Орфографияға оңтайлы әліпби керек

Соңғы кездері газет-журнал, сайт басылым беттерінде жаңа әліпбидегі кейбір таңбаларға байланысты ғалымдар арасында келіспеушілік байқалады. Ой алшақтығын туғызған ол қандай таңбалар? Оның жазылу мен оқылымдағы ерекшеліктері қандай? Орфографияға оңтайлы әліпби қажет пе?

Міне,осы сұрақтардың жауабын іздеп Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институының бас ғылыми қызметкері,білікті ғалым филология ғылымдарының докторы Нұркелді Уәли мырзаға жолыққан едік. Әңгіме өзегі көп талқысында жүрген әліпбидегі кейбір таңбалар мен олардың жазылудағы ыңғайлылығы. Олай болса сұхбатымызды бастаймыз.

Тілші: Алматы қаласында қарашаның 6-сы күні «Достық үйінде» «Қазақ тілінің жаңа әліпбиі: Тіл мамандарының ортақ тұжырымы» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өткен екен.

«Жаңа әліпби: тіл мамандарының ортақ тұжырымы» дегенге қарағанда Институт ғалымдары бірауызды болып бір пәтуаға келген сыңайлы. Көптеген оқырмандарымыз да осылай ойлағанға ұқсайды. Алайда республикалық басылымдарда, өзге де ақпарат көздерінде, жарияланымдарға қарағанда Институт ғалымдарының ішінде аталмыш жобаны қолдамайтындары да бар екен.

Сонымен, Институт ғалымдары кеңесінде қаралып, таныстырылымнан өткен, «Жаңа әліпби» жобасы туралы Сіздің, атап айтқанда, орфографиялық сөздіктердің түгелге дерлік басылымдарына қатысқан негізгі құрастырушылардың бірі, қазақ орфографиясының ғылыми-практикалық мәселелерімен шұғылданушы тіл маманы ретінде Сіздің пікіріңізді оқырмандарымыздың да білгісі келеді.

«Аттың жақсысы арбада сыналады» дегендей әліпбидің дұрысы орфографияда сыналады. Сонымен Орфография «көзімен» қарағанда «Жаңа әліпби» жөнінде ойыңыз қалай?

Нұргелді Уәли: Алдымен айтарым –хабар алмай қалғандықтан, Сіз айтып отырған «Дөңгелек үстелдің» мәжілісінде қатыса алмадым. Қатыспасам да, онда қабылданған әліпбимен, «Қарарымен», танысып шықтым. Сіз «Жоба», «Таныстырылым» деп отырсыз. Қарарда, «таныстырылым», «жоба» деген ұғымды білдіретін атаулар жоқ және Институт ғалымдары кеңесінде қаралған жоқ.

Тілші: Институт кеңесінде талқыланбауында, «Жоба», «Таныстырылым» сияқты «кілт» сөздердің болмауында себеп, не бір мән бар шығар?

Нұргелді Уәли: Ол жағын біле алмадым. Бәлкім, Институт директоры профессор Ерден Қажыбек мырза «Жаңа әліпби» түзуде өзінің тікелей қатысы болғандықтан, «директорлық билікке» салмайын дегені болар. Ал жаңағыдай, сіз айтқан «Кілт» атаулардың болмауын нақты біле

алмадым. Мүмкін, күллі тіл мамандарының «түпкілікті шешімі» дегілері келген шығар? Солай да болуы ықтимал. Негізгі мәселе бұл емес.

Тілші: Дұрыс айтасыз, онда негізгі мәселеге көшейік. Бұл – танымал титулды ғалымдардың ұсынып отырған жобасы, жай әуесқойлық емес. Әдетте ғылыми этикада сөзді жақсыдан бастаушы еді ғой. «Жаңа әліпбидің» жақсы жағын атап айтсаңыз.

«Өлі әріпсіз» әліпби

Нұргелді Уәли: «Жақсысын» айтудан бастайық» деп «қақпайлағаныңызға» қарай айтсақ... «Жаңа әліпбидің» тиімді жағы да, ойланатын жағы да жоқ емес. Тиімді тұсы дегеніміз – sh қосарының «өлі әріпсіз» s- мен берілуі; жіңішке дауыстылардың бірыңғай ä, ö, ü түрінде таңбалануы. Ал дауыссыздарға қойылатын диакритикалық белгілердің біртектес болуын ойластырған жөн сияқты.

