Бақытыңды таптың ақыр Күрестен
2020 ж. 24 мамыр
1094
0
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «ФИЛА» Халықаралық Күрестер қауымдастығының «Алтын қыран» орденінің иегері, белгілі бапкер Бақыт Жаңбырбаевқа
Тура келген апатқа бұл жоқ айла, Тар төсекке таңылдың сен көп айға... Боз кілемде ойнақтаған балуанға, Бозарып-ақ жату деген оңай ма? Қайрауында жігер менен намыстың, Сегіз жүз күн аурумен алыстың. Рухыңды түсірмедің жыр оқып, Әр ақыннан алып жаның әр ұшқын... Білектің жоқ... Жүректің көп дірілі... Сазға бөлер Сабырханның сыры, үні... Қадыр қайрап, Мұқағали мұңдасып, Сезім шайқар Тұманбайдың тұнығы... Тағдырымен тайталасып тірескен. Ақынжанды ең жүрегінен жыр ескен. «Өмір күрес» дегендей-ақ, өр аға, Бақытыңды таптың ақыр Күрестен. Келісті ерден кете қоймас бақ көшіп... Талай тарлан шәкірттерің жатты өсіп. Алыс-жақын жатыр бүгін дүрлігіп, Атыңдағы жарысқа да ат қосып... Қажымұқан қайрат берген қалпыңда, Нағыз бапкер атандың сен нар тұлға. Талай тойда қызмет еткен тамада ең, Тамашаңды тойлауда енді халқың да... Жемісін де төгеді ағаш жерінде, Ел ішінде ие болдың сенімге. Кілемде де көрмеп едің жығылып, Өмірде де ешуақытта жеңілме! Қазыбек ИСА, 1995 жыл qazaquni.kz