни қызметпен, ешқандай ресми тіркеуден өтпей миссионерлікпен айналысушылар кездеседі. Айталық аталмыш облыста заңды түрде тіркелген 29 миссионерлер жұмыс атқаруда. Оның 19-ы католицизмді, 4-і протестантизмді 3-і исламды ұстанса, 3 дәстүрлі емес діни бірлестік өкілдері. Аталған миссионерлер төмендегі мемлекеттің өкілдері болып табылады. Оңтүстік Корея, Литва, Польша, Италиядан, Испания, Мысырдан, Түркиядан, АҚШ, Ресей Федерация елдерінен, оның ішінде өзіміздің қазақстандықтар да бар. Шетел азаматтарының миссионерлік қызметті жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы бойынша басқарма тарапынан қатаң бақылауда ұсталады. Миссионерлік қызметті жүзеге асырушы кез келген азамат Басқармаға арнайы құжаттарды өткізіп, тиісті сертификат алуға міндетті. Бір жақсысы облыстағы миссионерлер тарапынан бүгінгі күнге дейін ҚР заңнамасын бұзу фактілері тіркелмеген екен. Ал тіркелген жағдайда заң талаптарына сәйкес шұғыл шаралар қолданылады.
Жүргізілген мониторинг жұмыстары облыс аумағындағы діни бірлестіктер тарапынан орын алған біздің заңдарымызға қайшы әрекеттерінің көпшілігі діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және таратуға қатысты құқық бұзушылықтар болып келетінін көрсетті. Оны болдырмау мақсатында дін істері басқармасының құрылымдық бөлімшесі «Дін саласындағы мәселерді зерттеу орталығы» қызметкерлері «Ореn Air» форматында тұрақты түрде халық тығыз орналасқан сауда орталықтарында, базарларда діни рәсімдерді атқару үшін арнайы белгіленген орындардың болуы, діни әдебиеттерді арнайы белгіленген орындарда ғана таратуға рұқсат екендігі жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту парақшалар таратылып тұрады. Бұл өз нәтижесін беріп те келеді.
Теріс діни ағым ұстанушылардың санын азайту бойынша облыста атқарылып жатқан мына бір әдіс те көңіл ауларуға тұрарлық. Арнайы жасақталған Реамобиль көлігі облыстың шалғай нүктелері мен ауылдық округтеріне шұғыл шығуға мүмкіндік беретін көрінеді. Ол ақпараттық-түсіндіру, оңалту және психокоррекциялық жұмыстарды жүргізу үшін арнайы мультимедиялық құралдармен, жұмыс үстелімен, тарату сөрелерімен жабдықталған көлік. Оның діни мәселелерге қатысты облыс аумағында болған барлық оқиғаларға жедел әрекет ету мүмкіндігі бар. Сонымен қатар облыстың барлық шалғай нүктелеріне, тіпті шекара маңындағы елді мекендерге шұғыл жету, діни экстремизм құрбандарымен және деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен адамдармен мәжбүрсіз жеке оңалту әңгімелерін өткізу артықшылықтарына ие.
Әділін айту керек, аймақтағы «Дін саласындағы мәселерді зерттеу» және «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту» орталықтары үлкен қызмет көрсетіп келеді. «Дін саласындағы мәселерді зерттеу орталығының» қызметіне елдегі дін саласына қатысты мемлекеттік саясатты халық арасында насихаттау, адамдардың толеранттық санасын қалыптастыру, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты деструктивтік діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, дін саласына қатысты әлеуметтік зерттеулер, ғылыми-талдау жұмыстарын ұйымдастыру сияқты ауқымды шараларды атқарады. Сол сияқты «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» да жұмысы жетерлік. Олардың қызметіне оңалту жұмыстарын жүргізу, радикалды және деструктивтік діни ағымдарға ұшыраған адамдарды психологиялық түзету мен әлеуметтік бейімдеумен, қылмыстық жазаны өтеу департаментінің мекемелерінде экстремистік және террористік қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан және өтеп шыққан адамдармен қайта әлеуметтендірумен, діни себептер бойынша вакцинациядан, қан құюдан, білім беру мекемелерінде бірыңғай форманы сақтаудан бас тартқан азаматтармен жұмыстар жүргізіледі. Қарап отырсаңыз бір ғана діни саланың өзінде күнделікті қаншама күрделі мәселелер шешіліп жатады, оған қаншама күш-қуат, қаншама уақыт керек.
Адамзат қашанда өз ұрпағын өмірінің жалғасы, болашағы деп білген. Біздің бүгінгі ұлтымыздың, жалпы қазақ елінің де болашағы сол жастардың еншісінде болмақ. Бұл табиғи заңдылық. Ал оны қазірден дұрыс қалыптастыру, жастарға ұлағатты тәрбие беру бүгінгі біздердің парызымыз. Олардың басқа діни ағымдарға еріп кетпей дұрыс бағыт ұстанып жүруі де көп жағдайда өзімізге байланысты. Өзге де оқу, білім берумен қатар діни сауаттылық та ауадай қажет. Осы роайда діни білім беретін мекемелердің рөлі ерекше дер едік. Бүгінгі күні облыс аумағында діни бағытта білім беретін, дін мамандарын даярлайтын 1 оқу орны бар екен. Ол – Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылында орналасқан «Үш Қоңыр» медрессе-колледжі. Аталған оқу орны мемлекеттік стандарттарға сай білім беру жүйесімен шәкірттер тәрбиелеуде. Осы медрессе-колледжін тәмәмдаған шәкірттер өз білімдерін одан әрі жетілдіру мақсатында еліміздегі «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне және шет елдің теологиялық білім беретін оқу орындарында оқып жатқандар да бар. Бұл дін мамандарының, діни сауатты азаматтардың қатарын толықтыруға жасалып жатқан игі жұмыстар деуге болады. Олар өз кезегінде қатардағы қарапайым халықтың діни сауатын ашатын, ертеңгі күні түрлі ағымдарға ілесіп адаспайтындай дұрыс ұстаным қалыптастыратын мамандар болады деген сенім бар.
Біздің дініміздің тәрбиелік мәні де зор. Ол өзіміздің атадан балаға мұра болып жеткен ұлттық қағидалармен ұштастырылып жүргізілсе құба-құп. Әрине, білім, тәрбиеге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар назардан тыс қалмауы керек. Мысалы халық мүддесіне бағытталған «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары ұлттық рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, деструктивті діни ағымдарға қарсы күресу, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерді арттыру мақсатында түрлі жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Сондай ірі жобалардың бірі «Рухани керуен» жобасы, ол бабаларымыздың адамгершілік асыл мұраттарға негізделген дәстүр-салтын қайта түлетуді мақсат етеді. Айта берсек облыстық Діндер басқармасы атқарып жатқан жұмыстар аз емес. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтап қалуды жоспарлап отыр. Адамдардың санасын нұрландыруға бағытталған игі істерін Құдай қолдасын демекпіз.
Бек МЫРЗАҰЛЫ.
qazaquni.kz