Тілші: Кешіріңіз, «ойластыру» дегеніңізді біздің оқырмандарымыз сырғытпа сөз деп қалады.

Нұргелді Уәли: Бұныңыз да жөн шығар. Айталық, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» орталығы түрлі әліпби жобаларында кездесетін диакритикалық (акут, диграф, умлаут, бревис т.б.) белгілер бойынша сауалнама жүргізіп, оған әлеуметтаным лингвистикасы бойынша талдаулар жасаған. Сондайларға сүйену керек.

Тілші: «Өлі әріп» дегеніңіз қызық екен. Шамасы, дыбыстық мәні жоқ, қосалқы қызметі бар әріпті айтып отырсыз ғой. Қазіргі кезде ұсынылып жатқан жобаларда Ұлттық тілге тән дыбыс ерекшеліктерін «өлі әріппен» беру жиі ұшырасады.

Нұргелді Уәли: Оныңыз рас. Қазақ тіліндегі дыбыстардың жарым-жартысына жуығын (ә, д, ұ, ү, і, ғ, қ, ң) «өлі әріппен» беретін жобалар да жоқ емес.

Тілші: Сонымен, бұндай «өлі әріптерден» «Жаңа әліпби» жобасының аулақ болуын орынды деп отырсыз. Жақсысын айттыңыз. Ал қазақта, «Жақсысын айт, жаманын тақап қой» дейді ғой. Келіспейтіндеріңіз болса, әрине. Ондайда оқырмандарымыз, өзіңіз білесіз, айтқаныңыздағы «Меніңшеден» гөрі дәлелге қарайды.

Нұргелді Уәли: «Жаңа әліпбиді» орфографиялық тұрғыдан қолдауға болмайтын себептерді айтуға тура келеді. «Жаңа әліпбиді» ең түйткілді деген тұстарына тоқталып көрейік. Әдетте, әліпбидің қандайы болмасын кемшілігі де, артықшылығы да жазу арқылы тексерілгенде байқалады. «Дөңгелек үстел» назарына ұсынылған әліпбиде w әрпі енгізілген екен. Бұл әріп (w) қазақтың төл дауыссыз дыбысын таңбалайды деп көрсетілген: таw (тау), sawap (сауап). Бұрын су, бу, жу жазылатын сөздерді ендігі жерде әріп ашып сұу, жұу, бұу деп жазуға тура келді.

Тілші: «Әріп ашу» дегеніңіз жаңа термин сияқты. Бұндай сөздердегі у әрпінің тасасында тұрған ұ+у дыбыстарын ашып жазуды дұрыс санайтындар да бар ғой.

Әріп ашу. Тасымал ашу. Буын ашу

Нұргелді Уәли: Әріп ашу графикалық деңгейдегі, тасымал ашу орфографиялық деңгейдегі, ал буын ашу фонетикалық деңгейдегі ерекшеліктерге жатады. Содықтан контексі әрбасқа. Бірақ жұртшылыққа мәлім, қазақ тілі жалғамалы тіл ғой. Кез-келген мәтінде сөздің жеке тұлғасынан гөрі оның қосымшалармен түрленімдері әлдеқайда жиі кездеседі. Өйткені сөздің түрленімінсіз (формаларынсыз) ешқандай коммуникация жүзеге аспайтыны белгілі. Бұндайда сөздің өзімен қоса түрленімдерін қалай орфографиялаймыз? Орфографиялап көрейік. «Жаңа әліпбимен» жазылатын сөздерді түрленімге түскендегі жазылымын «Жаңа әліпбимен» мысалы, су – сұу сөзінің түрленімдік тізбе қайтарын жұртшылық төмендегідей жазуға мәжбүр болады

Су (2әріп) – сұу (3әріп)

Сууы (4әріп) – сұуұуұ (6әріп)

Суиын (5әріп) – сұуұуұн (7әріп)

Суыну (5әріп) – сұуұнұу (7әріп)

Суытылуы (8әріп) - сұуұтұлұуұ (10әріп)

Тілші: Бұл жерде «Жаңа әліпби» жобасына кіргізілген дабл-ю-дың (w) орфографиялануындағы қиындық «басы артық әріптердің» көбеюіне саяды дейсіз ғой? «Жаңа әліпбидегі» «дабл-ю» әрпін неге қолдамайтыныңыздың бір себебі осы ғой.

Нұргелді Уәли: Мәселе бұнымен шектелмейді, орфографиялағанда кесе-көлденең тағы бір қиындыққа тап боламыз. Мысалы, сұуұнұуұ деп жазамыз ба? Әлде суыныуы дейміз бе? Даудың басы осы бастан-ақ қылтиып тұр. Оқұуұ деген дұрыс па? Оқыуы деген жөн бе? Мәселенің бұл айтылғандардан басқа да қиын жерлері, әсіресе, бір сөздің шенінде дабл-ю (w) мен і-нің аралас-құралас келетін тұстарымен байланысты. Мысалы, қиуластыруы дегенді жазармандарымыз қалай жазады? Ойланып көрсін. «Жаңа әліпби» бойынша орфография түзушілеріміз оны амалсыз қыйұуластырұуұ деп жазып көрсетеді. «Жаңа әліпбиді» ұстанған мектеп мұғалімі терме диктантта итиуі дегенді ійтійүуү деп үйретсе, көрші мектепте ійтійүуі деп жазып көрсетеді. Қазіргі қоғами өмірде жүрдек сөзге айналған рухани, уақыт, тарихи сияқты қайталамасы (рекуренттілігі) жоғары сөздер медиа-масс құралдарында, ішкі-сыртқы жарнамаларда, экрандағы жүгіртпе жазуларда т.б. ақпарат көздерінде қалай орфографияланбақ? Әрине, орфографиялануын, мысалы, тарыйхый, ырұуханый/ұрұуханый; ұуақыт үуәделесүуү, ұуағдаласұуұ деп жазуын жазып береміз-ау. Алайда бұндай үлгіні жазу деуден гөрі транскрипция дейді.

Тілші: Сонда қандай қиын әліпби болса да, орфография мамандары жазуын жазып, сөздігін түзіп те береді, бірақ Орфография «көзімен» қарағанда жалпақ жұртшылыққа қиын тиеді деп, күмән келтіргеніңізді байқап отырмыз.

Нұргелді Уәли: Әрине, жұртшылықтың сауатын ойлау керек. Өйткені жазу-сызу – әлеуметтік мәнділікке ие ерекше категория.

«Төл» ме? «Төл емес» пе?

Тілші: «Жаңа әліпби» бойынша і әрпімен «төл» сөз болса, іні, кім, тіл, дін деп жазылады және солай оқылады. Ал «төл емес» болса, жаңағы і әрпімен ministr, internet деп жазасыз, бірақ [министр], [интернет] деп оқисыз. Бұл қалай? Міне, әліпбиге бейжат қарамайтын оқырмандарымыздың бір білгісі келетіні осы мәселе.

Нұргелді Уәли: Бір әріптің «төл» сөз болса, бұлай, «төл» емес болса, олай жазылады деп орфографиялануын «олай-бұлайға» салып бұлталақтату ешбір талапқа сай келмейтін тиянақсыздық болып шығады.

Айталық, injil сөзін [инжіл] деп оқисыз ба? Әлде [інжіл] деп оқисыз ба? Ал injir атауы [инжир] болып оқыла ма? Немесе [інжір] деп оқыла ма? Қайсысын қалай оқып, қайсын қалай жазарда оқырман-жазармандарымыз «төл», «төл емес» деп сұрыптап отырмақ па?

Бұл – бұл ма?! Мәселенің біз қауіптенбей тұра алмайтын тағы бір тұсы бар. Күні бүгін-ақ қазақ тілін шама-шарқынша білетін орыс тілді, ағылшын тілді білімді азаматтарымыз іні, ілім, іскер дегендерді [ині, ини], [илим], [искер], деп сөйлейтіні анық. Бүгін болмаса, ертең-ақ ана сүтімен ауызданған қазақтілді жас буынға бұл «жаңалық» жұғысты болып, дүбара айтылымдар етек алып кетпесіне кім кепіл?

Дәл осыған ұқсас көңілімізде ұялаған бір күдікті айтпауымызға тағы болмай тұр. Ақтау, Қаратау, Алатау, Ұлытау, Көкшетау, Медеу тәрізді тарихи-мәдени ономастикалық атауларды Ақтаw, Қаратаw, Алатаw, Ұлытаw, Көкшетаw, Медеw деп дабл-ю әрпімен жазуын жазармыз-ау, бірақ бұларды күні бүгіннен-ақ Ақтав, Қаратав, Алатав, Медев деуге бейімделіп, дағды алып кеткен ауызды қойдыра алмай әлекке түсеміз бе деп күдіктенемін.

Шарттылық па? Заңдылық па?

Тілші: Сонымен, сұу дегендегі [Ғ] мен [У]-ды у деп дара әріппен таңбалау, айтуыңызға қарағанда, әріп санын көбейте бермей, орфографиялауды оңтайландыратын шарттылық деп түсінуге болатын сияқты. Бұндай шұарттылық, мысалы, ағылшын тіліндегі text(текст) xeroxs (ксерокс), fax(факс), boxing (бокс) дегендерді еске түсіреді. Осыған еліктеу сияқты көрінбей ме?

Нұргелді Уәли: Жоқ! Сырт қарағанда солай көрінуі де мүмкін. Шеттілдік жазудағы бұндайлар біздің ұлттық жазу-сызуымыз үшін өнеге тұтар үлгі емес.

Ал қазақ орфографиясы дәстүріндегі [ұ] мен [у]-ды бір таңбаға сыйдырып беруді шарттылықтан гөрі заңдылық деуге болады.

Атап айтқанда, біріншіден, [ұ] қысаң әрі қысқа (келте) дауысты , ал [у] дауыссыз болғанмен, онда созылыңқы вокалді элемент басым. Сондықтан оны А.Байтұрсынұлы жарты дауысты деп дәл таныған. Екіншіден, [ұ] да, [у] да ерінбейім дыбыстар санатына жатады. Міне, осы ортақ қасиеттері жағынан бұлар ту, бу, қу, су сияқты сөздерде, яғни дауыссыздардан соң

келген орындарда бір-бірімен кірігіп, ал дауыс жағынан бір-бірімен ұласып, созылыңқы сипаттағы кіріккен дыбыстық бірлікке айналады.

Осы тәрізді уақыт, уәде, уыз, уыс сияқты сөздердің бас шенінде жазылатын у әрпі, байқауымызша, кіріккен созылыңқы дыбыстық бірлікті таңбалайды.

Ал тау, бау дегендегі [у] ерінбейім дауыссыз болғандықтан, ашық, езубейімді [а]-мен кіріге алмайды. Өйткені бірі езулік [а], екіншісі еріндік [у] болып кіріге алмағандықтан, дауыстыдан соң тұрған соң [у]-дың вокалді созылыңқы сипаты да болмайды. Сондықтан тау, бау дегендегі [у]-ды мектеп өмірінде мұғалімдер «шолақ у» деп дәл атаған.

[И] дауыссызының да мән-жайы осы тәрізді. И әрпінің дыбыстық мәнін ашатын болсақ,[і+и]. Бұндағы [і] қысаң, келте, езулік дауысты. Ал [и] де езубейім және дауыс (вокалді элемент) басым, сондықтан бұл дыбысты да жарты дауыстылар санатында қараған. Сөйтіп, ине, игі, иіл дегендегі [і] мен [и]-дің екеуі де езубейім болып, бір-бірімен кірігіп, созылыңқы сипаттаға кіріккен дыбыстық бірлікке айналады.

Илан, иман сөздеріндегі и әрпінің дыбыстық мәні [ы+й], олардың бір-бірімен кірігуін де осылайша түсіндіруге болады. Ал ай, той, әйнек, сүй дегендегі и әрпі дауыстылардан кейін келгенде қосар сынарсыз (вокаль элементсіз) дауыссыз жалаң [и]-ді таңбалайды, өйткені ілеспе вокаль элемент алдыңғы дауыстымен астасып кетеді. Мектептегі ұстаздарымыз кезінде бұндай [и]-ді шолақ й деп үйреткен.

Тілші: Осы айтылғанғандарға орай кісі есімдерінің төлқұжатта жазылуы қалай болмақ? Ерекше құқықтық мәні бар төлқұжаттарда «төл» немесе «төл емес» деген еркіндік жүрмейтіні мәлім. Сонымен бірге көрнекті тұлғалардың есімі қалай жазылады? Әлде өз алдына жеке «Ереже» бола ма?

Нұргелді Уәли: «Жаңа әліпбимен» байланысты тағы бір түйткілдің түйіні кісі есімдерімен байланысты. Әл Фараби, Ясауи сынды прецедентті тұлғалардың есімі қалай жазылмақ? «Төл емес» деушілер Әл Фараби, Иасауи десе, ал кірме емес «төл» деушілер Әл Фарабый, Ыйасауый деп жазылады деп әрі-сәрі күй кешері сөзсіз. Әр кімнің өз уәжі бар демекші, Сейілбек Исаев болса «төл сөзіміз», сондықтан «Сейілбек Ыйсайев» деп, ал Александр Исаев болса, «төл емес» кірме сондықтан «Александр Исаев» деп жазамыз деушілер де табылады. Фариза, Фаузия, Фатима сынды есімдерді «төл» деп танушылар Фарыйза, Фаузыйа, Фатыйма деп, ал оларды кірме, «төл емес» деп танушылар Фаузия, Фариза, Фатима деп жазамыз дер. Алайда құжаттанушы мекемелер «сұрыптаудағы» бұндай уәжге құлақ аса қояды дегенге сеніңкіремеймін.

Сұқбат соңы

Сонымен, дей келгенде, «Дабл-ю» жазу-сызудағы шиеленісе беретін түйіндер мен түйткілдерді көбейтеді. Әсіресе 30-жылдар мен 57-жылдар аралығындағы қазақ жазуының бастан кешкен қиындығы қайталанып, одан бетер көбейе береді.

Ал 1957 жылғы «Ережеден» кейін «и» мен «у»-дың орфографиялануы бір ізге түсті. Баршамыздың ұстазымыз – профессор Мәулен Балақаев оны бірден-бір дұрыс шешім болды деп, еске алып отыратын. Әсте тарих тағылымын ұмытуға болмас.

Сонымен, «и» мен «у» -ды орфографиялауда, яғни төлтума сөздерімізді де, шеттілдік сөздерді де таңбалаудың ең тиімді әрі оңтайлы әмбебап сипатын тәжірибе тағылымы көрсетіп отыр. Жиырма-отызыншы жылдардан қазіргі заманға дейінгі арғы-бергі көрнекті ғалымдарымыздың қазақ жазу-сызуын бірізге салып жетілдірудегі, бұл табысын, қазіргіше айтқанда, креативтіліктің нышаны деп таныған жөн болар.

Бұған да тоқтамайтындарға айтарым: алпыс жылдан астам, атап айтқанда, жеті буын үш ұрпақтың қатесіз жазған қалам-қағазының өзін куәға тартам.

Тілші: Сонда сөздегі таңба (сурет) көбейген сайын қалың қауым, қарапайым жұртшылық кібіртіктеп оқып, кібіртіктеп жазатындай күйге түсеме деп қауіптеніп отырсыз ғой.

Нұргелді Уәли: Қиындық қай жерде болса, қауіп сол жерде. «Қиындық» деп отырғаным жазуда болсын, жазғанды оқуда болсын автоматизмнің бәсеңдеуі. Ал қауіп дегенім – рухани жаңғыруымыздың іргелі бір саласы – латын графикасына негізделген әліпбиге көшуден жұртшылықтың күдер үзе бастауына себеп осылар болмай ма?

Тілші: Дабл-ю бойынша жер-су атаулары қалай жазылмақ?

Нұргелді Уәли: Әліпби жобасындағы дабл-ю (w) көңілімізге тағы бір күдік ұялатып тұрғанын айтпауымызға болмай тұр. Ақтау, Қаратау, Алатау, Ұлытау, Көкшетау, Медеу тәрізді тарихи-мәдени ономастикалық атауларды Ақтаw, Қаратаw, Алатаw, Ұлытаw, Көкшетаw, Медеw деп жазуын жазармыз-ау, бірақ бұларды күні бүгіннен-ақ Ақтав, Қаратав, Алатав, Медев деуге бейімделіп, дағды алып кеткен ауызды қойдыра алмай әлекке түсеміз бе деп секем алып отырмын.

Сөз соңында айтарымыз, баспасөз беттерінде, мектеп тәжірибесінде орныққан и мен у әріптерінің орфографиялануынан еш қате кетіп, жұртшылық қиындық көріп жатқан жоқ. Олай болса, сын тезінде сыннан өтіп, жазу тәжірибесінде 63 жылдан бері дәстүрлі нормаға айналып орныққан и мен у әріптерінің жазылуына «төңкеріс» жасаудың аяғы нәтижелі болады деп үміттене алмай отырмын.

Тілші: Пікір айтқанның, пікірлесу барысында сын айтқанның да еш айып-шамы жоқ. Сындарлы сөз ойға ой қосады. Орфографияға оңтайлы әліпби керек екенін айтып, ойыңызды ортаға салып, әңгімелескеніңізге рақмет.